
Қатерлі ісік скринингі: онкологияны анықтауға қандай тексерулер шынымен көмектеседі
«Барлығына» тексеруден өту денсаулықты қорғаудың жақсы тәсілі болып көрінеді. Дегенмен онкологияда көбірек талдау тапсыру әркез көбірек пайда береді дегенді білдірмейді. Лайқос онколог-химиотерапевт Никита Рязановпен бірге скринингтің қандай түрлері шынымен де қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімді азайтатыны мен неліктен «қажет болып қалар» деп онкомаркерлерді тапсыру немесе КТ жасауға болмайтынын талдайды.
Қатерлі ісік скринингі дегеніміз не және ол не үшін қажет
Скрининг – бұл ауру белгілері жоқ адамдарды шағымдар пайда болғанға дейін оны анықтау үшін тексеру. Скринингтің кейбір түрлері, тіпті, қатерлі ісік алдындағы өзгерістерді: уақыт өте келе қатерлі ісікке айналуы мүмкін жасушаларды немесе түзілімдерді анықтайды.
Айырмашылықты мысалмен түсіндіру жеңілірек. Егер әйел өзін жақсы сезінсе, әрі жасына қарай маммография жасаса, бұл скрининг. Егер ол омыраудың қалыңдап қатаюын тауып, дәрігерге барса, бұл диагностика. Скринингтің пайдасы, сол тексерістердің ықтимал зиянын ескере отырып, дерттің ауыр зардаптарына жол бермеу және өлім-жітімді азайтуға көмектесетініне қарай бағаланады.
Скринингтің қандай түрлері шынымен де обырды анықтауға көмектеседі
- Сүт безінің қатерлі ісігі. Скринингтің негізгі әдісі – маммография. Халықаралық онкологиялық зерттеулер агенттігінің бағалауы бойынша ұйымдастырылған маммография бағдарламаларына шақырылған 50-69 жастағы әйелдерде сүт безінің қатерлі ісігінен қайтыс болу қаупі, орта есеппен алғанда, шамамен 24% төмен болды. Мұның пайдасы жас шамасына, бастапқы тәуекелге және бағдарламаның сапасына байланысты.
- Жатыр мойнының қатерлі ісігі. Скрининг үшін қауіптілігі жоғары адам папиллома вирусына (АПВ) тест және цитологиялық жағынды, не болмаса ПАП-сынақтамасы қолданылады. Бұл әдіс-тәсілдер қатерлі ісіктің дамуына дейін өзгерістерді табуға көмектеседі. Үндістанда жүргізілген ірі зерттеуде АПВ-ға бір реттік тест өткізу, содан кейін тексеру және емдеу сегіз жыл ішінде жатыр мойнының қатерлі ісігінен болатын өлім-жітімді 48% азайтты.
- Колоректальды қатерлі ісік (тоқ ішек пен тік ішек обыры). Оны анықтау үшін нәжісте жасырын қанның бар-жоғын айқындайтын талдау және эндоскопиялық тексерулер қолданылады. Нәжісті жасырын қанның ескі түріне тұрақты талдау тапсыру колоректальды қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімді 15-33% азайтқан. Егер нәтиже оң болса, колоноскопия жасалады: ол ісіктерді табуға және қатерлі ісік алдындағы полиптерді алып тастауға көмектеседі.
- Өкпенің қатерлі ісігі. Тәуекелі жоғары адамдарға төмен дозалы компьютерлік томография (КТ) пайдалы болуы мүмкін. NLST зерттеуінде ол кеуде рентгенімен салыстырғанда 6,5 жылға жуық бақылау кезеңінде өкпенің қатерлі ісігінен болатын өлім-жітімді шамамен 20% азайтты. Бұл шамалап алғанда 320 тексерілген адам арасында бір жол берілмеген өлімге сәйкес келеді.
- Қуықасты безінің қатерлі ісігі. Скрининг үшін простатаға тән антигенге (ПТА) қан талдауын қолданады. Мұнда да өлім-жітім деңгейінің төмендеуі дәлелденген, алайда қажетсіз диагностика мен емдеу қаупіне байланысты шешім қабылдау әлдеқайда қиынырақ. 23 жылға созылған ERSPC зерттеуінде ПТА скринингі қуықасты безінің қатерлі ісігінен болатын өлім-жітімді 13% азайтты. Бұл 1000 шақырылған ер адамға шаққанда шамамен екі өлімнің алдын алумен тең. Сондықтан талдау қажеттілігін жас шамасын, жеке тәуекелдер мен қалауларды ескере отырып, дәрігермен жеке талқылаған абзал.
Қазақстанда қандай онкологиялық скринингтер қолжетімді
2026 жылғы 28 қазандағы ахуал бойынша Қазақстанда онкологиялық скринингтің үш негізгі жаппай бағдарламасы әрекет етеді:
- Сүт безінің қатерлі ісігі: 40-76 жастағы әйелдерге – екі жылда бір рет маммография жасалады.
- Жатыр мойнының қатерлі ісігі: 30-74 жастағы әйелдерге – төрт жылда бір рет ПАП-сынақтама (жатыр мойнының жасушаларын зерттеу) жүргізіледі.
- Колоректальды қатерлі ісік: 50-76 жастағы ерлер мен әйелдерге – екі жылда бір рет нәжісті жасырын қанға талдау жасалады. Оң нәтиже болса, колоноскопия тағайындалады.
Кімге жиірек тексерілу қажет немесе мұны ертерек бастаған жөн
Ауруға шалдығу тәуекелі жоғары адамдарға жеке тексеру жоспары қажет. Дәрігерге келесі жайттар жайында міндетті түрде хабарлаңыз:
- ата-ананың, аға-інілердің, әпке-сіңлілердің және балалардың қатерлі ісігі туралы;
- отбасыдағы қатерлі ісіктің бірдей немесе байланысты түрлерінің бірнеше жағдайы жайлы;
- туыстың жас кезінде ауырғаны жөнінде;
- белгілі тұқым қуалайтын мутация хақында;
- бұрын анықталған қатерлі ісік алдындағы өзгерістер немесе қатерлі ісік турасында.
Бұл тұста ана жағынан да, әке жағынан да туыстарды есепке алады. Алайда «әжем қартайған шағында қатерлі ісікке шалдыққан» деген жағдайдың болғаны барлық ұрпаққа жыл сайынғы КТ қажет дегенді білдірмейді. Егер тұқым қуалайтын синдромға күдік болса, генетик-дәрігерге көрінген дұрыс.
Темекі тарту қатерлі ісік қаупіне қалай әсер етеді
Темекі түтінінің құрамында ДНҚ-ны зақымдайтын заттектер бар. Темекі тек өкпенің қатерлі ісігін ғана тудырмайды: ол ауыз қуысы, көмей, асқазан-ішек жолдары, қуық, бүйрек, ұйқы безі мен басқа да мүшелердің ісікке шалдығу қаупін арттыра түседі. Пассивті темекі тарту да қауіпті болып келеді.
Темекіден бас тарту кез келген жаста пайдалы, дегенмен қауіп біртіндеп азаяды. Темекі шегуден құтылуға дайын емес адамдарға зиянды азайтудың стратегияларын, мәселен, хиттерлерді қарастыруға болады. Қарапайым темекімен салыстыратын болсақ, мұнда темекі жанбайды, тек қана қыздырылады. Жанудың болмауына байланысты аэрозольдің құрамы темекі түтінінің құрамынан ерекшеленеді, ал зиянды заттектердің мөлшері 95% дейін төмен болады.
Артық тексерулер несімен қауіпті
- Жалған оң нәтиже. Тест күдікті көрсетеді, алайда нақтылау зерттеулерінен кейін қатерлі ісік табылмайды. Адам уайымдайды, қосымша процедуралардан, ал кейде биопсиядан – тіннің шағын үлгісін алудан өтеді.
- Тексеруден кейінгі асқынулар. Биопсия және эндоскопиялық процедуралар қан кетумен, инфекция және басқа да асқынулармен бірге жүруі мүмкін. Ауыр асқынулар сирек кездеседі, дегенмен болуы ықтимал.
- Гипердиагностика. Ешқашан симптомдарды тудырмайтын және өмірді қысқартпайтын баяу өсетін нағыз ісік табылады. Бұл жалған үрей емес: ісік бар, алайда оны анықтау пайда әкелмеуі мүмкін.
- Артық емдеу. Мұндай жағдайда кейде адам өмірін ұзартпайтын, дегенмен оның сапасын нашарлатуы мүмкін отаны жасатады немесе басқа ем алады. Медицина әзірге барлық қауіпсіз ісіктерді қауіпті ісіктерден сенімді түрде ажырата алмайды.
Отбасыда ешкім обырмен ауырмаған болса, скринингтен өту керек пе?
Иә, егер сіз ұсынылған жас санатына немесе басқа мақсатты топқа кірсеңіз. Отбасыда қатерлі ісіктің болмауы міндетті скринингтік бағдарламаларды жоққа шығармайды. Бұл ретте жеке қауіп факторлары дәрігердің ұсыныстарына әсер етуі мүмкін.
Қатерлі ісіктің қандай белгілері дәрігерге қаралуды талап етеді
- кеуде, қолтық, мойын, шап аймағында немесе басқа жерде тіннің қалыңдап қатаюы, не болмаса ісінуі, әсіресе, ол өсіп жатса;
- әдеттен тыс қан кету жайттары: зәрде немесе нәжісте қанның болуы, қан түкіру, емшектен шығатын қанды бөліністер, етеккір арасында немесе жыныстық қатынастан кейін қынаптан қан кету;
- омыраудағы өзгерістер: емшек ұшының тартылуы, пішінінің өзгеруі, кішкене шұңқырлар немесе апельсин қабығына ұқсайтын тері аймағы;
- түсіндіруге болмайтын салмақ жоғалту, тәбеттің төмендеуі, демалғаннан кейін де кетпейтін қатты әлсіздік;
- кетпейтін немесе күшейген жөтел не қырылдау, күшейе түскен ентікпе;
- жұтынудың қиындауы, тамақ тұрып қалғандай сезім;
- ішек жұмысының тұрақты өзгеруі: әдеттен тыс іш қату, диарея, нәжіс жиілігінің өзгеруі, іштің тұрақты кебуі;
- тері мен шырышты қабаттардың өзгерістері: өсіп жатқан немесе түсі мен пішінін өзгертіп отыратын мең, жазылмайтын жара, ауыздағы ойық жара;
- түсіндіруге келмейтін ұзаққа созылатын ауырсыну, сарыауру, қайталанатын температура немесе түнгі уақытта қатты терлеу.
Бұл белгілер міндетті түрде қатерлі ісіктің бар екендігін білдірмейді, дегенмен оларды дәрігер бағалауы керек. Егер мазасыздық тудыратын өзгерістер пайда болса, жоспарлы скринингке баратын жасты немесе келесі профилактикалық тексеруді күтпеңіз.