Пародонтит: белгілері, себептері және емі – тіс дәрігерінің түсініктемесі

Пародонтит: белгілері, себептері, емі және темекі шегудің әсері

Қызыл иектің қанауы, ауыздан шығатын жағымсыз иіс немесе тістердің сезімталдығы – қай уақытта бұл жай ғана қызыл иекке қатысты түйткіл емес, нағыз пародонтиттің белгілері болып саналады? Лайқос тіс дәрігері Сергей Винокуровтан аурудың неліктен дамитынын, оны айырып танудың жолын, тіндердің бұзылуын тоқтатуға бола ма екендігі мен темекі тарту ем алуға қалайша әсер ететінін сұрастырды.

Пародонтит дегеніміз не?

Бұл тіс айналасындағы тіндердің созылмалы қабынба ауруы. Оның дамуы барысында қызыл иек пен тіс арасындағы байланыс, сонымен бірге тісті ұстап тұратын сүйек тіні бірте-бірте бұзылады. Емделмеген жағдайда ауру тістердің орнынан босауына және түсуіне әкеліп соқтыруы мүмкін.

Пародонтит және гингивит – айырмашылық неде?

Гингивит – қызыл иектің беттік қабынуы. Қызыл иек қызаруы, ісінуі және қанауы мүмкін, дегенмен тісті ұстап тұратын тіндер әлі де бұзылмаған.

Пародонтит – бұл әлдеқайда тереңірек жүріп жататын үдеріс. Қабыну тісті ұстап тұратын тіндерге, соның ішінде периодонт байламына және ұяшықты сүйекке әсер етеді. Уақыт өте келе тістің айналасында патологиялық пародонт қалталары түзілуі мен сүйек тінінің жоғалуы мүмкін.

Сондықтан қызыл иектің қанауын қалыпты нәрсе деп есептеуге болмайды: бұл тіс дәрігеріне қаралып, мұның себебін анықтауға негіз.

Пародонтит неліктен пайда болады?

Негізгі себептердің бірі – бактериялық өңез. Егер оны үнемі жойып отырмасаңыз, ол минералданып, тіс тасына айналуы ықтимал. Нәтижесінде қабыну тұрақты жайтқа айналады. Алайда аурудың дамуы тек гигиенаға ғана байланысты емес. Қауіпті келесі жағдаяттар арттыруы мүмкін:

  • тістердің тығыздығы мен олардың орналасу ерекшеліктері;
  • тістемнің кейбір өзгешеліктері;
  • нашар орнатылған пломбалар мен тіс сауыттар;
  • қант диабеті;
  • кейбір гормондық өзгерістер;
  • темекі тарту;
  • ауыз қуысының жеткіліксіз деңгейдегі гигиенасы.

Осылайша пародонтит бір ғана себептен емес, бірден бірнеше фактордың ықпалынан дамиды.

Радикалды диеталар тіс денсаулығына қалай әсер етеді
Біздің ағзамыз — нағыз күрделі машина. Не жейтініміз бен оны қаншалықты жиі тұтынатынымыз жалпы денсаулықтың…
https://laikos.kz/kz/densaulyq-bojynsha-kz/radikaldy-dietalar-tis-densaulygyna/

Темекі тарту қалай әсер етеді?

Шылым тартпайтын адамдармен салыстырғанда темекі шегу пародонтиттің даму қаупін 1,85 есе арттырады. Темекі түтіні пародонт тіндеріне бірнеше жолмен ықпал етеді. Атап айтсақ, темекі тарту тіндердің қанмен қамтамасыз етілуін бұзады және ағзаның иммундық жауабына әсер етеді, соның салдарынан қызыл иек әлдеқайда нашар қалпына келеді және ауру өршуі әбден мүмкін. Бір қызығы, темекі шегетін адамның дерті күрделі болса да, оның қызыл иегі аз қанайды екен. Сонда адам қызыл иекпен бәрі дұрыс деп қалуы мүмкін, алайда ауру өзінің дамуын жалғастыра береді.

Темекі тарту пародонтит қаупін арттырып қана қоймай, сондай-ақ емдеуге де кедергі келтіреді. Оның құрамындағы шайыр тіс пен түбірдің бетіне шөгіп қалады да, өңездің жиналуына ықпал етеді және қызыл иек тіндерінің қалыпты түрде қалпына келуіне кедергі етеді. Сол себепті темекі шегуден бас тарту – тек алдын алудың шарасы ғана емес, сонымен бірге бұрыннан бар ауруды емдеудің маңызды бір бөлігі.

Егер темекі шегуден біржолата бас тарту әзірге қолыңыздан келмесе, хиттерлерді қарастырып көруге болады. Олар темекінің жану үдерісіне жол бермейді, осының салдарынан темекі түтіні түзілмейді, яғни, дәстүрлі темекімен салыстырғанда мұндағы зиянды заттектердің деңгейі 95% азырақ. Денсаулық үшін ең жақсы шешім қалай болғанда да шылым шегуден толық бас тарту болып қала береді.

Алкоголь ше?

Алкоголь де ауыз қуысының жағдайына теріс әсерін тигізуі бек мүмкін. Атап айтсақ, алкогольді тұтыну ауыздағы құрғақтықтың пайда болуына ықпал етуі мүмкін, ал сілекей мөлшерінің төмендеуі ауыз қуысының табиғи қорғанысын нашарлатып жібереді. Дегенмен пародонтит жағдайында негізгі назарды бактериялық өңезді бақылауға, қызыл иектің күйіне, темекі тартуға, қант диабеті мен басқа да анықталған қауіп факторларына аударған абзал.

Қандай белгілерді елемеуге болмайды?

Ауру өзінің ерте кезеңінде айтарлықтай байқалмай өтуі мүмкін. Алғашқы белгілердің бірі – тіс тазалау немесе тіс жіптерін пайдалану кезіндегі қызыл иектің қанауы. Дерт өршіген сайын келесі жайттар пайда болуы ықтимал:

  • қызыл иектің қызаруы және ісінуі;
  • ауыздан шығатын жағымсыз иіс;
  • ауырсыну;
  • қызыл иек аймағында іріңнің шығуы;
  • тіс арасындағы аралықтың ұлғаюы;
  • тістің түп жағының ашылуы;
  • тістердің қозғалғыштығы.

Асқынып кеткен жағдайларда тіндердің бұзылуы соншалықты, тіпті, тіс өз тірегінен айырылып, түсіп қалуы да әбден мүмкін.

Пародонтиттен айығып кетуге бола ма?

Пародонтит созылмалы аурулар қатарына жатады, сондықтан мұндағы емдеудің мақсаты – жай ғана белгілерді жою емес, аурудың өршуін тоқтату немесе барынша баяулату және тістерді сақтап қалу. Бұл жердегі тактика аурудың сатысы мен ауырлығына байланысты болып келеді. Әдетте емдеудің негізі бұл тістегі қалдықтарды, соның ішінде қызыл иектің астында жиналатындарын кәсіби түрде кетіру мен тіс түбірлерінің бетін тазалау. Ал кейіннен барып күнделікті үй жағдайындағы гигиенаның маңызы аса зор.

Кейбір жағдайда дәрігер емдеудің қосымша әдістерін, соның ішінде дәрілік терапияны тағайындауы бек мүмкін. Айта кетерлік бір жайт, антибиотиктер әрбір науқас үшін әмбебап ем болып саналмайды және көрсеткіштерге байланысты ғана тағайындалады.

Пародонтит кезінде тісті қалай дұрыс күту керек?

Гигиенаның жеткіліксіздігі өңездің жиналуына септігін тигізеді, дегенмен тым агрессивті тазалау да тіндерді зақымдауы ықтимал. Пародонтитке шалдыққанда тістерді күніне 2 рет, әрі барлық жағынан жұмсақ тіс щеткасымен мұқият тазалау маңызды. Тіс аралықтарына ерекше көңіл бөлгеніңіз абзал: бұл үшін тіс жібін немесе тіс аралық ысқыштарды пайдалануға болады – оны таңдау тіс аралықтарының өлшемі мен дәрігердің ұсыныстарына байланысты. Қажет болған жағдайда ирригаторды қосымша пайдалануға болады. Сонымен бірге тіс дәрігерінің кәсіби гигиенасынан жүйелі түрде өтіп отыру керек.

Айқын пародонтит болғанда үй жағдайында тазалау техникасының мәні ерекше маңызды: қимыл-қозғалыстар ұқыпты болуы және қызыл иекті жарақаттамауы тиіс, сонымен бірге бактериялық өңезді мұқият кетіру қажет. Оңтайлы техника мен гигиена құралдарын тіс дәрігерімен немесе гигиена ілімінің маманымен бірге таңдаған дұрыс.

Тіс дәрігеріне қаншалықты жиі барған жөн?

Күрделі бір түйткіл болмаса, адамдардың көбі тіс дәрігеріне шамамен жарты жылда бір рет барады. Пародонтит кезінде, егер ауруды бақылау қажет болса, маманға жиірек, мәселен, 3-4 ай сайын бару керек болуы мүмкін. Пародонтит шынымен де ұзақ бақылауды қажет етеді, сондықтан сәтті емделгеннен кейін де қолдаушы терапияны жалғастыра берген маңызды.

Пародонтиттің алдын алуға бола ма?

Бастысы, тістің босауын күтпеген абзал. Үйде гигиена ережелерін үнемі ұстану, кәсіпқой тазалау, қызыл иек ауруларын дер кезінде емдеу және қауіп факторларын бақылау тістерді қоршап тұратын тіндерді сақтауға көмектеседі. Ал егер қызыл иек қанай бастаса, жағымсыз иіс пайда болса немесе тістер қозғалып тұрса, онда тіс дәрігеріне баруды кейінге қалдырмағаныңыз жөн.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.