
Тісті қалай күту керек: ауыз қуысының денсаулығы бойынша нұсқаулық
Егер тісті сирек немесе бұрыс тазалап жүрсеңіз, онда қабыну, тісжегі және, тіпті, жүрекке байланысты түйткілдерге тап болуыңыз әбден мүмкін. Ал мұны барлық ережелерді сақтай отырып жасаудың жолы жайында тіс дәрігері Сергей Винокуров айтып берді.
Неліктен тісті дұрыс тазалаған маңызды
Күн сайын түзілетін тіс өңезінің құрамында миллиондаған бактериялар бар. Ол қабыну, тіс кіреукесінің бұзылуы, әрі тісжегі, гингивит пен пародонтиттің дамуына әкеліп соқтыруы ықтимал. Егер тісті уақытылы тазаламасаңыз, тіс өңезі жылдам минералданады да, тіс тасына айналады.
Дұрыс тазаланбаған тіс біртіндеп бұзылады, сондай-ақ қызыл иектің қабынуы мен ауыздан шығатын жағымсыз иіс пайда болады, әрі жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупі артады. Осындай жағдайдан аулақ болу үшін тіс дәрігерлері күніне екі рет – таңертең және, әсіресе, кешкісін мұқият тазалауды ұсынады. Түнде сілекейдің бөлініп шығуы біршама азаяды, ал бактериялар белсенді түрде көбейе бастайды, осылайша қабыну үдерістері қоздырылады.
Тісті бір тазалаған кезде кем дегенде 3-4 минут уақыт кетеді. Осының өзі тістің бетін, әрең жететін учаскелерді сапалы тазалау, аурулардың даму қаупін төмендету үшін жеткілікті.
Тісті кім ерекше жақсы тазалауы тиіс
Балалар, жасөспірімдер, аяғы ауыр әйелдер, брекеттер немесе элайнерлері бар адамдар, сонымен бірге шылымқұмарлар ауыз қуысының күтіміне айырықша көңіл бөлуі керек. Темекі түтінінің құрамында тіс кіреукесінің микрожарықшақтарына еніп кететін шайыр кездеседі. Бұл тісжегі, тіс өңезі, тіс тасы және қызыл иектің қабыну қаупін арттыра түседі. Сонымен бірге темекі тарту қызыл иектегі қан айналымын нашарлатады, жазылуды баялатады, тістің сарғаюын жылдамдатады және ауыздан шығатын жағымсыз иістің пайда болуына апарады.
Егер сіз әзірге темекі шегуден біржолата бас тартуға дайын болмасаңыз, хиттерлерді қарастырып көріңіз, олар – темекінің жануын болдырмайды, демек шайырдың түзілуіне, әрі ағзаға 7 мыңнан астам зиянды қосылыстардың түсіп кетуіне де жол бермейді. Дегенмен темекіден мүлдем бас тарту – тіс денсаулығы мен жалпы ағзаңызға жасай алатын ең жақсы қадам.
Тіс гигиенасына арналған мінсіз жинақ
- Тіс щеткасы – күтімнің негізі.
- Тіс пастасы – құрамында тіс кіреукесін нығайтатын әрі тісжегіден қорғайтын фтордың болғаны оңтайлы. Сонымен бірге қальций, гидроксиапатит (микрожарықшақтарды қалпына келтіреді) немесе қабынуға қарсы антисептиктер де пайдалы.
- Тіл қырғышы – бактериялар мен өңезді кетіруге көмектеседі.
- Монобумалы щетка – әрең жететін аймақтар үшін жарамды: тістердің арасы, қызыл иектің маңы, брекеттердің айналасы. Сезімтал учаскелері бар немесе тістері тығыз орналасқан адамдар үшін аса қолайлы.
- Ирригатор су ағынының көмегімен тістердің арасы мен қызыл иектің астындағы аймақты тазалайды. Әсіресе брекеттер, импланттар болғанда, пародонтозға шалдыққан және шылым шегетін адамдар үшін пайдалы.
- Тіс тазалауға арналған жіп щетканың жете алмайтын жерлеріне енеді: тістердің арасы мен қызыл иектің асты жағы. Тісжегі мен қабынудың алдын алады.
- Ауыз қуысына арналған шайғыш тіс тазалау үдерісін аяқтайды, деміңізді балғын етеді және бактериялармен күресуге септігін тигізеді. Құрамында спирті жоқ түрін таңдаған абзал.
Щетканы қалай таңдау керек
- Жұмсақ – сезімтал қызыл иек пен тіс үшін, жасалған ота немесе процедуралардан кейін.
- Қаттылығы орташа келетін – көпшілікке арналған әмбебап нұсқа.
- Қатты – сирек пайдаланылады, бұрыс тәсілмен қолданылса, қызыл иектің жарақаттарына әкелуі мүмкін.
Электрщеткалары тіс өңезін анағұрлым тиімді тазалайды және әлдеқайда ыңғайлы деп саналады. Алайда, егер дұрыс қозғалыстарды ұстанып, тістің бетін тұтастай өңдесеңіз, қарапайым щеткалар да өз міндетін айтарлықтай жақсы атқарады. Электрлік үлгілердің өзіндік кемшіліктері де бар – бағасы анағұрлым жоғары келеді, тұрақты түрде қуаттау немесе батареяларды ауыстырып отыру қажеттілігі бар.
Щетканың түріне қарамастан, оны әрбір 3-4 ай сайын, сонымен бірге аурудан кейін немесе қылшықтары бүлінген кезде алмастырған дұрыс.
Тісті қалай дұрыс тазалау керек
Тіс тазалауды оның сыртқы жағынан бастаған дұрыс, содан кейін – ішкі бетіне, содан соң шайнайтын тістерге ауысқан жөн. Щетканың қозғалысы сыпыру қозғалысына ұқсауы тиіс – қызыл иектен тістің шетіне қарай тазалаңыз, осылайша қызыл иекке зақым келтірмей, тіс өңезін тиімді алып тастайсыз. Ең дұрысы, тісті 3-4 минуттай тазалау. Тіл мен ұрттың ішкі бетіне де назар аударғаныңыз абзал: бұл аймақтарда да бактериялар мен өңез жинақталады, әрі бұл жағымсыз иіс пен қабынуды қоздыруы бек мүмкін.
Тісті таңғы асқа дейін, әлде кейін тазалаған дұрыс па?
Тамақтан кейін тазалаған дұрысырақ, сонда тамақ қалдықтары мен өңезді кетіруге болады. Егер таңғы асқа дейін тазаласаңыз, онда тамақтанғаннан соң ауызды шайып алғаныңыз жөн.
Тіс тазалаудағы негізгі қателіктер
- Щетканы шамадан тыс басу
- Тазалау ұзақтығының жеткіліксіздігі
- Тазалаудың жүйесіздігі
- Қышқыл өнімдерді (жеміс-жидек, шырын) тұтынғаннан кейін бірден тазалау. Тіс кіреукесіне зақым келтірмеу үшін 30 минут күте тұрғаныңыз абзал
Кәсіби тазалау қай уақытта қажет?
Тіс дәрігерлері әрбір жарты жыл сайын кәсіпқой тексеруден өтіп отыруға кеңес береді – бұл тісжегі, қабыну және басқа да түйткілдерді уақытында байқау мен олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Үй жағдайында жақсы күтім жасалғанның өзінде де жылына 1-2 рет кәсіби тазалауды жасатқан дұрыс: бұл қарапайым щеткамен алып тастауға болмайтын қатты түзілімдер мен өңезді кетіруге көмектеседі.
Қорытынды
Егер тіс тұрақты түрде және дұрыс тазаланса, көптеген аурулардың дамуына жол бермеу мен күрделі стоматологиялық емдеу қажеттілігін төмендетуге болады.