Еркек белсіздігі: оны анықтау мен емдеу әдістері - Лайқос

Еркек белсіздігі: оны анықтау мен емдеу әдістері

Жыл өткен сайын бедеулік белең алып бара жатыр. Ерлердің шәует сапасы нашарлай түсуде, шәует жасушаларының саны жағынан төмендігі мен қозғалғыштығының төмендігі сирек құбылыс болудан қалды. Дегенмен мұны талқылайтындар және ұрықталуға байланысты түйткілдің себебін осыдан іздейтіндер кемде-кем. Дәрігер-уролог, андролог Бибігүл Исмағұлова неліктен біріншіден ер адамдар диагностикадан саналы түрде өтуі керектігі мен еркек белсіздігінен мақсатты емделу қажеттігін түсіндіреді.

Ерлер мен әйелдердің теңдігі заманында өмір сүрсек те, қоғам әлі күнге дейін отбасының балалы бола алмауының кінәратын, ең алдымен, әйелден іздейді. Алайда, бүркемелі статистика бойынша, еркек белсіздігі әйел бедеулігінен сирек кездеспейді екен. Мен алдыңғы материалдарда еркек белсіздігінің анықтамасын келтірген едім. Ерлер белсіздігі – бұл шәует жасушаларының саны мен сапасы тұрғысынан өзгеруі түрінде көрініс табатын ерлердің ұрпақ жаңғырту қызметінің бұзылуы.

Еркек белсіздігіне әкеліп соқтыратын факторлар өте көп: бұл темекі тарту да, әрі ішімдік ішу, әрі есірткі тұтыну, әрі қимыл-қозғалысы аз өмір салтын ұстану, әрі бірнеше адаммен жыныстық қатынасқа түсу, әрі аталық жыныс жүйесінің меңдеген аурулары да бар.

Дәрігер-андрологтың кеңестері

Барлық баласыз жұптарға тексеруді міндетті түрде ер адамнан бастауға кеңес беремін. Бұл уақытты да, қаражатты да үнемдеуге көмектеседі. Неге дейсіз бе? Кейде дені сап-сау әйел бала көтере алмай жүреді, ал оның онша сау емес жұбайы уақытында тексеруден өтпеген болып шығады.

Ұрықталуға (сондай-ақ ЭКҰ-ға) қалай дайындалу керек? Кез келген ер адам жасай алатын мынадай қарапайым ұсынымдарға назар аударыңыз:

  • Темекі шегуден бас тарту (егер тәуелділік аса қатты болса, онда зиянды төмендеткен маңызды, мәселен, никотинді алмастыратын терапия немесе темекіні қыздыруға арналған жүйелер секілді түтін шығармайтын балама нұсқаларға ауысуға болады, ал нәтижесінде және ең дұрысы – бұл әдеттен біржолата құтылу)
  • Есірткі мен алкогольді ішімдіктерден аулақ болу.
  • Ұма мүшелерінің қызып кетуінен аулақ болу (ыстық моншалар, бу бөлмелері, сауналар, ванналар, көліктегі орындықты жылыту және т.б.).
  • Жыныстық қатынасқа тұрақты түрде түсу.
  • Кездейсоқ жыныстық қатынастардан аулақ болу, ЖЖБИ-дің алдын алу.
  • Ұма мүшелерінің жарақаттануына жол бермеу.
  • Қоректік заттарға бай тағамдарға негізделген салауатты тамақтану, антиоксиданттар мен дәрумендерді қабылдау.

Өзіңді бедеуліктен қорғаудың жолы

Бала табатыныңызға сенімді болудың жолы қандай? Кез келген патологиялық жағдайдағыдай, бұл тұста да ерте анықтау, дұрыс емдеу және алдын алу талап етіледі. Ал еркек белсіздігін қалай анықтауға болады? Белсіздікке ұшыраған ер адамның кез келген тексеруін андрологтар немесе репродуктолог мамандар шәуетграммадан бастайды.

Бұл зерттеудің зертханалық әдістемесі ер адамның ұрықтылық дәрежесін (шәуеттің ұрықтандыруға деген қабілеттілігі) бағалау мен урологиялық ауруларды анықтауға мүмкіндік береді.

Дәрігер-андролог ретінде болашақта балалы болғысы келетін, алайда әзірге мұны жоспарламайтын барлық жас ер адамдарға шәуетграмманы тапсыруға кеңес берер едім. Егер нәтижесі онша жақсы болмаса, әке болуға шешім қабылдағаныңызға дейін бұл жайтты түзетуге, емдеуге, жақсартуға уақытыңыз болатыны сөзсіз.

Кей кездері мынадай жағдаяттар да кездеседі: шәует бар болғанымен, шәует жасушалары жоқ. Қорқынышты естіледі, дегенмен бұл қорытынды үкім емес. Өйткені бүгінде медицина саласы алға қарай қадам басып келеді, тіпті, жағдай амалсыз болып көрінгенде де, қосалқы репродуктивтік әдістер (ҚРӘ) көмекке келеді. Күнделікті өмірде бұл ЭКҰ деп аталады.

Ер адамдарға арналған ЭКҰ (ҚРӘ) дегеніміз не

Экстракорпоралды ұрықтандыру кезінде ұрықталу үдерісі әйел ағзасынан тыс жүргізіледі, содан кейін дайын эмбрион жатыр қуысына жеткізіледі. Емделудің көптеген талпынстарынан кейін жүктілік болмаған жағдайда ЭКҰ туралы ойлана бастаған абзал. Кейде емдеу әрекеттерінің мүлдем пайдасыз болатын жағдаяттар кездесіп жатады. Мұндай жағдайларда ЭКҰ – әке атанудың жалғыз мүмкіндігі болып келеді.

Қазақстан көптеген мүмкіндіктер үшін ашық ел ретінде танылып отыр. Дегенмен, шын мәнісінде, әрдайым осылай бола бермейді. Сол баяғы жалықтырған «ұят» әлі де бар. Әрі баласы жоқ көптеген ерлі-зайыптылар ЭКҰ-ға әшейін ғана бармай қояды, өйткені олар бұл процедурадан ұялады, алайда әлемнің дамыған елдерінде мұндай процедура ерекше болып саналудан әлдеқашан қалып қойған.

Айта кетсек, біздің еліміз де осындай технологиялардан қалыс қалмай отыр. Қазақстанда аталмыш процедураларды жүргізетін клиникалардың саны жетіп артылады. Мемлекет ЭКҰ-дан тегін өту үшін квоталарды да аз бөліп жатқан жоқ. Егжей-тегжейлі ақпарат әдетте емханалар немесе облыстық медициналық орталықтарда ұсынылады.

ЭКҰ туралы адам шошитын дақпырттар

Қазір 2024 жылдың соңы болғанымен, алайда бұл дақпырттар әлі де баршылық, әрі адамдар оларға сеніп келеді. Ең жиі естілетін нұсқалары келесідей:

  •  «Пробиркадан шыққан балалар». Олар толыққанды дамымаған және дамуы кешеуілдеген. Көптеген зерттеулер мұның олай еместігін көрсетіп отыр, өйткені ЭКҰ-ның сәтті болуы үшін ең сапалы эмбриондарды іріктеп алады.
  •  «ЭКҰ жасы 40-тан асқандарға ғана жасалады». Бүгінде бедеуліктің жасарғаны белгілі, әрі осы тұста адамның жасы көрсеткіш болып саналмайды.
  •  «ЭКҰ әйел ағзасына әсер етеді». Бұл жерде барлығы да жекеше болады, әрі ЭКҰ процедурасының өзі ағзаға ешқандай әсер етпейді.
  •  «ЭКҰ арқылы қол жеткізілген жүктілік барысы ауыр өтеді». Мұндай жүктіліктің қандай да бір ерекше қиыншылықтары болмайды, алайда басқа аяғы ауыр әйелдердегідей әртүрлі жай-күйлер болуы мүмкін: токсикоз, ісінулер, қысым және т.б.

Естеріңізде болсын: бұл бар болғаны дақпырттар ғана, әрі мұндай жағдайлардан қорқудың қажеті жоқ. Қымбатты ер адамдар, еркек белсіздігінен үрейленудің керегі жоқ! Оның орнына әрекет жасаған дұрыс! Егер сұрақтарыңыз болса, сіз әрдайым өз жұбайыңызбен бірге қалаған репродуктолог немесе андрологыңызға барып, кеңес ала аласыз. Осы саладағы кез келген маман барлық сұрақтарыңызға жауап береді және іс-әрекет жоспарын құрайды.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]