Никотин алмастыратын терапия: НАТ темекіні тастауға қалай көмектеседі

Никотинді алмастыратын терапия: темекіні тастауға үміт бар ма?

Көктемде сіздерге никотинді алмастыратын терапия (НАТ) секілді темекі шегуден бас тартудың әдісі туралы айтқан едік. Сол кезде адам ағзасына никотинді жеткізіп отыратын әртүрлі НАТ құралдары жайындағы шолуды жасаған едік. Бұл жолы осы терапияның артықшылықтарына тоқталып өтіп, оның пайда болғаннан бергі кезең ішінде қандай нәтиже көрсете алғаны мен нақты пайдаланушылардың тәжірибесін талдаймыз.

НИКОТИНДІ АЛМАСТЫРАТЫН ТЕРАПИЯ (НАТ) ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Никотинді алмастыратын терапия – бұл темекі түтінінде кездесетін уытты заттектерді қамтымайтын құрамында никотині бар өнімдерді қолдануға негізделген темекіге деген тәуелділікті емдеудің тәсілі. НАТ құралдары жабыстырғыштар, сағыздар, мұрын немесе пероралды спрейлер, ингаляторлар, сонымен қатар таблеткалар немесе соруға арналған кәмпиттер секілді алуан түрлі дәрі-дәрмектер түрінде ұсынылған. Құрамында никотині бар трансдермалды жабыстырғыштар НАТ ішіндегі ең кеңінен таралған құралдардың бірі болып келеді, өйткені олар никотинді ағзаға салыстырмалы түрде тұрақты бір жылдамдықпен жеткізіп тұруға мүмкіндік береді. Мұндай терапияның мақсаты – тұтынылатын никотиннің мөлшерін бірте-бірте азайту және ақыр соңында оның тұтынылуын толығымен тоқтату.

 

Ауыр никотиндік тәуелділіктің белгілері қандай екендігін еске түсіріп көрейікші:

 

– күніне темекінің 1 қорабынан артық шылым шегу

– оянғаннан кейін 5 минут ішінде темекі тарту

– ауырған кезде де темекі тартуды жалғастыру

– шылым шегу мақсатында түнде әдейі ояну

– абстиненция синдромын жеңілдету үшін темекі тарту

 

Осындай тұстар неғұрлым көп болса, никотиндік тәуелділік те соғұрлым күрделірек екендігі сөзсіз. НАТ құралдары абстиненцияның ауыр белгілері мен темекіге деген құштарлыққа төтеп беруге көмектесе алады, себебі көптеген адамдардың пайымдауынша, дәл осы жайттар олардың темекі шегуден бас тартпауының жалғыз себебі болып келеді.

 

НАТ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ

1. Никотиннен бірте-бірте бас тарту.

 

НАТ емінің негізгі артықшылықтарының бірі никотиннен біртіндеп бас тарту мүмкіндігінде жатыр. Бұл шылымқұмарға өзінің жаман әдетінен ақырын-ақырын құтылу жолын ұсына отырып, физикалық және психологиялық тұрғыдағы тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Никотин мөлшерін аз-аздап төмендету ашушаңдық және мазасыздық секілді қайтару нышанатының белгілерін жеңілдете түседі.

 

2. Зиянды заттектерді азайту.

 

Никотин тәуелділікті тудыратыны мен зиянсыз еместігіне қарамастан, бұл жердегі негізгі қауіп жану үдерісі барысында пайда болатын заттектерге байланысты болып отыр. Никотинді алмастыратын терапия құралдарының арқасында шылымқұмарлар никотинді алуды жалғастыра беруі мүмкін, дегенмен ағзаға канцерогендер, шайыр және көмірқышқыл газынан болатын зиян келтірмейді. НАТ өкпенің қатерлі ісігі, жүрек аурулары, өкпенің созылмалы аурулары секілді күрделі дерттер және көптеген басқа да ауыр салдардың даму тәуекелін төмендетуге септігін тигізеді.

 

3. Психологиялық аспектіні қолдау.

 

Темекі тарту көбінесе психологиялық тұрғыдағы тәуелділікпен байланысты болып келеді. НАТ темекі тартатын адамдарға классикалық шылымға жүгінбей-ақ, үйреншікті салттары мен жораларын сақтап қалу мүмкіндігін береді. Бұл тәуелділікке қарсы күресте физикалық қана емес, сондай-ақ психологиялық аспектіге деген қолдауды қамтамасыз етеді. Зерттеулер көрсеткендей, бұл тәсілдеме, яғни, НАТ құралдарын мінез-құлықты өзгертуге көмектесетін бағдарламасымен біріктіру, тек бір ғана әдіс қолданылатын тәсілдемелерге қарағанда темекі шегуден бас тарту мүмкіндіктерін арттыра алады.

 

4. Дара ыңғай және қолдау көрсету.

Әрбір адам бірегей болып келеді, сондықтан НАТ құралдарының алуан түрлілігі темекі шегуден бас тарту үдерісін жеке қажеттіліктерге байланысты бейімдеуге мүмкіндік береді. Кеңес беретін дәрігерлер дербес жоспарды құруға және қажетті ақпаратты беруге көмектеседі.

 

НАТ ҚАНШАЛЫҚТЫ СӘТТІ БОЛЫП ШЫҚТЫ?

Зерттеулер көрсетіп отырғандай, никотиндік жабыстырғыштарға қоса сағыздар немесе соруға арналған таблеткалар/кәмпиттер секілді никотинді алмастыратын терапияның басқа да құралдарын біріктіре отырып қолдану, НАТ түрлерінің біреуін ғана пайдаланумен салыстырғанда, темекі шегуді біржолата тоқтату мүмкіндігін айтарлықтай жоғарылата түседі, әрі бұл 15%-дан бастап 36%-ға дейінгі көрсеткішті құрап отыр. Бұл тек қана бір типті пайдалануға қарағанда құрамдастырылған НАТ қолданысы әлдеқайда тиімдірек екендігін растайды. 

 

Сонымен қатар құрамында никотиннің мөлшері жоғары болып келетін НАТ құралдарын қолданатын адамдарда, дозасы төменірек құралдарды қалайтын адамдармен салыстырғанда, жаман әдетінен құтылу мүмкіндігі артығырақ екендігі белгіленіп отыр. Алайда шайнау сағыздары немесе соруға арналған таблеткалар/кәмпиттер секілді әртүрлі НАТ түрлерінің тиімділігіндегі айтарлықтай айырмашылықтар анықталмаған екен, себебі дәрігер пайдалану жоспарын сауатты түрде құрайтын болса, құралдардың барлығы да жоғары нәтижені көрсете алатыны айқын.

 

Айта кетерлік бір жайт, бір күнде 10 талынан кем темекі тартатын адамдарға НАТ құралдары көмектесетіндігі әзірге дәлелденбеген. Дегенмен темекі тартудан емдейтін көптеген орталықтар «жеңіл шылымқұмарлар» үшін НАТ терапиясын қолданып келеді.

 

АҚШ-тың Денсаулық сақтау саласындағы зерттеулер мен сапа жөніндегі агенттігінің мәліметтері бойынша НАТ жүкті әйелдер мен жасөспірімдерді қоспағанда, темекі шегуден бас тартуды қалайтын барлық ересек адамдар үшін қауіпсіз болып саналады. НАТ құралдарын қолдануды бастамас бұрын бұл мәселені өз дәрігеріңізбен талқылап алғаныңыз абзал, себебі адамның денсаулығына байланысты ескеруді қажет ететін белгілі бір түйткілдер болуы әбден мүмкін. Әлі де темекі тартып жүрген немесе темекінің басқа бір түрлерін қолданып келетін адамдар үшін НАТ құралдарын пайдалануға болмайды. НАТ өнімдерін жасап шығаратын компаниялар ескертеді: егер сіз темекіні әлі де тұтынып жүрсеңіз, оларды қолдануға болмайды, әрі FDA олардың осы тұрғыдағы қолданысын мақұлдамаған.

 

ОҚЫРМАНДАРЫМЫЗДЫҢ ТӘЖІРИБЕСІ

 

Марат, 56 жас (есімі өзгертілген. – Редакция ескертпесі)

Темекі тарту «өтілі»: 35 жыл

НАТ құралы: никотиндік жабыстырғыштар

Қолдану тәжірибесі. Темекі тартудың 35 жылдық «өтілінен» кейін денсаулығым айтарлықтай нашарлай түскен: баспалдақпен жоғары қарай көтерілген кезде қатты ентігіп қалу пайда болған, тамырлардың тарылуына байланысты бастың жиі ауруы байқалды, тіс дәрігеріне тұрақты түрде барып тұрсам да, әрі тісімді жиі тазалайтыныма қарамастан, тіс әлдеқайда жылдам бұзыла бастады. Ең ақырында созылмалы жүрек соғуының ырғақсыздығы пайда болды. Сол кезде мен кәдімгі темекіден никотиндік жабыстырғыштарға ауысу таңдауын жасадым, өйткені бұл НАТ ішіндегі кеңінен таралған құралдардың бірі болып келеді, әрі қосымша құралдарды пайдаланған жоқпын. Мен құралдың орамасындағы нұсқаулықты оқи салып, әрі оған дейін күніне темекінің 20-ға жуық талын тартқаныма қарай, ең үлкен мөлшерлемесі көрсетілген 25 мг/16 сағ. жабыстырғышын таңдап алдым да, дәрігердің кеңесінсіз-ақ оларды қолдана бастау туралы шешім қабылдаған едім. Темекі шегуден бас тартқаннан кейінгі алғашқы күндері жабыстырғыштарды қолдануыма қарамастан, әжептәуір қиын болғандығын айту керек, өйткені бұл психологиялық тұрғыдағы тәуелділік болған: яғни, әр сағат сайын шығып, қолыңда темекіні ұстап тұру әдеті. Ең маңызды ереже – хал-жайыңның нашарламауы және теріде жағымсыз сезімдер мен тітіркенудің пайда болмауы үшін пластырь жабыстырылатын жерлерді күнде ауыстырып отырған абзал. Оларды мықынға, иық немесе кеуде тұсында жабыстыруға болады. 8 апта қолданғаннан кейін мен нұсқаулық бойынша жабыстырғыштардың мөлшерлемесін 15 мг/16 сағ. дейін азайттым. Уақыт өте келе темекіні алып тұтатуға деген құлшынысым бәсеңдей бастады. Ал 12 апта өткен соң мен ұсынылған тізбектегі ең төмен дозалы – 10 мг/16 сағ. жабыстырғыштарына ауыстым. Толық курстан өткеннен кейін мен темекіден біржолата бас тарттым, әрі шылымды сатып алмай жүргеніме бір жыл болды. Мұның бәрі де тек қана жабыстырғыштардың «еңбегі» ме, әлде жаман әдеттен құтылуға деген аса қатты ниеттен бе екендігін айту қиын.

 

Әлия, 35 жас (есімі өзгертілген. – Редакция ескертпесі)

Темекі тарту «өтілі»: 9 жыл

НАТ құралы: никотиндік сағыздар

Қолдану тәжірибесі. 9 жыл темекі тартқаннан кейін мен жүктілікті жоспарлай бастадым, әрі темекіні тастау аса көкейкесті мәселенің біріне айналған. Дәрігердің қабылдауында болғанымда және жүктілікке дайындық барысында таңдау құрамында никотині бар сағыздың пайдасына жасалған еді. Бастапқыда өте қиын болған, тіпті, дұрыс жолдан тайып, көрші дүкенге темекі сатып алу үшін жүгірген кездерім де болған. Әуел баста мөлшерлеме күніне 10 сағызды құрайтын, өйткені тәуелділік айтарлықтай зор еді. 4 апта өткеннен кейін бұл сан күніне 6-7 сағызға дейін азайтылды, әрі тұрақты «кері кету» жағдайлары да ғайып болды. 6-шы аптада мен сағыздарға қоса, никотиндік жабыстырғыштарды да қолдана бастадым, дегенмен терімнің жоғары сезімталдығы салдарынан оларды 3 күннен артық пайдалана алмадым. 12 апта өткеннен кейін күніне шайналатын сағыздың саны 1-2 пастилкаға дейін төмендеді, сондай-ақ мен жүктілік кезінде темекіден мүлдем бас тарта алдым. Бала туылғаннан кейін темекі тартуға деген ұмтылыс ешқайда кеткен жоқ, әрі мен жаман әдетіме қайта оралдым. Осы бір қалауымды қанағаттандыру және ағза үшін келтірілетін теріс әсерді азайту мақсатында мен темекіні қыздыруға арналған жүйелерге ауыстым. Темекіден құтылу үшін тағы да әрекеттер бола ма? Мұны нақты айта алмаймын, алайда дәл қазір бұл менің жоспарымда жоқ.

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]