Қазақстандағы чекап: тексеруден қалай өтуге болады және неліктен бұл ерлер үшін маңызды

Ерлерге арналған чекап: неліктен бұл маңызды және денсаулықты қалай күту керек

Ер адамдар сырқаттанудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дәрігерге сирек жүгіретіні хақ. Олардың көбі қалыпты сылтаулар жиынтығын пайдаланатыны рас: «өзі-ақ кетеді», «уақыт жоқ», «ештеңе етпес». Нәтижесінде, тіпті, ауыр дерттердің тым кеш анықталатын жағдайлар жиі кездеседі. Бірақ тұрақты түрде медициналық тексеруден өтіп отыру, яғни, чекап – денсаулықты ғана емес, сондай-ақ өмірдің өзін құтқарып қалуы да мүмкін.

Чекап дегеніміз не және тексерудің қандай түрлері болады

Чекап – бұл кешенді медициналық тексеру. Оның көмегімен ағзаның жай-күйін бағалау, аурулардың қаупін анықтау және олардың дамуына жол бермеуге болады. Бұл тура көлікке арналған ТҚК секілді: кейін бүкіл жүйені алмастырудың орнына қозғалтқышты уақытында тексерген әлдеқайда дұрыс.

Чекаптың бірнеше түрі бар, бұл жерде барлығы да адамның жас ерекшелігіне, жынысына, қажеттіліктеріне байланысты:

  • Негізгі: жалпы қан талдауы, зәр талдауы, ЭКГ, іш қуысы мүшелерінің УДЗ.
  • Кеңейтілген: гормондарға қосымша талдаулар, онкомаркерлер, жүректі тексеру.
  • 35+ жастағы ерлерге арналған: урология, қуықасты безі, жүрек-қан тамырлары жүйесін тексеруге баса назар аударылады.
  • Спортшыларға арналған профилактикалық: кардиожүктемелер мен тірек-қимыл аппаратының хал-күйіне екпін беріледі.

Бұл тұста қуықасты безі және жүрек-қан тамырлары жүйесінің тексерілуіне ерекше назар аударған абзал. Қазақстанда, жалпы күллі әлемдегідей, жүрек аурулары – ерлер арасындағы өлімнің негізгі себептерінің бірі болып саналады. Ал аденома немесе қуық түбі безінің қабынуы секілді түйткілдерді ерте сатысында анықтау және емдеу әлдеқайда жеңілірек.

Қазақстанда чекап қалай өткізіледі

  1. Дәрігерлік кеңес: бастапқы тексеру және анамнезді жинау.
  2. Талдаулар: қан, несеп, биохимиялық зерттеулер.
  3. Диагностика: УДЗ, ЭКГ, рентген, қажет болған жағдайда МРТ немесе КТ.
  4. Нәтижелер: дәрігер нәтижелерді түсіндіреді және керек болған жағдайда емдеуді немесе қосымша тексеруді тағайындайды.

Қазақстанның Алматы, Астана және Шымкент секілді ірі қалаларында халықаралық тіркеуден өткен медициналық орталықтар жұмыс істейді. Бұл дегеніміз диагностиканың нағыз әлемдік стандарттарға сай деңгейде өткізілетінін білдіреді. Көптеген клиникалар «бәрі қосылған» жүйесі бойынша чекап бағдарламаларын ұсынады, бұл жерде бірнеше күннің ішінде-ақ кешенді тексеруден өту мүмкіндігі бар.

Стандарттық чекапқа не кіреді

  • Қанның жалпы және биохимиялық талдауы
  • Зәр талдауы
  • Жүректің ЭКГ және УДЗ процедуралары
  • Іш қуысы және кіші жамбас мүшелерінің УДЗ
  • Гормондық зерттеулер
  • Қан құрамындағы холестерин мен қант деңгейін тексеру
  • Онкомаркерлер талдаулары

Неліктен ерлер үшін чекап маңызды

Тексеруден тұрақты түрде өтіп отыру келесі жайттарды анықтауға көмектеседі:

  • Жүрек аурулары (аритмия, жүректің ишемиялық ауруы, гипертония).
  • Қуықасты безінің аурулары.
  • Диабет және диабет алды жағдай.
  • Ерте сатыдағы онкологиялық аурулар.

Симптомдар еленбесе, не болады

Қазақстанда ерлер арасындағы барлық өлім-жітімнің 43% жағдайында жүрек және қан тамырлары аурулары себеп болып отыр. Тағы да бір күрделі түйткіл – онкология. Мәселен, қуықасты безінің қатерлі ісігі ер адамдарда ең жиі кездесетін онкологиялық дерттердің арасында бірінші орында тұр.

Дер кезінде анықталған мәселе анағұрлым жылдам, оңай және арзанырақ шешіледі. Мысалы, диабет алды жағдайды өмір салтын өзгерту арқасында түзетуге, ал жүрек ауруларын күрделі оталарды қолданбай-ақ бақылауға әбден болады.

Қорытынды

Чекап – бұл әшейін медициналық рәсімділік емес, бұл денсаулықты бақылауға алудың нақты мүмкіншілігі. Кейіннен емдеуге қаражат пен уақыт жұмсаудан гөрі жылына бір рет анализдерді тапсыру мен дәрігерлерге кіре салу әлдеқайда жеңіл және тез екені сөзсіз. Сіздің денсаулығыңыз – тыныш болашағыңызға құйылатын басты инвестиция. Ал дәрігерге кіріп-шығуға жұмсаған уақытыңыз нәтижесінде толыққанды өмір жылдарын сыйлауы бек мүмкін.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.