Зиянды әдеттердің шашқа әсері және трихологтың кеңестері

Трихолог деген кім және ол шаш түсу кезінде көмектесе ала ма?

Спойлер: бәрі де бірмағыналы емес

Күніне қанша шаш түсуге тиіс, шаш түсуінің «шыңы» қай жасқа келеді, қас пен кірпіктің нашар өсуі қандай аурулардың бар екендігін көрсетуі мүмкін, неліктен біздің «ішкі дәрігеріміз» шашымызды елемейді – осы және басқа да қызықты әрі маңызды сұрақтарды дәрігер-трихолог Лаура Әбдібаевамен болған сұхбатымызда талқыладық.


Дәрігер-трихолог деген кім және оның немен айналысатындығын айтып беріңізші.

 

– Бір өкініштісі, көптеген адамдар дәрігер-трихологтың кім екендігін білмейді. Сіз, мәселен, косметологтар, терапевттер, стоматологтар, хирургтар туралы естігенсіз – бұл мамандықтар жайлы бәрі де біледі. Ал «трихолог» сөзін – барлық адамдар бірдей біле бермейді. Менде, тіпті, бір күлкілі жағдай да болған. Жақында маған біреу қоңырау шалып, абайлап сұрайтын көрінеді: «Сіз трАхологсыз ба»?

 

Мен өзімнің – дәрігер-трИхолог екенімді айттым. Осы әңгімені кімге айтсам да, бәрі күледі. Сонымен, трихолог – бұл шашты емдеумен айналысатын дәрігер. Шаш түсу түйткілімен, шашты әлдеқайда қалың ету және баптау мәселесімен айналысады. Сонымен қатар шашқа қалай күтім жасау керектігімен…

 

Көптеген адамдарды мазалайтын ең басты түйткіл: шаш неліктен түседі? Адам шашын тарағанда немесе басын жуғанда дудардай шаштың түскенін көрген кезде, сол адамның үрейі қашады…

 

– Шаш – бұл да мүше. Мәселен, тері секілді дәл сондай мүше. Егер тері – бұл ең үлкен мүше болса, онда шаш – бұл барлық қалған ағзаларға қарағанда ең ұзақ өсетін және қалпына келетін мүше болып келеді: өсу кезеңі 3, 5, 7 жылға дейін созылады. Сондықтан шаштың түсуі физиологиялық тұрғыдан да болуы мүмкін, яғни, кезеңнің ауысуы болып жатады. Әуелі шаш өсе бастайды, содан кейін, тиісінше, шаш түседі. Бұл шамамен жарты жылдай уақытты алып отырады. Кейбір жағдайларда мұндай түсу бір жылға дейін де созылуы ықтимал. Тәулігіне түсетін шаштың саны 100-ге дейін болса, біз мұны физиологиялық деп атаймыз. Алайда шаш үлгісінің көлемі айтарлықтай азаймауы тиіс.

 

Ал егер де шаш бір жыл және одан да көп уақыт бойы қарқынды түрде түсе берсе, онда бұл шынымен де ауру болуы мүмкін. Мұндай шаш түсімін емдеу керек, әрі бұл маманның көмегіне жүгінуді қажет етеді. Сондай-ақ шаштың әртүрлі жағдайларға байланысты түсуі де ықтимал. Мысалы, босанудан кейін шаш түседі. Дегенмен бұл тұста осы шаш түсімі физиологиялық па екендігін ажырата білу керек, өйткені бұл жарты жылдай уақыт жүреді де, содан соң шаш өздігінен қалпына келіп, әрі емдеуді қажет етпейді. Не болмаса ішкі түйткілдер баршылық – күйзеліс және көптеген басқа да нақты шаштың өсуіне ықпал ететін факторлар.

 

Жас ұлғайған сайын шаштың өзгеретіні рас па? Ал әйелдерде бұл өзгерістер жүктілік пен босанудан кейін болатыны…

 

– Әрине, адамның жасы ұлғайған сайын өзгереді. Дегенмен бұған да кем дегенде ішкі мүшелердің мәселелері әсер етеді. Егер адам өмір сүру барысында өз ағзасын күтпесе, дер кезінде дәрумендер курстарын қабылдамаса, өз денсаулығын сақтамаса, салауатты өмір салтын ұстанбаған жағдайда, шашқа, сол секілді бас терісіне де ықпал ете алатын аялауыш препараттар немесе құралдарды қолданбаса, су ішу тәртібін сақтамаса, онда 35-40 жасқа қарай ол адамның шашы түсе бастайтыны рас.

 

Статистикаға сүйенер болсақ, әдетте адамдардың 80%-нда шашты жоғалтудың «шыңы» дәл осы 35-40 жас шамасына сәйкес келеді. Дегенмен халықтың 10%-нда шаштың түсуі 20-25 жасында да кездесіп отырады. Бұған не әсер етеді: ағзаның ішкі жай-күйі, ұйқы – біздің қаншалықты уақытында ұйқыға жататынымыз, сабырлылық және жалпы алғанда адамның қандай жағдайда және қандай шарттарда өмір сүретіндігі. Жаман әдеттердің де бар болуы әсер етеді: шаш қоректенеді, әрі оны бас терісінің капиллярлық тамырлары қоректендіреді. Ал адам темекі тартқан жағдайда, күйзеліске ұшырағанда, нашар ұйықтаған кезде, нашар тамақтанғанда – оның гормоналдық фоны өзгеріске ұшырайды да, осының барлығы түк фолликуласының қан айналымына ықпал етеді.

 

Шаш кез келген басқа мүше секілді әрекет етеді. Егер адам ұзақ уақыт бойы жоғарыда мен атап өткен негативті жағдайдың бірінде өмір сүріп жатса, онда мұның барлығы да шашқа әсер ететін болады, тіпті, шаш түсінің де өзгеріп кетуі әбден мүмкін. Біз білетіндей, ішек бұл өте маңызды мүше, бұл жерде сіңіру үдерісі жүріп жатады, мұнда дәрумендер өндіріледі. Тиісінше, егер адам жыл бойы ұйқысын қандырмай жүрсе, онда сол адамда іш қату пайда бола бастайды. Ал іш қату пайда болған кезде токсиндердің қанға қайта сіңуі жүреді. Адам ағзасында бәрі де өзара байланысты болып келеді.

 

Сіз дұрыс тамақтанбаудың ықпалы туралы айтып кеттіңіз. Ал темекі тарту және алкоголь секілді жаман әдеттер шаштың жай-күйіне қалай әсер ете алады? Адамдар шаштың түсетініне, жұқаланғанына, әрсіз болып кеткендігіне жиі шағымданады. Дегенмен олар темекі мен алкогольден бас тартуға дайын емес болып шығады.

 

– Біз нағыз шылымқорлар туралы сөз қозғағанымызда, біз тамырдың тарылуы, қан айналымының бұзылуы секілді жайттарға әкеліп соқтыратын темекінің аса көп мөлшерін меңзейміз. Бәріміз білетіндей, адам терісі үш қабаттан тұрады, әрі шаш та нағыз тері-гиподермада орналасқан. Нағыз теріде тамырлы тор бар. Эпидермисте – яғни, сыртқы қабатта – капиллярлар мен тамырлар жоқ. Әрі терінің қоректенуі жасушааралық сұйықтық арқылы жасушалық заттардың алмасуы немесе диффузиясының арқасында жүріп жатады. Мәселен, қан тамырлары және артериялармен салыстырғанда нағыз терідегі тамырлардың калибрі әжептәуір төмен келеді. Сондықтан адам темекі тартқан кезде ұсақ тамырлар одан да қатты тарылады, әрі олар арқылы оттегі мен қоректік заттар жеткізілмейді. Тамырлы тор кішірейіп, фолликул мөлшері де жылдар өте келе кішірейе түседі. Егер адам нағыз шылымқор болса, осы жайтқа ерекше көңіл аударғаны абзал. Әрі бұл жағдайда темекі санын қысқартқан дұрыс, не болмаса қан ағымын күшейте түсетін шаштың өсуі үшін арнайы ынталандырушы препараттарды қолдану керек. Кем дегенде белгілі бір арнайы маскалар, мезотерапияны пайдалану қажет. Маман бас терісінің, шаштың жай-күйін тексеруі, әрі тиісті емдеуді тағайындауы керек.

 

Барлық шылымқұмарлардың түйткілі – бұл шаш пен қолдың терісінен нашар иістің шығуы болып келеді. Әрі егер темекі тартпайтын адам шылым шегетіндердің қасында болса, түтіннің иісі оның да шашына сіңіп кетеді. Осы зиянды қандай да бір жолмен төмендетуге бола ма?

 

– Менің ойымша, бұл жерде темекі тартудың түтін шығармайтын балама нұсқаларына ауысқан дұрыс. Өйткені, егер сіз басқа адамдар темекі тартатын бөлмеде болсаңыз, шаштан нашар иіс шығады емес, тіпті, шашыңыз саситын болады. Мен электронды темекі немесе темекіні қыздыруға арналған жүйелерге көшуге кеңес берер едім. Қазіргі уақытта қандай да бір басқа құралдар жоқ. Егер адам сенің жаныңда темекі тартса, әсіресе бұл жабық бөлменің ішінде болса, түтіннен құтылуға болмайды. Шашқа парфюм себу – осы мәселені шешпейді. Керісінше, бұл жаңа жағымсыз иісті тудырады. Сондықтан егер әлдекім темекі шегуден бас тарта алмаса, бүгінгі таңда көптеп кездесетін түтін шығармайтын балама нұсқаларға ауысқаны жөн. Бұның зияны да төменірек, әрі жаман иіс айналадағы адамдарды да мазаламайды.

 

Жақсы трихологты қалай таңдауға болады? Бірінші кезекте не нәрсеге назар аударған жөн?

 

– Біріншіден, міндетті түрде бұл адамның дәрігер екендігін, әрі оның жұмыс тәжірибесінің барын көрсететін құжаттарды қараған абзал. Қандай да бір «дейін және кейін» демекші, нәтижесі бар жұмыстарды сұрауға да болады. Белгілі бір сұрақтарды қоя отырып, оларға қаншалықты толық және қисынды жауап алып отырғаныңызды көріңіз. Трихологтың кәсіпқой жұмыс құралы – трихоскоптың бар екендігіне көз жеткізіңіз. Жақсы дәрігер сізге барлығын үлкен көлемде көрсетіп, әрі айтып береді. Мұндайда дерматолог дәрігері ғана қарай салып: «Сізде теңге қотыр» деп айта алуы мүмкін. Ал бас терісіндегі бұзылыстарды адамның көзі көре алмайды, өйткені бұл сұңқар немесе бүркіттің көзі емес қой. Сондықтан аппараттың бар болуы және аппараттық диагностика өте маңызды.

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]