Қазақстандық дәрігер-пульмонолог өкпені сау күйінде сақтау жолы туралы
Бекдәулет Әкімниязовамен сұхбаттың екінші бөлімі
І санатты дәрігер-пульмонолог, торакалды хирург Бекдәулет Әкімниязовамен жүргізілген сұхбатымыздың бірінші бөлімінде зиянды әдеттердің салдарын қалай емдеуге болатындығын білдік. Екінші бөлімде білетініміз – тыныс алу бұлшықеттерін нығайтуға бола ма? Қандай қарапайым жаттығу өкпенің сыйымдылығын айтарлықтай арттыра түседі? Судың қандай мөлшері бір шыны кофе мен темекіден болатын зиянды бейтараптандырады? Тұрақты түрде жаяу жүрудің қажеті қандай және басқа да көптеген пайдалы ақпарат.
Бекдәулет, әңгімемізді жалғастырайық. Айтыңызшы, өкпеге арналған белгілі бір жаттығулар бар ма екен? Яғни, өкпені жақсы күйінде сақтауға көмектесетін жаттығулар. Әсіресе, короновирустан кейін, қазіргі таңда бұл өзекті тақырып болып отыр.
Жаттығулар – бұл жақсы тыныс алудың кепілі. Неліктен дейсіз ғой? Өйткені біз бұлшықеттердің арқасында тыныс аламыз. Біз, адамдардың көбісі солай ойлайтындай, өкпе арқылы тыныс алмаймыз. Біз көкірек қуысын ұстап тұратын бұлшықеттермен дем аламыз. Негізгі тыныс алу бұлшықеті – бұл диафрагма. Шын мәнісінде, тыныс алу мүшелері жұмысының 70% диафагмада жатыр. Осы бұлшықет неғұрлым мықты болса, ол үдеріске белсендірек қатыса отырып, осылайша, өкпеміз әлдеқайда сау болады да, біз соғұрлым тыныш тыныс аламыз, әрі осының барлығы да ұзағырақ жұмыс істейді. Және де барлық жаттығулар оның нығаюына бағытталуы тиіс. Ең бір қарапайым тәсілдердің, лайфхактардың бірі – бұл ішпен тыныс алу. Ішпен дем алған кезде, біз оған қарап тұрамыз да, ішті қампайтамыз, қайта ішке тартамыз – сөйтіп диафрагманы белсендіреміз де, ол нығая түседі және тығыздала бастайды, әрі өкпенің көлемі артады. Бұл ең маңызды бір жаттығу. Басқа жаттығулар қабырға аралығындағы бұлшықеттерге бағытталған. Бұл тыныс алу үдерісіне атсалысатын бұлшықеттердің екінші тобы болып келеді. Демек, арқаға, қолды созуға және т.б. арналған жаттығулар. Өйткені қабырға аралығындағы бұлшықеттер неғұрлым мықтырақ болса, арқаның бұлшықеттері неғұрлым күштірек болса (ал адам ағзасында бұл жерде терең орналасқан бұлшықеттер баршылық), өкпе тіні де соғұрлым жақсырақ жұмыс істейтін болады. Біз өкпенің өзін «жаттықтыра» алмаймыз, себебі ол жерде бұлшықет жасушалары жоқ, дегенмен оны қоршап тұрған барлық дене бұлшықеттеріне әсер ете алатынымыз хақ. Тағы да бір бөлек бұлшықеттер тобы бар. Бронхтардың ішінде бұлшықет қабаты кездеседі, алайда біз оны бақыламаймыз, ол біз үшін қолжетімсіз, біз бронхтарды саналы түрде кеңеюге мәжбүрлей алмаймыз. Бірақ бұл бұлшықеттер ән айту арқылы, дауыс гимнастикасы арқасында жаттығады.
Өкпені қандай жиілікпен тексеріп отыру керек? Баршамыз білетіндей, мәселен, флюорографиядан жылына бір рет өтуге тиіспіз. Ал үнемі тапсырып жүруді, әрі тексерілуді қажет ететін өкпеге арналған басқа да белгілі бір арнайы талдамалар бар ма?
Профилактикалық тексерулер болады, біз оларды скринингтер деп атаймыз. Диагностикалық зерттеу де бар, олар науқаста түйткілдер мен шағымдар пайда болған кезде қажет. Денсаулығына шағымы жоқ әрбір адам жылына бір рет скринингтік тексерулерден өткені дұрыс. Мұндай тексерістерге көкірек қуысының флюорографиясы немесе рентгенография кіреді. Диагностикалық зерттеу жағдайында кеуде қуысының компьютерлік томографиясын жасату қажет.
Адамдардың скринингтік тексерулерден жылына екі рет өтуге тиіс кейбір топтары болады. Мәселен, бұл кәсіпқой көрсеткіштерге байланысты, олар – медицина қызметкерлері, мұғалімдер және көптеген адамдармен байланыста болатын басқа да кәсіптердің иелері.
Адамдарды мынадай сұрақ жиі мазалап тұрады: ренгтен немесе КТ жасату ағза үшін зиянды емес пе? ДСҰ стандарттары бойынша әрбір адамға бір жылдық сәулелік жүктеменің нормасы қарастырылған – 150 микрозиверт. Ал КТ-аппаратында минималды жүктеме – 8 микрозивертті құрайды. Демек, біз жылына екі рет КТ-ны жасай аламыз. Осыны науқасқа әрдайым түсіндіру, сондай-ақ қауіп-пайда арақатынасына назар аударып отыру керек.
Біз сізбен таза ауа туралы, өкпеге арналған жаттығулар жайында сөйлестік. Айтыңызшы, осы жайттардан бөлек, өкпені сау күйінде сақтау үшін тағы да не істеу керек?
Өкпе – ұдайы жұмыс істеп тұратын мүше, әрі адам үш минуттан артық уақыт дем алмай тұра алмайды. Сәйкесінше, өкпе қимыл-қозғалысты қажет етеді. Мен, тіпті, жалқау немесе физикалық шектеулері бар адамдар үшін кеңес ретінде ең оңтайлы және ең аз дейтін жүктеме – жаяу серуендерге шығуды ұсынамын. Яғни, өзіңіз үшін ыңғайлы, әдеттегі жылдамдықпен жасалатын жаяу әрі ұзақ серуендер. Адам үшін бұл дәл сол еңсере алатын қашықтығы болуы қажет. Мұндай жағдайда, қайткенде де, жалқаулықты жеңу керек. Бүгін, мысалға, адам 200 метр жүріп өтсе, ертең 250 метр жүреді… міне, осылай бірте-бірте жаттығуларға деген әдет күші қалыптасып кетеді. Бұл барлық адамдарға ұсынылатын нәрсе. Менің бір пациентім бар, ол 74 жаста. Оған аневризма диганозы қойылған болатын. Бұл қолқаның кеңеюі, мұндай жағдайда адамда қолқаның жарылып кету мен өлімге ұшырау қаупі жоғары болып келеді. Бұл қауіпті алып тастау үшін тамыр хирургиясы мамандарының тарапынан ота жасалуы тиіс еді. Осы тұста тағы да ӨСОА бар екендігі анықталады. Яғни, бір науқастың өзінде күрделі патологиясы бар екі ауру бар болып шықты. Сол науқас менің қабылдауыма келген кезде әрі кетсе 150 метр қашықтықты ғана жүре алатын, одан артық жүре алмайтын. Хирургтар оған ота жасай алмады, өйткені науқастың ерекше айқын тыныс жеткіліксіздігі болған: демек, науқас не болмаса аневризманың жарылуынан, не болмаса жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болуы мүмкін еді. Абырой болғанда, қолдаушы тобы жақсы болып шықты: отбасы, балалары. Олардың барлығы да қосылып, оның жаяу жүретін қашықтығын 2000 метрге дейін ұзарта алуына септігін тигізді. Бұл таза ауада, әрі жайлы ырғақта жасалған жаяу серуендер. Әуелі, тіпті, 150 метр қашықтықты әрең жүріп өтетін 74 жастағы адам енді осы қашықтықты 2000 метрге дейін ұзарта алды. Осыдан кейін барып хирургтар науқасты ота жасатуға қабылдады. Бүгінгі таңда ол кісі осы 2-3 мың метрді әлі де жүріп өтуде. Біз адамды қайта үйретіп, өмір салтын өзгерттік және оны жай ғана жаяу серуендердің арқасында құтқарып қалдық. Бұдан артық оған белгілі бір дәрі-дәрмектерді тағайындауға мүмкін емес еді, себебі тамырларға қатысты түйткілдері, аневризмасы бар… тыныс алу гимнастикасын да тағайындауға болмайтын, өйткені қолқаның жарылу қаупі бар болатын. Демек, науқасты жаяу серуендер ғана құтқара алды. Осының арқасында адамның денсаулығын нығайтып, сақтап қалып, әрі оған ота жасату мүмкіндігі пайда болды. Қазірде ол бақытты өмір кешуде, және де маған жүгінбейді. Ол кісімен жылына бір ғана рет кездесеміз. Алайда жаяу серуендер немесе жүгіру жаттығуларын жолдардың бойымен жасаудың керегі жоқ екендігін атап өткім келеді. Егер сіз көліктердің көптеп жүретін жолдардың бойымен жүрсеңіз немесе жүгірсеңіз, онда сіз адам денсаулығы үшін зиянды пайдаланылған газдармен тыныс алатын боласыз. Мұндай жағдайда, егер сіз тек қана жолдың бойымен жүріп жаттықсаңыз, тіпті, олай жүрмеген де, жүгірмеген де әлдеқайда жақсырақ. Оданша саябақтар, скверлерге барғаныңыз абзал, бұл аса қиын да емес.
Бұл оқиғадан ұғатынымыз, демек ДСҰ ұсынған күнделікті 10 000 қадам жасау нормасы жайдан-жай пайда болған жоқ екен ғой. Жаяу серуендеу көптеген көрсеткіштер бойынша зор маңызға ие болып отыр…
Күніне 10 000 қадам жасау – бұл орташа статистикалық жас пен параметрлерге арналған шартты норма. Яғни, 35 жастағы, салмағы 70 киллограмм болатын адамға арналған норма. Ол әрбір адам үшін әртүрлі болуы мүмкін. Дегенмен, ең кемінде жарты сағаттық серуен – міндетті түрде болуы керек. Қашықтық та осы уақыт аралығында сіз еңсере алатындай болуға тиіс – 100 метр, 500 метр немесе одан да көп. Жарты сағат. Кез келген адам, кез келген түйткілі бар болса да, тіпті, буындарға байланысты мәселелері болса да, міндетті түрде осы уақытты сақтауы қажет. Жаяу жүру барлық адамдарға көрсетілген, бұның әрқашан денсаулық үшін маңызы зор, бұл шынымен де жұмыс істейді. Осы деректерді келтіргенде мен өзімнің дәрігерлік тәжірибеме сүйеніп, айтып отырамын.
Алайда, бір нәрсені естен шығармағаныңыз абзал, серуендер, тыныс алу гимнастикасы – бұның барлығының да тек қана таза ауада пайдасы болмақ. Адамдардың көбісі менен былай деп сұрайды: «Сонда қалай? Бәріміз де кәдімгі тәртіп бойынша жұмыс істеп жүрміз, балалар бар дегендей, біздер үлгермейміз ғой». Мұндай жағдайда бір ғана айтатыным бар: денсаулық болмаса, балалар да, жұмыс та – ешнәрсе де қуаныш әкелмейді. Бұл қарапайым нәрсе ғой: жұмысқа бір жарты сағат ертерек келіп, телефонды шұқылап отырғаннан гөрі, ғимаратты бір рет айналып өткен артық. Бұл тағы да пайдалы әдеттерді қалыптастыру мәселесіне келіп тіреледі. 20 метр жүріп өтіп, саябаққа дейін жетіп алыңыздар да, сол жерде серуендеңіздер, жүгіріңіздер.
Осыған дейін сіз су теңгерімі туралы айтқан едіңіз. Бізде көптеген адамдар су теңгерімінің не екендігін және оны қалай сақтау керектігін біле бермейді. Көпшіліктің пайымынша, кофе немесе шай – бұл да сұйықтық, демек, бұл да су болып саналады. Әрі адамдар ағзадағы су теңгерімін бұзатын дәл осы сұйықтықтар екендігін білмейді. Нақ осы су теңгерімі турасында айтып беріңізші.
О, бұл енді ең бір маңызды жайттардың бірі! Осыған дейінгі егжей-тегжейлі әңгімемізге тиек болған шылымқұмарларда қанның қоюлануы темекі тартумен қатар автоматты түрде жүріп жататынын айтқанбыз. Бұл зиянды әдет тамырлардың тарылуын тудырады да, тарылған тамырда қан автоматты түрде қоюлана түседі. Ал оны сұйылту үшін қарапайым су қажет. Су дегеніміз не? Бұл H2O формуласы ғана, басқа ешнәрсе де емес. Басқа түске, консистенцияға, иіске, құрамға ие заттар – бұл су емес, бұл жай ғана сұйықтықтар болып келеді. Демек, H2O формуласы басқа белгілі бір химиялық қосылыстармен байланысып, мүлдем өзге бір формуланы түзіп отыр. Жаман әдеттері жоқ, дені сау адам үшін күніне 1-2 литр су ішу керек. Шылымқұмар болса, одан бір литр көбірек ішкені абзал. Содан соң. Кофені алайық. Баршаға мәлім шындық: ішілген бір шыны кофе өзінен кейін бес стақан су ішуді талап етеді. Бұл формула әрдайым жұмыс істеп отырады, онсыз қанның қоюлануы басталады. Демек, біз темекі тартудан болатын қанның бір қоюлануын кофе ішудің арқасында қанның екінші рет қоюлануына әкеліп соқтырамыз. Шылымқұмарлардың басым бөлігі кофемандар болып келетіні рас. Шыны керек, никотин мен кофеинге қатысты бірдей рецепторлар іске қосылады да, бұдан бір ғана нәтиже шығады: қоюлану – тромбоз. Қанды сұйылтатын препараттарды тағайындаудан бұрын су теңгерімін ретке келтіргеніңіз дұрыс. Тек осыдан кейін ғана дәрігерге барып, былай деп айта аласыз: «Менің гидробалансым реттелген, мен бір шыны кофе ішкенде немесе темекі тартып болған соң 5 стақан су ішу бойынша пропорцияны сақтап жүрмін». Сол кезде жұмыс істеуге де болады. Су ішуді ешқашан ұмытуға болмайды.
Өзімнің тәжірибемде болған бір оқиғаны айтып берейін. Менің бір пациентім болған еді. Жас қыз, өзі бір нағыз шылымқор болатын. Ол жүктілікті жоспарлап жүрді де, дегенмен темекі шегуден бас тарта алмады. Ағзасындағы қанның нағыз қоюлануы болған. Біз осыны тек қана судың арқасында ғана ретке келтіре алғанбыз. Ешқандай да бір дәрі-дәрмектердің көмегінсіз-ақ. Баяғы аспирин де, басқа да препараттарды тағайындаған жоқпыз. Үдеріске тек қана су атсалысқан еді. Тағы бір рет қайталап өтемін: осылай тек су ғана жұмыс істейді. Бір нәрсені ұғынған маңызды: «сұйықтық» және «су» – бұл мүлдем бөлек заттар. Лимонад, шай, кофе, кез келген басқа да сусындарды су ретінде санауға болмайды. Таңертең оянған кезде су ішуді ұмытпаңыздар. Осы пайдалы әдетті қалыптастыру өте маңызды. Түнде, біз ұйықтаған кезде, бүйрек қарқынды түрде жұмыс істеп, қажетсіз нәрселердің барлығын шығарып тастайды. Ал таңертең біз қуықты босатамыз. Әрі дәл осы теңертеңгілік су ішу түндегі судың жоғалуын қалпына келтіреді де, гидробалансты ретке келтіреді. Адамның ағзасы – бұл нағыз үлкен зертхана. Таңертең ішілген екі стақан су – әрине, бірден емес, біртіндеп, яғни, 40 минут ішінде ішілген су, – бұл сіздің денсаулығыңыз үшін жасай алатын нағыз құнды үлесіңіз болып келеді. Асқазанның жұмысы үшін, ішек пен бүйректің жұмысы үшін. Сонымен бірге бұл бет терісінің сұлулығына да зор пайдасын тигізеді. Терінің интоксикациясы таңертең ішілген осы екі стақан судың арқасында өте жақсы кетіріледі.
Пульмонологпен болған сұхбатымызды қорытындылай келе, өкпеміз сау күйінде қалуы үшін ұстануға тұрарлық негізгі жайттарды атап өтейік:
· саябақтарға, скверлерге жаяу серуендерге тұрақты түрде шығу
· өкпеге арналған жаттығуларды орындау (ішпен тыныс алу)
· су теңгерімін сақтау (күніне 1-2 литр су ішу)
· егер темекіден бас тарта алмасаңыз, балама нұсқаларға ауысыңыз
· жылына бір рет скринингтен өту
Аударған: Рита Сәрсенова