Күннен қаш
Жылдың ыстық мерзімінде денсаулыққа келер зиянды қалай азайтамыз?
Денсаулық тұрғысынан алып қарағанда әр маусым алуан түрлі қатер төндіруі мүмкін. Бұл жағынан жаз – жәй ғана қатардағы кезең емес, нағыз сақтанар мерзім. «НиЖевред» үш ай аптаптың ең «күйіп тұрған» проблемаларын жинап қана қоймай, дайын, сақ, ең бастысы, аман-сау жүру үшін не істеу керектігі туралы маңызды кеңестерді бөліседі.
КҮНГЕ КҮЮ
Күнге күю – жаз кезінде кездесетін ең кең таралған мәселе. Бұған ұшырасаңыз, теріңіз зақымданады, себебі оны күннің зиянды әсерінен қорғайтын меланин пигменті күн сәулесінің аса қарқынды әсерін игере алмай, жұмысын дұрыс атқарудан қалады.
Күнге күюді терінің зақымдануы ғана деп қабылдамау керек. Өйткені оның артында тері обырына ұшырау қатері тұр. Медиктер жүргізген зерттеу деректеріне сәйкес, бала кезде немесе жасөспірім шақта тері күлбіреп қалғанша күнге күйген адамда меланомының пайда болу ықтималдығы өмір сүру барысында екі еселенеді екен.
Қалай қорғанған дұрыс?
- Тек таңертең 10-11-ге дейін және кешке 16-17-ден кейін қыздырынған жөн. Бұл кезде күю қатері төмендейді.
- Ағзаны күн ваннасын қабылдауға біртіндеп үйрету қажет: алғашқы күндері ашық күн астында 5-10 минут қана болыңыз, содан кейін барып бұл уақытты тәулік сайын 2-4 минутқа арттырып отырыңыз.
- Бұлтты ауа райында да күнге күйіп қалуға болатынын ұмытпаңыз. Ал ылғал тері құрғақ теріге қарағанда жылдамырақ зақымдалады.
- Алкоголь және кей дәрі-дәрмек (мысалы, тетрациклиндер, оралды контрацептивтер, диуретиктер, диабет дәрілері) күнге күю қатерін арттыратынын қаперде ұстаңыз.
- Қорғаныс коэффициенті кемінде 15 SPF болатын, күн сәулесінен қорғауға арналған кремді әрдайым пайдалану қажет. Теріңіздің түсі неғұрлым ақшыл болса, қорғаныс деңгейі де соғұрлым жоғары болғаны абзал.
- Кремді жағажайға барардан 30 минут, сондай-ақ әр жолы шомылған соң немесе 3-4 сағат күнге қыздырынған соң жағып отырыңыз.
- Күннен қорғайтын көзілдірікті ұмытпаңыз.
Алғашқы жәрдем
- Ең бастысы, тездетіп көлеңкеге жасырыну керек. Суды көп ішіңіз.
- Салқын ванна немесе душ қабылдаңыз. Немесе күйіп қалған жерлерге мұзды яки салқындатылған қара шәй компресін басыңыз. Бұл терідегі жылудың бір бөлігін сорып алады, қан тамырларының керегесі тарылады, ісік қайтады.
- Құрамында алоэ вера, соя немесе сұлы сүті бар ылғалдатқыш лосьон пайдаланыңыз. Гидрокортизоны (1%) бар эмульсияны ең қатты күйген жерлерге жағыңыз.
- Ауырсынуды басу үшін ибупрофен секілді қабынуға қарсы бейстероидті құралдарға жататын дәрі-дәрмекті қолданыңыз. Аллергиялық ісік кезінде антигистаминді дәріні қабылдауға болады.
- Тері күбіп, күлдіреп кетсе, дененің температурасы көтерілсе, бас қатты ауыра бастаса, жүрек айну, күйіп-жанып дірілдеп кетсе, ақыл-есі кіресілі-шығасылы болса, шұғыл түрде дәрігерге хабарласу керек.
КҮН ӨТУ
Ағза аяқасты тым қатты қызып кетсе, яғни дене температурасы 38-40 градусқа дейін жетсе, бірақ терлеу жүйесі нашарлағандықтан тән өз-өзін салқындата алмаса, ыстық өтеді. Бұған тек күн астында жүріп ұшырауға болады деген – қате пікір. Күн өткен кезде әдетте адамның басы айналады, жүрегі айниды, қалтырайды, басы ауырады, құлағы шуылдайды, есінен танарға шақ қалады, терісі құрғайды, тамырдың соғуы жылдамдайды. Ағзаның бұлайша қызып кетуі бүйректің, бас миының, жүректің қатерлі проблемаларына әкеліп соғуы мүмкін.
Қалай қорғанған дұрыс?
- Термометр көрсеткіші тым қатты көтеріліп кеткен кезде уақыттың көп бөлігін көлеңкеде, салқын жерде өткізуге тырысу. 11 мен 16 сағат аралығы – ең қауіпті кезең.
- Суды (газсыз болғаны жөн) немесе көк шәйді барынша көбірек ішу.
- Киімді дұрыс таңдау. Барынша ашық түсті, кең және табиғи матадан тігілгені дұрыс.
- Қалпақ, панамка, қамыс қалпақ, қолшатыр, тіпті желпуіш секілді дүниелерді ұмытпау.
Алғашқы жәрдем
- Ағзаның салқындауын қамтамасыз ету. Ең қарапайым әдіс – салқын сумен жуыну.
- Маңдай мен шүйкеге суық компресс қою.
- Таза ауаға шығу немесе бөлмені желдету.
- Артық киімді шешіп тастау.
- Суды көп ішу.
- Дәрігер шақыру.
СУСЫЗДАНУ
Су ағзамыздағы барлық ішкі процеске қатысады, дененің температурасын қалыпқа келтіріп, жасушаларға оттегі мен пайдалы заттарды жеткізеді. Сусыз тәннен токсиндер шықпайды, шлактан тазаланбайды. Сондықтан су көлемі сәл азайса да, адамның жағдайы айтарлықтай нашарлауы мүмкін.
Су ресурсы азайып кетсе, адам дел-сал болып, ұйқысы келеді, жылда шаршайды. Көзінің асты қараяды, кіші дәретке барудан қиналады, жады нашарлайды. Мазасыздық, депрессия, стресс, ашушаң болу да ағзадағы сұйықтың көлемінің кему салдарынан туындауы мүмкін.
Қалай қорғанған дұрыс?
- Су ішу режимін қатаң сақтаңыз: ыстық кезде күн ішінде кемінде 8-10 стақан су ішу керек. Ең абзалы, газсыз, тазартылған табиғи су құйылған шағын бөтелкені өзіңізбен алып жүру.
- Алкоголь, кофе, стресс, диета, бүйрек тазалайтын дәрілер сусыздануды күшейтінін есте сақтаңыз.
- Тершең адамдарға тәуліктік су нормасын арттырған жөн.
Алғашқы жәрдем
- Басты, денені ылғал матамен орау.
- Мына коктейльді әзірлеңіз: бір литрдей сәл жылы суға бір ас қасық қант, ¾ шәй қасық тұз және апельсин шырынының жарты стақанын салыңыз. Аз-аздан ішіңіз. Бұл шөлді басуға және ағзадағы тұз, калий, натрий жетіспеушілігін қалпына келтіруге көмектеседі.
ЖАЗҒЫ АНГИНА, ЖРВИ, ӨКПЕНІҢ ҚАБЫНУЫ
Жазда жәй ғана тұмау емес, одан да қатерлі ауруға ұшырау бір жағынан көңіл-күйді түсіреді, бір жағынан оп-оңай. Бронхит, цистит, ангина, фарингит, отит, гермес – мұның бәрі адамның ыстық күнде пысынап жүрмеймін деген түсінікті тілек-қалауының жиі орын алатын салдары. Көп жағдайда аталған сырқаттар температураның күрт өзгеруінен болады. Жаз кезінде үлкен қала тұрғынының аптап қапырықтан кондиционер ұрып тұрған аз кезінде үлкен қала тұрғынының аптап қапырықтан кондиционері ұрып тұрған ғимаратқа кіріп, денесін «құтқарушы» саналатын желге тосатынын, мұз салынған сусындар ішіп, салқын судан шығуға асықпайтын еске алыңызшы. Мұндай температура өзгерістері иммун жүйесіне кері әсер етеді, ақырында қорғаныс жүйесі сыр беріп, тән түрлі вирус пен микробтың құрбанына айналады. Ал жазғы ыстық пен жоғары ылғалдық – көзге көрінбейтін тіршілік иелері үшін ең ғаламат орта.
Қалай қорғануға болады
- Ана жерде, мына жерде суға түсе беріп, салқын тигізіп алмаңыз. Денеңіз түршігіп, жиырылып, ерніңіз көгергенше жүре бермей, ара-тұра жағаға шығып, қыздырынып алыңыз.
- Суық су мен балмұздықтың шегін біліңіз.
- Өкпек желдің өтінде қалмаңыз.
- Кондиционер қосылып тұрса, бөлмедегі температураның 21–24 °С деңгейінде сақталғанын қадағалаңыз. Сонда ыстық өтіп кету де немесе, керісінше, суық тиіп қалу да болмайды. Сонымен қатар даладағы және кондиционері бар үйдегі не көліктегі температура айырмашылығы 6-8 градустан артық болмау қажет.
- Тәнді шынықтырып отыруға тырысыңыз.
Алғашқы жәрдем
Бұл жағдайда емнің түрі қандай аурға ұшырағаныңызға байланысты анықталады. Қалай болғанда да, «ниЖевред» өз бетіңізше емделмеуге (жәй ғана тұмау болса да), тез арада дәрігерге қаралуға кеңес береді. Себебі ол мұндай жағдайда не істеу керегін бәрімізден артық біледі.
Аударған Димаш Зиядин