Ауаның ластануы: денсаулыққа әсері және онымен не істеуге болады

Лас ауа қазақстандықтардың өмірін қалай қысқартады

Ауаның қазіргі жағдайы туралы зерттеуді талдаймыз

Оңтүстік Азияның тұрғындары ауа сапасы жақсырақ дәрежеде болған күнде өз өмірлерінің тағы да 2,3 жылын сақтай алушы еді немесе жалпы алғанда 17,8 миллиард адамның өмірін аман алып қалуға болатын еді. Лас ауаны темекі тартудың әсерімен салыстыруға болады, ол алкогольдің ықпал етуіне қарағанда үш есе артық зиян келтіреді, көлік құралдарынан шығатын пайдаланылған газдардан гөрі бес есе көп залалды келеді екен. Сонымен қатар ластанған ауа АИТВ/ЖИТС әсерімен салыстырғанда жеті есе артық ықпал тигізеді. Егер біз әлдеқайда қауіпсіз балама нұсқаларға ауысу арқылы темекінің зиянды ықпалына қарсы әрекет жасай алсақ, онда ластанған ауа әсерінен өзімізді қорғай алуымыз екіталай.


Көптеген елдер ауаның сапасын жақсарту мақсатында алуан түрлі инновациялық технологияларды енгізіп, таза энергия көздерін қолдануды ынталандырып келеді, әрі атмосфераға шығарылатын зиянды заттектерді азайту бойынша қатаң нормалар мен стандарттарды енгізіп жатыр.

Мәселен, Оңтүстік Азия аймағында дүниежүзі бойынша ең ластанған төрт мемлекет орналасқан және ғаламшарымыздағы барлық халықтың төрттен бір бөлігіне жуығы осы жерде өмір сүреді. AQLI мәліметтеріне сәйкес, Бангладеш, Үндістан, Непал және Пәкістан тұрғындары қазіргі ластану деңгейінің сақталуы шартында орта есеппен алғанда өмір сұру ұзақтығының шамамен 5 жылға дейінгі уақытынан айырылады екен. Африкалық елдер: Конго Демократиялық Республикасы, Руанда, Бурунди және Конго Республикасы, өз кезегінде, – дүниежүзі бойынша ең ластанған елдердің ондығына кіреді. Тіпті, «ластануға қарсы соғыс» қарқынды түрде жүріп жатқан Қытайдың өзінде ластану деңгейі әзірге дейін Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымының (ДДСҰ) ұсыныстарынан алты есе асып отыр, ал бұл ел тұрғындарының өмір ұзақтығын 2,5 жылға қысқартады. Айта кетерлік жайт, 2021 жылғы мәліметтер бойынша Америка Құрама Штаттары халқының 96%-ы және Еуропа халқының 98,4%-ы қазір ластанған деп танылған аудандарда тұрып жатыр. Бұл сандар түйткілдің жан-жақты сипатын айшықтап отыр: демек мәселе тек қана тығыз қоныстанған өнеркәсіптік аудандар немесе дамушы елдермен шектеліп отырған жоқ. Тіпті, экономикалық тұрғыдан дамыған елдердің өзінде, яғни, қоғамдық денсаулық қатаң нормативтер мен стандарттар тарапынан қамтамасыз етілген деп саналатын мемлекеттерде де ауаның ластануы кеңінен таралған түйткіл болып қала беруде.

График: лас ауа өмірді қалай қысқартады

Сонымен қатар ауаның ластануы мәселесі Қазақстан үшін де көкейкесті түйткіл болып келеді. ҚР Экология министрлігіне қарасты Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылы ең ластанған ауаға ие қалалар тізімінің ішіне келесі шаҺарлар кірген: Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш және Өскемен.

АУА ЛАСТАНУЫНЫҢ НЕГІЗГІ СЕБЕПТЕРІ

1.    Өнеркәсіптік шығарындылар: Әртүрлі тауарларды өндіру мен қызметтерді ұсыну кезінде зауыттар мен фарикалар уыттандыратын газдар мен ауыр металдар секілді зиянды заттектерді шығарады да, содан кейін олар атмосфераға енеді.

2.    Көлік құралдары: Іштен жанатын қозғалтқыштар жанармайды жаға отырып, атмосфераға азот тотығы мен көмірсутектерді бөліп шығарады.

3.    Энергетикалық қондырғылар: Электр станциялары, әсіресе қазба отындарын пайдаланатын станциялар атмосфераға күкірттің қостотығы мен көміртекті шығарады. Бұл шығарындар ауаны тікелей ластауымен қатар, Жердегі климаттың өзгеруі мен температураның жоғарылауына септігін тигізетін парниктік газдардың көзі болып келеді.

4.    Ауыл шаруашылығы: Тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолдану аммиак және басқа да зиянды химиялық заттектердің шығарылуына әкеліп соқтыруы ықтимал. Бұл заттектер ауаға еніп, әрі оны ластай отырып, қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына ықпал етуі бек мүмкін.

5.    Тұрмыстық және коммерциялық көздер: Үйлерде орналастырылатын алауошақтар, жылыту жүйелері және қазандықтар да, әсіресе, жылдың салқын маусымдары кезінде ауаның ластану көзіне айнала алады. Бұл көздер ауаға қатты бөлшектер мен басқа да ластаушы заттарды шығарады, ал олар үй-жайлардың ішіндегі ауа сапасы және атмосфераның ластану деңгейіне теріс әсер етуі мүмкін.

ЖАҒДАЙҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТУГЕ БОЛАДЫ?

Ауа сапасы саласындағы соңғы зерттеулердің нәтижесі көрсетіп отырғандай, AQLI ауа сапасының индексіндегі шамалы ауытқулардың өздері адам денсаулығына айтарлықтай ықпал тигізе алады. Осы сын-қатерлерге деген жауап ретінде ДДСҰ қатаң стандарттарды енгізуді, білім беру және профилактикалық кампанияларды жүргізуді, сонымен қатар жасыл технологияларды дамыту мен зиянды заттектердің шығарындарын төмендету мақсатында мемлекеттермен ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге ғылыми зерттеулер де арнайы қосымшалар мен онлайн-платформаларды құруға мүмкіндік берген, әрі олар дәл осы уақыттағы ауа сапасының индексін көрсете отырып, жоғары ластану кезінде жергілікті тұрғындарға ашық ауада өткізетін уақыттарын шектеуге кеңес беріп отырады.

Қазіргі таңда ауаны жақсартуға бағытталған әлемдік күш-жігерді жұмылдыру бойынша әрекеттерге қоғамға білім беру, адам денсаулығы үшін таза ауаның маңыздылығы жайында хабардарлықты арттырып отыру, өндірістің тұрақты әдістерін әзірлеу мен жүзеге асыру, қоғамдық көлікті ынталандыру және азаматтардың экологиялық бастамаларға белсенді түрде қатысуы кіреді.

Лас ауадан қорғанудың алуан түрлі жолдары бар:

– қалаңыздағы ауаның ластану деңгейін қадағалап отыруға мүмкіндік беретін қосымшалар мен сайттарды қолданыңыздар (қазақстандықтар үшін https://www.airkaz.org/ сайты жұмыс істейді, сонымен қатар Plume қосымшасын жүктеп алсаңыздар да болады)

– ауаның ластану деңгейі жоғары болған күндері терезелерді жауып жүріңіздер

– тексерілген өндірушілер ұсынатын ауа ылғалдауыштарын қолданыңыздар

– көлік құралдары көп жүретін көшелерден аулақ болыңыздар

– анализдерді тапсырып жүріңіздер

– дәрумендерді ішіңіздер.

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]