Депрессия мен зиянды әдеттер: себептері, белгілері және емдеу әдістері

Темекі тарту депрессияны қалайша тудыруы мүмкін?

Соңғы жылдары депрессия қорқынышты аурудан нағыз мейнстримге айналған. Осының дәлелі ретінде бұл тақырыпқа арналған көптеген мемдер мен интернеттегі «депрессияны қалай жеңуге болады» деген сұраулардың санын келтіруге болады. Депрессия кезінде біз жай-күйімізді жеңілдетудің тәсілдерін жиі іздеп, осындайда темекі тарту мен алкогольді тұтыну секілді жаман әдеттерге жүгінеміз. Алайда сіз жаман әдеттердің өздері де сол депрессияның пайда болуының себебі бола алатынын білетін бе едіңіз? Шынымен де бүгінгі таңда депрессиялық бұзылыс қоғамда соншалықты кеңінен жайылған құбылыс па, әлде бұл жай ғана сәнді жай-күй ме? Осы және басқа да көптеген сұрақтарға 10 жылдан астам тәжірибесі бар психотерапевт Артем Барышев жауап беруге көмектеседі.

ДЕПРЕССИЯ ДЕГЕНІМІЗ НЕ ЖӘНЕ ОНЫ ҚАЛАЙ ТАНУҒА БОЛАДЫ?

Күнделікті өмірде көптеген адамдар депрессияны уайым, ашуланшақтық немесе қандай да бір нәрсені істеуге құлықтың жоқтығымен сипаттауға әдеттеніп алған. Алайда өз бетіңізбен диагноз қоюға асықпаңыз. Өйткені бұл мүлдем депрессия емес, бірақ психикалық денсаулыққа қатысты қандай да бір басқа түйткіл болуы бек мүмкін. Мәселен, бейімделудің бұзылуы, мазасыз ауытқулардың көрінісі, ұйқысыздықтың салдары немесе тұлғалық бұзылудың белгілері. Егер біз нақты депрессиялық бұзылу туралы айтатын болсақ, онда бұл ересек халықтың арасында орта есеппен алғанда 5–7% жиілігімен кездеседі. Сонымен бірге депрессия күллі әлем бойынша біркелкі таралып отыр. Одан қалса, уайым, ашуланшақтық немесе қандай да бір нәрсені істеуге құлықтың жоқтығы қалыпты реакциялар диапазонына жатқызылып, әрі белгілі бір жағдаяттарға деген дәйекті реакция болуы ықтимал.

 

Депрессия – бұл көңіл-күйдің бұзылу нұсқаларының бірі, әрі бұл тұста біз күннің біршама бөлігі, кем дегенде екі апта бойына күн сайын дерлік пайда болатын келесі сипатты белгілердің жоқ дегенде бесеуінің бір мезгілде болуын байқаймыз.

 

Белгілері:

  •     Жабырқаңқы көңіл, адамның хабарламасы бойынша (мұң, жабырқаңқылық сезімі) немесе сыртынан бақылаған кезде (жылаңқы, қатты қиналып тұрған түрі). Балалар мен жасөспірімдерде депрессивті көңіл-күй ашуланшақтық түрінде көрінуі мүмкін.
  •     Іс-әрекеттерге, әсіресе әдетте адамға ерекше ләззат сыйлатын іс-әрекеттерге деген қызығушылықтың немесе ләззатқа бөленуінің айтарлықтай төмендеуі. Соңғысы жеңсікқұмарлықтың төмендеуін қамтуы мүмкін.
  •    Небәрі минималды күш жұмсағанның өзінде энергияның төмендеуі, шаршағандық немесе аса қатты шаршағандық.
  •     Өзін-өзі бағалаудың төмендігіне деген сенім немесе шамадан тыс және орынсыз кінәлік сезім, әрі олар анық сандырақ идеялар болуы мүмкін. Егер кінә немесе өзіне-өзі наразы болу тек қана депрессиямен байланысты болса, бұл пунктті есепке алудың, ескерудің қажеті жоқ.
  •     Болашаққа деген үмітсіздік.
  •    Өлім туралы қайталанатын ойлар (өлім алдындағы қорқыныш сезімі ғана емес), өзіне-өзі қол жұмсау туралы қайталанатын ойлар (нақты жоспармен немесе онсыз) немесе өзін-өзі өлтіру әрекетінің айғақтары.
  •     Ұйқының айтарлықтай бұзылуы мен тәбеттің өзгеруі.

 

Егер сіз өз бойыңыздан жоғарыда көрсетілген белгілердің бар екендігін анықтасаңыз, әрі олар екі апта және одан да көп уақыт бойы созылып жатса, демек бұл сақ болудың себебі болып саналады. Алайда аталмыш сиптомдардың болуы диагнозды өз бетіңізбен қоюға мүмкіндік бермейтінін есте сақтағаныңыз абзал. Оны нақтылау үшін міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгіну керек (психиатрға немесе психотерапевтке).

 

ДЕПРЕССИЯНЫҢ ПАЙДА БОЛУ СЕБЕПТЕРІ

Жалпы депрессияның қандай да бір жалғыз себебін бөліп көрсетуге болмайды, себебі бұл құбылыс көпфакторлы болып келеді. Қайта депрессияны биологиялық-психологиялық-әлеуметтік үлгі арқылы қарастыруға әбден болады, бұл жерде генетикалық, биологиялық факторлар және өмірдің ерте кезеңіндегі факторлар бар, әрі олар тәрбиелеу ерекшеліктеріне, бала кезіндегі жарақаттық тәжірибеге, әлеуметтік факторларға (білім деңгейінің төмендігі немесе әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмендігі), психологиялық факторларға, тұлғааралық қарым-қатынастарға қатысты қиындықтар мен басқа да жағдаяттарға байланысты болып келеді.

 

ТЕМЕКІ ТАРТУ ДЕПРЕССИЯНЫҢ СЕБЕБІНЕ АЙНАЛУЫ МҮМКІН БЕ?

Атап айтсақ, темекі тарту, алкогольді тұтыну, психикалық белсенді заттектерді қабылдау секілді жаман әдеттер депрессияның қауіп факторы ретінде болуы ықтимал, дегенмен олар күйзелістің тікелей себебі болып саналмайды. Шамамен 170 мың адам қатысқан жақында өткізілген бір зерттеу көрсеткендей, шылым шегу депрессияға деген бейімділікті орта есеппен алғанда 50%-ға арттыра алады. Сонымен қатар темекі тарту психикалық бұзылыстарға байланысты ауруханаға түсіп қалу қаупін бір жарым есе жоғарылататыны, әрі депрессия, биполярлық бұзылыс және шизофренияның даму тәуекелін арттыратыны анықталған. Біз адамның нақты шылым шегудің салдарынан шизофрения, депрессия, биполярлық бұзылысқа шалдыққанын айта алмаймыз, дегенмен нақ осы әдет аталмыш дерттердің дамуына айтарлықтай үлес қосуы бек мүмкін.

 

Көбінесе біз психикалық бұзылыстар жаман әдеттердің пайда болуына әкеліп соқтыратын жағдайларға тап болып отырамыз. Адам депрессияға шалдыққан кезде ол психикалық белсенді заттектер, алкоголь және темекіні шамадан тыс тұтына бастауы әбден мүмкін. Әрі адамның ойында «уайым – жаман әдет» деген шартты байланыс қалыптасады екен. Не болмаса, мәселен, мазасыз күй кезеңдерінде шылымқұмарлардың көбі шегетін темекі санының әдеттегі нормасын арттыра бастайды және шылымды бірінен соң бірін тартуға кіріседі.

 

ДЕПРЕССИЯ МЕН ТӘУЕЛДІЛІКТЕРДІ ҚАЛАЙ ЖЕҢУГЕ БОЛАДЫ?

Адамдардың дені депрессия немесе тәуелділікке байланысты жағдайларда бірінші кезекте психологқа бару қажет деп ойлайды. Алайда бұл олай емес.

 

Психолог – бұл қандай да бір өмірлік қиындықтарға тап болған дені сау адамдармен жұмыс істейтін маман болып келеді. Ал депрессия – бұл психикалық бұзылыстардың бір түрі, демек бұл медициналық санатқа жатқызылады. Мұндай жағдайда адамға көмек көрсетуге тиісті негізгі маман – бұл  психиатр немесе психотерапевт болуы керек.

 

Біз емдеу стратегиясына келер болсақ, ол дәрі-дәрмекпен, сол секілді дәрі-дәрмексіз болуы мүмкін екендігін айта аламыз. Депрессия плюс темекі тарту – бұл қандай да бір дәрілерді қабылдау қажеттілігінің синонимі бола бермейді, дегенмен көп жағдайда антидепрессанттарды психотерапиямен біріктіру ең үздік стратегия болып саналады. Бірқатар жағдайларда ең бірініші кезекте жаман әдеттерден болатын зиянды төмендету бойынша жұмыс істеуді бастау қажет, сонда депрессияны емдеу де әлдеқайда тиімдірек өтетіні шүбәсіз.

 

Бір қызығы, шылым шегу тағайындалған дәрі-дәрмектердің концентрациясын айтарлықтай кемітуі мүмкін, әрі бұл өз кезегінде емдеу тиімділігінің төмендеуіне әкеліп соқтыруы ықтимал. Ал алкогольді және психотропты препараттарды бірге қабылдау айқын жанама әсерлерге апаруы бек мүмкін.

 

Дегенмен, егер пациент өзінің әдетінен құтылуға дайын болмаған жағдайда, демек бұл депрессияны емдеуді бастаудың қажеттілігі жоқ дегенді білдірмейді. Біз пациенттің жағдайын жақсарту мақсатында қолда бар нәрселердің көмегімен әрекет етуді бастай аламыз. Бәлкім, дәрі-дәрмек қабылдау және психотерапия барысында адамның жаман әдетінен бас тарту бағытында қозғалу үшін күш-жігер мен мотивация пайда болуы әбден мүмкін.

 

ТЕМЕКІНІ ҚАЛАЙ ТАСТАУҒА БОЛАДЫ?

Шылым шегуден бас тарту мәселесіне келер болсақ, классикалық нұсқа бойынша екі негізгі сценарий баршылық, олар: бір сәтте бас тарту және біртіндеп төмендету. Бас тарту сценарийлерінің екеуі үшін де спрейлер, жабыстырғыштар, шайнауға арналған сағыздар мен олардың комбинациялары түріндегі никотинді алмастыратын терапияны қолдануға болады. НАТ пайдаланудың тұтастай бір стратегиясының бар екендігіне қарамастан, адамдардың көбі оны негізінен дұрыс пайдаланбайды да, әрі қажетті нәтижеге қол жеткізе алмайды. Темекі шегуден бас тартуды жоспарлаған кезіңізде ілеспелі никотинді алмастыратын терапияны алдын ала бастауыңыз керек және дәрігердің бақылауымен мөлшерлемені есептеу мен төмендеткеніңіз жөн.

 

Сонымен бірге көптеген адамдар шылым шегуден болатын зиянды төмендету және темекіден біржолата бас тарту үдерісіндегі аралық нұсқа ретінде темекіні қыздыруға арналған жүйелерді қолдануға жүгінеді. Бұл шылымқұмарлар үшін болдырмау нышанатының ауырлығын төмендету мен темекі түтінінің болмауына мүмкіндік береді, дегенмен мұны мүлдем зиянсыз деуге келмейді және бұл нұсқа қосымша клиникалық зерттеулерді қажет етіп отыр. Мұндағы ең жақсы шешім жаман әдеттен біржолата бас тарту болып келеді.

 

Сондай-ақ шылым шегуден бас тарту жолын тезірек әрі айтарлықтай тиімді өтуге көмектесе алатын психотерапияның жеке нұсқалары бар. Осы нұсқаны да қарастырғаныңыз абзал.

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]