Адамдар неге темекі тартады және ішімдік ішеді: әлеуметтік және экономикалық себептері

Неліктен біз темекі тартамыз және алкоголь ішеміз?

Әлем бойынша жыл сайын 8 миллионнан астам адам темекіден, әрі шамамен 3 миллионы – алкогольдің салдарынан қайтыс болады. Сонда неге адамдар осыны біле тұра, темекі тартуды жалғастыра береді? Әрі неліктен алкогольді ішуді жалғастыруда? Салауатты өмір салты мен зиянды төмендетуге деген үрдіс адамдарға қалай ықпал етіп келеді? Бұл мақалада осы сұрақты экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан қарастырып, мұның бәрі қалай жұмыс істейтінін білетін боламыз.


БІЗ ТӘУЕЛДІМІЗ

Жаман әдеттерге ойынқұмарлық та, ұялы телефонға деген тәуелділік те (бұл номофобия деп аталады), әрі еңбекқорлық пен дүкен құмарлық та жатқызылады. Осы әдеттердің барлығы да психологиялық деңгейдегі тәуелділікті тудырады, алайда темекі тарту және алкокогольді ішу физикалық әдеттенуге байланысты болып келеді. Дегенмен темекі шегуден немесе ішімдіктен бас тарту әлдеқайда қиынға соғуы жиірек кездеседі – өйткені бұл әдеттерге біздің отбасымыз, достарымыз және, тіпті, елдегі қандай да бір жағдай да себепші болуы мүмкін.

 

ӘЛЕУМЕТТІК СЕБЕПТЕР

Темекі мен алкогольді ішімдіктерді тұтыну әлеуметтік өзара әрекеттестіктің бір бөлігі болып келеді, әрі бұған дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, белгілі бір әлеуметтік топтың қатарына жататындық әсер етеді. Алкоголь мен темекі ұжымдық тұтынудың «игіліктері» болып саналады, яғни, бұл адамдардың бір-бірімен араласу үдерісінің бір бөлігі. Мәселен, жұмыста темекі тартатын орынға әріптесіңмен бірге бару және жыл сайынғы корпоративті кештер. Сондықтан адамның ең жақын араласатын ортасы – отбасы, достары, көршілері мен әріптестері – осы әдеттердің дамуына аса үлкен ықпал етеді.

 

Алкогольді ішімдіктерді тұтынуды әдетте екі үлгіге бөледі: солтүстік және оңтүстік. Солтүстік үлгісі Солтүстік Еуропа, Ресей және АҚШ елдеріне тән болып келсе, оңтүстік – Оңтүстік Еуропа, Азия, Африка және Латын Америка елдеріне тән. Солтүстік үлгіге жататын мемлекеттерде күшті алкогольді тұтынуды жөн көреді (мысалы, арақты). Ал оңтүстік тұтыну үлгісі – бұл шарапты шағын мөлшерде ғана тұрақты түрде тұтыну, мәселен, түскі ас қабылдау кезінде шараптың бір бокалын ішу.

 

Қазақстан үшін солтүстік тұтыну үлгісі тән болып саналады, дегенмен елде күшті алкогольді ішімдіктерді тұтыну көрсеткішінің тұрақты төмендеуі байқалып келеді. Бұл, мысалы, коктейльдер мен энергетиктер секілді құрамында алкоголі аз сусындар танымалдылығының артуымен байланыстырылып отыр.

 

Отбасыда темекі тартатын бір адам болса, бұл көбінесе отбасының басқа мүшелерін темекі шегуге қосылуға деген ұмтылысын ынталандырады. Сонымен қатар бұл тұста бірге тұратын адамдардың саны да маңызды рөл атқарады. Жалғызбасты адамдар немесе бір адаммен тұратындар, яғни, туысқаны немесе серіктесімен болсын, үш және одан да көп мүшелері бар отбасыда тұратындармен салыстырғанда шылым шегуді әлдеқайда жиірек бастауға бейім болып келеді.

 

Отбасы мен достарының ортасы жасөспірімдер мен жастарға аса қатты әсер етеді – бұл айналаның ықпалы деп аталады. Ата-ананың денсаулыққа зиян келтіретін (темекі тарту, алкогольді ішімдіктерді шамадан тыс тұтыну) өмір сүру салтын балалары мұра етуі бек мүмкін – дегенмен бұл жерде, АҚШ-та жүргізілген зерттеудің нәтижесіне сәйкес, жасөспірімдерге ата-аналарының шылым шегетіні немесе алкогольді тұтынатыны жайындағы деректің өзі емес, сол сәттерде балаларының олармен бірге өткізетін уақыт көлемі әсер етеді екен.

 

Достарының алкогольді тұтынуы ересек адамдардың да ішуге деген бейімділігіне ықпал етеді. Зерттеушілер көрсетіп отырғандай, индивидпен бір жынысқа жататын достары тұтынылатын алкоголь мөлшерінің ұлғаюына да, сол секілді төмендеуіне де үлкен әсер тигізе алады. Дегенмен алкогольді ішімдіктерді тұтыну деңгейі онсыз да жоғары болып келетін елдерде, сонымен бірге гендерлік теңдік көрсеткіші жоғары саналатын елдерде достардың ықпалы айтарлықтай төмен әсерге ие болады екен.

 

Осы тұста діндарлықтың да маңызы аса зор – адамдар көбінесе өздерінің алкогольден бас тартуының негізгі себептері ретінде діншілдік нормалар мен отбасыдағы тәрбиені көрсетіп отырады. Ислам, мәселен, алкогольді тұтынуға тыйым салады, сондықтан мұсылман халқы басым болып келетін елдерде алкогольді ішімдіктерді тұтыну әжептәуір төмен болып келеді, дегенмен бұл көрсеткіш нөлге тең деп айтуға болмайды.

 

ЭКОНОМИКАЛЫҚ СЕБЕПТЕР

Экономикалық тұрғыдан қарағанда бәрі де оп-оңай болуы тиіс іспетті. Ақша бар болса, алкоголь мен темекі де бар, ал ақша жоқ болса, демек, бұл өнімдер де жоқ. Сондықтан теория бойынша алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдеріне деген сұраныс олардың бағаларының өсуіне қарай төмендеп отырады. Алайда іс жүзінде барлығы да басқаша болып тұр. Мысалы, егер сыра мен шараптың бағасы өсетін болса, ал арақтың бағасы өзгеріссіз қалса, онда арақтың танымалдығы артуы әбден мүмкін, ал сыра мен шараптың тұтынылуы жалпы азая түседі.

 

Ғалымдар алкогольді ішімдектер бағасының өсуіне кімнің реакциясы ерекше сезімтал келетіндігін анықтаған – әдетте, бұл жастар, табысы төмен және білімі төмен адамдар. Осы топтарға жататын тұтынушылар бағасы анағұрлым арзан алкогольге басымдық беретін болады, тіпті, ол төмен сапалы және талғамына сай болмаған жағдайда да.

 

Дәл осындай жағдай темекі тартуға да қатысты болып отыр. Ресей экономистері анықтағандай, шылымқұмарларға өнімнің бағасы әсер етпейді, ең бірінші кезекте – егер шылымның бағасы олардың табысына қарағанда тезірек өсетін болса ғана тұтынушылар темекі шегуден бас тарту немесе тұтынуды төмендетуге дайын болады екен.

 

Сонымен бірге ғалымдар алкоголь және темекіні тұтыну мен экономикалық дағдарыс және жұмыссыздық көрсеткішінің өсімі секілді қолайсыз экономикалық жағдайлар арасындағы өзара байланысты тапқан. Бір жағынан қарайтын болсақ, дағдарыстар кезінде алкогольді ішімдіктерді тұтыну негізінен арта түседтіні хақ: жұмыссыз адамдар бос уақытын алкогольмен толтыруға ынталана тырысады және дәл сол ішімдіктердің көмегімен күйзеліспен күрес жүргізетін көрінеді – дегенмен депрессиямен күрес жүргізудің мұндай әдісі әйелдерге қарағанда ер адамдарға көбірек тән болып келеді. Ал екінші жағынан, пайда болған дағдарыс, керісінше, қоғамның темекі мен алкогольге деген қызығушылығын төмендетуі ықтимал. Мәселен, 1987–2000 жылдары болған экономикалық құлдырау кезінде жұмыс істеген американдық шылымқұмарлар саны 12%-ға қысқарған еді. Не болмаса Исландияның мысалын келтіріп өтсек, аталмыш елде экономикалық құлдырау 2008 жылы болған – бұл жерде темекі тарту мен алкогольді шамадан тыс тұтынуға деген қызығушылық нақ осы кезеңде күрт төмендеген, әрі 2012 жылдан кейін де, яғни, елдегі азаматтардың экономикалық хал-жағдайы жақсарған кезде де темекі тартудың танымалдылығы бұрынғыдай төмендей беруді жалғастырған.

 

ҚОРЫТЫНДЫНЫҢ ОРНЫНА

Жоғарыда айтылғанды тұжырымдайтын болсақ, кіріптар әдеттерге әртүрлі жастағы, жыныстағы және әлеуметтік жағдайдағы адамдар бейім болады екен. Темекі тарту немесе алкогольді ішімдіктерді тұтыну әдетінің дамуына отбасы мен достар ортасы ғана емес, сондай-ақ тұрып жатқан ел де, діни қауымдастыққа қатыстылық та, корпоративті мәдениет және, тіпті, айналадағы экономикалық жағдай да әсерін тигізеді. Ал адамдар әл-ауқатының деңгейі тек әлдеқайда сапалы алкоголь мен темекіні тұтыну мүмкіндігіне ғана ықпал етеді, дегенмен олардың жалпы тұтынысына әсері жоқ. Қоғамның ықпалына қарамастан, әрбір адам өз таңдауын өзі жасайды. Қабылдауға болатын ең жақсы шешім – бұл темекі шегу немесе алкогольді тұтынудан біржолата бас тарту. Алайда, егер әлдебіреу бұл шешімді қабылдауға әзірге дайын болмаса, зияны анағұрлым төменірек балама нұсқалар көмегімен денсаулық үшін залалды азайтқаны абзал.

 

 

 

Аударған: Рита Сәрсенова

 

Как вы оцените статью?
[Total: 1 Average: 1]