Басқа бәле ойдан
Ментал вирустан құтылуға арналған қысқаша нұсқаулық
Адам пайдалы ақпаратты жоғары жылдамдықпен қабылдап, қорытуға бағдарламаланған, алайда күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырып, денсаулыққа, кейде тіпті өмірге қауіп төндіре алатын, айналамен қарым-қатынасты бұзып, жұмыс істетпейтін зиянды, қиратқыш ақпараттан мүлдем қорғалмаған деуге болады. Қатер қайдан? Миға кері әсерін тигізетін «жансыздарды» қалай тануға болады? Осы мақаладан оқыңыздар.
ОЛ ҚАНДАЙ ВИРУС?
Ми паразиттерінің табиғатын, қалай әрекет ететінін және оларға қарсы тұрудың кей әдісін ресейлік IT-кәсіпкер, ақпараттық технологиялар жөніндегі ең үздік (ТМД-да ғана емес, әлем бойынша да) мамандардың бірі, жұмысын Microsoft секілді алып ұйымдар қолданатын сарапшы Игорь Ашманов толық сипаттап берген болатын. Аталған терминнің өзін ойлап тауып, оған нақты анықтама берген адам да осы Ашманов. Біз барынша қарапайым тілмен жеткізуге тырысып көрейік: Ментал вирус – бұл адамның ақылын біршама, кейде тіпті ұзақ уақытқа зақымдап тастайтын ақпарат көлемі.
Негізі, мұндай вирустар әрдайым болған, оларды саны да көп, форматы да (жаңалық, кітап, мақала, хат, ролик, фильм, мем, ән және т.б.) әртүрлі, сипаты да сан алуан болып келеді: мәселен, балаларға арналған қауіпсізін де (Аяз Ата мен тіс перизаты секілді) таба аласыз, сондай-ақ «ересектері» де бар – соңғысына тұрмыс мәселелерінен бастап саясат мен мемлекеттік пропагандада пайдаланылатын тақырыптарды жатқыза аламыз.
Алайда адамның психикалық және интеллектуал саулығына ең үлкен қауіп төндіретіні – жасанды түрде пайда болған вирустар. Мұндай паразиттер ақпараттық ағын көмегімен қалыптасып, тарайды. Олардың мақсаты – адамның санасында үстемдік құру, басқаның басқаруына көнетіндей ету. Жасанды ментал вирустарды таратушы басты көз – ниеті бұрыс ақпарат көздері. Әрине, бұған дайын болу керек.
ВИРУС ЖҰҚТЫРМАУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ ҚАЖЕТ?
Фактчекинг жүргізу
Адамның биологиялық вирустардан тас-талқан болып жеңілуінің себебі – оларды, яғни вирустарды ағзаның вирус деп танымауы. Ментал вирус та сол: оны біз «жеке пікірім», тіпті «шабыт» деп қабылдаймыз. Негізі, ментал вирустан құтылу оңайырақ: олардың түстеп тану жеткілікті. Сондықтан фактілерді жәй ғана тексеріп шығудың өзі вакцина қызметін атқаруы мүмкін. Әлдебір идея немесе жаңалық жаппай тарап жатса және аяқ асты оны бөліскіңіз кеп кетсе, «репост» басардың алдында деректерді нақтылап алыңыз. Бұл үшін қазір неше түрлі құрал мен технология бар.
Сыни пайым мен өзіңді тануды дамыту
Осы күні пайымдау білудің қаншалық маңызды екені жайлы көп айтылып жүр. Бұл – психика саулығын аман сақтау тәсілдерінің бірі. Алайда жеке рефлексия дұрыс болмаса, сыни пайым көмектеспейді. Адамдардың басым бөлігі шын мәнінде қандай сезімде және ниетте екенін түсіне бермейді, осының кесірінен манипуляцияға тез сеніп, жылдам беріледі.
Мұндай қиратқыш идеялардың бірі – «өзіңді жақсы көру» тақырыбы. Бұл – әу баста дұрысс басталған тұжырымның өзгеріп, мән-мағынасынан айрылып, ментал вирусқа айналғанының бір көрінісі. Өз-өзін танымайтын, тани алмайтын адам басқа біреудің дүниесін (оның ішінде ой да бар) меншіктек алып, «менікі» деп таныстыруға бейім. Әлдебір «данышпанның» айтқанын (жаман немесе зиян болуы міндетті емес) әркім әрқалай түсінеді. Түптің түбінде өзіңе деген махаббат бейбастық пен жүгенсіздікке әкеліп соғуы мүмкін. «Өзімді жақсы көремін, сондықтан ештеңеден бас тартпаймын. Артық салмақ жинаймын, білімімді арттырмаймын, қызметімді өсірмеймін, қоғамға пайда әкелмеймін, қазіргі келпім қандай, міне, соны сүйетін боламын».
Осы себепті қандай да бір партияның туы астында жиналған елге қосылмас бұрын «Бұл идеяны неге қолдаймын?» деген сұраққа жауап тауып алу қажет. Спортзалда терлеп жаттығуға және зиян тамақтан бас тартуға ерінетін адамның бодипозитивті қолдай кетуі – айқын дүние. «Байлық – жаман, байлар кедейлерді қанайды» деген ой ақшасы жоқ адамға жағады. Неке институты ескірді дегендерге тілектес – болатындар жеке өмірінде сәтсіздікке ұшырағандар.
Мәселе мынада: өзіне ыңғайлы тұжырымды таңдау арқылы адам өмірінде әлденені өзгертуден қалады. Ақыры рефлексиясын ғана құртып тынбай, бақытты отбасы құру, сымбатты тән иесі болу, қызметте өсу, дәулетті жан атану ықтималдығынан да айрылады.
Тарихты оқу
Сыни пайым да адастыруы мүмкін. Мысалы, антиваксерлер қозғалысы – келіп түскен ақпаратқа көп адамның белгілі бір деңгейде сыни тұрғыдан қарауға деген талпынысы. Алайда жағдайдың оратсында неше түрлі сезімді бастан кешіріп тұрып, бейтарап қалуға болмайды. Мұндай көмекке тарих келеді. Оны жақсы білеміз деп айта алмаймыз. Бұл – үлкен проблема. Себебі қазір біз тап болған оқиғаның бәрі әйтеуір бір кездері аздаған өзгеріспен болып кеткен болатын.
Академик Павловтың ХХ ғасырдың басында оқыған «Жалпы алғанда, ақыл-ой, жекелей алғанда, орыс ақыл-ойы туралы» атты дәрістер сериясынан үзінді келтіре кетейік:
«Жақында түріктермен болған соғыстан оралған солдаттарды оба таратады деген қауіппен оқшауламақ болғаны туралы газеттен оқыдым. Бірақ солдаттар «Каратинге түкіргенім бар, мұның бәрі – буржуйлардың ойлап тапқаны» деп бұған көнбей қойыпты. Тағы бір жағдайды алайық. Бірде қызметшіме матрос болып жүрген, әбден социалист болып кеткен бауыры келеді. Барлық зиян, оның пікірінше, буржуазиядан екен… Ал «Буржуйларсыз қалай өмір сүресіз, мәселен, тырысқақ тарай бастаса, дәрігерсіз күніңіз не болмақ?» деген қарсы пікірге ол мұның бәрі түкке тұрғысыз әңгіме екенін айтқан: «Себебі тырысқақты дәрігерлердің өзі тарататыны баяғыдан белгілі емес пе?»
Ештеңе еске түсірмей ме?