Мұздай балғындық: неліктен ментолды темекі денсаулығыңыз үшін қауіпті
Ментолды темекі шылымқұмарлардың ерекше қызығушылығын тудырады. Олар балғындық әсеріне бөлейді де, дәм сезу рецепторларына салқындық сезімін береді. Дегенмен медициналық зерттеулердің нәтижелері айқын көрсетіп отырғандай, қарапайым шылыммен салыстырғанда ментол дәмі бар темекі әлдеқайда зияндырақ келеді. Неліктен нақ монтолды темекі екен? Анықтап көрейік.
МЕНТОЛДЫ ТЕМЕКІ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?
Кез келген темекі секілді ментол дәмі бар темекінің ішіне мыналар кіреді:
● цилиндр пішіндес ацетатты талшықтан жасалған сүзгі;
● айырықша тәсілмен кесілген темекі;
● папирос қағазына оралған темекі;
● сүзгіге орналастырылған хош иістендіргіші бар капсулалар.
Әуел баста хош иістендірілген темекінінің өндірісінде жалбыз қолданылған еді. Бүгінде темекіге сергітетін дәмді ментол беріп отырады. Ментол – бұл бұрыш жалбызының майынан алынатын органикалық қосынды. Осы табиғи компонент салқындатқыш әсерге ие болып келеді және темекіге дәм балғындығы мен жеңілдігін бере алады. Сол бір сергітетін дәмді алу үшін темекі сүзгісінің ішінде жарылатын капсула орналастырылады. Кейбір жағдайларда, тіпті, сүзгінің өзі де ментол майына малынған болуы мүмкін.
НЕЛІКТЕН МЕНТОЛДЫ ТЕМЕКІ КӘДІМГІ ТЕМЕКІДЕН ҚАУІПТІ?
Калифорния университетінің зерттеушілері ментолды темекі қарапайым шылыммен салыстырғанда айтарлықтай қауіп төндіреді деген қорытындыға келіп отыр, өйткені олар темекі тартуды әлдеқайда жиілете түсуге жол беріп қана қоймай, сондай-ақ күрделі аурулардың пайда болу қаупін арттырады.
Зерттеудің негізгі қорытындыларының бірі – ментол дәмі бар темекі жасөспірімдер мен жастар арасындағы никотинге деген тәуелділік деңгейінің ұлғаюына септігін тигізеді. Ментол адамның миында нейрохимиялық үдерістерге ерекше әсер етеді де, бұл темекі тартуды әлдеқайда тартымды ете түседі екен. Мұндағы басты мәселе ментол беретін хош иісінің жұмсақтық пен жеңілдік иллюзиясын тудыруында жатыр, осылайша бұл сезім күніне шегілетін темекі санының жоғарылауына әкеліп соқтырады. Сонымен бірге ол салқындатқыш қасиетке ие болып келеді, әрі шылымқұмарларда жиі кездесетін жөтелді жұмсартуға және тамақтағы жайсыздық сезімін жеңілдетуге қабілетті.
Ментолды темекі никотинге деген тәуелділік деңгейінің артуынан бөлек, темекі тартудың салдарынан қоздырылатын әртүрлі аурулардың даму қаупін жоғарылатады. Ғылыми зерттеулер мұны өкпенің қатерлі ісігі, бронхит, демікпе және жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупінің ұлғаюымен байланыстырып отыр. Клиникалық зерттеулер маманы Николас Возорис ментол дәмі бар темекіні тұтыну, тіпті, инсульттің пайда болу қаупін арттыра алады деген болжам жасаған, өйткені бұл бас миының қан тамырларына теріс ықпалын тигізетініне байланысты. Ол 5000 шылымқұмардың қатысуымен өткен сауалнаманы жүргізген еді, соның нәтижесінде сауалнамаға қатысқандардың арасында ментолды темекіні тұтынған адамдардың 3,4%-нда инсульт болғандығы анықталған. Ал өз кезегінде дәстүрлі темекі әуесқойларында бұл көрсеткіш небәрі 2,7% құраған. Осы болжамды тексеру үшін ғалымдарға қосымша бірнеше зерттеу жүргізу қажет.
МЕНТОЛДЫ ТЫЙЫМ
2012 жылы Бразилия ментолды темекіні шығаруға, оған жарнама жасауға және сатуға толық тыйым салған алғашқы мемлекет болған. Бұл шешім ментолды қоспалардың темекі тартудың зиянды әсерлерін жасыруға және шылым шегуді әлдеқайда тартымды етуге көмектесетіндігін растайтын зерттеулерге негізделе отырып, қоғамдық денсаулықты жақсарту мақсатында қабылданған.
Бразилияның үлгісіне сүйене отырып, Еуропалық Одақ тек 2020 жылы ғана ментолды темекіге тыйым салу туралы шешім қабылдайды. Атап айтар болсақ, тыйым салу темекі тартуды енді бастап келе жатқан жастар санын төмендету мен қоғамдық денсаулықты жақсаруға бағытталған еді.
Еуропалық серіктестеріне қарағанда Америка Құрама Штаттары тыйым салу туралы мәселені өте ұзақ уақыт қарастыра келіп, тек 2021 жылдың шілде айында ғана Food and Drug Administration (FDA) ментол дәмі бар темекіні өндіру және сатуға таралатын тыйымды салу туралы шешім қабылдайды да, дегенмен ол 2022 жылдан бастап күшіне енеді.
Айта кетсек, Қазақстанда ментолды темекіге әлі де тыйым салынбаған.
МЕНТОЛСЫЗ ҚАЛАЙ ӨМІР СҮРУГЕ БОЛАДЫ?
Темекідегі ментолдың дәмін ұнататын адамдар үшін не істеу керек? Қабылдауға болатын шешімдердің бірі ретінде ментолды кәмпиттерді қарастыруға әбден болады. Дегенмен егер сіз темекі шегуден біржолата бас тартқыңыз келмесе, онда түтін шығармайтын балама нұсқаларға ауысу мүмкіндігі бар: никотинді алмастыратын терапия құралдары (НАТ) – олар никотиннің (темекі түтініне қарағанда шайырсыз, уландырғыш газсыз және басқа да улы химиялық заттектерсіз) жеткіліксіздігін өтейді, не болмаса темекіні қыздыруға арналған жүйелер (ТҚЖ). Оларды пайдалану адам ағзасына құрамында 6000 зиянды заттегі бар түтіннің түсуінен аулақ болуға мүмкіндік береді. Алайда ең үздік шешім — бұл темекі шегуден мүлдем бас тарту екендігін естеріңізден шығармаңыздар.
Дегенмен айта кетерлік бір маңызды жайт, дәстүрлі темекімен салыстырғанда темекінің жану үдерісін болдырмайтын темекіні қыздыруға арналған жүйелердің зияны әлдеқайда төменірек болып саналғанымен, олар ешқашан салауатты өмір салтын алмастыра алмайтыны айқын.
Аударған: Рита Сәрсенова