
Қан қысымының төмен болуы: бұл қауіпті ме және мұны жеңудің жолы қандай
«Қан қысымының жоғары болуына қарағанда, оның төмен болғаны жақсырақ» деген сөздерді жиі естуге болады. Шын мәнісінде қан қысымының төмендеуі жалпы хал-жайды нашарлатуы мен күрделі салдарға әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Кардиолог-нутрициолог Екатерина Пушилина Лайқос жобасына қан қысымының төмен болуының себептері мен мұны жеңудің жолы туралы айтып берді.
Гипотония дегеніміз не
Гипотония (күретамыр қысымның гипотензиясы) – бұл күретамырлық қысым деңгейінің қалыпты көрсеткіштерден төмен түскендегі жағдай. Көптеген адамдар үшін төменгі шек 90/60 мм сын. бағ. төмен көрсеткіштерден басталады.
Қалыпты мәндердің көрсеткіштері 12 жасқа дейінгі балалар үшін – 100/60, жасөспірімдер мен ересектер үшін – 110-120/70-80, егде жастағы адамдар үшін – 130-140/80-90 мм сын. бағ. болып саналады.
Астенияға шалдыққандар бөлек санат болып келеді, яғни, ұзын бойлы арықша келген адамдар үшін қан қысымының нормасы – 100/65.
Гипотонияның гипертониядан айырмашылығы неде
Қан қысымы жоғары болғанда (140/90 және одан да жоғары) адамның басы ауруы, құлағында белгілі бір шуылдың пайда болуы, беті қызаруы, көру қабілетінің нашарлауы мүмкін. Қысымның көтерілуі – күллі әлем бойынша өлім-жітім жағдайларының басты себептерінің бірі, өйткені бұл жүрек пен қан тамырларына қосымша жүктемені түсіреді.
Жалпы себептері
Қан қысымының көрсеткіштері адамның жас шамасына, генетика мен жеке ерекшеліктеріне байланысты. Оның төмен болуы вегетативті-тамырлы дистония, созылмалы инфекциялар, күйзеліс, жүйке жүйесінің бұзылуы, қаназдық, қант диабеті мен қалқанша безінің аурулары секілді ауыр дерттердің көрінісі болуы бек мүмкін.
Адамның ұстанатын өмір салты да қысымға ықпал етуі ықтимал: аз қозғалу тамырларды әлсірете түседі, теңдестірілмеген тамақтану мен ашығу ағзаны қажетті заттектерден айырады, ал сусыздандыру қан көлемін азайтады, сонымен бірге әлсіздікті тудырады. Дегенмен ең жаманы – темекі тарту. Бұл жаман әдет жағдайды күрт нашарлатады, әрі қан тамырларының тарылуын қоздырып, қан айналымын төмендетеді.
Гипотонияның белгілері
Күретамыр қысымы тамыр қабырғасы және ондағы сұйықтықтың толтырылуы әсерінен қалыптастырылады. Гипотония мысалында барлығы да оңай түсіндіріледі: тонусы жоқ қан тамырлар кеңейтілген болып келеді, сұйықтық (қанмен толтырылуы) аз, әрі қан айналымы баяу жүреді, осының салдарынан келесідей белгілер пайда болады:
- Шаршағандық, әлсіздік
- Самай мен желке аймақтарындағы ауырсыну
- Бас айналу, естен тану
- Ұйқышылдық, концентрацияның төмендеуі
- Аяқ-қолдың мұздауы
- Жоғары метеосезімталдық
- Зейін қою қабілетінің төмендеуі
- Физикалық жүктеме кезінде ентігу
Гипотония несімен қауіпті
- Естен тану мен жарақат алу қаупі. Гипотония естен тану жағдайларына жиі апарып соқтырады.
- Мүшелердің қанмен қамтамасыз етілуінің жеткіліксіздігі. Ми, жүрек және басқа да мүшелерге жеткізілетін оттегінің мөлшері аз болуы мүмкін.
- Шаршағандықтың жоғарылауы. Әлсіздік пен ұйқышылдық толыққанды жұмыс істеу мен белсенді өмір салтын ұстануға кедергі етеді.
- Деменцияның даму қаупі. Егде жастағы созылмалы гипотония ми жұмысының бұзылуына септігін тигізе алады.
- Жүрекке байланысты түйткілдер. Қан қысымының жеткіліксіздігі аритмия мен басқа да жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуын қоздыруы ықтимал.
Айта кетсек, 27 жыл бойы 24 мыңнан астам адам атсалысқан 2017 жылғы зерттеу нәтижелері бойынша гипотония – бұл деменция дертінің дамуына апаратын мықты фактор екендігі анықталған. Бұл әсер адамның жасына, жынысына, дене салмағына, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары, бүйрек аурулары немесе қант диабетінің болуына қарамастан, бәрібір байқалған еді.
Төмен қысымды қалай көтеруге болады
Өмір салтын өзгерту
- Сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішу – күніне кем дегенде 1,5-2 литр.
- Таңғы, түскі және кешкі астарды өткізбей, теңдестірілген тамақтануды ұстану (ақуыздар, күрделі көмірсулар, тұзды көбірек, дегенмен ақылға қонымды мөлшерлерде тұтыну).
- Физикалық белсенділікті сақтап отыру – серуендер, дене шынықтыру.
- Ұйқының дұрыс болуын қамтамасыз ету – кем дегенде 7-8 сағат ұйықтау.
- Кофе ішуді азайту – ол ағзаны сусыздандырады.
- Темекі шегуден бас тарту – бұл тамырларға зиян келтіреді.
- Алкогольден бас тарту: ол әуелі қан тамырларды кеңейтеді, ал кейіннен қатты тарылтады.
Дәрі–дәрмекті қабылдау
- Сирек кездесетін жағдайларда дәрігер қысымды арттыра алатын дәрі-дәрмектерді тағайындауы мүмкін.
- Созылмалы ауруларды қадағалап отыру: қаназдық, жүрек пен қалқанша безінің ауруларын емдету.
Процедуралар жайлы ұмытпау
- Тамырларды әлдендіру мақсатында контрастық себезгі қабылдау.
- Уқалау, гидротерапия, тамырлардың электростимуляциясы.
Гипотонияны қалай емдеу керек
Себебіне байланысты гипотонияның емделуін дәрігер жүргізеді – ол қан айналымын жақсартатын, әрі тамырларды әлдендіретін дәрі-дәрмектерді, сонымен бірге метаболикалық құралдарды, күретамырға құйылатын дәрумендер мен т.б. препараттарды тағайындайды.
Алайда, егер сіз гипотонияның белгілеріне тап болсаңыз, ал жағдай медициналық араласуды қажет етпесе, ыстық шай ішіп алып, жылы көрпеге оранып, ұйқыңызды қандырып алсаңыз болады – бұл шынымен көмектеседі.
Қорытынды
Сауатты әдіс-тәсілдер қолданылған жағдайда жағымсыз симптомдарды жоққа шығару мен толыққанды өмір сүруге әбден болады. Өзіңізді жақсы сезінудің кілті – бұл теңдестірілген тамақтану, белсенділіктің жеткілікті деңгейі, дұрыс ұйқы мен күйзелісті бақылау. Егерде гипотония жігерлі әрі сергек сезінуге кедергі етсе, ауыр дерттерге шалдығып қалмау мен қажетті препараттарды таңдау үшін дәрігердің көмегіне жүгінген абзал.