
Мұрын тамшылары: тәуелділіктен арылудың жолы қандай?
9 сұрақ
Тамырды тарылтатын тамшылар дегеніміз не?
Әдетте мұрынға тамызғаннан кейін әсері қанша минуттан соң басталады?
Тамырды тарылтатын тамшыларды қанша күн қолданған қауіпсіз?
Ұзақ уақыт қолданылған жағдайда не болуы мүмкін?
Тамырды тарылтатын тамшылар қысымның көтерілуін тудыруы мүмкін бе?
Тамшыларды жиі қолдану қандай жанама әсерді туғызуы ықтимал?
Тамшыларды ұзақ пайдаланған кезде тамырларға не болады?
Тамырды тарылтатын тамшыларды немен үйлестіруге болмайды?
Мұрын сәл бітелгенде тамшыларды немен алмастыруға болады?
Мұрынмен тыныс алу мүмкін емес секілді сезім көпшілікке таныс. Алғашқы реакция – тамыр тарылтатын дәрі-дәрмекті тамызу. Әрі бұл көмектесетін де сияқты. Алайда бір күн өтеді, екінші, үшінші күн – ал тамшылар тіс щеткасы іспетті болады: онсыз жүре алмайсың. Бұл тұста не болып жатады және осы тамшылар тәуелділікті тудыратыны рас па? Лайқос отоларинголог Гүлия Аманғалиевамен сөйлесті.
Тамыр тарылтатын тамшылар не істейді
Жалпы алғанда тамыр тарылтатын тамшылар ауруды емдемейді, жай ғана бір симптомды – мұрынның ісінуін жеңілдетеді. Шырышты қабат суық тию, аллергия немесе инфекцияның салдарынан қабынған кезде тамшылар тамырларға тарылуға көмектеседі де, мұрынның бітелуі өтеді – тыныс алу жеңілдей түседі. Алайда бары осы. Егер оны 5-7 күннен артық пайдаланып жүрсеңіз, ағза әдеттеніп бастайды, тамырлар аталмыш тамшылардың көмегінсіз дұрыс жұмыс істей алмайтын болады. Дәл осы тұста нағыз түйткілдер басталатыны хақ.
Тәуелділік қалай пайда болады?
Мұрынның шырышты қабығы көптеген ұсақ тамырларға толы болып келеді. Тамшылардың әсерінен олар уақытша тарылады да, ісінуді басады. Осының арқасында тыныс алу еркін бола түседі. Дегенмен егер жиі және ұзақ уақыт тамызып жүрсеңіз, тамырлар тамшыларға әдеттеніп кетеді және өздігінен тарылу қабілетінен айырылады. Нәтижесінде тамшылардың әсері аяқталғанда тамырлар одан бетер кеңейеді де, ісіну күшейе түседі.
Осылайша әлдебір тұйық шеңбер пайда болады: мұрынның бітелуін алып тастау үшін қайтадан тамызу керек, ал одан кейін мұрын одан әрі бітеледі. Бұл мұрынның созылмалы қабынуына әкеліп соқтыруы ықтимал, әрі бұл дәрі-дәрмектік ринит деп аталады.
Көптеген елдерде мұндай препараттарды дәріқағаз бойынша беруі тиіс, алайда кейбір елдерде, соның ішінде Қазақстанда да оларды нан сияқты еркін сатып алуға болады. Нәтижесінде мұның қаншалықты қауіпті екендігін жете түсінбейтін және бұл дәріден арылуды білмейтін адамдар саны өсіп келеді.
Мұрын тамшыларына тәуелділік несімен қауіпті
- Тәуелділік. Адам тамшысыз дұрыс дем ала алмай қалады. Мұндай адамдар мұрнын тамызу үшін түннің ортасында оянады. Оларды халық арасында «нафтизин нашақорлары» деп атайды.
- Жүйелі әсер. Тамшылар мұрынға ғана әсер етпейді. Дәрі қанға сіңіп кетеді және бас ауруын, тахикардияны, қысымның көтерілуін тудыруы ықтимал. Әсіресе, жүрек-қан тамырларының ауруларына шалдыққан адамдарда.
- Шырышты қабаттың өзгеруі. Уақыт өте келе шырышты қабық семіп қалады – құрғақ болады, жарықтар, қабыршақтар пайда болып, инфекцияларға төтеп бере алмайды. Тіпті, кеңсіріктің ісіп ауыруы мен созылмалы синуситке шалдығу қаупі бар.
- Ұйқының бұзылуы мен мазасыздық. Емделушілер ұйқысыздыққа, үрейлі шабуылдар мен тамшысыз тұншығып қалатындай сезімге шағымдануы мүмкін.
Мұрын тамшыларының зиянын не нәрсе арттырады
- Кофеин мен энергетиктер тамшылардың зиянын күшейтеді: қысымды жоғарылатады, жүрек соғуын тездетеді, ұйқысыздық пен мазасыздықты тудырады.
Немен алмастыруға болады? Балама нұсқа ретінде цикорийді, шөп тұнбаларын (мәселен, жалбыз немесе мелиса), сонымен бірге құрамында кофеині жоқ сусындарды байқап көріңіз.
- Темекі тарту – тағы да бір тұзақ. Темекі түтіні тамырларды тарылтады, қан ағымына нұқсан келтіреді және тамшылардың жанама әсерін күшейтеді. Бұл гипертония, бас ауруы және, тіпті, инсульт қаупін аттыра түседі. Темекі тартатын адамдарда асқынулар мен шырышты қабаттың тұрақты зақымдануы жиірек пайда болады.
Немен алмастыруға болады? Ең жақсы шешім – темекі шегуден біржолата бас тарту. Алайда егер шылымды бірден тастау қиынға соқса, аралық шараларды қолданып көргеніңіз абзал: никотиндік жабыстырғыштар, сағыз, спрейлер, хиттерлер, айта кетсек, соңғылары темекіні жақпайды, тек қана қыздырады, демек үдеріс барысында дәстүрлі темекіге тән 7000 астам уытты заттек түзілмейді, не болмаса никотиннен бас тарту бойынша маманмен кеңескеніңіз жөн.
- Алкоголь да жағдайды нашарлатады. Ол тамырларды кеңейтеді, тонусты бұзады және шырышты қабаттың қосымша ісінуін қоздырады. Спирттік ішімдікті ішкен адам мұрынның бітелуін жиірек сезінеді және мұрнына тамшыны әлдеқайда көбірек мөлшерде тамызады. Осы тұста бастың ауырсынуы, тахикардия, қысым секірістерінің қаупі кенет арта түседі.
Немен алмастыруға болады? Алкогольдің орнына босаңсудың әдістерін пайдаланған абзал: жылы душ қабылдау, ароматерапия, тыныс алу практикалары, жылы шөп шайлары. Мұндай әдеттер қауіпсіз ғана емес, сонымен бірге ағзаның жалпы қалпына келуіне септігін тигізетіні сөзсіз.
Егер ағзада қандай да бір бұзылыстар болса, демек ұстанатын өмір салтыңыз жайында ойланатын уақыт келді. Бұл әдеттер жағдайды нашарлатып, тамырлардың, жүрек пен жүйке жүйесінің жұмысын бұзады. Ең дұрысы, емделу барысында ғана емес, жалпы дененің қалпына келуіне мүмкіндік беріп, оған нұқсан келтіретін нәрселерге жол бермеу.
Бұл препараттан қалай бас тартуға болады
Біржолата бас тарту – әрдайым жеңіл жол болмағанымен, бірақ оның қисыны бар. Бастысы, ықылас таныту мен жүйелілікті сақтау.
- Алғашқы қадам – түсіну: тамшылар мүлдем емдемейді, олар тыныс алуды тек уақытша ғана жеңілдетеді. Тексерілген тәсілдердің бірі – танаудың біреуіне ғана тамызу, әрі екі жақты күн ара алмастырып отыру. Бұл шырышты қабықтың қалыпқа келуіне уақыт береді.
- Тағы бір әдісі – тамшыларды физерітіндімен (0,9%) бірте-бірте сұйылтып, олардың күшін төмендету. Сонымен бірге мұрынды ылғалдандырған маңызды – физерітіндімен күніне 5-6 рет, әсіресе, ұйықтар алдында және даладан келгеннен кейін. Сондай-ақ бөлмедегі ауаны ылғалдандыру да көмегін тигізетіні сөзсіз: ауа ылғалдауышты қолданыңыз, бөлменің ішін желдетіп отырыңыз, табақтарға су құйып қойыңыз немесе үйіңізде өсімдіктерді ұстаңыз.
- Қалпына келтірудің тағы да бір тиімді тәсілдерінің бірі – тыныс алу гимнастикасы: тынысты тоқтату мен диафрагмаға арналған жаттығулар ісінуді басады. Ал егер осыған тұрақты физикалық жүктемені қоссаңыз, кем дегенде, күніне 30 минут жылдам жүру, оның әсері анағұрлым күштірек болады.
- Су ішуді ұмытпаңыз – салмақтың әрбір келісіне минимум 30 мл болуы тиіс. Ағзаны жақсы ылғалдандыру мұрын денсаулығы үшін аса маңызды.
- Егер осының барлығы көмектеспей жатса, лор маманының көмегіне жүгінгеніңіз дұрыс. Күрделі жағдайларда физиотерапия немесе ота жасату қажет болуы бек мүмкін.
Мұрын тамшыларына тәуелді болмаудың жолы
Тамшыларды қатаң түрде тек шектеулі уақыт аралығында қолданыңыз – 5-7 күннен аспайтындай болсын, әрі тәулігіне екі реттен артық пайдаланбағаныңыз абзал немесе дәрігердің тағайындауы бойынша тамызыңыз. Мұрын бітелуінің алғашқы белгілері пайда болғанда ұзаққа созбай, мұрынды бірден тұзды ерітіндімен шайғаныңыз жөн. Қайта қабынудың алдын алу үшін бөлмедегі ауаның ылғалдығын қадағалау мен иммунитетті нығайту қажет.
Қорытынды
Тамырды тарылтатын тамшылар – бұл емдеу емес, бұл уақытша жеңілдету шарасы ғана. Әрі біз осыны неғұрлым ертерек ұғынатын болсақ, денсаулығымызды сақтап қалу мүмкіндігі де соғұрлым жоғары. Денеңізді тыңдаңыз, белгілерді ескерусіз қалдырмаңыз және дәрігердің көмегіне жүгінуден ұялмаңыз – кейде бір шешімнің өзі түйткілге толы бірнеше айдың алдын алады.