Генетик қазақстандықтардың бірегей гені мен жаман әдеттері жайында
Гүлнар Святовамен сұхбат
Геномдық реттілік дегеніміз не, қазіргі заманғы генетика не істей алады, қазақстандықтар үшін қандай жаман әдеттер аса қауіпті болып келеді, әрі қазақ генотипінде қандай ерекше ген бар? Осы және басқа да көптеген сауалдар туралы біз профессор, медицина ғылымдарының докторы және молекулярлық генетика мен геномдық медицина бойынша халықаралық маманы Гүлнар Святовамен әңгімелесе алдық.
Артық салмақтан арылудағы талпыныстары, не болмаса сыртқы келбетінің қандай да бір ерекшеліктері жайлы сөз қозғалған кезде адамдар «менің генетикам сондай» деп жиі айтады. «Ол сондай генетикаға ие болғандықтан, сыртқы келбеті осындай». Әрі қазір баршамыз да «геномдық реттілік» деген сөз тіркесін естіп жатамыз. Бұның өзі не нәрсе және не үшін қажет екендігін айтып беріңізші?
Геномдық реттілік дегеніміз, егер қарапайым тілмен айтатын болсақ, бұл біздің ДНҚ-дан генетикалық ақпаратты егжей-тегжейлі оқып алу. Біздің елімізде генетикаға қатысы бар деп болжанатын барлық түсініксіз жайттар тек қана жалғыз генетикалық талдауға – геномдық реттілікке тиісті деген көзқарас қалыптасып қойған. Реттілік – бұл тәсілдердің жиынтығы. Әрі тек генетик дәрігері ғана оларды тағайындау және ретін анықтауға тиісті. Ал біздерде болса, кез келген мамандықтағы кез келген дәрігер белгілі бір генетикалық түйткілді жоққа шығару үшін адамды генетикалық реттілікке жібере береді. Яғни, барлық ақпаратты оқып алуға жіберіп отырады. Демек, қызмет атқаратын гендер орналасқан экзондарды да, гендердің полиморфтық нұсқалары орналасқан интрондарды да… Яғни, барлығы. Бұл мүлдем дұрыс емес, өйткені осылайша олар науқасты дұрыс диагноз қою мүмкіндігінен айырады. Бұл жерде ақпарат тым көп, соның ішінде ешқандай да ауруларға мүлдем қатысы жоқ ақпарат та кездеседі. Геномдық реттіліктің аса маңызды шектеулері болады, мәселен, ол делецияларды оқымайды, бұл өз кезегінде жұлындық бұлшықеттің семуі немесе Дюшенн бұлшықет дистрофиясына шалдыққан пациенттерді диагноздан айырады. Мұндай мысалдар көптеп кездесіп отырады. Бұл жалпы диагностикалық одиссеяны соза отырып, ауру белгілерінің пайда болуынан бастап нақты генетикалық диагнозды қойғанға дейінгі уақытты ұзарта түседі. Не болмаса, тіпті, пациентті дұрыс диагноздан, демек, тиімді емдеуден айырады.
Біздің қазақстандық генетиканың өзіндік бір ерекшеліктері бар ма? Мамандарымыз қандай зерттеулерге баса назар аударып отыр? Әлде барлығы да әлемдік үрдіспен қатар жүріп келеді ме?
Рахмет, бұл өте қызықты сұрақ. Бұл сұрақ баршамызды да, соның ішінде қарапайым адамдарды да, нақты аурулармен айналысатын маман-дәрігерлерді де толғандырып отыр.
Біз бәріміз де адамбыз, әрі бәрімізде де бірдей ДНҚ баршылық. Алайда әртүрлі салдарға байланысты, атап айтқанда қоныс аудару, эволюциялық үдерістерге байланысты, тіпті, белгілі бір этностың географиялық орналасуына қатысты себептерден әрбір ұлттық топта өзіндік мутациялар жиілігі қалыптасады. Мутациялар өз кезегінде тұқым қуалайтын аурулардың белгілі бір жиілігі мен спектрін тудырады. Бұл жағымсыз генотиптер мен кейбір дерттерге, мәселен, қант диабеті, онкологиялық, жүрек-қан тамырлар және тағы да басқа ауруларға деген бейімділікке әкеліп соқтыратын көп пішінділік деп аталатын ерекшеліктерге де қатысты болып отыр.
Қазақтар географиялық тұрғыдан Еуропа мен Азияның ортасында орналасқан. Сондықтан біз аралас, сәйкесінше, еуропалық, сол секілді азиялық генофондтың да ықпалын бастан өткергенбіз. Негізгі аурулар бойынша біз аралық жиілікке ие болып отырмыз, әрі бұл белгілі бір мутациялар спектріне, көп пішінділік спектріне әсер етеді. Мәселен, еуропалықтар үшін маңызды болып саналатын мутациялар біздің генетикалық денсаулығымызға қандай да бір ықпал етуде біз үшін өте сирек кездесуі мүмкін. Және керісінше де бола береді. Яғни, әрбір этникалық топ тәжірибелік денсаулық сақтау саласының әрекеттерін нақты ауруларға қарсы күрес жүргізу және алдын алуға бағыттау үшін өзінің дербес мутациялар спектрін білуге тиіс.
«Тұрмыстық», қарапайым мәселелерге көшкім келіп отыр. Біздің генетика салмағымызға және дене шынықтыруға деген көзқарасымызға шынында да әсер ете ме? Яғни, «менің генетикам сондай» деген тұжырым ғылыми тұрғыдан дәлелденген бе?
Иә, мен Instagram желісіндегі өзімнің жазылмандарыма да, пациенттеріме де метаболизм типіне, спорттың белгілі бір түріне арнайы гендік бейімділіктердің болатындығын әрдайым айтып отырамын. Алайда біз, генетик дәрігерлер, бұл бағытты «ойын-сауық генетикасы» деп атаймыз. Өйткені бұның ауруларға ешқандай да қатысы жоқ. Иә, бұл тұжырым «өмір сүруге» құқылы болуы мүмкін, себебі ол кейбір нақты физиологиялық үдерістерге әсер ететін жағымсыз генотиптермен де байланысты болып келеді. Әрі бұл шынымен де бар. Дегенмен мұның, мысалы, дәрігер тәжірибесінде қаншалықты қолданылуы мүмкін? Менің ойымша, біздегі генетикалық медицинада жедел шешімдерді қажет ететін өмірлік маңызы бар басқа мәселелер әлі де жеткілікті болып отыр. Ал мына мәселе әзірше соншалықты маңызды емес.
Яғни, мысалы, генотипке сәйкес емдәм немесе ұсынылатын азық-түліктер секілді сұрақтар әзірше пысықталмаған ба?
Мұның бәрі де пысықталып, анықталып жатыр. Дегенмен бұның барлығы генетик дәрігерлерінің функционалына кірмейді. Ал енді қазақ генофондының метаболизм ерекшеліктеріне келер болсақ… Бізде метаболикалық нышанатқа бейім гендер бойынша Ақтөбе медициналық университетімен бірлескен жобамыз болған. Долбарлап айтқанда, семіздікке бейім гендер. Жалпы алғанда біздегі жиіліктердің қалыпты екендігі дәлелденген. «Мирас» қазақтар ДНҚ биобанкінің геномдық базасының талдауы көрсеткендей, семіздікке бейім қолайсыз генотиптерді тасымалдау жиілігі бойынша қазақтар еуропалықтар мен азиялықтардың ортасындағы аралық орынға ие болып отыр. Сол себепті қазақтарда семіздік азиялықтарға қарағанда жиірек, алайда еуропалық популяцияға қарағанда сирек кездеседі екен.
Біз денсаулық үшін зиянды азайтудың барлық мүмкін жолдарын іздеп жүргендіктен, бізді жаман әдеттер туралы сұрақтар қызықтырып отырады. Белгілі бір генотипке көбірек зиян келтіретін жаман әдеттер болады ма? Мысалы, қиыр Солтүстік халықтарының алкоголизмге қарсыласу деңгейі төмен болып келеді. Ал қазақстандықтар үшін аса қауіпті зиянды әдеттер бар ма?
Әрине. Бізде есірткіге және, ең бірінші кезекте, алкоголизмге деген жоғары сезімталдық генетикалық тұрғыдан шартталып отыр. Яғни, бізде алкогольді сіңіруге септігін тигізетін алкогольдегидрогеназа ферментін кодтайтын қолайсыз көп пішінділіктің, гендердің жиілігі айтарлықтай жоғары. Сондықтан басқа популяцияларға қарағанда қазақтарда ішімдікке деген төзбеушілік артығырақ келеді. Алкогольге деген ауыр реакция алкоголизмнің дамуына кедергі келтіреді, сол себептен бұл – біздің ұлттық түйткіліміз болып саналмайды. Дегенмен темекі тарту бойынша мұндай мәліметтердің әлі жоқ екендігі өкінішті.
Жаман әдеттер тұқым қуалай ма? Халық арасында, егер ата-анасы ішімдікке салынса, демек балалардың да маскүнемге айналу ықтималдылығы өте жоғары болады деген кеңінен таралған сенім баршылық. Шын мәнісінде бұл мәселе гендерге байланысты бола ма?
Біз бен сіз болып осыған дейін талқылаған барлық мәселелер: семіздік, алкоголизм, есірткіге деген ерекше сезімталдық – бұл мультифакторлардың күйлері болып саналады. Яғни, бұл біздің ата-анадан және сыртқы орта факторларынан алатын қолайсыз генотиптерге байланысты жай-күйлер. Долбарлап айтқанда маскүнем ата-анадан туылған балаларда шын мәнісінде алкоголизмге гендік тұрғыдан бейімділігі болады. Дегенмен де, егер олар қалыпты ортада тәрбиеленсе, дәл осы жаман әдеттің жүзеге асатыны екіталай. Ол үшін барлық жайттар бір нүктеде тоғысуы қажет: гендер де, жағымсыз әлеуметтік орта да. Сондықтан жаман мұрагерлік – бұл бір бұлтартпас нәрсе емес. Маскүнемдерден ішімдікке салынатындар, ал семіз ата-аналардан тек семіз балалар туылатыны міндетті емес. Біз гендерге ықпал ете алмаймыз, өйткені біз оларға ие болып қойғанбыз. Алайда біз қоршаған ортадан болатын факторларды өзгерте аламыз. Диетаны ұстану, күн тәртібін сақтау, тәрбие – бұл осы жай-күйлердің туындауын болдырмауға септігін тигізеді.
Егер олай болса, онда тұқым қуалайтын аурулар да үкім емес шығар? Мысалы, егер өзіңнің жаман әдеттеріңді бақылап жүрсең, олардың зиянын азайтсаң, бұл тұқым қуалайтын аурулардың туындамауына көмектесе алады ма?
Бұл жайтты екі бөлікке бөліп алған дұрыс. Бір геннің өзінде мутациялардың салдарынан туындайтын тұқым қуалайтын нақты аурулар болады. Егер мутация басым болса, онда ол, тіпті, бір нұсқада бар болса да, міндетті түрде пайда болады. Сондай-ақ «мультифакторлық аурулар» деп аталатын тұстар да бар – бұл тәжірибелік медицинаның айналысатын барлық жайттары: бұл қант диабеті, онкология және тағы басқалары, – біз оларға қарсы күресе аламыз, соның ішінде өмір салты арқылы оларға ықпал ете аламыз.
Ал тұқым қуалайтын аурулар – бұл баланың дүниеге келгенге дейін, не болмаса туылғаннан кейін бірден болжауға болатын және болжауды қажет ететін аурулар болып келеді. Өйткені көптеген аурулар кезінде адамның денсаулық жайы күн өткен сайын нашарлай түседі, әрі шұғыл патогенетикалық терапияны қажет етеді. Яғни, бұл мутация салдарынан «істен шыққан» және жұмыс істемейтін ферменттің қызметін алмастыруға бағытталған терапия.
Генетикалық аурулардың аймақтық үлестірімі бар ма? Қазақстанда кеңінен таралған генетикалық аурулардың қайсысы кездеседі?
Біз нақ осыны әріптестерімізбен талқылаған болатынбыз. Қазақстанда жаңа туған нәрестелердің скринингі 2007 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ол тегін жасалады, әрі барлық дерлік аймақтардың қамтылуы да жоғары, яғни, бұл көрсеткіш 97% құрайды. Алайда мұны тек екі ауруға байланысты өткізеді. Бұл фенилкетонурия – тұқым қуалайтын ауру және туа біткен гипотиреоз. Және де фенилкетонурияның жиілігі, мысалы, Ресей еліндегі көрсеткіші 6000-ға 1 жағдай.
Бұл дерт орфандық (сирек кездесетін) ауруларға жатпайды. Орфандық – бұл дегеніміз сирек кездесетін аурулар – 10 000 жағдайға 1 ауру. Бұл күрделі, өлімге әкелетін аурулар, егер оларды емдемесе, науқас тез өлімге немесе ауыр мүгедектікке ұшырауы мүмкін. Бұл мутациялардың салдарынан гендердің бірінде туындайтын аурулар, әрі оларды емдеу үшін қазіргі таңда гендік терапия пайда болуда.
Өкінішке қарай, біз көптеген ауруларды диагностикаламаймыз. Дегенмен науқастың денсаулығын толығымен қалпына келтіретін, әрі оны қоғамымыздың толыққанды мүшесі ететін емдеу бар.
Яғни, тікелей гендерді «емдеуге» бағытталған терапия бар, мен осыны дұрыс түсініп отырмын ба? Демек ата-анадан алған гендерді «жөндеу» мүмкіндігі бар ғой?
Генді алмастыруға бағытталған терапия. Әрине! Емдеу бар. Егер диагноз біздің еліміздегідей емес, уақытында қойылатын болса, яғни, диагноз клиникалық көріністері бойынша анықталып отырмаған жағдайда, – адамның хал-ахуалы абсолютті қалыпты болмақ.
Сонымен, мысалы, біздің елімізде фенилкетонурия жиілігі 24 000-ға 1 жағдай болып келеді. Ол бізде автоматты түрде орфандық аурулар қатарына жатқызылған (салыстыру үшін: Ресейде бұл жиілік 6000-ға 1 құрайды).
Егер аурушаңдық салыстырмалы түрде осындай төмен деңгейде болса, біздің генотип бұл ауруға анағұрлым төзімді келетіндігін айтуға бола ма?
Иә, біздің еліміз үшін бұл аурудың өзектілігі төмен дәрежеде екендігін айтуға болады. Сонымен қатар балалар толықтай сауығып, әрі қалыптарына келуге көмектесетін емдеу баршылық. Кейіннен олар қарапайым мектепке барып, университеттерді тәмамдайды. Бұл балаларға жаңадан өмір сыйланған десек те болады.
Алайда нәрестелік скринингті тек екі ауруға жүргізу экономикалық тұрғыдан өте қымбат қана емес (себебі ол үшін толықтай бір мемлекеттік қызмет құрылған), сондай-ақ әлеуметтік жағынан қисынсыз болып отыр.
Ал ең дұрысы скрининг қанша ауру түріне жүргізілуі керек?
Мәселен, Ресейде 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұқым қуалайтын аурулардың 38 түріне скрининг жүргізіледі (салыстырмалы түрде: Қазақстанда – бар болғаны 2 ауруға ғана өткізіледі – ред. ескертпесі). Бүгінде біз пилоттық жобаны іске асырып, қазіргі таңда 49 ауруды анықтауға дайынбыз. Бұл қазіргі уақытта, тіпті, бір жасына дейін де өмір сүрмей (көп жағдайда өмірінің алғашқы апталарында) шетінеп кететін, не болмаса күрделі мүгедектікке ие болатын ондаған және жүздеген балалардың өмірін сақтап қалуға көмектесер еді.
Соңғы сұрақ медициналық-этикалық тұрғыда болмақ. Ұрықты генетикалық жағынан түзету жайында. Егер біз болашақта барлық балалардың гендері міндетті түрде түзетіле отырып, «пробиркада» өсірілетін жағдайға келер болсақ. Бұл жалпы жақсы болмақ па? Бұл кемшілігі мен аурулары жоқ жетілдірілген «суперадамдар» популяциясының пайда болуына әкеледі ме? Не болмаса адамзаттың табиғатына осынау жаһандық араласу қандай да бір қауіпті ауытқуларға әкеліп соқтыруы мүмкін бе?
Мен дәл осы саланың маманы емеспін. Дегенмен, генетик дәрігері ретінде ұрықтарды іріктеуді жүргізгенде сол ұрықта мутациялардың бар-жоғына байланысты қағидатқа негізделуге болатынын айта аламын. Бұл мүмкін нәрсе, бұл шындыққа жанасатын нәрсе, бұл имплантацияға дейінгі генетикалық диагностика деп аталады. Әрі осы диагностика экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламалары аясында жүзеге асырылып келеді, яғни, хромосомалық патологияларға байланысты скрининг жасалады. Сондай-ақ біз әрі қарай қозғалу үшін имплантацияға дейінгі диагностиканың кең ауқымда енгізілуі бойынша жұмыс істеп келе жатырмыз.
Аударған: Рита Сәрсенова