Ерлерге шәуетграмма тапсырудың маңызы: кеңестер мен ұсыныстар

Шәует-апокалипсисі: ер адамдардың бедеулігін қалай болдырмауға болады?

Уролог және андролог дәрігер әңгімелейді

Алдыңғы материалда айтқанымдай, бедеулік – бұл жұптың бір жыл бойы жиі болған әрі қорғалмаған жыныстық қатынастардан кейінгі бала көтере алмауы. Осы тұста шамамен 20% жағдайда тек қана ер адам жауапты болады және бедеуліктің барлық жағдайларының тағы да 30–40%-нда ол ықпал етуші қосымша фактор болып келеді. Материалдың екінші бөлігінде біз неліктен ерлерге шәуетграмманы тапсыру керектігі маңызды екендігін, егер сізге осындай диагноз қойылған болса, бедеулікті емдеудің жолы қандай, әрі бедеуліктің алдын алу үшін зиянды қалай төмендетуге болатындығы туралы егжей-тегжейлі талқылаймыз.

 

Қазіргі уақытта ерлер денсаулығы – бұл нағыз бейберекеттік. Олардың өмір сүру ұзақтығы, әйелдердікіне қарағанда, орташа есеппен бес жылға қысқа болып келеді және ер адамдарға созылмалы аурулар диагнозы көбірек қойылады. Алайда шәует сапасына тоқталып өтейікші. Бұл ер адамның жалпы денсаулық жағдайының биомаркері болып саналады, әрі егер ол қалыпты болмаса, бұл обыр, қатерлі ісік, диабет және осындай сияқты басқа да күрделі аурулардың бар екендігін білдіруі әбден мүмкін. Бірақ шәуетті талқылауға болмайды ғой. Бұл тақырыпқа біздің қоғамда, тіпті, тыйым салынған десек те болады. Алайда, қалай болған жағдайда да, жүктілікті жоспарлау барысында шәуеттен маңызды ешнәрсе жоқ.

 

Концентрациясы және саны — бір миллилитр шәуеттегі енуыздың саны мен эякуляттағы шәует жасушаларының жалпы саны — бұл көрсеткіш 1970-ші жылдардан бастап батыс елдерінде орта есеппен алғанда 50%-дан астам азайған. Жетекші теориялар арасында семіздік көрсеткіштерінің жоғарылауы, темекі тарту және физикалық белсенділіктің жоқтығы секілді өмір салтының факторлары, сонымен қатар эндокриндік жүйенің бұзылуына әкеліп соқтыратын химиялық заттектердің әсері аталып отыр. Алдыңғы мақалада біз олардың кейбіреулерін талқылаған болатынбыз.

 

Ер адамдардың бедеулігі – бұл ағзаның жыныстық және басқа да жүйелеріне әсер ететін көптеген, алуан түрлі патологиялық жағдайлардың клиникалық көрінісі болып келеді.

 

ЕР АДАМНЫҢ БЕДЕУЛІГІН ҚАЛАЙ АНЫҚТАУҒА БОЛАДЫ?

Бедеулік диагнозына шалдыққан ер адамның кез келген медициналық тексеруін дәрігер-андролог, не болмаса дәрігер-репродуктолог дәл осы шәуетграммасынан бастайды.

 

Шәуетграмма – бұл ер адамның ұрықтандыру қабілетінің дәрежесін бағалауға, сонымен қатар әртүрлі урологиялық ауруларды анықтауға мүмкіндік беретін шәуетті (эякулятты) зертханалық әдістемемен зерттеу. Шәуетграмма талдауының ақпараттылығын эякуляттың түзілу барысына ер адамның барлық репродуктивті жүйесінің қатысатындығымен түсіндіруге болады. Сондықтан шәуеттегі өзгерістер несеп-жыныс өзегінің (қуықасты безінде, шәует қуықшасында, бульбоуретраль бездерінде, атабезде және т.б.) кез келген деңгейінде патологиялық үдерістер болған кезде айқындалуы мүмкін.

 

Шәуеттің микроскопиялық зерттеуі жүргізілген кезде оның көлемі, түсі, ірің немесе қан жолақтарының бар болуы, оның тұтқырлығы, шәует жасушаларының пайыздық көрсеткіші, шәует жасушаларының пішіні мен қозғалғыштығы, шәуеттің рН деңгейі, енуыз құрамындағы шырыштың мөлшері бағаланады.

 

Егер қарапайым тілмен айтатын болсақ, ер адам шәует жасушаларының санын да, оның сапасын да анықтау үшін өзінің шәуетін тапсырады. Дегенмен ерлер аталмыш үдерісті соза беріп, оны зауықсыз тапсырады, ал оның әйелі болса, жүкті бола алмауының әртүрлі себептерін іздеп, кабинеттен кабинетке жүгіріп әлек болады.

 

Баласы жоқ барлық жұптарға да тексеруді ең алдымен ер адамнан бастауға кеңес беремін. Бұл уақытыңызды да, ақшаңызды да үнемдейтіні хақ. Неліктен? Өйткені дені сап-сау әйел құрсақ көтере алмай жүргенде, оның абсолютті сау емес ер адамы уақытында шәуетграмманы тапсырмаған болып шығады.

 

Өзімнің тәжірибемде мынадай жағдайларға тап боламын: баласы жоқ жұп келеді, әйел жылдар бойы тексеріліп, емделеді. Міне, құрсақ көтеру мақсатындағы сәтсіз талпыныстар, әлбетте, осы жұптың ЭКҰ-ға жүгінуімен аяқталады. ЭКҰ-ға баратын ер адамдар міндетті түрде шәуетграмманы тапсырады. Осы тұста шәуетграмманың «нашар» екендігі анықталады. Шәует жасушаларының саны мен сапасы төмен. Ал уақыт зая кетті. Шәует жасушаларының сапасы төмен болған жағдайда, тіпті, ЭКҰ-ның өзі де қажетті нәтиже бермеуі мүмкін. Өйткені эмбриондар әлсіз, әрі сапасыз келеді.

Жалпы алғанда үйленбеген, алайда отбасылы болуды жоспарлап жүрген кез келген жас ер адам шәуетграмманы әйел алғанға дейін тапсыруы керек. Осылайша, ер адам өзінде белгілі бір түйткілдердің бар-жоғын біле отырып, тексерілу мен емделуге деген уақыты болады. Бұл тұста келесіні түсінген маңызды: дені сау ұрпақ үшін екі адам да жауапты.

 

ЕР АДАМДАРДЫҢ БЕДЕУЛІГІН БОЛДЫРМАУҒА НЕМЕСЕ ЖҮКТІЛІККЕ ДАЙЫНДАЛУҒА АРНАЛҒАН ҰСЫНЫСТАР

 

– Темекі шегуден бас тарту (шәует жасушалары ДНҚ-сының зақымдануы маңызды факторлардың бірі болып келеді) немесе болашақта шылымнан біржолата бас тарту мақсатында, ең болмағанда, темекі тартудың балама нұсқаларына ауысу (темекіні қыздыруға арналған жүйелер, вейптер (мұндағы зиянды заттектердің мөлшері 95%-ға азырақ), никотинді алмастыратын терапия)

– Есірткі мен алкогольді тұтынудан аулақ болу

– Қызып кетуден сақтану (ыстық моншалар, бу бөлмелері, сауналар, ванналар, көліктегі орындықты жылыту және т.б.)

– Тұрақты жыныстық қатынас

– Кездейсоқ жыныстық қатынастардан аулақ болу, ЖЖБИ профилактикасы

– Ұма мүшелерінің жарақаттануын болдырмау.

 

Диетаны ұстану да өзіндік маңызды рөлге ие болып отыр. Дұрыс тамақтану, яғни, тағамдарыңыз көп қанықпаған май қышқылдары омега-3, кейбір антиоксиданттар мен дәрумендер секілді қоректік заттарға бай, ал қаныққан май қышқылдары (SFAS) және транс май қышқылдарының (TFA) мөлшері төмен болуы керек. Азық-түлік өнімдерінің топтарына келер болсақ, балық, моллюскілер және теңіз өнімдері, үй құстары, астық тұқымдастар, көкөністер мен жеміс-жидектер, сонымен қатар майлы емес сүт өнімдері шәуеттің сапасына оң әсер етеді.

 

Осы ұсыныстарда күрделі және шамадан тыс ешнәрсе жоқ сияқты көрінгенімен, алайда… Алайда ер адамдарымыз (әрине, барлығы емес, дегенмен көбісі) берілген ұсыныстарды – түк те емес деп, әрі олар ұрықтылыққа ешқандай әсер етпейді деп санайды.

 

Қымбатты ер адамдар, өздеріңізге мынадай сұрақты қойып көріңіздерші: мен аңсап күткен бала үшін, тек қана аңсап күткен емес, сонымен бірге дені сау баланы дүниеге әкелу үшін не істеуге дайынмын? Көбінесе патологиясы бар сәби дүниеге келгенде ата-анасы айналадағы адамдардың бәрін қатарынан кінәлауға дайын (емханадағы гинеколог дұрыс қарамаған, дәрігер УДЗ кезінде көрмеген, акушер дұрыс босандырмаған, көз тиді және т.б.). Бірақ былай: бұл менің кесірімнен болған шығар (мен темекі тартуды уақытында тастамадым, мен сақтанған жоқпын, дер кезінде дәрігерге қаралмадым және т.с.с.) деп айтатындар кемде-кем.

 

Ер адамдардың бедеулігін емдеу барысы хирургиялық араласу, инфекцияларды емдеу, жыныстық өмірдің түйткілдерін емдеу және жәрдемші репродуктивті технологияларды (ЖРТ) қамтуы мүмкін.

 

Овуляциясы барлар ғана жүкті болады, демек, бедеулік тек «әйелдердің мәселесі» деп ойлайтын заман – өтті. Ер адамдардың ұрықтандыру қабілетінің денсаулығын бағалау сәтті және сау жүктілікке деген алғашқы қадам болуы әбден мүмкін. Шәует – бұл болашақ баланың жартысы ғана, ал оның денсаулығы аналық жасушаның денсаулығы секілді маңызды болып келеді. Ұзақ уақыт бойы осы тақырыпта өз-өзіңді қалай ұстау керектігінің күштеп таңылған классикалық гендерлік үміттер мен жалған нанымдар туралы ұмытыңыз. Қазіргі таңда бедеулік туралы әңгімелер ерлер үшін де, әйелдер үшін де жақсы жаққа қарай өзгеріп келеді. Егер сіз әңгімеге, түйткілді қабылдауға ашық болсаңыз, онда емнің дұрыс жолын табуға және сәтті нәтижені көруге мүмкіндігіңіз арта түседі.

 

Аударған: Рита Сәрсенова

 

Как вы оцените статью?
[Total: 1 Average: 4]