
Ауыздағы жағымсыз иіс қайдан пайда болады және онымен күресудің жолы
Ауыздан шығатын жағымсыз иіс – шетін мәселе, әрі бұл түйткілге шамамен әрбір үшінші адам тап болады екен. Сонымен бірге адамдардың көбі оның себебі жайында ойланбастан, мәселені сағыздың немесе сергітуші спрейлердің көмегімен жасыруға тырысады. Лайқосқа неліктен ауыздан жағымсыз иіс шығатынын және оған қарсы күресудің жолын анықтауға дәрігер-стоматолог Сергей Винокуров көмектесті.
Ауыздан иіс шығатынын қалай түсінуге болады
Негізінен адам өзі жағымсыз иістің бар екенін сезеді. Егер қандай да бір күмән болса, қарапайым әдісті сынап көріңіз – стақанның ішіне дем шығарыңыз да, сол ауаны немесе қолға сілекейді жағып иіскеңіз. Кейде түйткіл туралы жақын адамдар бірінші болып айтады.
Неліктен таңертең иіс әлдеқайда күшті
Көптеген адамдар таңертең ауыздан шығатын иістің әлдеқайда айқын болатынын байқайды – әрі бұл қалыпты жағдай, өйткені ол физиологиялық үдерістермен байланысты болып келеді. Түнде сілекейдің бөлініп шығуы азаяды, ауыз қуысы анағұрлым құрғақ бола түседі, өздігінен табиғи тазару болмайды, ал бактериялар белсендірек көбейеді. Осының нәтижесінде жағымсыз иіс күшейе түсуі әбден мүмкін.
Неге ауыздан иіс пайда болады
Ең жиі кездесетін себебі – ауыз қуысының мәселелері. Оларға жататындар:
- гигиенаның жеткіліксіздігі
- қызыл иектің аурулары
- тісжегі
- тіс қалдықтарының көп болуы
- ауыздағы құрғақтық
Гигиена жеткіліксіз дәрежеде болған жағдайда бактериялар әлдеқайда белсендірек көбейеді де, тамақ қалдықтары мен тіс өңезі жиналады. Ыдырау үдерісі барысында өткір иісі бар қосылыстар түзіледі.
Мәселен, тісжегі – бұл бактериялар мен тамақ қалдықтары оңай жиналатын тістегі қуыс. Оларды толықтай кетіру аса қиын, сондықтан ыдырау үдерістері ұзағырақ және белсендірек жүріп жатады.
Сол секілді қызыл иектің қабынуы да жағымсыз иіспен қатар жүруі мүмкін. Күрделі жағдайларда мәселені ушықтырып жіберетін, тіпті, іріңді бөліністер пайда болуы да ықтимал.
Тілдегі өңез бен стоматологиялық құрылымдар
Иістің тағы бір кеңінен тараған себебі – тілдегі өңез. Бұл бактериялардың жиналуы да, сонымен бірге жүйелі аурулардың көрінісі де болуы бек мүмкін.
Кейде мұның себебіне стоматологиялық құрылымдар айналады:
- нашар орнатылған пломба
- саңылаулары бар тіс қаптамасы
- протездер
- брекеттер
Егер тістер мен құрылым арасында кішігірім кеңістіктер қалып қойса, ол жерлерде бактериялар мен тамақ қалдықтары жинала бастайды. Бұл жағымсыз иістің пайда болуына жайлы ортаны туғызады. Сонымен бірге кез келген ортодонтикалық құрылымдар гигиенаны қиындата түседі, сондықтан бұл ерекше ұқыпты тазалауды талап етеді.
Темекі тарту
Шылымқұмарлар арасында ауыздан шығатын жағымсыз иіс жиі кездеседі, әдетте бұл әлдеқайда күштірек байқалады. Бұл бірнеше фактормен байланысты болып келеді: темекі тарту шырышты қабықтың құрғап кетуін тудырады, ауыз қуысының микробты теңгерімін бұзады, тіс қалдықтары мөлшерінің артуына септігін тигізеді, әрі ауыз қуысындағы температураны жоғарылатады. Нәтижесінде бактериялар анағұрлым жылдамырақ көбейеді, ал иіс айтарлықтай ауыр және күшті бола түседі.
Мұндай жағдайда сағыздар, спрейлер мен шайғыштар тек қысқа мерзімге әрі бүркемелейтін ғана әсер береді – олар себепті жоймайды. Жалғыз ғана пәрменді тәсіл – темекі шегуден бас тарту. Егер әзірге шылымнан біржолата бас тарту қиынға соқса, онда зияны әлдеқайда төменірек балама нұсқа ретінде хиттерлерді (қыздырылатын темекі) қарастырып көруге болады. Мұндағы темекі жанып кетпейді, ол тек қана 350°C дейін қыздырылады, әрі бұл шайырдың, тұншықтырғыш газ бен басқа да залалды заттектердің түзілуін төмендетеді. Бұл ағзаға деген әлеуетті зиянды азайтады және тіс өңезі мен тасының пайда болуына жол бермейді.
Алкоголь
Бұл ағзаның, соның ішінде ауыз қуысының сусыздануын тудырады, осының салдарынан сілекейдің бөлініп шығуы кемиді. Ал сілекей – бұл ауыздың табиғи тазалағышы, әрі ол бактериялар мен тамақ қалдықтарын шаяды. Сілекей азайған кезде бактериялар анағұрлым жылдамырақ көбейеді де, осылайша жағымсыз иіс күшейеді.
Екіншіден, алкоголь өздігінен өткір иіске ие, әсіресе, күшті сусындар болса, немесе ішімдіктер темекі шегумен бірге жүрсе, бұл иіс ауыз бен тыныс алу жолдарында қалып қоюы мүмкін. Сонымен бірге ішімдіктерді тұрақты түрде тұтыну ауыз қуысы мен ас қорыту жүйесінің микрофлорасын бұза алады, әрі жағымсыз иіс үшін жауапты болып келетін бактериялар мен саңырауқұлақтардың көбеюіне жағдай туғызады.
Назарыңызды құрамында алкоголі жоқ коктейльдерге аударып көріңіз, олар алкогольдің ащы және өткір иісіне жол бермейді, сонымен қатар ағзаға орасан зор зиян да келтірмейтіні рас.
Асқазан-ішек, өкпе аурулары мен лор-себептері
Кей кездері ауыздан шығатын иіс стоматологияға емес, басқа ауруларға – мәселен, асқазан-ішек немесе өкпе түйткілдеріне байланысты болады.
Жағымсыз иісті не тудырады:
- гастрит
- ойық жара
- өңештің қабынуы
- он екі елі ішектің қабынуы
- холецистит
- дисбактериоз
- өкпе аурулары
- жиі болатын ангиналар
- созылмалы тонзиллит
Осындай жағдайларда иіс, тіпті, жақсы гигиена болса да, жойылмайды, өйткені оның себебі ауыз қуысынан тыс жерде орналасқан.
Ауыздан иіс шыққанда расында не көмектеседі
Алғашқы қадам – тіс дәрігеріне қаралу. Егер мәселе тіс пен қызыл иекке байланысты болса, әдетте емдік шаралар жағдайды шешеді.
Жағдайдың алдын алуда не маңызды:
- тісті күніне екі рет тазалау
- тіс жібін немесе ысқышты қолдану
- шайғыштарды пайдалану
- тілді тазалау
- тіс дәрігеріне тұрақты қаралу
- темекі шегу мен ішімдікке салынудан бас тарту
Егер стоматологиялық себептер жоққа шығарылса, онда асқазан-ішек жолы немесе тыныс алу жүйесінің жай-күйін тексеру мақсатында басқа мамандардың көмегіне жүгінген абзал.
Қорытынды
Тек қана кешенді күтім, яғни, сауатты гигиена, уақтылы емдеу мен жаман әдеттерден бас тарту – түйткілді шынымен шешу мен оның қайта оралуына жол бермеуге мүмкіндік жасайды.