Шуылмен мазалаудың денсаулыққа әсері және қорғану жолдары

Улы дыбыс

Децибелдер қауіпке айналса, қандай шара қолдану керек?

Шудан келетін зиян көлік түтінікінен кем түспеуі мүмкін. Шудың ластауы деген не және оның ортасында қалсаң, қайтпек керек?

ҚҰЛАҚҚА КҮТІМ КЕРЕК!

Акустика «қоқысына» қарсы күрес Цезардің кезінде-ақ жүрген болатын. Мысалы, ежелгі Римде арбалардың түнде жүруіне тыйым салыныпты. Адамның қатты дыбыстан зардап шегетінін дәлелдеудің қажеті жоқ, мұндай оқиға әркімнің басынан өткен болар. Алайда өркениет дамуымен қатар зиян әкелетін дыбыс көлемі де ұлғайып бара жатыр. 1972 жылы АҚШ-та шумен күрес туралы заңның қабылдануы бекер емес. Түрлі мемлекет үкіметі шудың азаматтар ағзасы мен жағдайына тигізетін әсеріне алаңдаулы. Ол түсінікті, себебі қалыпты шу деңгейі ретінде 45 децибел тіркелгенімен, Каир, Гуанжоу, Лондон, Чикаго, Мәскеу секілді үлкен қалаларда бұл көрсеткіш жүзге бір-ақ жетеді. Иә, мегаполистерде шу деңгейі 95-105 дБ аралығында.

 

60 децибелге дейін бірқалыпты шу саналады. Алайда 65-75 дБ деңгейіндегі шуды адам тұрақты естіп отырса (бұл қаланың тұрғыны қалың ауданындағы жағдай), жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болу қатері еселеп артады.

 

Жалпы ұғынықты болуы үшін айта кетейік, адам әрдайым 90 дБ деңгейіндегі шудың ішінде жүрсе (мысалы, зауытта шулы цехте істесе), уақыт өте есту қабілетінен айрылу ықтималдығы өте жоғары болады.

 

105-110 дБ деңгейіндегі шу (рок-концерттегі музыка дыбысымен салыстыруға болады) «дыбыс масаңдығын» тудыра алады, тіпті сананың өзгеруіне де апаруы мүмкін.

 

135-145 дБ деңгейіндегі шу кезінде құлақтың ішіндегі жарғақ жарылады.

 

120-130 дБ – бұл енді көтеріліп бара жатқан ұшақтың дыбысы, 30-120 дБ – құрылыс техникасының тарсылы, 95-100 децибелді өтіп бара жатқан пойыз шығарады, 120 дБ жедел жәрдем сиренасына тән. Жалпы, көлік – қалалардағы шу «қоқысының» негізгі көзі.

 

Техникаға толы пәтеріміз де қалысып тұрған жоқ, мысалы, кір жуғыш машиналар 75-80 дБ деңгейінде тарсылдап кетеді. Блендер мен фен де (ең тыныш дегенінің өзі) шамамен сондай. Дыбыссыз жұмыс істейтін соңғы үлгідегі шаңсорғыштарды ойлап тапқандарға рахмет! Кондициялау жүйелері де ақырын шыққанына қарамастан жайсыз тиетін шуылмен «қамтамасыз» етеді.

 

Мұндай «жойқын шабуылдың» салдары ұйқының бұзылуы мен гипертониядан бастап, инфаркт пен ойық жараға дейінгі ауытқулардың бүтіндей спектрі сипатындағы қиын әрі алуан кейіпке ие. «Вибрация ауруы» атауына ие болған бұл құбылыстың клиникалық сипатын алғаш рет ХХ ғасырда профессор, медицина ғылымдарының докторы Евгения Андреева-Галанина көрсетіп кеткен болатын.

 

ЗИЯНДЫ ҚАЛАЙ АЗАЙТУҒА БОЛАДЫ?

Үлкен қаланың тұрғыны болсаңыз, өкінішке қарай, күніұзақта шудан қашып құтыла алмайсыз. Алайда үйде де, жұмыста да шағын «тыныштық аралдарын» қарастыруға болады. Ең бастысы, жайлы ортада болуға құқығыңыз бар екенін есте сақтаңыз. Құрылыс нормалары мен ережелері сол үшін әзірленген, яғни кеңсе у-шу болып кетсе, жұмыс берушіден жеке қорғаныс құралдарын немесе қызметіңізді атқаруға қолайлы жағдай жасап беруін талап ете аласыз.

 

Сонымен қатар NoiseTube қосымшасын пайдалануға болады, ол кез келген смартфонды айтарлықтай пайдалы шу өлшегішке айналдырады.

 

Жасыл желек, әсіресе ағаштар – дыбысты «жұтып» қоятын табиғи экран. Үйдің айналасын осындай жасыл белдеумен қоршауға барынша тырысыңыз. Бөлмедегі өсімдіктер де дыбыс күшін бәсеңдетуге көмектеседі.

 

Көлік магистральдарының бойында шудан қорғауға арналған арнайы экрандар орнатылады. Үйіңіз немесе жұмыс орныңыз үлкен жолдың бойында тұрса, осындай тосқауыл қою жағын қарастырыңыз.

 

Ғимарат ішіне шу терезе арқылы тап болады. Сапалы шыныпакетті терезе жағдайды жақсартуы мүмкін. Ал қалың матадан тігілген перде кем дегенде 10-15 децибелді «сіңіріп» ала алады. Сондай-ақ шу өткізбейтін арнайы перде сатып алуға да болады.

 

Пәтерді шу мүлдем өтпейтіндей етіп жасау – ұзақ әрі қымбат іс. Дыбысты оқшаулау үшін қабырғадан 5-10 см шығып тұратын қаңқа керек, ал бұл үйдің аумағын тарылтып жібереді. Бәлкім, тек бір жерді, мысалы, жатын бөлмені жабдықтауды ойластырып көрерсіз. Жақсы ұйықтау үшін шу деңгейі 30 дБ-ден аспауы керек.

 

Ауа желдету үшін кондиционерге балама ретінде бризерді қарастыруға болады. Бұл құрылғының шу деңгейі төмен, 18 бен 40 дБ аралығында.

 

Құлаққапты жақсылап таңдаңыз. Мұнсыз болмайды, алайда сапасына баса мән беру керек. Құлақ естімей қалса, оны қалпына келтіру мүмкін емес екенін ұмытпаңыз.

 

Құлақ тығынына да (беруши) мән беріңіз. Онымен ұйықтауды көп адам ұнатпайды, алайда кейде жақсы ұйқы үшін таптырмас құрал ретінде керек болады. Қазір өзіңізге ыңғайлы, үйреніп кететін тығын табу – мүмкін дүние.

 

ЕҢСЕНІ БАСАТЫН ТЫНЫШТЫҚ

Біртүрлі естілуі мүмкін, алайда шыны сол – мүлгіген тыныштық та адамға еш пайда бермейді. Дыбыссыз вакуумда бізді мазасыздық жайлайды, тіпті үрейге түсуіміз мүмкін. Жұмыс қабілетін сақтау үшін 45дБ шамасындағы шуыл керек.

 

Ал белгілі бір дыбыстар тіпті еңбек қарқынын арттыра алады. Әдетте оған табиғи «үн», яғни мысықтың пырылдағанын, жапырақтың сыбдыры мен толқынның шуын, құстардың әнін, жаңбырды, жанған оттағы отынның тырсылын жатқызуға болады. Үйреншікті техногенді ортада бізге дәл дыбыстар жетпей тұрады. Бәлкім өміріңізден оларға «орын тауып беру» жағын қарастыру керек шығар?

 

Аударған Димаш Зиядин

Фотоколлаж yanlaurentxo

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]