Кофеин: танымал заңды есірткі туралы шындық пен дақпырт

Кофеин ағзаға қалай әсер етеді?

Қысқа да нұсқа түрде айтып берейік

Біз кофеинді қайдан іздеу керектігі, оның көмегімен арықтау амалы және «әлемдегі ең танымал заңды есірткі» құрбанына айналмаудың жолы туралы әңгімеледік.

ШЫНЫМЕН ЕСІРТКІ МЕ?

Негізі, кофеинді есірткі деп атауға болмайды, оны тек жұмсақ табиғи стимулятор дей аламыз. Шегін біліп тұтынсаңыз, кофеин шаршағанды басады, назарды күшейтеді, бұлшық ет тонусын жақсартады, метаболизмді жылдамдатады және көңіл-күйді көтереді.

«Кофеиннің есірткіге тән қасиеті жоқ, – дейді медицина ғылымдарының докторы, РМҒА Тамақтану институтының профессоры Минкаил Гаппаров. – Әрине, бір шыныаяқ кофе ішсеңіз, ләззат аласыз, бірақ ол толыққанды тәуелдік тудырмайды. Кофе ішпесек, өзімізді жайсыз сезінуіміз мүмкін, алайда нағыз абстиненция, яғни «ішпесем, тұра алмаймын» деген алапат қажеттілік болмайды».

КОФЕИН ҚАЙДА БАР?

Бұл затты беретін көздер бәрімізге таныс, ол – кофе, қара және көк шәй, какао, шоколад. Сондай-ақ кока-колада, матеде (парагвайлық шөп шәй) және сусын, спорт батончиктері секілді түрлі энергетикалық өнімдерде кездеседі.

 

Медицинада синтезделген кофеин бас сақинасына қарсы дәрілердің құрамында бар, сондай-ақ ауруды басатын кей препараттан, стимуляторлардан, мұрын бітелуіне қарсы дәрілердің көбінен табуға болады.

 

Сонымен қатар кофеинді түрлі косметикалық өнімдерді, әсіресе қартаюмен күресуге арналған заттар үшін компонент ретінде пайдаланады.

 

КОФЕИН НЕГЕ СЕРГІТЕДІ?

Мәселе аденозин және адреналин гормондарында. Алғашқысы жүйке импульстерін баяулатады және адамның ұйқысын келтіреді. Екіншісі сергітеді, күш-қуат береді, белсенді қылады, адам психикалық тұрғыдан жиналып, тас-түйін болады. Ал кофеин аденозин рецепторларын бұғаттап, адреналиннің бөлінуін, керісінше, күшейтіп жібереді.

 

КОФЕИН КІМГЕ ЗИЯН?

Гипертониясы, жүректің ишемиялық ауруы немесе миокардтың органикалық өзгеруі болса, бірінші кезекте бұл адам құрамында кофеин бар өнімдерден бас тартуы не, ең болмағанда, шектеуі қажет. Себебі кофеин жүрек қағысын жылдамдатады.

 

Асқазанында ойық жара ауруы бар немесе өңешінің шырышты қабығы қабынған, яки рефлюкс ауруы бар жандарға да осы кеңес етіледі, өйткені кофеин секрецияны күшейтіп, асқазан керегесін тітіркендіреді.

 

Кей медиктердің пікірінше, несеп айдайтын қасиеті болғандықтан кофеин бүйрекке қатысты проблемаларды асқындырып жіберуі мүмкін екен. Ал адам оны көп қабылдай берсе, ағзадағы кальций шайылып кетеді, салдарынан остеопороз, яғни сүйек массасының кемуі пайда болуы ықтимал. Осы себепті аталған метаболизм ауруына ұшырауы қатері жоғары жасы 45-тен асқан әйелдер сақтанып жүргені жөн.

 

«Аяғы ауыр және емізетін баласы бар әйелдерге, кішкентай балалар мен ұйқысыздыққа шалдыққан, жүйкесі тыныш емес жандарға ұсынылатын шектеулер бар, – дейді Михаил Гаппаров. – Алайда адам кофеин көлемін азайту керек екенін өзі де түсіне алады. Мәселен, мазасыздық сезсе, қысымы көтеріліп кетсе, жүрек қағысы жиілесе, шара қолдану қажет».

КОФЕИННЕН УЛАНУҒА БОЛА МА?

Кофеин тұтынудың күндік нормасы – ересек, дені сау ер адам үшін 400 мг, ал әйел адамға 300 мг. Алайда оның, мысалы, тек кофеде емес, басқа да өнімдердің құрамында кездесетінін естен шығармау керек. Жоғарыдағы көрсеткіштен артық тұтынсаңыз, доза көлемі шектен асып кетуі ықтимал. Бұл жағдайда мына симптомдарға мән беріңіз:

 

  • мазасыздық күшейеді;
  • аритмия;
  • бас айналады;
  • асқазан мен ішек жолдары тарылады;
  • кіші дәретке жиі бара береді;
  • іш өтеді;
  • бас ауырады;
  • шөлдей береді;
  • жүрек айниды;
  • қыжыл пайда болады;
  • ұйқысыздық байқалады.

 

Ғалымдардың айтуынша, адам кофеиннен уланып өлуі үшін аз уақыт ішінде қайнаған кофенің жүз шыныаяғын ішуі керек екен.

 

ҚАЙ КӨЛЕМДЕГІ КОФЕ НЕ ШӘЙДАН ЗИЯН ЖОҚ?

Стандартты 170 мл бір шыныаяқ кофеде оның сұрпы және қайнату әдісіне байланысты 80-120 мг кофеин болады. Мәселен, арабикаға қарағанда робустада кофеин екі есе артық. Кофе неғұрлым ұсақ тартылса, дайын өнімде кофеин соғұрлым көп. Кофемашинада әзірленген кофеде кофеин азырақ кездеседі. Ал френч-престегі бұл сусында кофеин әлдеқайда көп, яғни суда неғұрлым көп болса, кофеин соғұрлым қанығып, арта береді. Еритін немесе сүт қосылған кофеде кофеин мөлшері төмен болатыны түсінікті. Жалпы, күніне 2-4 шыныаяқ кофеден анау айтқандай зиян бола қоймайды.

 

Шәйдің жайы да осы шамалас. Кофеинге қаншалық қаныққаны оның сұрпына, шыққан жеріне, қайнату температурасына байланысты. Стандартты бір шыныаяқ шәйде 20-85 мг кофеин болады. Мамандардың айтуынша, адам күніне екі литрдей шәй ішсе, денсаулығына зиян келмейді екен.

КОФЕИНГЕ ДЕГЕН ЖЕКЕ СЕЗІМТАЛДЫҚ ДЕГЕН НЕ?

Әңгіме адам ағзасының кофеинді ыдырату қабілеті туралы. Бұл да алкоголь сияқты: біреу жылдам қорытып жібереді, біреуде бұл баяу жүреді. Адамдардың шамамен 10%0да кофеин метаболизерлері өте жылдам, ал қалғаны шамамен 4 есе кем жылдамдықпен ыдыратады. Қазіргі генетикалық зерттеулердің арқасында кофеинге деген жеке сезімталдық деңгейін, сонымен қатар күнделікті тұтыну нормасын анықтауға болады.

 

КОФЕИН АРЫҚТАУҒА КӨМЕКТЕСЕ МЕ?

Кофеин термогенезді арттырады, яғни ағзаны ас қорыту үшін көбірек энергия жұмсауға мәжбүрлейді. Бұл калория шығынын көтереді. Сәйкесінше, арықтауға көмектеседі. Алайда кофеинді бұл мақсатты қолдану сәтті тәсіл бола қоймас. Май жағу әсері шынымен байқалу үшін кофеин дозасы өте көп болуы керек.

 

КОФЕИНДІ ІШІМДІКТЕН КЕЙІН САУЫҒУҒА КӨМЕКТЕСЕ МЕ?

Бұл – жалған әңгіме. Көңілді сауық кештен кейінгі ауыр жағдайды кофемен емдеймін деу нәтиже бермейді. Кофеин мен алкогольдің қоспасы жүрек-қан тамыры жүйесіне кері әсер етіп қана қоймай, ағзаның шын мәнінде қаншалық уланғанын түсінуге кедергі келтіреді. Сондай-ақ бір шыныаяқ кофе ішкен соң өзін сауыққандай сезінген, ал іс жүзінде олай емес, адам ойланбай жасалған зиян қадамдарға баруы мүмкін.

 

Аударған Димаш Зиядин

Как вы оцените статью?
[Total: 1 Average: 1]