
Мастықтан тез айығу: 6 дақпырт және шын мәнінде не көмектеседі
Адамдардың көбі той-думаннан кейін мастықтан тез айығудың немесе масаңдық белгілерін жоюдың амалын іздейді – әрі айнала осы тақырыпқа байланысты кеңестерге толып жатыр. Алайда олардың дені жұмыс істемейді. Лайқос ненің шын мәнісінде көмектесетінін, ал ненің дақпырт екендігін айтып береді.
Неге мастықтан бір‑екі минутта айығып кетуге болмайды
Алкоголь қанға түседі, ал оны негізінен бауыр өңдейді. Жылдамдық тұтынылған ішімдіктің мөлшері мен ағзаның ерекшеліктеріне байланысты – және де оны ерік-жігер күшімен тездетуге болмайды.
АҚШ-тың Алкогольді теріс пайдалану және маскүнемдік мәселелері жөніндегі ұлттық институтының (NIAAA) мәліметтері бойынша алкогольдің бір стандартты порциясы ағзадан орташа есеппен алғанда 2-3 сағатта шығарылады. Бұл тек бағдар ғана – әртүрлі адамдарда сандар әртүрлі болып келеді.
Кофе мастықты тарқатуға көмектесе ме?
Жоқ. Кофеин сергітеді және ұйқышылдықты азайтады, дегенмен қандағы алкоголь концентрациясын төмендетпейді және үйлесімділікті қалпына келтіре алмайды. Кофеден кейін өзіңізді жақсы сезінуге болады, алайда сіз әлі де массыз.
Салқын себезгі көмектесе ме?
Бұл тұста да жоқ деуге болады. Ол сергітеді, бірақ алкогольді шығармайды. Ал қатты мас болғанда, тіпті, қауіпті болуы да мүмкін – құлап қалу немесе суық тию қаупі бар. NIAAA салқын себезгі алкогольдің әсерін жоймайтынын ерекше атап өтеді.
Серуендеу немесе спорт көмектесе ме?
Серуендеу біршама сергітеді, дегенмен алкогольдің өңделуін мүлдем жылдамдатпайды. Ал отырыстан кейін қарқынды түрде жаттығу жасау – жалпы нашар идея: алкогольді «терлеп шығару» мүмкін емес, есесіне ағзаға түсетін салмақ артады.
Майлы немесе ащы тамақ көмектесе ме?
Тамақ алкогольдің ең жоғары концентрациясын шамамен алғанда үштен бір бөлікке кемітуі мүмкін, алайда оны отырыстың алдында немесе барысында ғана жеу керек. Егер сіз ішімдікті ішіп қойған болсаңыз, майлы тамақ мастықтан айықтырмайды. Ащы тағам – ол да алкогольдің ыдырауын жылдамдатпайды, оның үстіне асқазанды тітіркендіруі әбден мүмкін, әсіресе, жүрек айнуы немесе қыжыл болғанда, соңғылары көбінесе масаңдықпен бірге жүреді. Қарапайым тамақты таңдаған абзал: сорпа, ботқа, банан, жұмыртқа немесе жеңіл тіскебасар – жай-күйіңізге қарай.
Сорбенттер көмектесе ме?
Жоқ. Сорбенттер қанға емес, асқазан мен ішекке әсер етеді, ал сіңіп кеткен алкогольді олар шығара алмайды. Белсендірілген көмірді зерттеу қандағы этанол концентрациясына немесе оның шығарылу жылдамдығына айтарлықтай әсер ететінін көрсетпеді.
Мастықтың салдарына шынымен не көмектеседі
- Ішуді тоқтатыңыз. Бас жазу үшін қайта ішудің қажеті жоқ – алкогольдің жаңа порциясы нашар хал-күйді тек ұзарта түседі.
- Су ішіңіз. Ол жоғалған сұйықтықтың орнын толтырады, дегенмен алкогольдің шығарылуын өздігінен жылдамдатпайды.
- Ағғзаңызға уақыт беріп, дем алыңыз.
- Көлік айдауға отырмаңыз – тіпті, өзіңізді мас емес сияқты сезінсеңіз де. Реакция мен үйлесімділік сырттай байқалмаса да, бұзылуы әбден мүмкін.