Қазақстандағы сүт безінің қатерлі ісігінің профилактикасы: скрининг және маммография туралы ақиқат

Сүт безінің маммографиясы айналасындағы дақпырттар: шындық па, әлде жалған ба?

Әр жыл сайын қазан айы ғаламшарымыздың тұрғындарына кеуде обыры туралы оны анықтау жолдары, емдеу тәсілдері, әрі бұл дертке жол бермеу жайында егжейтегжейлі айтып беруге арналатын ай.

Тексерудің басты тәсілі – скрининг, бұл қатерлі ісікті ерте сатысында, яғни, оны емдеуге және аурудан айығып кетуге болатын кезде анықтап алуға көмектеседі. Онколог-маммолог маманы Анастасия Стригунова өзінің Лайқос жобасына арналған жаңа метериалында неліктен скринингтерден үрейленудің қажеті жоқ турасында және маммографтың шын мәнісінде қорқынышты емес, қайта несімен пайдалы екендігін әңгімелеп берді.

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде әрбір екінші адам өзін «сарапшы» санап, тексеруге арналған аппараттардың қаншалықты зиянды екендігі туралы айтып отырады, әрі сізді ешнәрсе мазаламаса, онда бұл тексерулерден, тіпті, өтуге де болмайтынын алға тартады. Алайда бұл қате пікір. Егер қатерлі ісік уақытында, демек ерте сатысында анықталса, бұл дерттен құлан таза айығып кету мүмкіндігі аса жоғары болып келеді. Дәл осы скрининг әдісі түзілімді әу бастан-ақ анықтауға, яғни, оған қарсы төтеп беруге болатындай кезде айқындауға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетсек: сүт безінің обыры көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда да, қатерлі жаңа түзілімдердің басқа түрлерінің арасында бірінші орында тұр. Оған қарсы күресудің ең жақсы әдісі – аурудың алдын алу шаралары мен тексерулерден өту болып саналады. Бәрін де егжей-тегжейлі қарастырайық.

Сүт безі қатерлі ісігінің диагностикасы мен алдын алу әдістері

Жас шамасына қарамастан, дәрігер-маммологтың қабылдауына жарты жылда бір рет бару керек деген кеңес беріледі. Ал егер шағымдар бар болса, ауруханаға бірден бару қажет.

Қандай тексеру түрлерінен өту міндетті болып келеді:

  • Сүт безінің УДЗ – жас шамасына қарамастан, әрбір жарты жыл сайын тексерілу. Шағымдар болған жағдайда – бұл тексеруден дереу өту керек.
  • Скрининг – СБМ (сүт бездерінің маммографиясы).
  • Сүт безінің МРТ.
  • Сабақтас мамандар – гинеколог, эндокринологтың қабылдауына жылына кем дегенде 1 рет бару.
  • Сүт безін өз бетімен тексеру – айына 1 рет.

Өзіңізді үй жағдайында қалай тескеруге болатыны жайында алдыңғы материалымда әңгімелеген едім.

Сүт бездерінің маммографиясы

Скрининг туралы кеңінен таралған дақпырттар

Маммография – бұл кеуденің ішкі бөлігінің суреті. Бұл сипалап табуға келмейтін өте кішкентай ісіктерді анықтауға немесе сүт ағатын жолдарының (түтіктер) түйткілдерін айқындауға көмектеседі.

Аппарат рентген сәулелерін қолданады, яғни, әртүрлі ракурстардан алынатын бірқатар суреттерді жасайды. Осы рентген суреттерінен кеуденің үш өлшемді суреттерін алу үшін компьютерді пайдаланады. Демек, маммография сүт бездерін анағұрлым егжей-тегжейлі және тереңдетіп қарастыруға мүмкіндік береді.

Аталмыш пайдаға қарамастан, күні бүгінге дейін маммографияның айналасында әртүрлі дақпырттардың таралуы жалғасып келеді.

№1 дақпырт. Маммография қауіпті. Рентген-сәулелену салдарынан обыр және қатерлі ісіктердің пайда болу қаупі артады деген жалған болжам бар. Бұл нағыз жаңсақ түсінік, әрі бұл шындыққа жанаспайтын нәрсе. Маммография қауіпсіз, әрі ол адам денсаулығы үшін ешқандай да сәулелік жүктемені келтірмейді.

№2 дақпырт. Маммография – қатты ауырсынуды тудыратын процедура, маммографиядан өткеннен кейін сүт безінің жарақаттары болуы мүмкін. Бұл да дақпырт болып саналады. Маммография ешқандай жарақаттарға әкеліп соқтырмайды. Тіпті, бұл тексеруден өткен кезде қандай да бір тәуекелдерге жол бермеу және процедураны мүмкіндігінше жайлы өткізу үшін сізге медициналық қызметкер әрдайым көмектеседі.

№3 дақпырт. Егер емделуші сүт бездерінің УДЗ өтіп қойса, онда маммографиядан өтуі міндетті емес. Бұл олай емес: маммография және УДЗ – бірін-бірі алмастырмайтын, яғни, бірін-бірі толықтырып тұратын, әрі толыққанды көріністі беретін зерттеулер.

№4 дақпырт. Маммография барлық әйелдерге аурудың алдын алу шарасы ретінде жасалады. Маммография – бұл зерттеу. Оны 40 жастан бастап жылына бір рет немесе көрсетімдер болған жағдайда кез келген жаста өткізеді.

№5 дақпырт. Емізу кезінде маммография қарсы көрсетілген. Шын мәнісінде олай емес. Емізетін әйел үшін де, сәби үшін ешқандай зиян келтірілмейді. Дегенмен мынадай бір жайт баршылық: маммографияның алдында сүтті сауып тастау немесе баланы емізіп алған дұрыс, сонда рентгендік суреттер анағұрлым ақпараттық бола түседі.

Сүт безінің МРТ

Қазақстанда скринингтен қалай өтуге болады

Жалпы алғандан Қазақстанда 40 жастан асқан әйелдер екі жылда бір рет маммографиядан тегін өту мүмкіндігіне ие. Зерттеу суретті екі рет оқу әдісімен жүргізіледі. Біріншісін емханадағы дәрігер оқыса, екіншісі онкологиялық орталықта оқылады. Қажет болған жағдайда қосымша диагностика тағайындалады. Скринингке жолдаманы учаскелік терапевт береді.

40 жасқа толмаған әйелдерге жыл сайын сүт бездерінің профилактикалық УДЗ тексеруінен өту ұсынылады. Сонымен бірге 2020 жылдан бастап жұмыс істейтін азаматтарда скринингтен өту мақсатында үш күндік ақылы демалыс алу құқығы бар.

Қорытындылай келе, мына бір жайтты естеріңізге салғым келеді: дәрігерлердің қабылдауына тұрақты түрде барған және салауатты өмір салтын ұстанған кезде, сүт безінің қатерлі ісігінің даму қаупі айтарлықтай төмен болып келеді. Тексерулер мен скринингтерден ұдайы өтіп отыру ісіктерді әу бастан-ақ анықтауға көмектеседі және толықтай сауығып кетудің өте жоғары пайызын көрсететін кешенді емдеуді өткізуге мүмкіндік береді. Интернеттегі қорқыныш тудыратын әрі керексіз ақпараттарға сенудің орнына бір рет дәрігердің қабылдауына барған әлдеқайда жақсырақ.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]