Ыс басқан
Темекі тартқаннан тіс неге сарғаяды және одан қалай құтыламыз?
Сарғайған тіс, сарғайған саусақ және әбден сіңіп қалған ыстың исі… «Нағыз джентльменге» тән бұл қасиеттерді баяғыда тарих қойнауында қалдыру керек еді. Үстіңнен жағымсыз иіс шығып тұрса, темекі тарта-тарта тісің сарғайып кетсе, бұл жаман әдетке салынғаның – пайдасыз және талғамсыз ғана емес, мүлдем өзектілігін жоғалтқан дүние. Проблемамен қалай күресуге болатындығы туралы айтып берейік.
Тіс сарғайып, өңез басудағы қисын қарапайым: тазалап отырмау үшін ластамау керек. Яғни тісті сарғайтатын басты себепті жою қажет. Ол себеп – шылымқорға шайыр, ыс газы және канцерогендер «сыйлайтын» темекінің жану процесі.
Ә дегенде ойға оралатын кеңес – темекіні тастап кету. Алайда никотин деген тәуелдік күшті болса, бұл кеңестің жүзеге асуы қиын екенін түсінеміз. Бұл жадайда сол никотинді қабылдаудың зияны салыстырмалы түрде аз әдістерін қарастыруға болады. Мысалы, сенімге ие өндірушілер шығаратын заманауи гаджеттердің көмегімен жүгіне аламыз. Темекіні қыздыруға арналған бұл жүйелер арқылы адам түтіннің орнына құрамында никотин бар, алайда түтінде кездесетін аса қауіпті шайырдан ада аэрозоль қабылдайды. Ал шайыр болмаса, тіс те сарғаймайды.
Бірақ бұл шешімге кеш келсеңіз және тісіңіздің түсі өзгеріп кетсе не істеу керек? Бұрынғы қалпына келтірудің жолы бар ма?
ТІС ҚАЛАЙ САРҒАЯДЫ?
Шылым шеккен кезде біз темекі түтінін жұтамыз. Жоғары температурада тістің эмалі жылдам зақымданады. Салдарынан шағын жарықшақтар пайда болады, ал мұндай орынға Менделеев кестесіндегі заттардың көпшілігі үйір келеді. Жалпы, аталған түтінде темекі жапырағы мен шылым қағазы жанғанда бөлінетін мыңдаған қоспа бар екенін білетін бе едіңіз? Шылымды сорған кезде біз өзімізді іштен «қақтап», кептіреміз. Ал ауыздағы ағараңдап көзге бірден түсетін тісте бұл өзгеріс бірінші кезекте байқалады.
ТІСТІҢ САРҒАЮЫ НЕСІМЕН ҚАУІПТІ?
Түсі нашарлап, өзгеріп кетті деген ойға бірден оралатын дүниеден бөлек тістегі өңез алуан түрлі басқа да жағымсыз дүниелермен «жарылқауы» мүмкін. Жоғарыда айтылған шағын жарықшақтарда бактериялар жылдамырақ және жеңіл көбейеді. Шайыр шөгіндісі – тітіркендіргіштердің өсіп-өнуі үшін таптырмас орын. Кариеспен осы тұста танысамыз.
Оның үстіне шылым шегіп тұрған адамның сілекейіндегі ақуыз кадмий сульфатымен байланысады. Бұл – алғашқыда көрінер-көрінбес өңез түрінде пайда болатын темекі түтіні өнімдерінің бірі. Алайда шылымқор тұрақты түрде, «алған бетінен қайтпай» шылым шеге берсе, аталған қоспа тістің мықты, берік тасына айналады. Артынша оның төңірегінде де тамақтың қалдықтары жинала бастайды. Қабыну, пародонтит және гингвитті осы жерде ұшырастырамыз.
Бұл жағдайда үйде кәдімгі щеткамен тазалап, емделе алмайсың. Көмекке әлеуеттірек «біреуді» шақыруға тура келеді
.
ТІС ӨҢЕЗІН КӘСІБИ ТҮРДЕ ТАЗАЛАУ
Стоматология клиникасында тіс тазалаттыру үйдегі шаралар жеткіліксіз болған жағдайда қолданылады. Оны кез келген адам әр жарты жыл сайын жасатып тұру керек деп саналады. Ал шылым шеккеннен тіс сарғайып, ластанып кетсе, бұл әдістің өзектілігі тіпті де күшейе түседі.
Мамандар мыналарды ұсынады:
- механикалық немесе қолмен тазалау. Мұнда дәрігер арнайы құралдармен тіс өңезін және тасын алып тастайды. Және бұл жағдайда эмаль мен шырышты қабық зақымданбайды.
- Air Flow – Эйр Флоу – тісті су, қажақ және ауаның ағынымен тазалайтын арнайы аппарат. Жақсы ағартады, табиғи түсті қайтарады, қол жетпейтін орындарды тазалайды, алайда әбден қатып, нығайып алған тасты кетіре алмайды.
- ультрадыбыстық тазалау – ультрадыбыс толқындарының көмегімен жиналған шөгінді және тас жойылады. Бұл әдістің артықшылығы – механикалық тазалау секілді емес, адам ауырсынуды аса сезіне қоймайды.
- лазермен тазалау – қол тигізбей тазалаудың тағы бір әдісі. Ең қымбаты да осы. Мұндай сәйкес толқындағы жарық ағыны эмальді тазартып, бактерияларды жойып, тастағы сұйықты буға айналдырып жібереді, яғни оны алып тастауды оңайлатады.
- тісті кәсіби жолмен ағарту – косметикалық процедура. Тіпті табиғи түстен де ары кетуге, жақсылап ағартуға болады. Алайда эмаль өзгеретіндіктен, кәсіби ортаның өзінде бұл тәсілді ұнатпайтындар бар.
Оңтайлы нәтижеге қол жеткізу үшін кәсіби тазалаудың түрлі әдістерін араластырып қолдану ұсынылады.
ҮЙ ЖАҒДАЙЫНДА ТЕМЕКІ ТАРТҚАННАН ПАЙДА БОЛАТЫН ТІС ӨҢЕЗІН ТАЗАЛАУ
Тісті өз бетіңше тазалау үшін бірінші кезекте шылымқорларға арналған арнайы паста алу керек. Әдетте оның құрамында қажақ және ағартушы қоспалар болады. Қажақтың қатты бөлшектері тазалау кезінде үйкелісті күшейтеді, осының арқасында сарғайған өңезді жақсырақ кетіреді.
Табиғи түсті қалпына келтіру үшін паста құрамында эмальді нығайтатын элементтер болуына мән беріңіз. Мысалы, фтор мен кальций болуы қажет. Олар тазалаушы компоненттердің тым қатты тазалап жіберсе, зақымдалған жердің қалпына келуіне көмектеседі.
Интернетте ас содасымен тісті тазалап, ағартуға болатыны жайлы мақалаларды жиі кездестіруге болады. Оның да түрлі жолдары бар, мысалы, сутегі асқын тотығын, лимон шырынын, йод, сірке суын, тіпті құлпынай қосуға болады-мыс. Алайда біз мұндай әдісті аптасына ары кетсе екі рет қолдануға, шегін білуге кеңес берер едің. Үй жағдайында қажет пропорцияларды дұрыс өлшемей, онсыз да темекі түтінен бұзылған тіс эмалін құртып алу қаупі бар.
Тісті ағарту (өңезден тазалау емес) үшін эмальді ағартуға арналған үйде қолдануға болатын жүйелер мен ағарататын жолақшаларды байқап көре аламыз. Алғашқысында арнайы гель мен тіссауыт болады және бірден байқалатын нәтижемен қамтамасыз етеді. Екіншісі біртұтас ағарта қоймауы мүмкін, атап айтқанда тістердің арасында қарайған орындар қалуы ықтимал.
Тіс тасы пайда болуының профилактикасы ретінде тіс жібін тұрақты қолдану ұсынылады.
***
Кез келген проблемамен күресте оның салдарымен емес, себебін жоюға тырысу керектігін еске сала кетейік. Тіс сарғаймауы үшін темекі тарпаңыз. Ал бастап кетсеңіз және дәл қазір біржолата қоя алмаймын десеңіз, темекі жанбайтын, тек қызатын, алайда никотимен бәрібір қамтамасыз ететін зияны азырақ құралдарды пайдаланыңыз.
Дәл осы темекі түтіні тісіңізді де бүлдіреді, басқа мүшелерді де зақымдайды. Жану процесінен бөлінген заттар ауыз қуысындағы шырышты қабыққа қонады, өңеш пен өкпені ластайды. Басқалары сілекеймен ас жолдарына, асқазанға түседі. Осыдан соң… Жалғастыра берейік пе, сенімдісіз бе? Әлде темекі түтінін жұтып қайтудан айныдыңыз ба?
Аударған Димаш Зиядин