Алкогольсіз шарап: пайда ма, әлде дақпырт па? Баламаларды зерттейміз

Алкогольсіз шарап

Желге ұшқан ақша ма, әлде дұрыс балама дүние ме?

Спиртсіз шараға көп адам күмән-күдікпен қарайды. Алайда бұл өнім тек тамаққа ғана емес, не ішетініне де мән беріп, зиянды азайтуды қолға алғысы келетін жандар арасында сұранысқа ие болып, танымал сусынға айналып келеді. «ниЖевред» алкогольсіз шарап жайлы ең өзекті сұрақтардың жауабын ұсынады.

АЛКОГОЛЬСІЗ ШАРАП ДЕГЕНІМІЗ ЖҮЗІМ ШЫРЫН МА

Бұл – ең кең таралған алыпқашпа әңгіме. Әрине, жоқ. Бұл сусындар дәмі жағынан да, әзірлеу тұрғысынан да мүлдем бөлек. Алкогольсіз шарапты кәдімгі вино секілді жасайды, яғни жүзім езіледі, ашиды, сақталады деп кете беруге болады.

 

ГРАДУС ҚАЛАЙ ЖОЙЫЛАДЫ ЖӘНЕ ОҒАН ДОКТОР КАРЛ ЮНГТЫҢ НЕ ҚАТЫСЫ БАР?

Бұрын градуссыз шарап алу үшін алкогольді сусыннан спиртті 78°С температурада буландырып, шығарып тастайтын. Алайда бұдан шарап дәмін жоғалтатын, сондықтан заманауи вино әзірлегіштер басқа оңтайлырақ әдістерді тапты. Ол – қайта осмос жолымен өнімді айдау және вакуумды дистилляция.

 

Бірінші жағдайда, шарапты арнайы модуль арқылы төмен температурада бірнеше рет өткізіп, алкогольден айырады. Бірақ бұл – ұзақ және қымбат процесс.

 

Одан гөрі оңайырақ жол – вакуумды дистилляция. Оны 100 жылдан астам уақыт бұрын доктор Карл Юнг (атақты психиатрдың аттасы) ойлап тапқан болатын. Аталған әдіс бойынша шарапты вакуум контейнерде 28°С-қа дейін қыздырады. Осының арқасында сусынның хош исі мен текстурасы айтарлықтай өзгермейді.

 

АЛКОГОЛЬСІЗ ШАРАПТА ПРОМИЛЛЕ БАР МА?

Бөтелке сыртындағы жапсырма қағазға мән беру керек. Бұл сұраққа үзілді-кесілді жауабыңыздайын болса, алкоголі мүлдем жоқ шарапты табуға болады. Ал жалпы алғанда, орта есеппен 0,5% алкоголь бар. Салыстыру үшін айта кетейік, қымызда бұл көрсеткіш 3%, айранда 1,5-2%, кваста 1,5%-ға дейін, тіпті жаңа сығып алынған апельсин шырынында 0,2%-ға дейін бар.

 

Сондай-ақ халал сәйкестік сертификатын алған алкогольсіз шарап түрлері де қарастыра аласыз.

 

АЛКОГОЛЬСІЗ ШАРАПТЫ АЯҒЫ АУЫР ӘЙЕЛГЕ ІШУГЕ БОЛА МА?

Жауап айқын. Бұл сусында алкоголь жоқ, яғни аяғы ауыр әйел де, бала емізіп жүрген әйел де іше алады. Кей сарапшы осы аталғанды ескере отырып спиртсіз шарапты балаға да беруге болады дейді (бір қызығы, жанына «балада вино мен оның құрамындағы заттарға деген аллергиясы болмаса» деп жазып қойыпты), алайда мұны этика тұрғысынан қарастыру керек.

 

БҰЛ ВИНО ТУРАЛЫ ИНДУСТРИЯ МАМАНДАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

Сомелье алкогольсіз шарап – сәнді тренд, сондықтан кәдімгі шарап әзірленген жүзімнен жасалса да, оның бағасы жоғарырақ болады деп санайды.

 

Сонымен қатар сусын бағасына еңбекке кететін шығын да әсер етеді. Өйткені алкогольсіз шарап әзірлеу үшін стандартты вино өндірісінен бөлек алкогольді кетіретін жоғары технологиялық кезең де қажет.

 

Кәсіби мамандардың пікірінше, деалкоголизация сусынның исін, дәмін және текстурасын өзгертеді екен. Алайда ішімдікті ортаға алған достардың арасында кеш бойы минералды сусын бөтелкесін құшақтап отырмаймын десеңіз, алкогольсіз шарап көмекке келуі мүмкін.

 

«Шарап эстетикасын байқап көргісі келетін, алайда әлдебір себеппен алкоголь тұтына алмайтын адамдар бар. Олар осы өнімді сатып алады, шарап бокалына құйып ішеді. Осылайша өзін шараптың бай мәдениетінің бір бөлшегі ретінде сезіну мүмкіндігіне ие болады», – дейді сомелье және «О, Вино!» мектебінің бас оқытушысы Артем Лебедев.

АЛКОГОЛЬСІЗ ШАРАПТЫҢ ПАЙДАСЫ БАР МА?

Скептиктердің пікіріне қарамастан, алкогольсіз шарапты шынымен пайдалы өнім деп атауға болады. Оның құрамында жасушалардың қартаюын баяулататын антиоксиданттар, полифеноль заттар, сонымен қатар магний, мыс, кальций, темір және В тобы дәрумендері бар.

 

Сондай-ақ алкогольсіз шарап гипертониктердің қан қысымын төмендетеді және инсульт пен инфаркт қатерін азайтады.

 

АЛКОГОЛЬСІЗ ШАРАПТЫ ҚАЛАЙ ТАҢДАУ КЕРЕК?

Алкогольсіз шарап классикалық вино секілді ақ, қызыл, құрғақ, тәтті, тіпті көбікті болуы мүмкін.

 

Әлемде бұл сусынды шығаратын жиырмадай компания бар. Мәселен, arl Jung (Германия), Bohemia Sekt (Чехия), Ariel Vineyards (АҚШ), Freixenet (Испания), Dreissigacker (Германия), La Côte de Vincent (Франция), Matarromera (Испания), Winezero (Италия) секілді өндірушілерді атауға болады. Әрине, шарап бағасы оны шығарған компанияға байланысты: ұйым неғұрлым атақты болса, вино да соғұрлым қымбат.

 

Қазақстанда бұл маркалардың кейбірін табуға болады. Заман алысынан қалмайтын онлайн және оффлайн дүкендерде алкогольсіз шараптың он шақты түрін сатып алу мүмкіндігі бар. Бір бөтелкесінің бағасы 4-7 мың теңге шамасында.

 

 

Аударған Димаш Зиядин

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]