
Тіс сезімталдығы: бұл не және оның алдын алудың жолы
Мандариндер, тәтті газдалған сусындар мен мұздай шампан шарабы – бұл нағыз мерекелік классика, әрі онсыз Жаңа жылды елестету қиынның қиыны. Алайда тісіңіз үшін бұл тура жай жарылатын бомбаның әсері секілді. Қышқылдар, қант және температураның күрт өзгеруі тіс кіреукесін осал етеді және, тіпті, ең кішігірім маусымдық қуаныштар жағымсыз сыйлық – қатты ауырсынуды сыйлауы мүмкін. Жақсы жаңалық жоқ емес: тіс сезімталдығын азайтуға әбден болады. Лайқос тіс дәрігері Сергей Винокуровтан неліктен тіс сезімталдығының пайда болатыны мен оны жеңудің жолы турасында сұрастырды.
Тіс сезімталдығы қайдан пайда болады
Жалпы тіс сезімталдығы (гиперэстезия) – бұл салқын, ыстық және тәтті немесе қышқыл тағамдардан кенет пайда болатын жағымсыз ауырсыну. Қалыпты жағдайда тіс мұндайға реакция бермеуі тиіс: тіс кіреукесі дентинді толықтай жауып тұрады және жүйке арналарын қорғап тұрады. Дегенмен ол жұқарып немесе жалаңаштанып қалса, тіпті, тісті тазалаудың өзі қатты ауырсынуды тудырады.
Кіреукенің жұқаруы мен сезімталдықтың себептері
Тіс кіреукесінің зақымдалуы
Жарықшақтар, сына тәріздес сызаттар, ерте кариес немесе тамырдың жалаңаштануы бірте-бірте дентинді ашады. Қорғаныс қабаты зақымданған кезде тіс қандай да бір тітіркендіргіштерге бірден реакция береді.
Қышқылдар
Қышқыл орта тіс кіреукесінің минералдарын ерітіп жібереді (деминерализация). Газдалған сусынның, энергетиктің немесе шырынның әрбір жұтымы оны әлсірете алады. Сонымен бірге қышқылдар сілекейдің қорғаныс қасиеттерін төмендетіп, бұзылуды жылдамдата түседі.
Темекі тарту
Шайыр тістің бетінде үлдірді қалыптастырады, ал бұл жерде тістік өңез жиналады. Темекі түтінінен болатын тіс кіреукесінің тұрақты түрде қыздырылуы мен одан кейінгі салқындауы кішігірім сызаттарды тудырады, ал сілекейдің мөлшері азаяды – ауыз қуысының іші құрғақ әрі қышқыл бола түседі. Осының барлығы эрозия мен тіс кіреукесінің деминерализация үдерісін тездетеді. Шылым шегетін адамдарда қызыл иек аурулары, кіреукенің жұқаруы мен жоғары сезімталдық анағұрлым жиірек кездеседі.
Дұрыс тазаламау
Тіс сезімталдығына щетканың қаттылығынан бұрын тазалау сапасы көбірек әсер етеді. Егер тіс тек қана бірнеше секунд тазаланса, не болмаса кешкі гигиена мүлдем еленбесе, тістік өңез жинақталады да, қышқылдар мен бактерияларды ұстап тұрады. Уақыт өте келе бұл тіс кіреукесінің жіңішкеруіне және жоғары сезімталдыққа әкеліп соқтырады.
Тісті ағарту
Ағартудан кейін тіс сезімталдығы әрдайым дерлік күшейеді – бұл қалыпты реакция болып саналады және әдетте бір-екі күннің ішінде өтеді. Адам ағартатын пасталар мен гельдерді тым жиі қолданған кезде негізгі түйткіл пайда болады. Жоғары абразивті құралдар уақыт өте келе кіреукені жұқартады және тісті анағұрлым осал етеді.
Бруксизм (тісті шықырлату)
Тісті шықырлатқан кезде тіске салмақ түседі, әрі кіреуке оған төтеп бере алмайды. Кішкентай жарықшақтар пайда болады, тістің беті қажалады, тістің түп жағы жалаңаштанады, ал тіс айналасындағы сүйек тіні бірте-бірте азаяды. Түнгі немесе күндізгі тіс шықырлатуды байқайтын адамдарға әдетте жеке түнгі тіссауытты тағу ұсынылады – ол тіс кіреукесін қорғайды және оған түсетін жүктемені төмендетеді.
Қызыл иектің аурулары
Қызыл иек шегініп, әрі сезімтал келетін тістің түп жағын (ол кіреукемен жабылмаған) жалаңаштандырған кезде салқын, қышқыл немесе тәтті тағамдара деген реакция бірден дерлік пайда болады. Бұл қабыну аурулары – гингивит, пародонтит немесе пародонтоздың бар екендігін айғақтайды.
Тіс сезімталдығының емі мен алдын алу: 8 тиімді тәсіл
- Гигиенаны жақсартыңыз
Ең қарапайым нәрседен – сапалы тазалаудан бастаңыз. Күніне екі рет 3-4 минут бойы, қызыл иектен тістің шетіне қарай ұқыпты қимылдарды орындаңыз. Тамақтан кейін, әсіресе, қышқыл немесе тәтті тағамдарды жеген соң ауызды сумен шайған абзал – бұл қышқылдық деңгейін төмендетеді және тамақтың қалдықтарын кетіреді.
- Сезімтал тіске арналған пастаны таңдаңыз
Олар лезде әсер бермейді, дегенмен тұрақты түрде қолданылған кезде тіс кіреукесін қатайтады және тістің сезімталдығын әлдеқайда төмендетеді. Назар аударыңыздар: пайдасын байқау үшін пастаны кем дегенде 2-4 апта пайдалану керек.
- Қышқыл өнімдердің мөлшерін қысқартыңыз
Құрамында қышқылдардың деңгейі жоғары болып келетін сусындар мен азық-түлік – газдалған сусындар, энергетиктер, цитрустық, маринадтар, винегреттер, көптеген смузи түрлері – тіс кіреукесінің жұмсаруын тудырады. Бұл кезде ол ерекше осал болады. Егер біржолата бас тарту қиынға соқса, қышқыл сусындарды түтікше арқылы ішіңіз және содан кейін бірден тісіңізді тазаламаңыз, ең болмағанда, жарты сағат өтуі керек.
- Темекі шегуден бас тартыңыз
Көптеген адамдар темекі шегуден бірден құтыла алмайды: олардың көбіне шылымнан біржолата бас тарту үшін 5-10 рет талпыныс жасау қажет. Мұндай жағдайларда хиттерлерге көңіл аударуға болады, бұл – тіс кіреукесіне зақым келтіретін темекі түтінін бөлмейтін, әрі тістің бетінде үлдірді қалыптастыратын шайырдың түзілуіне жол бермейтін құрылғылар.
- Қызыл иек денсаулығын қадағалаңыз
Қызыл иектің төмен қарай түсуі тістің кіреукемен жабылмаған бөлігін ашады – осыдан барып сезімталдық та бірнеше есе артады. Тіс дәрігеріне тұрақты түрде тексерілу, кәсіби тазалау мен үй жағдайындағы дұрыс гигиена мұндай түйткілге тап болмауға көмектеседі.
- Тісті ағартуды теріс пайдаланбаңыз
Ағартатын пасталарды өте жиі пайдалану және, тіпті, кәсіби тазартуға жиі жүгіну тіс кіреукесін айтарлықтай зақымдай алады. Кез келген ағартудан бұрын тісіңіздің жай-күйін дәрігеріңізбен міндетті түрде талқылаңыз, сонда ол сізге ең аялауыш әрі қауіпсіз тәсілді таңдап береді.
- Тамақ температурасының кенет өзгеруінен аулақ болыңыз
Ыстық шайдан бірден салқын сусынға ауыспағаныңыз абзал.
- Кәсіби реминерализациядан өтіңіз
Тіс дәрігеріне барып, реминерализациядан өтіңіз. Фторлау, құрамында кальций бар гельдерді немесе қорғаныс лактарын жағу процедуралары тіс кіреукесін тиімді түрде қалпына келтіреді.
Қорытынды
Тіс сезімталдығын емдеу профилактикадан басталады. Заманауи күтім мен дұрыс әдеттер тіс кіреукесін қорғайды. Егер ауырсыну кенет күшейе түссе, тамақ ішуге кедергі жасаса, не болмаса ұзақ уақыт созылса, тіс дәрігеріне барғаныңыз жөн. Түйткіл ерте сатысында консервативті түрде шешіледі, ал күрделі жағдайларда винирлер немесе тіс қаптамалары көмектесе алады. Бастысы, жайсыздыққа шыдап отырмаңыз.