
Қайырымдылықпен тиімді айналысудың жолы
Бүгінде қайырымдылық күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналған. Әлдебіреу қосымша арқылы 500 теңге аударып жатса, басқасы ит-мысықтарды ұстайтын панажайға арналған азықты сатып алады, ал енді біреулер тұтас қорларды ұйымдастырып жатады. Алайда «жақсылық істеу» мен «жақсылықты дұрыс істеудің» арасында үлкен айырмашылық бар. Лайқос қайырымдылық ісімен саналы түрде және пайдалы етіп қалай айналысу керектігін айтып береді.
1.Баршаны құтқармаңыз – бір бағытты таңдаңыз
Қайырымдылықпен жаңадан айналысып бастаған жандардың жиі жол беретін қателігі – бәріне бірдей көмектесуге талпыну. Дегенмен қуат пен ресурстар шексіз емес. Оның орнына бір бағытты таңдағаныңыз абзал, сонда сіз шын мәнісінде пайдаңызды тигізесіз. Мәселен: ай сайын онкологиялық ауруға шалдыққан балалар қорын қолдау, иттерге арналған панажайға көмектесу немесе мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жобаларға атсалысу.
2. Ақша – көмектесудің жалғыз тәсілі емес
Артық қаражат болмаса, көмектесу мүмкін емес деп көрінеді. Бұл қателік. Әрбір әрекет, тіпті, кішкентай істердің өзі ұласпалы реакцияны туғызады.
Қолыңыздан келетін нәрселер:
- кәсіпқой біліміңізбен бөлісу (мысалы, бухгалтер қорға есеп беруге тегін көмектесе алады);
- еріктіге айналу;
- мұқтаж адамдарға киім-кешек, тамақ немесе техниканы беру;
- достарыңызбен немесе әлеуметтік желілер арқылы бөлісе отырып, бастамаларды қолдау.
Кейде сіздің уақытыңыз бен көңіл бөлгеніңіз ақшадан әлдеқайда құнды. Әсіресе сіз бір рет емес, жүйелі түрде көмектесіп жүрсеңіз.
3. Қаражаттың қайда жұмсалатынын тексеріңіз
Бүгінгі таңда әлеуметтік желіде ақша жинау жағдайлары көптеп кездеседі, алайда олардың барлығы бірдей адал бола бермейді. Аударым немесе репост жасаудан бұрын келесі жайттарды тексеріп шығыңыз:
- ұйымның сайты, ресми деректемелері, қайырымыдылық қызметінің есептері бар ма;
- жиналған қаражаттың қалай жұмсалғаны жайындағы фотосуреттер мен баяндау жарияланады ма;
- қор ресми түрде тіркелген бе екен.
Шынайы қорлар ашықтықтан қорықпайды және садақалардың қайда кеткенін әрдайым көрсетуге дайын тұрады. Егер сіздің сұрақтарыңызға жауап берілмесе немесе аударым бойынша асықтырып жатса, демек, бұл нағыз дабыл белгісі.
4. Кішігірім, алайда тұрақты садақа жасау, сирек салымдардан гөрі тиімді
Егер сізге айына 1000 теңге аудару – бұл ұсақ нәрсе болып көрінсе, көз алдыңызға мұны жүз адам жасайтынын елестетіңіз. Бұл нағыз жүйелі көмек. Ұдайы жасалатын донаттар қорларға тұрақтылық пен шұғыл өтініштерге ғана қолдау көрсетуді емес, көмекті жоспарлау мүмкіншілігін береді.
5. Басқаларды көмектесуге баулиңыз
Шағын нәрселерден бастауға болады: достарыңызға қайырымдылық мақсатында тексерілмеген ақша жинау жазбасының репостын жасамаудың себебін түсіндіріңіз, ата-анаңызға ресми қорларды қалай табуға болатынын айтып беріңіз, балаңызға жануарлар немесе қарт адамдарға қалайша көмектесе алатынын көрсетіңіз. Осындай қарапайым әңгімелер көмектесетін адамдардың жаңа буынын қалыптастыруға септеседі.
Сіз әлеуметтік желілер арқылы қорлардың хикаяларымен бөлісіп, атсалысатын ерікті жобаларыңыз жайында айтып, достарыңызды ортақ қайырымдылық іс-шараларға шақыра аласыз. Кейде сіздің жеке көрсете алатын көмегіңізден гөрі басқа біреуді алғашқы қадам жасауға шабыттандыруыңыз әлдеқайда көп адамға қол ұшын созуды білдіреді.
Қорытынды
Оскфорд ғалымдары дәлелдегендей: игілікті істерді тұрақты түрде жасайтын адамдар ұзағырақ өмір сүреді және күйзеліске анағұрлым аз ұшырайды екен. Уақытыңыздың, күш-қуатыңыз немесе ақшаңыздың бір бөлігін берген кезде сіз басқа біреулерге көмектесіп қана қоймайсыз, сіз өз өміріңіздің мағынасын тудырасыз.