Аналық жасушаны қатыру: үдеріс қалай жүргізіледі, кімге жарамды және бағасы қандай

Аналық жасушаны қалай, қашан және не үшін қатыру керек

Бүгінде көптеген әйелдер болашақта ана атану мүмкіндігін сақтап қалу мақсатында аналық жасушаны қатырып қою туралы ойланады. Бұл қалай жұмыс істейді, кімге жарамды және әдістің бағасы қандай? Лайқостың бұл сұрақтарына 20 жылдық тәжірибесі бар гинеколог, УДЗ-диагнозшы әрі репродуктолог Жібек Айдарқұлова жауап беруге көмектеседі.

Аналық жасушаларды қатыру дегеніміз не?

Бұл медициналық процедура барысында әйелдің аналық жасушалары алынады да, ұқыпты түрде қатырып қойылады және –196 градус температурада арнайы қоймада сақталады. Кейін әйел жүктілікке дайын болған кезде осы аналық жасушалары ерітіледі және оларды ЭКҰ үшін қолдануға болады. Шын мәнісінде, бұл өзіңіздің ұрықтылығыңызды болашаққа сақтап қалудың әдісі.

Қай уақытта аналық жасушаларды қатырған дұрыс

Ең қолайлы жас – 20-30 жас аралығы болып саналады. Бұл жас шамасында аналық жасушалар ең күшті әрі сапалы болып келеді, әрі болашақта сәтті жүктілік үшін мүмкіндік те анағұрлым жоғары болмақ. Алайда іс жүзінде көп нәрсе нақты өмірлік жағдайға байланысты. Егер әйел алдағы жылдары бала көтеріп, босануды жоспарласа, онда аналық жасушаларын қатырудың қажеті шамалы.

Аналық жасушаларды қатыру кімге ұсынылады

  • жеке себептеріне байланысты ана болуды кейінге қалдыруды қалайтын әйелдерге;
  • қатерлі ісік немесе басқа да күрделі аурулары бар екендігі анықталған, әрі ұрықталу қабілетіне әсер етуі мүмкін емдеуді ұстануға тура келетін науқас әйелдерге;
  • аналық жыныс безінде қатерсіз ісігі бар емделушілерге;
  • егер ағзада аналық жасушалар саны жасына тиісті емес аз мөлшерде қалған жағдайда.

Процедура қалай өтеді

  1. Дәрігер-репродуктологтың кеңесі. Дәрігер процедураның кезеңдерін түсіндіріп береді, талдауларды жинайды, аналық жасушаның пісіп-жетілуін ынталандыру жоспарын тағайындайды.
  2. Гормондар стимуляциясы. 10-12 күн бойы әйел бірден бірнеше аналық жасушаға (әдеттегі цикл барысындағыдай біреуіне ғана емес) пісіп-жетілуге көмектесетін дәрі-дәрмекті қабылдайды.
  3. Аналық жасушаларды алу. Процедура жұмсақ наркоз арқылы жасалады, әрі шамамен 10 минут уақытты алады. Дәрігер қынап арқылы УДЗ бақылауында арнайы иненің көмегімен аналық жасушаларды мұқият түрде алады.
  4. Бағалау және қатырып қою. Эмбриолог жасушаларды сұрыптайды: қатырып қоюға жарамдыларын іріктеп алады. Оларды криопротектордың көмегімен өңдейді және арнайы кодтары бар шыны түтіктерге орналастырады. Кейіннен оларды сұйық азот құйылған контейнерлерге жібереді.

Ұрық пен аналық жасушаны қатыру арасындағы айымашылық неде?

Аналық жасушалар – бұл тек әйел жасушалары. Эмбриондар – бұл ұрықтанған аналық жасушалар, әрі мұнда әйелдің де, ер адамның да ДНҚ-сы бар. Эмбрион, яғни, ұрықты қатырып қою үшін шәует қажет. Сақтаудың мұндай тәсілі болашақ жүктілік тұрғысынан анағұрлым сенімді болып саналады, дегенмен ол барлығына бірдей жарамды бола бермейді: кез келген әйел болашақ серігі бойынша алдын ала шешім қабылдауға дайын болмауы мүмкін, әсіресе, оны өмірінде әлі кездестірмеген болса.

Аналық жасушалар қаншалықты ұзақ сақталады?

Ресми нұсқаулар бес жылға дейін сақтауды қамтиды, алайда әлемде 17 жыл бойы сақталған ұрықтың сәтті қолданылған жағдайлары белгілі. Мұндағы ең негізгі фактор – материалдың сапасы мен сақталу шарттары болып отыр.

 

Қауіп бар ма?

Процедура қауіпсіз деп есептеледі. Аналық жасушаларды алу жұмсақ наркоз арқылы жасалады, әрі шамамен 10 минут уақытты алады. Қатырып қою әдісі болашақ баланың денсаулығына мүлдем әсер етпейді, өйткені тек қатаң іріктеуден өткен жасушалар ғана сақталады. Дегенмен процедураның сәтті өтуі қатыру кезіндегі әйелдің жасына, аналық жасушалардың саны мен сапасына, сонымен бірге ағзаның жеке ерекшеліктеріне байланысты екендігін ұмытпаған маңызды.

Қазақстанда аналық жасушаларды қатыру қанша тұрады

Бағалар әртүрлі. Стимуляция мен материалды алу бағдарламасының құны орта есеппен алғанда 500 мыңнан бастап 800 мың теңгеге дейін жетіп отыр. Сақтау – бұл бөлек шығыс бабы: алғашқы жыл үшін шамамен 100-120 мың теңге және ай сайынғы күтімі 5-10 мың теңге аралығында болмақ.

Қорытынды

Бұл әдіс баршаға бірдей жарамды бола бермейді, әрі ол жүктіліктің болуына 100% кепілдік бермейді. Алайда әйел мұның оған не үшін керектігі мен нені қалайтынын түсінсе, онда аналық жасушаларды қатыру болашақта ана атану ықтималдығын сақтаудың нақты мүмкіндігіне айнала алады, тіпті, қазір бұл өте алыс нәрсе болып көрінсе де.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.