Темекі шегудің ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығына әсері

Шылым шегу және бедеулік

Темекіні түтіндету әдеті ата-ана атану мүмкіндігін қалайша азайтады

Неліктен темекі тарту ұрықталуға әсер етеді? Шылым шегу аналық жасуша мен шәуеттің сапасына қандай ықпал тигізеді? Пассивті темекі тарту репродуктивті қызметке зиян тигізуі мүмкін бе? Әрі мұның бәрімен балалы болғысы келетін темекі әуесқойларына не істеу керек?
Читайте статью на русском здесь.

Құрамында мыңдаған зиянды заттектер мен уытты химиялық қосылыстары бар темекі түтіні адам ағзасының барлық жүйелері бойынша көздеп тұрып ұрады. Тыныс алу мүшелері қауіпті халге ұшырайды. Жүрек және қан тамырларға аса үлкен зиян тигізіледі. Өңеш, асқазан, бауыр, бүйрек, адамның терісі де зардап шегеді. Темекінің түтіні репродуктивті қызметке де нұқсан келтіреді.

 

ТЕМЕКІ ТАРТУ ЖӘНЕ ӘЙЕЛДІҢ РЕПРОДУКТИВТІ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Шылым шегу әдеті әйел бедеулігінің себебіне айналуы мүмкін. Әрбір темекі жатыр мойны мен фаллопий түтіктерінің зақымдалуына, бала жолдасының ажырау қаупіне, сонымен қатар жатырдан тыс жүктілік және түсік тастау қатеріне әкеліп соқтыруы ықтимал. Осының барлығы да ұрық үшін ғана емес, сондай-ақ анасы үшін де өліммен аяқталуы мүмкін.

 

Бұл темекі түтінінің құрамына кіретін уытты заттектердің жүктілік үшін қажетті гормондардың бөлінуін тежейтіндіктен болады.

 

Мәселен, кадмий репродуктивті қызметке тікелей әсер ететін гормон – эстрогеннің аналық безден бөлінуін азайтады.

 

Дәл осы себепке байланысты темекі тартатын нәзік жандыларда етеккір үзілісі темекі шекпейтін әйелдерге қарағанда 1–4 жыл ертерек орын алады екен.

 

Оған қоса жанып тұрған темекі шығаратын зиянды заттектер аналық жыныс жасушаларының жетілуін және олардың жатыр түтіктері бойымен қозғалысын қиындата түседі.

 

Сонымен қатар темекі түтінінің құрамындағы цианид, көміртегі тотығы, көпоралымды хош иісті көмірсутектер аналық жыныс жасушаларының өлу қаупін айтарлықтай арттырады, ал оларды қалпына келтіру мүмкін емес.

 

Тіпті, бедеулікті емдеудің ЭКҰ секілді әдісі де темекі тартудың жағымсыз салдарын жеңуге деген толық кепілдік бере алмайды.

 

ТЕМЕКІ ТҮТІНІ ҰРЫҚҚА ЖҮКТІЛІК КЕЗІНДЕ ЖӘНЕ ОДАН КЕЙІН ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Әйелдің ағзасына темекі түтінімен бірге түсетін уытты қосылыстар ұрықтың қан құрамындағы оттегі концентрациясын екі есе төмендетіп, дәрумендердің сіңімділігін нашарлатады, әрі бала денсаулығында күрделі ауытқулардың (қоянжырық, аранды ауыз) пайда болу қаупін жоғарылатады, сонымен бірге оның өсуі мен дамуын тежей түседі.

 

Жүктілік кезінде темекі шеккен аналардың балалары келесілерге шалдыққыш болуы мүмкін:

 

  • семіздік,
  • респираторлық сырқаттармен жиі ауыру,
  • тыныс демікпесі,
  • диабет,
  • аллергиялар,
  • несеп-жыныс жүйесінің патологиялары,
  • көру және есту түйткілдері,
  • сонымен қатар жоғары қозғыштық пен оқытудағы мәселелері.

 

Бұдан бөлек темекі шегетін әйелдерде хромосомалардың саны бұрыс (мысалы, Даун синдромы бар) баланы дүниеге әкелу ықтималдығы жоғары болады.

 

Пассивті темекі тартатын әйелдер және олардың сәбилері де денсаулыққа байланысты жоғарыда көрсетілген барлық қауіп-қатерлерге ұшырауы әбден мүмкін, сондықтан таныс шылымқұмарлардан алшақ жүрген дұрыс.

 

МАМАНДАР ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕДІ?

Ең сенімді жол – жаман әдеттен бас тарту. Баламалы жолы – темекімен өзара әрекеттесудің зияны айтарлықтай азырақ әдісіне жүгіну болып саналады. Мәселен, никотинді тұтынудың түтінсіз жүйелеріне ауысу, бұл жерде адам ағзасына зиянды заттектер түсуінің басты себебі – жану үдерісі жоқ.

 

Аталмыш инновациялық құрылғылар денсаулық үшін барлық қауіп-қатерлерді жоққа шығармаса да, дегенмен, зерттеулер көрсетіп отырғандай, қарапайым темекіге қарағанда, олардың құрамындағы ықтимал зиянды заттектер 95%-ға төмен болады екен.

 

ТЕМЕКІ ТАРТУ ЖӘНЕ ЕР АДАМНЫҢ РЕПРОДУКТИВТІ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Шылым шегетін әйелдер секілді темекі тартатын ер адамдарда да ұрықтылыққа (өміршең ұрпақ әкелуге қабілеттілігіне) байланысты түйткілдердің пайда болу қаупі шамамен екі есе жоғары.

 

Жыныстық қатынасқа деген құмарлықтың төмендеуі және эрекцияның нашарлауынан бөлек, темекінің әсіре жанкүйерлерінде шәует жасушалары санының күрт азаюы жиі байқалады. Ер адамдар да, кезінде аналары күніне жарты қорап немесе одан да көп темекі шеккен болса, дәл осындай түйткілге тап болады.

 

Сонымен қатар шылымқұмарларда шәует жасушалары құрылымының бұзылуы кездеседі – олардың пішіндері дұрыс емес болуы мүмкін, қозғалғыштығы төмен, бұл аналық жыныс жасушасын ұрықтандыру қабілетін нашарлатады.

 

МАМАНДАР ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕДІ?

Дәрігерлер әйелдерге қандай кеңес берсе, ер-азаматтарға да дәл сондай кеңес ұсынады – темекі, сигара, мүштіктерден бас тарту керек. Ал темекі шекпейтіндер үшін досы, көршісі, әріптесінің жанып тұрған темекісінен аулақ болғандары абзал.

 

Егер адам жаман әдетінен арылуға дайын болмаса, ондай жағдайда зиянды төмендету тұжырымдамасы аясында жасалған ұсыныстар көмекке келеді, – бұл дегеніміз өлімге әкелетін темекілік коктейльдің әсерін барынша азайту мақсатында никотинді тұтынудың түтінсіз жүйелеріне: электронды темекі және темекіні қыздыруға арналған жүйелерге ауысуға тырысыңыз.

 

 

Аударған Рита Сәрсенова

 

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]