
Қыздырылатын темекіге ауысқан кезде тістердің жай-күйі қалай өзгереді – зерттеу
Ауыз қуысының жай-күйіне қарап жалпы ағзаның денсаулығы жайында айтуға бола ма? Әрі шылымқұмардың балама нұсқалардың пайдасына темекіден бас тартуы шын мәнісінде зиянды, ең болмағанда, ішінара төмендете ме? Қазақстандық дәрігерлердің бір тобы жауаптарды табу мақсатында бірегей зерттеуді өткізді. Оның нәтижесі, ауыз қуысының денсаулығына арналған зиянды төмендету қағидаты мен тіс дәрігері басқа мамандардан бұрын нені көретіні туралы PhD, медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер-стоматолог, «Тіс дәрігерлерінің сараптамалық қауымдастығы» РҚҰ президенті Мейрам Раганин әңгімелеп берді.
Тіс дәрігері тек тістерді ғана емдемейді және ағзаның жалпы ауруларын негізінен бірінші болып байқайтыны рас па?
Жалпы тіс дәрігері тіспен ғана емес, сонымен бірге қызыл иекпен, шырышты қабатпен және жақсүйек буынымен де жұмыс істейді. Көбінесе дәл осы ауыз қуысында жалпы аурулардың белгілері пайда болып жатады. Бұл жазылмайтын жаралар, қанауға бейім қызыл иек, әрі әдеттегі емдеу кезінде кетпейтін шырышты қабаттың өзгерістері болуы мүмкін.
Ауыз бұрыштарындағы жарықшақтар, жиі болатын зең жұқпалары немесе шырышты қабықтың өзгерістері негізінен дәрумендердің тапшылығы немесе қант диабетіне байланысты болып келеді. Тіл мен шырышты қабықтағы тығыз ақ дақтар қатерлі ісікке дейінгі жағдайды көрсетуі ықтимал, сондықтан тіс дәрігерлері онкологиялық ауруларды ерте сатыларында көбінесе алғашқы болып анықтайды. Екі аптадан артық сақталатын кез келген өзгерістер қосымша тексеруден өтуді талап етеді. Ең қиыны, науқасқа ықтимал тәуекелдер жайында хабарлау, сонымен бірге оны үреймен жалғыз қалдырмау керек.
Темекі тартатын және алкогольді тұтынатын адамдарда қандай өзгерістер жиі кездеседі?
Шылымқұмарларда қызыл иектің қабынуы жиірек және күштірек байқалады, сүйек тіні жылдамырақ жоғалады, ауыздан кетпейтін иіс шығады, әрі шырышты қабықта уақыт өте келе біртіндеп күшейе түсетін ақ дақтар пайда болады. Тіс қараяды, ауызда құрғақтық пайда болып, тамақтың дәмі әлсірейді, ал жаралар әлдеқайда ұзақ жазылады. Темекі тарту мен ішімдікті бірге тұтынған кезде ауыз қуысының қатерлі ісігінің даму қаупі айтарлықтай артады. Бұл тіс дәрігерлерінің тұрақты түрде тап болатын үйреншікті көрінісі болып келеді.
Жуырда өткізілген зерттеу туралы егжей-тегжейлі айтып беріңізші.
Біз темекі шегуді біржолата тастай алмаған және зиянды төмендету тұжырымдамасы аясында қыздырылатын темекі бұйымдарына (ҚТБ) ауысқан шылымқұмарлардың ауыз қуысының жай-күйі қалайша өзгеретінін зерттедік. Мұндай тәсіл теріс әсерді шынымен де төмендете ала ма екендігін тексеру үшін зерттеуді өткіздік.
Біз Қазақстанның төрт өңірінде – Алматы, Астана, Өскемен және Шымкентте – «өтілі» жоғары 80 шылымқұмарды жинадық. Олардың жартысы қыздырылатын темекі бұйымдарына ауысқан, ал қалған 40 шылымқұмар кәдімгі темекіні тартуды жалғастырып, бақылау тобын құрады.
Нәтижелер объективті болуы үшін зерттеуге темекі тарту «өтілі» 5-10 жылдан асатын, күрделі созылмалы және иммундық аурулары жоқ 35-44 жастағы шылымқұмарлар ерікті негізде шақырылған еді.
Зерттеудің негізгі нәтижелері қандай?
Кәдімгі темекі шегуді жалғастырған адамдарда тістің жай-күйі уақыт өте келе нашарлай түсті. Қызыл иектің қабынуы күшейген, ал талдау тапсырылғанда көбіне-көп қатерлі ісік алды болып саналатын өзгерістер пайда болған.
ҚТБ-ға ауысқандарда мүлдем басқа көрініс орын алған. Алғашқы 2-3 апта олар үшін қиынға соққан, әрі көбі темекіге қайта оралғысы келетін. Дегенмен бейімделу кезеңінен кейін зерттеудің қатысушылары темекіден бас тарта бастаған: үш айдан кейін ауыз қуысының жай-күйі нашарлауын тоқтатса, алты айдан кейін айтарлықтай жақсартулар пайда болады: қызыл иектің қабынуы мен шырышты қабықтағы қауіпті өзгерістер әлдеқайда азайған болып шықты.
Зерттеу аяқталған соң 40 адамның барлығы да қыздырылатын темекі бұйымдарын тұтынуды жалғастырған, әрі біздің бақылауымыз бойынша темекіден біржолата бас тартқан екен.
Біздің зерттеу көрсеткендей, зиянды төмендету тәсілдемесі жұмыс істейді және халықаралық зерттеулердің мәліметтеріне сәйкес келіп отыр. Мына бір жайтты атап өткен маңызды: біздің деректерміз әзірге қысқа мерзімді болып отыр. ҚТБ салыстырмалы түрде жуырда ғана қолданыла бастаған, әрі клиникалық деректер әзірге жеткіліксіз. Түпкілікті нәтижені уақыт пен алдағы зерттеулер көрсетері анық.
Егер ҚТБ-ны дәстүрлі темекімен салыстырсақ, қандай негізгі айырмашылықтарды көріп отырсыз?
Темекі – бұл адамның деммен жұтатын жану өнімдері. Демек, зиянды заттектер мен канцерогендер мөлшері көбірек. Қыздырылатын темекі бұйымдарында жану үдерісі жоқ, темекі тек қана қыздырылады және түтіннің орнына бу түзіледі. Зерттеулердің мәліметтерінше, ол жерде зиянды заттектер азырақ, әрі біз мұны тексерулердің нәтижесі бойынша көріп отырмыз.
Өткізген зерттеуімізде қыздырылатын темекіге ауысқан адамдарда қызыл иек пен шырышты қабықтың жай-күйі ішінара жақсарғаны анықталған. Дегенмен мынаны түсінген маңызды: олардың көрсеткіштері өмірінде темекі шегіп көрмеген адамдармен салыстырғанда бәрібір нашарлау екені сөзсіз.
Бізге темекі тартатын адам келгенде бұл әдетте бірден байқалады – иіс, тістің бетіндегі өңез, әрі қызыл иектің жағдайы бойынша белгілі. Қыздырылатын темекіні қолданатын адамдарда әдетте жағдай айтарлықтай жақсы: тіс өңезі бар, дегенмен ол аздау болады, сондай-ақ ауыз қуысының жалпы жай-күйі анағұрлым жақсы болып көрінеді.
Әзірге никотиннен толықтай бас тартуға дайын емес темекі тартатын емделушілерге қандай кеңес берер едіңіз?
Темекі тарту, әлбетте, зиянды – темекі түтіні адам ағзасына орасан зор залал келтіреді, сондықтан шылым шегуден бас тартқан абзал. Мен өз тәжірибемде адамдарды шартты түрде төрт топқа бөлемін: темекі тартпайтындар; «компания үшін» анда-санда шылым шегетіндер; темекі тартатын, дегенмен оны жеңіл тастай алатындар; және де никотиндік тәуелділігі қалыптасып қойғандар.
Мына бір жайтты ұғынған маңызды: никотиндік тәуелділік – бұл мінездің әлсіздігі емес, бұл ауру. Сондықтан біз зиянды төмендету тұжырымдамасын қолданып келеміз. Алғашқы қадам – ҚТБ-ға ауысу арқылы адам ағзасына түсетін зиянды заттектер мөлшерін азайту. Екінші қадам – уақыт өте келе тәуелділікті әлсіретуге көмектесетін никотиннің мөлшерін бірте-бірте төмендету.
Басты шарт – адамның темекіні тастау деген мақсаты болуы тиіс. Біздің мақсатымыз – адамға темекі шегуді тастауға біртіндеп келуге септігін тигізу, әрі денсаулығына мүмкіндігінше зиянды азайтуға көмектесу.
Бақылауларыңыз бойынша қазақстандықтар зиянды төмендету қағидатын қабылдауға дайын ба?
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, бүгінде емдеуден гөрі денсаулықты сақтаған әлдеқайда жеңілірек екендігін түсінетін адамдар саны өсіп келеді. Мен 40 жылға жуық тәжірибемде шылым шегетіндер азайып, ал темекі тартпайтындар көбейіп бара жатқанын көріп отырмын. Оның үстіне біздің зертеуіміз үшін шылымқұмарларды іздеп табудың өзі қиын болғаны рас – әріптестерімнің емделушілері секілді менің де емделушілерімнің көбі темекі тартпайды.
Егер адамға өз бетімен темекі тастау қиынға соқса, ол көбінесе – өздігінен болсын, мейлі жақын адамдарының өтініші бойынша болсын, көмекке жүгінеді. Шылым шегуден түбегейлі бас тартқысы келмейтіндер әлі де қалып отыр, дегенмен олардың саны күн өткен сайын азайып барады.