Сау жүрек: әйгілі кардиолог Евгений Авериннің 5 кеңесі
Сіздердің назарларыңызға белгілі кардиолог Евгений Авериннен алған сұхбатымыздың екінші бөлімін ұсынамыз, бұл жерде ол жүрек ауруларының алдын алу жолдарының қайсысы ең маңызды екендігі туралы, жүрек пен физикалық белсенділіктің байланысы жайлы әңгімелеп, жүрегін сау қалпында сақтауды қалайтындар үшін бес кеңесін ұсынып, әрі кардиология саласындағы ең әсерлі инновация туралы өз пікірімен бөлісті.
Жүрек ауруларының алдын алу жолдарының қайсысын ең маңызды деп санайсыз?
– Өмір салтын өзгерту керек. Алайда бұл көпфакторлы үдеріс болып келеді. Оған не кіреді? Ең бірінші кезекте – тамақтануды өзгерту. Бүгінде тамақтанудың нақты қандай түріне басымдық беріліп отыр? Жерорта теңізі диетасы – ең үздіктердің бірі болып саналады. Демек тұтынылатын теңіз өнімдерінің санын ұлғайту, жануар майларын өсімдіктерден алынған майларға алмастыру (бұл холестеринді жалпы азырақ көлемде тұтынуға мүмкіндік береді), тұздың көлемін төмендету керек және т.с.с. Тәбеттік мінез-құлықты өзгертеміз. Соның ішінде тәбеттік мінез-құлықты өзгертудің ең маңызды факторларының бірі – тәулігіне қабылданатын тамақ мөлшеріндегі калоражды азайту болып келеді. Қазіргі заманғы адам күніне шамамен 1700 калорияны жұмсайды: әйелдер – 1500 ккал төңірегінде, ер адамдар – шамамен 1700-2000 ккал. Дегенмен, бір өкініштісі, жеп қоятын калориямыздың саны 3000-3500 ккал жетеді. Қалғанының барлығы да семіздікке әкеліп соқтырады. Ал семіздік – бұл өте күшті тәуекел факторларының бірі екендігі сөзсіз. Екінші жайт – тәтті тағамдарды тұтыну. Бұл диабет алды жағдайға, қант диабеті мен жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуына апарады.
Әлбетте, темекі тарту секілді жайт туралы да ұмытпағанымыз жөн. Бұл адамдарды өкпенің қатерлі ісігі көмегімен өлім тәуекеліне ұшыратып қана қоймай, сондай-ақ адам ағзасының иммунитетінің төмендеуіне әкеліп соқтыратын фактор. Осының нәтижесінде бронхтардың эпителийі өледі. Ал бұл ағзаның қорғаныш реакциясы болып келеді. Ағзаның ішіне шамамен 6-7 мың зиянды заттектердің еніп кетуі патологиялық реакциялардың нағыз «сарқырамасын» іске қосып жібереді, соның ішінде бұл жүрек-қан тамырлары дерттерінің пайда болуына әкеліп соқтырады. Сондықтан ең алдымен адамның қолынан келетін бір нәрсесі – бұл темекі шегуден мүлдем бас тарту. Ал егер біз нақты бір адамның темекі шегуден толықтай бас тарта алмайтындығын түсініп отырсақ, онда оған жарамды нұсқа – темекіні қыздыруға арналған жүйелерге ауысу, бұл балама нұсқа жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін айтарлықтай төмендетеді.
Жүрек пен физикалық белсенділіктің байланысы жайлы әңгімелесейікші. Жүрек үшін қандай белсенділіктер пайдалы екендігін айтып беріңізші. Физикалық жүктеме жүрек үшін қауіпті болуы мүмкін бе? Өмірлерінде спортзалға алғаш рет барып, кенеттен әрі қарқынды түрде спортпен шұғылдана бастап, инфарктқа тап болған 45+ жастағы адамдардың (негізінен ер адамдардың) хикаялары туралы естуіміз бар.
– Барлық жағдайларда да ұстамдылық танытқан маңызды. Егер біз адамның спортпен ешқашан айналыспағандығын, не болмаса кез келген физикалық жаттығулармен шұғылданбағандығын тілге тиек етсек, демек бұл тұста үлкен жетістіктер спорты туралы айтып отырған жоқпыз. Мен жалпы жұрт танитын спорт түсінігі, яғни, футбол, теннис, топ ішінде өткізілетін спорт түрлері, қандай да бір жеке түрдегі жаттығулар жайында сөз қозғап отырмын. Мұндай жағдайларда физикалық жүктемені кенеттен бастап кету – бұл әрқашанда жаман идея екендігі айдан анық. Осы жерде қандай ұсыныстар беріледі? Барлық клиникалық нұсқауларға физикалық белсенділіктің параметрлері баяғыда-ақ енгізілген. Ол төмен, орташа және жоғары қарқынды болып бөлінеді. Осылайша қарапайым адам үшін орташа қарқынды белсенділік – ең дұрыс таңдау болып саналады. Бұл дегеніміз не? Бұл жаяу жүру, велосипед тебу, әріптестеріңіз, достарыңыз, не болмаса балаларыңызбен әртүрлі спорт ойындарын ойнауды (үстел тенисі, үлкен теннис, футбол, баскетбол, волейбол) білдіреді. Яғни, өзіңіз жақсы көретін спорт түрі. Егер қолжетімді белсенділіктер туралы айтар болсақ, әсіресе, егде жастағы адамдар үшін күн сайын кемінде 30 минуттан жаяу жүру қажет. Бұл жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін төмендетеді және өмірді ұзарта түседі.
Клиникалық ұсыныстар арасында адам аптасына бес күнде кем дегенде 30 минут бойы жаяу жүруі керек деген түсінік баршылық. Дегенмен бұл адамның жұмыс күндері қызмет істейтін орнына және үйіне дейін (не болмаса немерелеріне және үйіне дейін) жүреді де, ал сенбі және жексенбі күндері ешнәрсе жасамайды деген сөз ғой. Алайда осылай жасауға мүлдем болмайды. Екі күн қатарынан физикалық жүктемесіз қалуға болмасы анық. Ең жақсы нұсқасы – күнделікті кемінде 30 минуттан жаяу жүру.
Өз жүрегін сау қалпында сақтауды қалайтын адамдар үшін қандай 5 кеңес берер едіңіз?
– Бірінші – бойыңызда салауатты немқұрайлылықты тәрбиелеңіз. Бұл нені білдіреді? Яғни, сізге айналадағы болып жатқан жайттардың барлығын жүрекке жақын қабылдауыңызға болмайды. Бұл сіз үшін күйзеліс, мазасыздық, депрессиядан аулақ болуға көмектеседі. Демек, әлемді арман-қиялыңыздағыдай емес, сол күйінде қабылдау. Айналаңызда болып жатқан кез келген жағдаяттарға біркелкі қарау – бұл жүрек-қан тамырлары жүйесі үшін нағыз жетістікке жетудің кепілі болып келеді. Орталық жүйке жүйесіне келер болсақ, мұнда да дәл осындай жағдай.
Екінші. Әлбетте, бұл физикалық белсенділік. Өмір – бұл қозғалыс. Бұның әсіресе қант диабеті ауруына шалдыққан науқастар үшін маңыздылығы айқын. Қозғалыс кезінде қан құрамындағы глюкоза (қарапайым тілмен айтқанда, «қант») инсулиннің қатысуынсыз-ақ сіңетіндігі туралы деректі білетін адам кемде-кем. Сондықтан, егер қант диабетімен ауыратын адам былай: «Міне, мен ауырып қалдым, енді болды!» деп айтып, әрі диванға жатып алып қимылдамаса, ауру өте жылдам күшейе түсетін болады. Қант диабеті, шыны керек, 60 пайыз жағдайда жүрек-қан тамырлары жүйесінің дерттерімен қатар дамиды. Сол себепті адам белсенді қозғалған кезде оның қанындағы қант деңгейі төмендейді.
Үшінші – бұл тағамдардағы ас тұзының мөлшерін төмендету қажеттілігі. Мысал үшін: Ресей Федерациясында ас тұзының тұтынылуының орташа көрсеткіші тәулігіне 12 грамды құрап отыр. Ал Қытайда бұл көрстекіш – тәулігіне 8 грамға тең. Ал адамның ағзасында күретамырлы қысымның көтерілуі немесе, ең жаманы – жүрек жеткіліксіздігінің дамымауы үшін тәулігіне тұздың 5 грамынан артық тұтынбаған абзал. Көріп отырғанымыздай, біздер осы норманы 2,5 есе арттырады екенбіз. Менің ойымша, Қазақстанда да тұзды тағамдарды жақсы көретін секілді.
Төртінші. Осыған дейін айтып өткеніміздей, қауіп факторларының төресі – темекі тарту болып келеді. Осы жаман әдеттен міндетті түрде бас тартқан абзал. Аллен Кардың «Темекі шегуден бас тартудың оңай жолы» атты керемет кітапшасы бар, ол жерде «Темекі тартудың пайдасы» деген тарау да баршылық. Міне, осыдан 10 жыл бұрын әріптес дәрігерлер арасында, яғни, дәрігерлердің өздері де темекі шегуден бас тартуы мақсатында осы кітапты таратып жүрген кезімізде, олардың әрқайсысы дерлік кітаптың мазмұндамасынан дәл осы тарауды көрген бойдан, бірден сол тарауды парақтап ашып, өздерін ақтап шығатын сылтауды іздейтін еді… Ал осы – «Темекі тартудың пайдасы» атты тарауды ашқан кезіңде сен тап-таза ақ қағазды ғана көресің. Өйткені темекі шегуден ешқандай да пайда жоқ.
Сондай-ақ бесінші кеңес – жақындарыңызды сүйіспеншілікке бөлеп, әрі қазіргі сүріп жатқан өмірлеріңіздің әрбір сәтін бағалаңыз. Өйткені біз көбінесе өз өмірімізді «кейінге» қалдырып жатамыз. Ал жылдар өте келе, қатты түңіліп отырамыз. Бұл дегеніміз күйзеліс, ал күйзеліс темекі тартуға, түйткілді ұмыту үшін артық тамақ жеуге әкеліп соқтырады. Сонымен бірге әйелдер күйзеліс кезінде көп тамақ жесе, ер адамдар негізінен ішімдікке салынып кетеді. Сондықтан осы бір «Өміріңізді дәл қазір және нақ осы жерде жақсы көріңіз әрі бағалаңыз» деген ұран сізге болашақта жүрек-қан тамырлары жүйесіне байланысты мәселелер санын азайтуға септігін тигізеді.
Соңғы сұрақ. Кардиология саласындағы сіз үшін ең әсерлі инновация туралы айтып беріңізші.
– Бәлкім, мен медицинадағы үрдістерге қарсы келетін ойларды айтатын шығармын. Өйткені барша адамдар инновациялар туралы, жеке-жеке адамдар үшін қажетті құрамына 3, 5, 7 түрлі заттек кіретін бір науқасқа ғана арналған дербес таблеткаларды басып шығару жайында, кардиохирургия, эндокринология салаларындағы алға бастайтын технологиялар және т.б. жайттар турасында айтып жатады… Алайда ойланып қарасақ, осы бір дербес медицина, «әрбір бөлек алынған адамға арналған медицина» деп аталатын салаға біз күллі популяциялық түйткілдерді шешкен кезде ғана көшуіміз керек. Айналаңызға қарап көріңізші: біздің емханаларымызда өздерінің ағымдағы ауруларына төтеп бере алмай жүрген адамдардан тұратын орасан зор кезектер тұр. Бәлкім, қазіргі таңда медицинадағы ең үлкен серпіліс – бұл дәрігерлерге берілетін халық арасында таралған сол бір жаппай жүрек-қан тамырлары, эндокриндік және басқа да дерттермен ауыруды төмендетуге бағытталған клиникалық ұсыныстар болар. Әрі науқастардың дені үшін ем-дом шараларын қандай да бір стандарттарға келтіріп алу шығар. Әлбетте, әрбір адамды жеке қарау, жеке тексеру керек. Дегенмен бұл тәсіл күретамырлық қысымның жақсы деңгейіне, тығыздығы төмен липидтердің жақсы дәрежесіне, қан құрамындағы глюкоза, бүйрек қызметі және т.б. жайттарға қол жеткізу аясында жүргізілуі тиіс. Осының барлығы болмаса, дербес емдеу болуы да мүмкін емес.
Сондықтан медицинадағы ең үлкен жетістік деп – бұл көптеген дисциплиналар бойынша клиникалық ұсыныстардың бар екендігін айтар едім, олар әрбір дәрігер үшін нағыз жол сілтейтін: «Кабинетінің алдындағы кезекте отырған барлық науқастарды қалай емдеу керек» деген нұсқаулық болып келеді.
Аударған: Рита Сәрсенова