Маскүнемдікке адам қалай келеді?
Ғалымдар ішімдікке бейім адамдардың қандай сусындарды көбірек қалайтынын анықтады. Ал біз бұл әдеттің зиянын қалай азайтуға болатыны жайлы айтып береміз.
Маскүнемдік салдарын, өкінішке қарай, әр адам жақсы біледі. Өзі салынып ішпесе де, туыстарының, дос-таныстарының арасындай бұл жаман әдетке ұшыраған жан болуы мүмкін. Тіпті әлемде алкоголь тұтынатын шамамен 2 млрд адам бар екені, ал спиртті сусын кесірінен пайда болатын ауру һәм жағдайларға байланысты әр жиырмасыншы адам өлетіні туралы ақпараттың өзінен бұл мәселенің қандай қауіпті әрі күрделі екенін көруге болады. Бұған не әсер етеді? Жоқ, біз қазір психикалық немесе әлеуметтік факторлар жайлы айтып тұрған жоқпыз. Адамдар тура мағынасында не ішеді, олардың мұндай жағдайға тап болуына не ықпал жасайды? Тарқатып көрейік.
ЗЕРТТЕУ: МАСКҮНЕМДЕРДІҢ ҚАЛАУЫ
Ресейлік В.М. Бехтерев атындағы психоневрологиялық институттың ғалымдары зерттеу жүргізіп, 18 бен 73 жас аралығындағы маскүнемдікке шалдыққан 412 адам арасында сауалнама жүргізіпті. Әр қатысушыға 59 сұрақ қойылған, оның арасында алкоголь тұтынудағы жас динамикасы, қандай сусындарды ұнататыны және орта есеппен алғандағы тәулік дозасы туралы сауалдар болыпты.
Нәтижесінде маскүнемдіктің келесідей кезеңдері нақтыланған:
1. Тұрақты ішу (аптасына 2 реттен артық емес)
2. Шектен тыс ішу (аптасына 2 реттен артық)
3. Салынып ішу (ішімдік тән мен психикаға кері әсер етіп, соққы береді).
Ал сусындар арасында арақ, шарап және литрлеп сатылатын сыра ерекшеленген. Өзге түрлері жауаптар арасында аз келтірілгендіктен «басқалар» деп бөлек топтастырылыпты.
Ішімдіктің орташа дозасы ретінде алғашқы масаңдану кезеңі үшін 100 грамм арақ және 0,5 литр сыр, ал салынып ішуде 0,5 литр арақ пен 3 литр сыра белгіленген.
ҚАНДАЙ ҚОРЫТЫНДЫ ЖАСАЛДЫ?
Маскүнемдіктің барлық кезеңінде арақ тұтыну басым тұрды, ол аз болса, барған сайын өсіп отыратыны анықталды (57,5%-дан 74,5%-ға дейін). Ал шарап және сыра ішетіндер саны, керісінше, азая берген (19,4%-дайн 7,5%-ға және 15,8%-дан 3,6%-ға, сәйкесінше). «Сыра маскүнемдігі» деген терминнің бар екеніне қарамастан, тек сыра ішетіндер қатары өз аз екені анықталды: сауалнамаға қатысқандардың 1%-дан аспайтыны ғана осы топта екен. Маскүнемдер көбінесе араластырып ішеді, әйтсе де күштілігі жоғары сусындар басым тұр.
Тұтынылатын ішімдік көлемі маскүнемдіктің асқынуымен бірге арта береді. Таза алкогольдің жалпы дозасы жоғарылайды, яғни оның ағзаға тигізетін зияны да көбейеді. Ал негізінен сыра ішетіндер наркологиялық көмек сұрап, басқалардан 5 жыл ертерек келеді екен. Бұған қарап, біз келесі ойға тоқтадық.
ҚАЙТПЕК КЕРЕК?
80-жылдардың өзінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мемлекеттерді халықты күшті сусындардан алкоголі аз өнімдерге (шарап, сыра) бағыттауға шақырған болатын. Бұл екі жамандықтың арасынан залалы аздауын таңдау деген жалпы адамзатқа тән әдіске келеді және ішімдік ішу деңгейін төмендетуге, оның кесірінен пайда болатын ауыр салдарды азайтуға көмектеседі.
Спиртті сусындар құрамын өзгерту процесі және жалпы тұтынудың кемуі ЕуроОдақ, АҚШ және басқа елдерде біраздан бері жүріп жатыр. Сыра ішу көлемі артып келеді, мәселен, Еуропада бұл көрсеткіш 1970 жылы 38,5 литр болса, 1990 жылы 60,4 литрге жеткен, қазір де шамамен осы деңгейде қалып отыр (2005 жыл – 61,6 литр). Бұл адамдар сыраны жалпы алғанда көбірек іше бастады деген сөз емес, ол тек күшті сусындардың орнын басып жатыр.
Бұл зиянды азайту концепциясына сай келеді. Алкоголь қолжетімділігін азайту, маркетингпен жұмыс, сусындар бағасын өзгерту секілді шаралар көмектеседі. Бірақ мұның бәрі – мемлекеттің жауапкершілігі, ішімдікке құмар әр адам бұған қоса өзі де шара қабылдап бастау қажет. Мәселен, алкогольге итермелейтін ортаны өзгертуге, күші аздау сусындарға көшуге болады. Жағдай ушықса, мамандарға бару керек.