Доктор Мясников: жүрек-қан тамырлары аурулары мен зиянды әдеттер

Темекі шегуден бас тартқыңыз келмесе, өмірді қалай ұзартуға болады?

Дәрігер Мясниковтың сұхбаты

Неліктен адамның «инфаркттан кенет» қайтыс болуы мүмкін емес? Қалайша ерлер тағдыры әйелдерге ер адамдардың ауруларын алып келді? Кардиологқа жүгінетін әдеттегі науқастың сыртқы келбеті қандай? Басты төрт «қанішеріміз» туралы, жаман әдеттерге қарсы сәтті күрестің құралдары жайлы және басқа да маңызды тақырыптар жайында дәрігер-кардиолог, қоғам қайраткері, денсаулық турасындағы танымал кітаптардың авторы және теледидар жұлдызы Александр Мясниковпен әңгімелестік.

Бүгінгі таңда жүрек ауруларының күллі әлем бойынша болып жатқан өлім-жітімнің себептері арасында бірінші орынға шыққаны белгілі. Басқа себептермен қатар жүрек дерттерінің дамуына жаман әдеттер де аса зор ықпал етіп келеді. Жүрек-қан тамырлары жүйесіне қандай жаман әдет көбірек зиян тигізетіндігін айтып беріңізші.

 

– Кейбір елдерде онкология саны жағынан жүрек ауруларына қарағанда аздап алға шығып отыр. Дегенмен жалпы алғанда, қапалы көшбасшылық орны тұрақты нөмірі бір екендігі рас. Жаман әдеттер арасында темекі тарту әдеті көшбасшылыққа ие екендігі шүбәсіз. Темекі шегудің зияны туралы ескертулердің барлығы да – бұл жай ғана үндеулер ғана емес. Бұл ақиқат, әрі бұл барлық зерттеулерде де миллиондаған рет дәлелденген нәрсе. Мен жас аспирант болған кезімде-ақ осындай бір эксперименттің куәсі болғанмын: иттерді темекі түтіні атмосферасында ұстаған. Ал солардың өлексесін сойған кезде коронарлық атеросклероздың бар екендігі анықталып, барлық күретамырларының қабырғасында түйіншектер жиналып қалғандығы байқалған. Жас кезімде бұл мен үшін нағыз шок болды. Мен жануарларға жасалатын эксперименттерді ұнатпаймын, бұл мен үшін сұмдық жайт, алайда бұның өмір бойы есімде қалып қойғаны рас. Егер онкологияға шалдығудың барлық себептерінің 40% – темекі тартуға байланысты болса, барлық жүрек ауруларына тап болу себептерінің 50% астамы – бұл да темекі шегу болып саналады. Әрі егерде сіз бүгін темекі шегуден бас тартқан болсаңыз, демек сіз жүрек аурулары бойынша тәуекел тобынан тек екі жылдан кейін ғана шыға аласыз. Ал өкпенің қатерлі ісігі секілді ауру бойынша – тек қана бес жылдан кейін шығады екенсіз. Дегенмен өмірінде темекі тартып көрмеген адамдармен салыстырғанда қауіп бәрібір екі есе жоғары болып қала бермек. Сондықтан «осымен тәмам» дегенді неғұрлым ертерек айтсаңыз, соғұрлым деніңіз сау болады, бұл тұста ешқандай да күмән жоқ. Сонымен бірге тағы бір қосарым: темекі тартудың қауіпсіз түрлері болмайды, кез келген темекі шегу түрі – мүштік, қорқор, сигара – бәрі де қауіпті. Ал егер түтінді ішке тартпаймын десеңіз, онда ауыз қуысының қатерлі ісігіне тап болуыңыз мүмкін.

 

Ал никотин жүрекке қалай әсер етеді? Жүрек ауруының себебі дәл осы никотинде жатыр ма?

 

– Мен сізге мынадай бір онша кеңінен таралмаған жайтты айтайын: никотин жүрек үшін соншалықты зиянды емес. Адамның ағзасында никотин рецепторлары бар, ол осы рецепорлармен байланысады, сәйкесінше, олар стимуляторды жеп қояды. Біздер бұдан ләззат аламыз, алайда бұл жүрекке тікелей зиян тигізбейді. Біздер никотин тұтынуды қалап тұрамыз, бірақ никотин ішімізге түтінді дем алу арқасында түседі, ал адамға залал келтіретін дәл осы жану өнімдері болып келеді. Бұл жерде 6000 жуық әртүрлі зиянды заттектер бар, соның ішінде бензин колонкасының жанындағыдай бензин буы да кездеседі. Яғни, долбарлап айтқанда, кәмпит жеуді қалайтын болсаң, сен кәмпитті аласың. Ал ол болса, қандай да бір үлкен әрі зиянды нәрсеге оралған іспетті, сен оны жұтасың да, онымен бірге сенің ағзаңа «дұшпандардың» (зиянды заттектердің) көп мөлшері түсіп кетеді. Нақ осы себептен темекі шегуге қарсы күрес дәл осылайша құрылады, яғни, сен никотинді қалап тұрсың ба – міне, саған никотин, спрейді сеуіп көр, жабыстырғышты пайдалан, тағы сондай секілді нәрсені жасасаң болады. Алайда сен оны никотинмен бірге жүретін және инфаркт, не болмаса онкологиялық ауруға апаратын «дұшпандар» дивизиясыз-ақ ала аласың.

 

Темекі түтіні жүрек-қан тамырлары жүйесінің қандай ауруларын тудыратындығын нақты атап шыға аласыз ба?

 

– Барлығын да! Инфаркт, инсульт, жүрек қыспасы, жүрек жеткіліксіздігі, гипертония, өкпедегі қысымның жоғарылауы. Бәрі түгел, бірі қалмастан! Онкологияда да дәл осындай жағдай, мұның рөлі маңызды әсер етпейтіндей қатерлі ісіктің бірде-бір дерлік түрі жоқ. Тіпті, бұдан да артық айта аламын, менің темекіден бас тартуымның, әрі менің досымның да шылымды тастауының өте бір салмақты себебі баршылық. Мен бір зерттеуді оқыған едім, оны қайта тексергенім де бар: темекіні бұрыннан тартатын шылымқұмарларда, егер ол жыл бойына күн сайын темекінің бір қорабын тартса, жыныс мүшесінің ұзындығы бірнеше миллиметрге дейін қысқарады екен. Бұл, әрине, түсінікті нәрсе, өйткені тамырлар зиян шегеді, толысу болмайды. Осыны өзімнің досыма айтқанымда, ол біраз ойланып қалды да, әрі темекіден біржолата бас тартты. Өзіңіз көріп отырғаныңыздай, оны шошындырған инфаркт емес.

 

 

 

Әзірге темекі шегуден бас тарта алмай жүрген немесе мұны қаламайтын адамдар үшін инфаркт, жүректің ишемиялық ауруы және басқа да дерттердің пайда болу қаупін төмендету үшін не істеу керек? Темекі тартудан болатын зиянды азайтудың әдіс-тәсілдері бар ма?

 

– Егер сен темекі шегуден бас тарта алмасаң және бас тартуды қаламасаң, саған ешнәрсе де айтарлықтай көмектесе алмайды. Иә, сен арықтауың мүмкін, сен спортпен шұғылдана аласың және т.с.с., дегенмен бұның бәрі де мүлде басқа нәрселер. Статистикаға сүйенсек, адамдардың тек қана 3%-ы темекі шегуден бірден бас тарта алады екен. Темекі шегу бұл созылмалы дерт, әрі мұнда рецидив жағдайлары кездесіп отырады. Сондықтан 97%-ға жататын адамдардың қолынан бұл бірінші реттен келе қоймайтыны хақ. Демек қайта-қайта тырысып көру керек, басқа құралдардың көмегіне жүгіну қажет, әрі осы бағытта жұмыс істеуді жалғастыра берген жөн. Бүгінгі таңда құрамында зиянды заттектердің мөлшері 95%-ға дейін төмендетілген, әрі ағзаға никотинді жеткізіп отыратын түтін шығармайтын девайстардың түр-түрі бар. Зиянды азайтуға әбден болады, ол үшін дәрігерлермен жұмыс істеу керек, «темекі тартпайтын» үй қалыптастыру қажет, яғни, қонаққа темекі шекпейтін достарыңызды шақырыңыз, өз-өзіңізді «жетілдіріңіз». Сіздің темекі шегуден бас тарта алмайтыныңыз қалыпты нәрсе. Нәтижесінде дәрігеріңізбен бірге, отбасыңызбен бірге шешім қабылдауға тиіссіз, бұл қолыңыздан келеді.

 

Қазіргі кезде темекі шегуге қарсы күрес электронды темекі, вейптер және темекіні қыздыру жүйелерінің (ТҚЖ) көмегімен жүргізіліп жатады. Алайда біз Ұлыбритания және басқа да елдердің тәжірибесіне назар аударып көрсек, онда сол елдерде темекі тастауға көмектесетін құралдар арасында электронды темекінің бірінші орында тұрғандығын байқаймыз. Никотиндік спрей, сағыздар, жабыстырғыштар болады. Дегенмен никотинді алмастыратын терапия бойынша тәсілдердің барлығы бірдей тиімді бола бермейді. Мәселен, сен жабыстырғышты жапсырып қойдың делік, бірақ адаммен сөйлесіп тұрып, темекі тартқың келіп кетеді. Кофе іштің, темекі шеккің келіп тұрады. Өйткені бұл әдет. Ал жаңағы жерде сен темекі шегудің имитациясына ғана ие боласың, әрі рецепторларың никотинді алып отырады. Алайда сен оны темекі түтінінің құрамындағы: бензин буы, фенол, пропилен, бутилен және тағы басқа заттектердің үлкен спектрінсіз-ақ аласың. Кез келген дәрігерден сұрап көріңізші: қайсысы зияндырақ – қарапайым темекі ме, әлде электронды темекі ме? Сонда кез келген дәрігер, әлбетте, егер ол дәрігер болса, сізге былай деп айтады: әрине, әрі бұл нақты факт – қарапайым темекі электронды түрінен айтарлықтай қауіпті болып келеді. Әрі сіздер олардың балаларға сатылуына жол бермеуіңіз керек. Сіз, мәселен, балалар мен жасөспірімдерге темекі мен алкогольді сатпайсыз ғой, демек мұнда да дәл осылай болуы тиіс. Өйткені егер біз оң жақтан сол жаққа қарай жүретін болсақ, яғни, электронды темекі, вейптер мен темекіні қыздыруға арналған жүйелерден кәдімгі темекі тартуға қарай бет алсақ, онда бұл теріс жолға түскеніміз. Ал егер біз кері қарай, яғни, шылым тартудан электронды темекі мен ТҚЖ арқасында темекі шегуден біржолата бас тарту бағытында келе жатсақ, онда бұл дұрыс жол. Жабыстырғыштарға тыйым салайық, спрейлерге тыйым салайық. Алайда тағы да естеріңізге сала кетейін, Британияда бұл темекі тартуға қарсы бірінші құрал болып келеді.

 

Ал ТМД елдеріндегі жүрек-қан тамырлары ауруларына байланысты жағдай қалай? ТМД аумағындағы, соның ішінде Қазақстан тұрғындары қандай дерттерге жиірек ұшырап отырады?

 

– Әлбетте, генетикалық тұрғыдан бәріміз де әртүрлі халық екендігіміз түсінікті жайт. Алайда ТМД аумағындағы барлық елдер кезінде өз дәстүрі мен тағамдық әуестіктері бар бір ел болатын. Осы бірге өмір сүрген онжылдықтар ішінде белгілі бір ұқсас келетін иммунитет пен микробиом қалыптасып үлгерген. Сол себептен біздердің ауруларымыз да ұқсас болып келеді. Әрі Қазақстанда да бірінші орында жүрек-қан тамырлары аурулары, соның ішінде гипертония екендігін сенімді түрде айтуға болады, сондай-ақ Ресейде де, әрі Молдовада да ересек халықтың 44–45% – гипертониктер.

 

Онкология – иә, бұл өлім-жітімнің негізгі себебі, өкпенің қатерлі ісігі. Біздер темекі тартамыз, көмір жағып отырамыз, экология және темекі тарту – бұл өлімге ұшыраудың алғашқы себептерінің бірі. Әрі бұл тұста екі «қанішердің» жарысы жүріп жатыр. Бір өкініштісі, онкология көрсеткіштері өсіп келеді. Өйткені онкологияға шалдығу себептерінің 40% – бұл темекі тарту, 20% – дұрыс тамақтанбау, тағы да 20% – бұл вирустық ауруларға байланысты болып отыр. Осыған физикалық белсенсіздікті қосамыз. Яғни, біздерді көрге қарай итермелейтін жауларымыз, мейлі жүректегі тромб болсын, не болмаса өкпедегі қатерлі ісік болсын, маңызды емес, бұл – өмір сүру салтымыз болып отыр. Ғафу етіңіз, алайда шыны керек, біздер қарнымыз тойғанша тамақ жеуді, теледидар алдында отыруды немесе компьютерге телміруді жақсы көреміз. Жүргенді жек көреміз, лифтіні пайдаланамыз, көлікпен жүргенді ұнатамыз. Оған қоса біздерді тағам өнеркәсібі де құртып отыр. Бұрынғы кездері тамақты өздеріміз пісіретін болсақ, бүгінде жартылай дайын өнімдерді сатып алатынымыз бар. Ал олардың құрамында алуан түрлі қоюландырғыштар, қант, тұз, дәм күшейткіштер, калориялардың аса жоғары мөлшері, зиянды транс майлар баршылық. Осының барлығы да қосымша факторлар болып саналатыны рас.

 

Бәріне де өздеріміз кінәліміз. Өмірде ешнәрсе де өздігінен бола қоймайды. Кірпіш ешкімнің басына және ешқашан жайдан-жай түспейді. Әлдебіреу былай: «Ал менің көршім Ваня ағай кенеттен инфаркт алып, қайтыс болған екен» десе, мен: «Кім үшін кенеттен?» деп сұраймын. Өзі үшін бе, отбасы үшін бе – иә. Алайда бұл нені білдіріп отыр? Демек ол кемінде 20 жылдай тексерілмеген деген сөз, осы уақытқа дейін қарнын өсіріп, диванда қозғалмай, құйрығында отыра берген, темекі тартқан, өзінің қан қысымын қадағаламағанын білдіреді. «Менің қалыпты қысымым 150/90, бұл деген ештеңе емес қой, мен ешнәрсені сезіп отырған жоқпын», – деп ойлаған болар. Өзінің холестерин деңгейін бақыламаған, етті, майлы тағамдарды жегенді жақсы көрген, қантының қандай екендігін білмеген, не болмаса қанттың 6,5 мөлшерін қалыпты деп те санаған шығар. Бұл қант диабетіндегідей 7 деген көрсеткіші емес қой, демек, бола береді. Осылайша бұл жайттар жинақтала берген, жинақтала берген, жинақтала берген, ақырында, бір өкініштісі, бұл ешбір белгі танытпай, кенет жағдайға соқтыруы әбден мүмкін.

 

Ал кардиолог маманына кім көбірек жүгінеді – ер адамдар ма, әлде әйелдер ме және олар қандай себептермен келеді?

 

– Жүрек қыспасы, инфаркт секілді жүрек ауруларына әзірге негізінен ер адамдар жиірек ұшырайды, дегенмен соңғы кездері кардиолог маманына жүгінетін әйелдер саны да барған сайын көбейіп жатыр. Әлі есімде, жас интерн болған шағымда Кардиологиялық орталықтағы жүректің ишемиялық аурулары бөліміне келгенмін, бөлім бойынша барлығы 60 орын болған. Сонда әйелдерге арналған төрт-ақ орын қарастырылған еді. Ал бүгінде олардың саны 50/50 жақындап қалғанын айта аламыз. Аяулы әйелдер, сіздер несіне таң қаласыңдар? Сіздер өз мойындарыңызға, бәлкім, біздердің кесірімізден, ерлер жүгін артып отырсыздар. Сіздер жұмыс істеп жүрсіздер, жүйке жүйеңізді тоздырасыздар, темекі тартасыздар, ішімдік ішесіздер, сондай-ақ дұрыс тамақтанбайсыздар. Ерлер тағдыры ер адамдардың ауруларымен бірге келеді.

 

Бүгінде кардиологқа жүгінетін науқастың орташа алғандағы жасы қандай?

 

– Бұл жерде бөліп көрсеткен абзал. Қазіргі уақытта біздерде гипертонияға шалдыққан адамдарды да кардиолог маманына жібереді. Бүкіл әлемде оны нефрологқа жіберіп отырады, өйткені қысым және қысымды реттеу үшін бүйрек жауапты болып келеді. Ал біздерде баяғыдан қалыптасқан дәстүр бойынша, сол секілді Қазақстанда да, кардиолог маманына жіберіледі. Егер таза гипертониктерді алып тастасақ, яғни, бұл 40–50 жас аралығындағы әйелдер, әрі олардың кеуде тұсы ауырып, бастары айналып, қан қысымы секіреді және т.с.с. жайттары баршылық, онда 45–55 жастағы науқастар ғана қалады, ал оларда инфаркт пен инсультке соқтыруы ықтимал жүрек қыспасы кездеседі.

 

Аурулардың барлығы да жасарып барады. Егер мен бұрын 25 жастағы жас жігіт алдыма келіп, жүрек қыспасы бар екендігін айтып бастаса, таң қалатын болсам, демек мен мұны туа біткен аномалия ретінде қабылдайтын едім, ал бүгінгі таңда осындай жайттар мені таң қалдырмасы анық. Инфаркттан кейінгі кез келген реанимация бөліміне барып көрсеңіз, ол жерде 20–25 жастағы екі-үш ер адамды міндетті түрде байқайтын боласыз. Жалпы біздердің пікірімізше, аурудың өз бетімен дамып кету қаупінің жасы – бұл 40 және 40+ жас болып келеді. Дегенмен, қазіргі уақытта барлық дерттердің де жасарып жатқандығын көріп отырмыз. Біздер әйелдердің холестерин деңгейін 35 жастан бастап, ал ер адамдар арасында 25 жастан бастап, яғни, 10 жылға ертерек тексеріп бастаймыз, өйткені олар ертерек ауыратын болды. Тиісінше ауруды неғұрлым ерте анықтасақ, соғұрлым ерте алдын ала аламыз.

 

Жүрек ауруларына байланысты қандай да бір қауіпті мифтер мен жаңылыс пікірлер кездеседі ме?

 

– Олар әрқашан да көптеп кездеседі ғой. Мәселен, гипертония – бұл жүрек ауруын қоздыратын маңызды тәуекел факторларының бірі болып келеді. «Мен дәрі қабылдап жүрмін, әрі егерде қан қысымым өз қалпына келсе, оларды қабылдауды тоқтата саламын» – деу қате. Себебі, егер сен дәрі қабылдауды тастасаң, бәрі де қайтадан оралады.

 

Екінші қате статиндерді (холестерин деңгейін түсіретін дәрі-дәрмектерді) қабылдаумен байланысты болып отыр. Мәселен, дәрігер адамға белгілі бір статиндерді жаздырып береді, ол анализдердің қалыпты көрсеткіштеріне дейін жетуін күтеді де, қабылдауды тоқтатады. Адамдардың пайымдауынша: қан құрамындағы қант деңгейі қалыпты болса, демек бұл диабет емес, 7,6, 5,9, 6,1 – бұл қалыпты жағдай. Бұл қалыпты жағдай емес! Осындай көрсеткіштері бар әрбір төртінші адам ақыры жүрек ауруларына шалдығады.

 

Кең өріс алған келесі бір жаңылыс пікірбар: егер мен стент қойдырып алсам, не болмаса ота жасатсам, онда мен сау адам болып шыға келемін. Мен темекі шегуді жалғастыра аламын, қалағанымды ішіп-жеймін, ештеңе істемеймін де, дәрі-дәрмектерді қабылдамай-ақ қоямын. Егер сіз коронарлық атеросклерозға шалдыққан болсаңыз, ота өміріңіздің сапасын жақсарта алады, алайда оның ұзақтығын жақсарта алуы екіталай. Сондықтан дәрілерді ішу сіз үшін өмір бойғы жайт болып келеді. Әрі адамдар менен «өмір бойы» сөзінің нені білдіріп тұрғандығын сұраған кезде, мен еш қысылмастан, былай деп жауап қатамын: демек сіз осы таблеткаларды қайтыс болатын күннің таңертеңінде де қабылдауға тиіссіз. Өмір бойы. Жай ғана осылай айтамын да, ал адамдар болса, бәрін де бірден түсіне қояды.

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]