Безеу: себептері, алдын алу мен күтім жасау – косметологтың кеңестері

Безеу: теріге күтім жасау мен кез келген жаста қабынудан аулақ болудың жолы

Адамдардың көбі безеу – бұл өздігінен кететін «жасөспірімдер хикаясы» деп санайды. Шын мәнісінде бұл терінің созылмалы қабынба ауруы. Бөртпелердің пайда болуына жол бермеудің амалы қандай, профилактика мен күтімде нақты не нәрсе жұмыс істейді, әрі қандай кеңінен танымал кеңестер түйткілді одан бетер ушықтыруы мүмкін деген секілді сұрақтарды Лайқос косметолог Лаура Әбдібаеваға қойды.

Безеу неге пайда болады: негізгі себептері

Барлығы да май бездерінің тым белсенді жұмыс істеуінен бастау алады. Тері дұрыс жаңармайды, терідегі ұсақ тесіктер бітеліп қалады. Айта кетсек, бөртпелер тек адамның бетінде ғана емес, сонымен бірге арқа, кеуде, иықта да, яғни, май бездері ерекше көп кездесетін аймақтарда пайда болуы мүмкін. Іште қабынуды тудыратын Cutibacterium acnes бактериялары үшін мінсіз жағдай жасалады.

Мұның себептері көп: гормондық ауытқулар, күйзеліс, шамадан тыс көп тәттілерді жеу мен сүт өнімдерін ішу, бұрыс күтім, ал кейде, тіпті, генетика. Бәрін рет-ретімен қарастырайық.

Таза төсек пен акне: сүлгілер мен жастыққаптарды қаншалықты жиі ауыстыру керек?

Көптеген адамдар сүлгі мен төсек-орын жабдығының тазалығы қаншалықты маңызды екендігін жете бағаламайды. Себезгі қабылдағаннан кейін денеде бәрібір тері майының, тер мен микробтар бөлшектері қала береді. Егер сіз сол сүлгімен бетіңізді сүртсеңіз, мұның бәрі терінің ұсақ тесіктеріне еніп кетіп, қабынуды тудыруы әбден мүмкін. Сондықтан бет үшін бөлек сүлгіні қолданған дұрыс, әрі оны күн сайын ауыстырып тұру немесе бір реттік қағаз сүлгілерді таңдағаныңыз абзал.

Төсек-орын жабдығымен де жағдай дәл осындай: жастыққап бір-екі түннің ішінде шелі майын, тер мен шаңды сіңіреді, сонда олар теріге қайта-қайта жанасып, теріс әсерін тигізеді. Безеудің пайда болу қаупін азайту үшін жастықтың тысы 2-3 күнде бір рет, төсек жаулық пен көрпе тысы 7-10 күнде бір рет, ал қатты тершеңдік кезінде анағұрлым жиірек ауыстырылуы керек.

Материал да ерекше маңызға ие болып келеді: мақта, бамбук, жібек пен зығыр терінің тыныс алуына мүмкіндік береді және үйкелісті азайтады. Дегенмен уақытында жуылмаса, тіпті, ең қымбат матаның өзі де ешқандай пайдасын әкелмейді.

Шылым тарту мен безеу: темекі тері үшін несімен зиянды?

Темекі тарту микроциркуляцияны нашарлатады, тері оттегі мен қоректік заттарды азырақ алады, демек, қалпына да баяу келеді. Коллаген тезірек бұзылады, жаралар ұзақ жазылады, ал қабынудан кейін терең іздер қалып отырады.

Сонымен бірге темекі түтінінің уыттары тотығу стресін күшейтеді, май бездерінің белсенділігін арттыра түседі және тері майының құрамын өзгертіп, оны «қабынуға бейім» етеді. Тіпті, «шылымқұмардың акнесі» деген ұғым да бар – бұл кішкентай қабыну элементтері, негізінен беттің төменгі жағында және мойын тұсында кездеседі.

Темекі түтінінде 7000 астам химиялық қосылыс бар, әрі олардың дені тері майының құрамын өзгертіп, жайсыздық тудырады. Бұл факторға жол бермеу үшін темекі шегуден біржолата бас тартқан абзал немесе, кем дегенде, зияндылығы анағұрлым төменірек балама нұсқаларға ауысқан жөн. Мәселен, хиттерлер жанбай-ақ жұмыс істейді, демек, темекі түтінін түзбейді, ал бұл агрессивті заттардың негізгі көзі болып есептеледі.

Неліктен бетті қолмен ұстауға болмайды

Безеудің әлі де жете бағаланбаған пайда болу себептерінің бірі бетті жиі ұстау әдеті болып қала береді. Адамның қолында әрдайым терінің ұсақ тесіктеріне оңай еніп кететін, әрі қабынуды тудыратын бактериялар, шаң мен май бөлшектері бар.

Бетіңізді үнемі ысқылай берсеңіз немесе алақанмен таянып отырсаңыз, түйткіл одан сайын ушыға түседі. Бөртпелерді ұстай беру немесе сығып алу әрекеттері теріні жарақаттайды, әрі дақтар мен тыртықтарды қалдырады. Сондықтан мұндағы ереже өте қарапайым: бетті тек таза қолмен ұстауға немесе оған бір реттік майлықтармен ғана жанасуға болады.

Темекі түтіні теріңізді қалай құртады және мұндайда не істеуге болады
Бұл туралы дәрігер – косметолог-трихолог әңгімелейді Неліктен темекі шайыры мен оның жану өнімдері ерте қартаюдың…
https://laikos.kz/kz/densaulyq-bojynsha-kz/kak-tabachnyi-dym-unichtozhaet-vashu-kozhu-i-chto-s-etim-delat/

Тым жиі жуынуға бола ма? Тері күтіміндегі қателіктер

Безеудің пайда болуына бейім адамдар жиі жуынып жүреді, әрі тым агрессивті құралдарды қолданады. Қатты гельдер, скрабтар мен құрамында спирті бар тониктер терінің қорғаушы қабатын бұзады да, құрғақтық, микросызаттар мен шелі майының тым көп бөлінуін тудырады, ал бұл терінің тітіркенуін күшейте түсетіні анық.

Қышқылдар, ретиноидтар және бактерияларға қарсы құралдарды да шамадан тыс қолданған кезде дәл осындай әсер болады – микрофлораның тепе-теңдігі бұзылады да, әрі қабыну әлдеқайда айқын көріне бастайды. Ең дұрысы, күніне екі рет жұмсақ құралмен жуыну керек, ал аптасына 1-2 рет (тек қана көрсетілім бойынша!) теріні қабыршақтандыру және белсенді компоненттерді бірқалыпты мөлшерде пайдалануға болады.

Акне кезіндегі тамақтану: қандай өнімдер безеуді қоздырады

Клиникалық зерттеулер келесі жайттарды растап отыр:

  • жылдам көмірсулар мен фаст-фуд шелі майының өндірілуін күшейтеді
  • сүт өнімдері (әсіресе майсыздандырылғандары) қабынуды арттыруы мүмкін
  • қаныққан майлар мен трансмайлардың артық мөлшері безеуді ұлғайтады
  • антиоксиданттар мен омега-3 жеткіліксіздігі терінің қалпына келуін баяулатады

Суды жеткілікті мөлшерде ішу терінің тосқауыл қабаты мен шелі майының қалыпты тұтқырлығын сақтауға көмектеседі.

Кеңес: тәтті тағамдар, фаст-фуд, сүтті өнімдерді шектеңіз; көкөніс, балық, жаңғақты көбірек жеңіз; суды жеткілікті мөлшерде ішіңіз.

Күйзеліс пен безеулер: жүйке теріге қалай әсер етеді

Біз ашуланған немесе уайымдаған кезде ағзамызда стресс гормоны – кортизол көбірек бөлінеді. Ол терінің май бөлуін арттыра түседі де, нәтижесінде терідегі ұсақ тесіктер әлдеқайда тезірек бітеліп, бөртпелер баяу жазылады. Сонымен бірге тері микробтардан анағұрлым әлсіз қорғалады да, қабынулар одан сайын қызарып, ауырсына бастайды.

Күйзеліс кейбір ерлер гормондарының деңгейін көтеріп, май бездерін одан бетер белсендіре түседі. Мұндай кезеңдерде осы гормондарға сезімтал болып келетін нәзік жандыларда безеулер ерекше көп пайда болуы бек мүмкін.

Бөртпелердің айқын емес себептері

  • Смартфон микробтарды тікелей бет терісіне тасымалдайды, бұл көбіне-көп бет пен иектегі бөртуді қоздырады.
  • Бас киім, байлауыш, көзілдірік үйкелісті, жылуды тудырады, тер мен ластануды ұстап тұрады.
  • Макияжға арналған жаққыштар мен спонждар сирек тазаланса, микробтардың нағыз инкубаторына айналады.
  • Шаш пен стайлинг-құралдары теріде май, силикондар, шаңды қалдырады.
  • Синтетикалық киім терінің тыныс алуына мүмкіндік бермей, қабынуды күшейте отырып, ылғалды ортаны туғызады.

Не істеу керек: тоқыма заттарды жиі ауыстыру, гаджеттерді зарарсыздандыру, жаққыштарды жуу, табиғи маталарды таңдау.

Қорытынды

Жақсы жаңалығымыз бар: біз көп нәрсені өз бақылауымызға ала аламыз – тері күтімін ретке келтіру, жастыққаптар мен сүлгілерді жиірек ауыстыру, гаджеттердің тазалығын сақтау, тамақтануды теңдестіру әрі күйзелісті төмендету деген секілді жайттар. Тіпті, емдеу кешенімен біріктіре отырып, әдеттерімізді біршама өзгертудің өзі терінің қалпына келуін жылдамдатады және оны ұзақ уақыт бойы сау және таза қалпында сақтауға көмектеседі.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.