
Простатит: әрбір ер адам нені білуі тиіс
Простатит жайында дауыстап айтылмайды. Оның белгілерін негізінен күйзеліске, шаршағандық пен жас шамасына жатқызады. Дегенмен шын мәнісінде простатит – ерлер арасында кеңінен таралған аурулардың бірі, әрі ол денсаулыққа да, өмір сапасына да айтарлықтай әсер етуі бек мүмкін. Осыған қарамастан, бұл тақырып әлі күнге дейін жабулы түрде қалып отыр, өйткені ер адамдар несеп-жыныс жүйесіне қатысты түйткілдерді талқылауға ұялады. Дәрігер-андролог, уролог Бибігүл Исмағұлова Лайқосқа простатиттің себептерін, белгілері мен алдын алудың тәсілдерін анықтауға көмектесті.
Простата мен простатит дегеніміз не
Простатит – қуықасты безінің (простатаның) қабынуы. Простата – шағын, дегенмен өте маңызды ағза, әрі ол шәуеттің қалыптасуына қатысады, эрекция мен шәует шығару үдерісіне жету мен қалдау қабілетіне әсер етеді, несеп-жыныс жүйесін қорғауда маңызды рөл атқарады.
Қуықасты безінде қабыну үдерісі жүріп жатқанда несеп шығарудың ғана емес, сонымен бірге жыныстық қызметтің, жалпы хал-күйі және ер адамның, тіпті, психикалық жағдайы мен көңіл-күйінің де бұзылуы орын алады. Простатит барған сайын жасарып келе жатқан ауру. Бұрын бұл дертке негізінен 30-45 жас шамасындағы ерлер шалдықса, кейінгі кезде ол 20-25 жастағылар арасында жиі кездеседі.
Простатиттің белгілері
- жиі немесе ауырсынып несеп шығару, түнде зәр шығару және таңертең болатын қиындықтар;
- қуықтың толықтай босатылмағанын сезіну;
- іштің төменгі жағында, бұт, белдегі созылмалы ауырсыну;
- либидоның төмендеуі;
- жыныстық қатынас кезіндегі немесе одан кейінгі жайсыздық;
- жылдам шаршау, ашуланшақтық, ұйқының қанбауы;
- эрекцияның бұзылуы;
- бедеулік болуы мүмкін;
- зәр шығару кезіндегі ауырсыну;
- дене қызуының көтерілуі (асқынған простатит болған жағдайда).
Простатиттің түрлері
Жалпы простатиттің көптеген түрлері кездеседі, алайда ең алдымен оның негізгі формаларын түсінген маңызды.
Аурудың барысы бойынша
Жіті – кенет пайда болады. Жоғары температура, қатты ауырсыну, әсіресе, несеп шығарғанда бұл белгілер бірге жүреді. Дәрігерге шұғыл тұрде көрінуді талап етеді.
Созылмалы – ең жиі кездесетін түрі. Инфекция болмауы мүмкін, дегенмен мазасыздандыратын ауырсыну, жайсыздық пен несеп шығару және еркектік қауқарға байланысты түйткілдер сақталады.
Пайда болу себептері бойынша
Инфекциялық (бактериялық, вирустық, хламидиялық және т.б.) – көбіне-көп соңына дейін емделмеген инфекциямен байланысты болып келеді.
Іркілістік – қимыл-қозғалыстың аздығы салдарынан кіші жамбас аймағындағы қан айналымы нашарлаған кезде сұйықтықтың іркілуі пайда болады.
Себептері мен қауіп факторлары
- Қимыл-қозғалысы аз өмір салты, бір орында отырып жұмыс істеу, ұзақ уақыт көлік жүргізу.
- Күйзеліс пен созылмалы шаршағандық.
- Ағза мен бұттың қатты салқындауы (бұл ауру негізінен суық және ылғалды климаты бар елдерде тұратын ер адамдарда жиі кездеседі).
- Тұрақсыз жыныстық өмір немесе ұзақ уақыт бойы жыныстық қатынасқа түспеу.
- Темекі тарту мен алкоголь, бұл қан айналымын нашарлатады және іркілістің туындауына жағдай жасайды.
Бүгінде простатит диагнозын 20-30 жастағы ер адамдарға жиі қоятын болған, бұрындары ол тек қана 40 жастан кейін кездесетін ауру деп есептелген. Бұл көбінесе өмір салтына байланысты болып отыр.

Дәрігерге қашан жүгінген жөн
Простатиттің алғашқы белгілері байқалған бойдан міндетті түрде уролог-андрологқа жүгінген абзал. Өзін-өзі емдеу, халықтық әдістерді қолдану немесе түйткілді елемеу дерттің созылмалы пішініне ұласуы мен асқынуларға әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Бастапқы уақытта аурудың белгілері төзуге келетіндей болып көрінеді, сондықтан ер адамдардың дені дәрігердің көмегіне жүгінуді кейінге қалдырады, алайда уақыт өте келе олар күшейе түседі.
Мына бір жайтты ұғынған маңызды: әмбебап әдіс-тәсіл жоқ. Кейде жай ғана өмір салтын түзетудің өзі жеткілікті, ал кейде дәрі-дәрмекпен емдеуді қосу қажет болып жатады. Бұл тұста терапия жеке түрде таңдалады, әрі тек диагностикадан (сұрастыру, қуықасты безінің УДЗ мен талдаулар) кейін ғана. Аурудың созылмалы түріне шалдыққанда емдеу негізінен маусымдық немесе асқыну кезінде жүргізіледі.
Простатиттің алдын алу
Кез келген дерт секілді простатитті де ерте сатыларында анықтауға болады, алайда ер адамдар көбіне-көп дәрігерге қаралуды кейінге қалдырып жатады. Аурудың қаупін төмендету үшін қандай шараларды қолдануға болады?
Тұрақты жыныстық өмір
Жыныстық белсенділігі тұрақты болып келетін ер адамдарда қуықасты безіндегі қабыну үдерістері мен басқа да созылмалы аурулардың пайда болуы сирек кездесетіні дәлелденген.
Аз қозғалысты жұмыста белсенділікке уақыт табу
Отырып-тұру, әрбір 1-2 сағат сайын сергіту жаттығулары секілді қарапайым белсенділіктер қанағымын жақсартуға және жамбас аймағындағы бұлшықеттерді нығайтуға көмектеседі. Егер сізге жаттығу залына үнемі барып тұру қиынға соқса, күн сайын үйдің айналасында 30 минуттай серуендеуді күн тәртібіңізге енгізіңіз, нәтижесін өзіңіз байқайсыз.
Темекі мен алкогольден бас тарту
Темекі түтіні мен алкоголь қабыну қаупін арттырады және жыныстық жүйенің жұмысын нашарлата отырып, қан тамырлары мен иммундық жүйеге теріс әсерін тигізеді. Дегенмен барлық ескертулерге қарамастан, адамдардың көбі әдеттерден бірден бас тартуға дайын бола бермейді – алайда бұл ешнәрсені өзгертпей жүре беруге себеп бола алмайды. Зиянды, тіпті,ішінара азайтудың өзі денсаулықты сақтауға көмектесетіні сөзсіз. Мысалы, қарапайым темекінің орнына хиттерлерді қарастыруға болады. Олар жану үдерісі мен түтіннің пайда болуына жол бермейді, дәл осы түтін ағза үшін негізгі қауіп болып есептеледі. Оның құрамында тамырларды зақымдайтын, қабынуды күшейтетін және адам ағзасының барлық жүйелеріне нұқсан келтіретін шайыр, тұншықтырғыш газ және жүздеген уытты қосылыстар бар.
Алкогольге келер болсақ, мұндағы негізгі зиянды фактор – бұл этанол. Ол бауырға зиян келтіреді, гормондық тепе-теңдікке ықпал етеді және тіндердегі қабыну реакцияларын күшейте түседі. Құрамында алькоголі жоқ шарап, сыра немесе коктейльдер ішімдіктің балама нұсқасы бола алады, өйткені бұл сусындар уытты әсерсіз-ақ компания ортасындағы араласу атмосферасын сақтауға мүмкіндік береді. Дегенмен балама нұсқалардың бар болғанына қарамастан, ағзаңыз үшін жасай алатын ең жақсы нәрсе – зиянды әдеттерден біржолата бас тарту.
Қатты салқындаудан қорғану
Әсіресе, жылдың суық мезгілінде жылы киініп, суық жерде немесе азынақ өтінде отырмаған абзал.
Кездейсоқ жыныстық қатынастардан аулақ болу немесе қорғанысты қолдану
Кездейсоқ жыныстық қатынастар жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың қаупін арттырады, бұл өз кезегінде жіті немесе созылмалы простатитті тудыруы мүмкін. Тосқауылдық қорғанысты қолдану (мәселен, мүшеқап) қауіпті айтарлықтай төмендетеді.
Урологқа жылына бір рет тұрақты қаралу және белгілерге көңіл бөлу
Дәрігерге тұрақты тексерілу ауруды ерте кезеңінде, яғни, оны жеңу әлдеқайда оңай болған кезде анықтауға мүмкіндік береді.
Қорытынды
Простатитті емдегеннен гөрі оның алдын алған жеңілірек. Ал егер мәселе пайда болып үлгерсе, онда емдеуді неғұрлым ертерек бастасаңыз, әрі өмір салтыңызды қайта қарастырсаңыз, жайлылық пен өмір сапасын қайтару мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болмақ.