Темекі сүт безінің қатерлі ісігінің дамуына қалай әсер етеді? - Лайқос

Темекі тарту сүт безі қатерлі ісігінің дамуына қалай әсер етеді?

Маммолог Анастасия Стригуновамен сұхбат

Біз ауруды қоздыратын факторлар туралы, айқын және айқын емес жаман әдеттер, өзін-өзі диагностикалау тәсілдері мен қазіргі заманғы емдеу әдістері жайында маммолог маманы Анастасия Стригуновамен әңгімелестік. Сонымен бірге қандай белгілер елеңдетуі тиіс, «онкотұқымқуалаушылық» қаншалықты қауіпті, әрі зиян мен тәуекелді қалай төмендетуге болатыны турасында сөйлестік.

Темекі тарту диагноз қойылғаннан кейін сүт безінің қатерлі ісігінен ажал құшу ықтималдығын арттыра түседі деген пікір баршылық. Бұл шындыққа жанаса ма?

– Темекі түтінінің құрамында канцерогендердің үлкен мөлшері бар екендігі баршаға белгілі, әрі олар, біріншіден, әйел ағзасындағы гормондардың тепе-теңдігіне ықпал етуі әбден мүмкін. Сонымен қатар осы канцерогендердің әсерімен әйел ағзасындағы ДНҚ жасушаларында алуан түрлі мутациялар болып жатады, соның нәтижесінде жасушалар бақылаусыз бөліне бастайды. Дәл осы үдеріс бақылаудан шыққаннан кейін ісік аурулары дами түседі.

Аталмыш диагноз қойылған, әрі емделіп жатқан әйелдер туралы айтар болсақ, солардың ішіндегі темекі тартатындары арасында болжам аса қолайлы емес. Бұл немен байланысты болып отыр? Емдеу барысында, яғни, емдік шаралардың дұрыс тактикасы таңдалған кезде, темекі тартатын әйелдерде асқынулар, мәселен, тромбоз дамуының ықтималдығы жиі кездеседі. Сондай-ақ инфаркт, инсульт, әрі жүрек-қан тамырлары жүйесі жағынан, асқазан-ішек жолы жағынан асқынулардың пайда болу тәуекелі жоғары болып келеді. Әлбетте, мұндай жағдайда емдеуді тоқтата тұруға, не болмаса тактиканы өзгертуге, не болмаса тиімділігі әлдеқайда төменірек келетін дәрі-дәрмектерге ауысуға деген мәжбүрлік туындайды.

Сіздің тәжірибеңізде әйелдің темекіден бас тартып, не болмаса зияны анағұрлым азырақ балама нұсқаларға ауысып, осылайша өз өмірін ұзартқан, қатерлі ісігі айтарлықтай баяу дами бастаған, ремиссия кезеңіне өткен жағдайлар кездесті ме?

– Иә, менің тәжірибемде, шыны керек, мұндай жағдай болған. Әйел өзінің диагнозы туралы білген кезде алдымен оны мойындамау кезеңін басынан өткерген, яғни, аталмыш диагнозға шалдыққанына мүлдем сенгісі келмеді. Содан кейін ол диагнозын қабылдаған, әрі оған қарсы күресуге бел буған еді. Бір ай ішінде ол темекі шегуден бас тартқан болатын. Диагноз қойылғаннан кейін ол әйел анағұрлым жеңіл темекіге ауысады, ал содан соң темекіні қыздыруға арналған жүйелерді пайдалана бастайды. Айдың аяғына қарай олардан да біржолата бас тартады. Бұл емделушінің дерті бастапқы кезеңінде анықталған болатын, әрі біз емдеуді дер кезінде бастағанбыз. Оған қоса ол өзінің өмір салтын айтарлықтай өзгерткен, психологпен өте жақсы жұмыс істей отырып, әйел нәтижеге нақты бет алды, әрі қатты уайымдауды қойып, ұйқысын қалыпқа келтіріп, сондай-ақ спортпен шұғылдана бастап, көптеген зиянды өнімдерден бас тартқан еді. Жалпы ол толықтай жазылып кетті. Сол кезде емделуші әйелдің жасы 40 шамасында болған. Және де қазір ол есепте тұрған жоқ. Бес жыл бойы ол тұрақты түрде тексеріліп жүрді, содан кейін есептен шығарылды.

Кеуде обырының профилактикасы үшін не істеу керек? Тұрақты скринингтерден басқа.

– Ең бір қарапайым, сондай-ақ баршаға қолжетімді әдіс – бұл сүт бездерін өз бетімен тексеру. Мұндай өзін-өзі диагностикалауды қалай өткізуге болады? Ай сайын бір рет әрбір әйел айнаның алдында шешініп, әрі өзінің сүт бездеріне қарауы тиіс. Олар бірдей ме? Бұл тұста «бірдей» түсінігі қандай мағына береді? Сүт бездерінің біреуінде емшек ұшы ішке қарай тартылып қалған жоқ па екен, не болмаса, бәлкім, емшек ұшының екеуі де тартылып қалмаған ба? Емшек ұшында қандай да бір жара, сызаттар және т.б. жоқтығын тексеру. Терінің тартылып қалған, тыржиып тұрған жерлері жоқ па екен? Арқаңызға жатып, өзіңіздің сүт бездеріңізді ұстап көріп, сипап зерттеп, пальпация жасаңыз – қандай да бір жерінде белгілі бір түйіндердің жоқтығын қадағалау керек. Емшек ұшына басып көріп, қандай да бір шығындының бар-жоғын анықтау. Әдетте ешнәрсе бөлінбеуі тиіс. Кейде кішкентай мөлдір тамшы болуы мүмкін – бұл да қалыпты жағдай. Кей кездері бөлінетін шығынды сары, сары-жасыл, лас көрінетін жасыл түсті болса, бұл негізінен мастопатия үшін, жылауықтар үшін, ағу жолдары үшін тән болып келеді. Сонымен қатар бұл гормондық бұзылыстарға да байланысты болуы әбден мүмкін. Кейде шығынды қоңыр түсті немесе жаңа қан түрінде болады – мұндай жағдайларда дәрігерге дереу жүгінген абзал, тіпті, әйелді ешнәрсе мазаламаса да, ешқандай ауырсынуларды сезінбесе де – ол маманға баруы тиіс.

Бала табу да оң әсерін тигізеді. Қазіргі заманда бала туу – бұл, әрине, тек жеке бастың мәселесі болып келеді. Әркім осы мәселемен қай жаста айналысу керектігін немесе мүлдем айналыспауын өзі ғана шешуге құқылы. Дегенмен, жалпы алғанда әйелдің орташа физиологиялық репродуктивті жасы – 35 дейінгі жас болып саналады, ал 35 жастан кейін бұл мүмкіндіктер бірте-бірте төмендей бастайды.

Тағы да бір фактор – баланы емізу. 30 елде жүргізілген 47 эпидемиологиялық зерттеу қорытындыларының талдамасы көрсеткендей, салыстырмалы түрде сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупі емізу өтілінің әрбір 12 айы сайын 4,3% төмендейді екен. Сондай-ақ әрбір босанған және емізген сайын бұл көрсеткіш 7% төмендейді.

Диагноз қойылғаннан кейін зиянды төмендетудің тәсілдері бар ма? Пассивті темекі тарту қандай залал келтіреді? Мәселен, өзің тартпасаң да, ал үйдегі біреу тарқан кезде.

– Темекі тарту сүт безі қатерлі ісігінің тікелей себебі болып саналмаса да, бұл аталмыш дерттің даму қаупін айтарлықтай арттыра алады. Өйткені, осыған дейін айтқанымдай, ағзада жасушалардың мутациясы мен олардың бақыланбайтын өсімі болып жатады – бұл ісік үдерісінің басталуы болып келеді. Пассивті түрде темекі тартқан кезде жанып тұрған шылымнан шығатын түтін ғана емес, сондай-ақ шылымқұмардың өзі деммен біге жұтатын және деммен шығаратын негізгі түтін де жұтылады. Әрі статистика көрсетіп отырғандай, ешқашан шылым шегіп көрмеген әйелдерге қарағанда темекі тартатын әйелдерде сүт безінің қатерлі ісігіне шалдығу ықтималдығы 14% жоғары болады. Не болмаса пассивті темекі тартушыларда да дәл осындай жағдай. Сонымен бірге шылым шегу «өтілі» 10 жылдан артық болса, бұл сүт безі қатерлі ісігінің пайда болу қаупін 21% арттырады екен. Яғни, темекі тартпайтын және пассивті темекі шегуге ұшырамайтын әйелдермен салыстырған жағдайда. Сүт безі қатерлі ісігінің отбасылық анамнезі бар әйелдер арасында тәуекел 56% дейін жетеді. Бұл өте үлкен сан, ал егер әйел оған қоса темекі тартып жүрсе, қауіп одан бетер арта түседі.

Не істеу керек, зиян мен тәуекелді қалай төмендетуге болады? Ортаны өзгерту керек, пассивті түрде темекі тартуға душар болатын компанияларда болмағаныңыз абзал. Жалпы алғанда темекі шегуден бас тартуға тырысу қажет. Егер мұны өз бетімен жасау қиынға соқса, онда дәрігердің көмегіне жүгініп, қандай да бір дәрі-дәрмектерді немесе анағұрлым жеңіл темекіге ауысуды, не болмаса түтін шығармайтын темекіні қыздыруға арналған жүйелерге көшуді талқылаған жөн. Мұны қалай дұрыс жасауға болатынын дәрігермен ақылдасу. Нағыз мақсат болсын десеңіз, өзіңіз үшін нақты күнді белгілеп қойғаныңыз жақсы. Күнделікті жаттығу жасауды бастап, тіпті, жай ғана жаяу жүруден бастасаңыз да болады. Сонда көңіліңізді басқа нәрселерге аудара аласыз. Медитациямен айналысыңыз. Өзіңіз секілді ойлайтын пікірлес адамдарды тауып алыңыз. Мұның барлығы да қарапайым нәрселер, дегенмен олар шынымен де пәрменді шаралар.

 

Юлия Колмогорова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]