Бәлкім менде посттравмалық ауытқу бар шығар?
Қатты стрестің белгілерін тауып, өз-өзіңе көмектесудің жолы қандай
Посттравмалық стрестік ауытқу (ПТСА) туралы Қазақстанда қаңтар оқиғасынан кейін жиі айтыла бастады. Көп адам өз бойынан бұл ауытқуды байқады. ПТСА деген шын мәнінде не? Оны өз күшіңмен жеңуге бола ма? Маман көмегі қашан қажет болады?
Бұл сауалдардың жауабын білу үшін біз психологтарға хабарласты. «Прозрение» психологиялық орталығының басшысы Анна Каримованың айтуынша, ПТСА-ны қалыпты невроз немесе депрессиямен шатастырмау керек. Бұл – қатты травмалық тәжірибеден кейінгі күй.
Қаңтар оқиғасының қатысушылары немесе куәгерлері (жәй ғана үйінің терезесінен қарағандардың өзі) ПТСА-ға ұшырауы мүмкін. Оның симптомдары бастан өткен оқиғадан кейін біршама уақыттан соң барып білініп жатады. Қалыпты өмірде ол жақын адамнан айрылу, қатерлі сырқат диагнозы, қандай да бір сипаттағы зорлық-зомбылық салдарынан қалыптасуы ықтимал.
«Көршілер отшашу атты. Бұл дыбысқа қатысты алғашқы реакция мазасыздық болды, бұрын мұндай байқалмайтын» – қазір осындай мысалдар көбейді. Пиротехниканың жарылғанын абайлап тыңдап, оның кәдімгі салют екеніне көз жеткізген соң барып ел жұмысын ары қарай жалғастырады. Мұны посттравмалық ауытқу деп атауға болады.
Жарақат қалдырған оқиғадан кейін 4 аптаға дейін уақыт бойы ПТСА-ның байқалуы психиканың қалыпты реакциясы ретінде саналады, – дейді Анна Каримова. – Тіпті, адамның қандай да бір сезімдерді немесе жағымсыз тән симптомдарын бойынан байқауы – дұрыс психика саулығының белгілері. Бастан өткен жайтты еске салатын «зәкірлерге» жолыққанда мұндай күйге түсуіміз мүмкін. Біреуді отшашу мазасыздыққа салады, екінші адам тұман көрсе (қаңтар оқиғасында Алматыда қалың тұман тұрды), дегбірі қашады немесе қаладағы белгілі бір орындар жақпауы мүмкін.
Психолог Олег Сачков ПТСА пайда болуының тәндегі механизмін былай түсіндіреді:
Стресті жағдайда ағза адреналин, кортизол, норадреналин және тағы басқа гормондарды бөледі. Олар адамды тірі қалуға көмектесетін қашу немесе тығылып қалу яки соғысу секілді іс-әрекетке итермелейді. Осы механизмнің арқасында әлсіз немесе ауру жанның өзі есін жинап, жоғарыда аталған әрекеттердің бірін орындайды.
Олегтің айтуынша, мұндай гормондар бөлінуі үшін оқиғаның ортасында жүру міндетті емес екен. Жағдайды терезеден немесе теледидардан көру я радиодан тыңдаған жеткілікті. Психика қауіп жайлы белгі алып, ағзаны мобилизацияға дайындай бастайды, гормондар да бөлінеді.
Гормон бөлініп, сіз шок жағдайын бастан өткерсеңіз, бірақ ештеңе істемесеңіз, гормон мен оның бөлінуі кезінде пайда болатын заттар ағзада қалып қалады. Яғни пайдаланылмаған «отын» сізді іштен жей бастайды. Біраз уақыт өткен соң бұл отшашу кезіндегі дыбыс салдарынан туындайтын паника немесе депрессияға ұласуы мүмкін. Әрине, әр адамның жағдайы әртүрлі. Бәрі психикаңыздың қаншалық тұрақты екеніне байланысты.
ПТСА ҚАЛАЙ БЕЛГІ БЕРЕДІ?
Посттравмалық ауытқудың жеңіл кезеңіне ұйқының аздап бұзылуын, әлдебір ойлардың келе беруін, мазасыздықты немесе, керісінше, апатияны, әлсіздікті, жалпы тонустың төмендеуін жатқызуға болады, – дейді Олег Сачков. – Болған оқиғаларды еске алу кезінде немесе көшеде шу естілсе денеде жайсыз сезімдер байқалуы мүмкін. Алайда бұл белгілер ұзақ уақыт кетпей қойса, созбай, денсаулықты тексеру керек. Жоғарыда аталған отшашу кезінде жеңіл мазасыздық емес, нағыз паника үрейі басталса, яғни тер шығып, қорқыныш буып алса, онда ауыр кезең қалыптасты деген сөз, мұнда дәрігердің көмегі қажет. ПТСА-ның белгілерінің бірі – шынайы өмірмен байланыстың үзілуі. Адам қайда екенін, кім екенін, бүін қай күн екенін түсінбей, шатасуы ықтимал.
Жалпы депрессия жағдайы, апатия, өмірге немқұрайды қарау бір айдан артық уақытқа созылса, алдымен психологқа бару керек, – дейді Анна Каримова. – Гипнотерапия жақсы нәтиже беруі мүмкін. Маман келген адамға психотерапвтің және дәрі-дәрмекпен емделудің қажет екенін көрсе, оны да алған жөн. Ең бастысы, созып жүре бермеу керек, себебі емделмеген жағдайда адамның жай-күйі терең депрессияға дейін ушығып, суицидал ойларға апарады.
ЗИЯНДЫ ҚАЛАЙ АЗАЙТУҒА БОЛАДЫ?
Психологтардың ойы бір жерден шығып отыр: стрестен арылудың ең жақсы әдісі – тән белсенділігі. Қатты күйзеліс кезінде гормондардың үлкен көлемде бөлінуін дұрыс пайдалануға болады. Мысалы, жинап тастауға қолыңыз тимей жүрген заттарды реттеуге, тіпті үйде жөндеу жұмыстарын жүргізіп тастауға болады. Мүлдем болмады дегенде, жастық ұрғылап алыңыз немесе екі-үш шақырымды жылдам жүріп өтіңіз.
Айтпақшы, Олег Сачковтың байқауынша, көптеген кәсіпкер мен белсенді жандар қаңтар оқиғасы кезінде қатты күйзеліс алғанына қарамастан, бұл жағдайдан жылдамырақ шығып, жеңілірек өткерген, себебі олар конструктивті іспен айналысады.
Ал стресті алкогольдің немесе есірткінің көмегімен жеңемін деу – мүлдем дұрыс емес пікір. Кортизол деңгейін төмендетуге ішімдік мүлдем көмектесе алмайды, есесіне жүйкенің тоз-тозын шығарады.
Анна Каримова күн тәртібін қалпына келтіру керек деген пікірде.
Ең болмаса, ұйқыны ретке келтіруді үйреніп алсаңыз, бұл еміңіздің басты «дәрісіне» айналуы мүмкін, – дейді ол. – Сапалы ұйқы тек ПТСА емес, басқа аурулардан айығуға да көмектеседі. Оның құндылығы қашан ұйықтағаныңызға байланысты. Дұрысы, 22:30-ға дейін жатып қалу. Ал 22:00-де ұйықтап, 6-да тұру тіпті керемет болмақ. Мелатонин, кортизол, дофамин, сератонин секілді гормондардың бөлінуі дәп осы ұйқымен байланысты.
Сонымен қатар Анна ағзаға тұрақты анаэроб салмақ түсіріп, күн астында болуға кеңес береді. Күндіз қыдырған үлкен маңызға ие.
Дәрумендер мен микроэлементтердің жеткілікті екенін бақылауда ұстаңыз, – деп атап өтті психолог. – Стресс кезінде ағзадағы магний үлкен көлемде жұмсалады, сондықтан D дәруменімен бірге магний курсын алу керек болуы мүмкін. Алайда нақты қандай дәрумендердің қандай дозада қажет екенін анықтап алу үшін алдымен анализ тапсырыңыз.
Бұл кеңестің бәрін жеңіл кезеңде қолдануға болады. Ауыр жағдайда шұғыл түрде мамандардың көмегін алу қажет. Олег Сачковтың ұсынысына сәйкес, жасөспірімдер janym.org сайтында психолог консультациясын ала алады. Ересектерде тұрғылықты мекенжайы бойынша поликлиникадағы психологқа жазылу мүмкіндігі бар немесе +77017884752 нөміріне WhatsApp арқылы «Тегін консультация алғым келеді» деп жазуы керек. Өтінім бос психологқа бағытталады, ол өз кезегінде кездесу уақытын белгілейді.
Аударған Димаш Зиядин