
Кешкі ас кезінде бір бокал шарап ішу: бұл шынымен қауіпсіз бе?
«Босаңсу үшін бар болғаны бір бокал» – бұл біздің үнемі естіп отыратын (әрі өзімізге айтатын) сөз. Бұл бір бейкүнә әдет секілді көрінеді. Алайда осы жайтқа қазіргі заманғы медицина қалай қарайды? Лайқос шарапты кешкі асқа деген «пайдалы қосымша» деп санауға бола ма, әлде алкогольге қатысты қарым-қатынасыңызды қайта қарастырғаныңыз абзалырақ па екендігін анықтады.
Ғылым не дейді?
Бұрындары біз алкогольді бірқалыпты тұтыну, тіпті, пайдалы болатынын да жиі естігенбіз. Алайда жаңа зерттеулер мүлдем басқа көріністі келтіріп отыр. Ғалымдар көптеген адамдардың деректеріне талдау жасап, мынадай қорытындыға келген екен: күніне, тіпті, бір стандартты ішімдіктің өзі денсаулыққа байланысты түйткілдердің даму қаупін аздап, дегенмен айтарлықтай арттыра түседі.
Сандар өздері сөйлеп тұр: егер бір бокалды тұтыну кезінде ауруларға мерзімінен бұрын шалдығу қаупі, шамамен, 1000 адамға 1 жағдай деп бағаланса, онда күнделікті екі бокалды ішу жағдайында аталмыш қауіп 25 адамға 1 жағдайға дейін артады. Айта кетсек, осыған дейін ұзақ уақыт бойы дәл осы екі порция қауіпсіз норма болып саналған еді.
Неліктен бұрын шарапты пайдалы деп есептеген?
Шараптың бірқалыпты тұтынылуы жүрек денсаулығымен байланыстырылған зерттеулердің болғаны көптеген адамдардың әлі есінде. Бүгінде ғалымдар мұны әлдеқайда оңай түсіндіреді: бар гәп шараптың өзінде емес, оны ішкен адамдардың өмір салтында жатыр. Қымбат шараптың бір бокалын ішу мүмкіндігі бар адамдардың кірісі де, негізінен, жоғары болып келеді, әрі олар әлдеқайда жақсы тамақтанады, спортпен айналысады және денсаулығын қадағалап отырады. Яғни, алкоголь емес, дәл осы факторлардың кешені «қорғаныс әсерін» берген көрінеді.
Қандай қауіптер кездеседі?
Алкогольдің, тіпті, азғантай мөлшерлемесі тұрақты түрде тұтынылған жағдайда бұл адам ағзасы үшін нағыз триггерге айналуы бек мүмкін:
Онкология: сүт безінің, өңеш пен ауыз қуысының қатерлі ісігі қаупінің жоғарылауымен байланысы дәлелденген.
Бауыр: тіпті, бірқалыпты мөлшерлеме цирроздың даму ықтималдығын арттыра отырып, ағзаға салмақ түсіреді.
Жүрек пен жарақаттанушылық: кеш ішінде бір сусыннан артық тұтыну жүрек-қан тамырларына қатысты түйткілдердің даму мен жазатайым оқиғалар қаупін кенет арттыра түседі.
Қорытынды
Әлбетте, кішігірім мөлшерлемелер қант диабетінің немесе инсульттің қаупін аздап төмендете алады деген мәліметтер кездеседі. Дегенмен бұл әсердің пайдасынан гөрі онкология мен басқа да күрделі аурулардың даму қаупі басым түседі. Мұндағы қорытынды қарапайым: дәрігерлер денсаулық үшін ішуді бастаудың қажеті жоқ деп бірауыздан келіседі.
Қауіпсіз мөлшерлеме бар ма?
Әлемнің жетекші ұйымдарының заманауи ұсыныстары да қатаң: қауіптердің болмауына кепілдік беретін алкогольдің қауіпсіз мөлшерлемесі жоқ. Спирттік ішімдіктер неғұрлым аз болса, ағза үшін соғұрлым жақсы болары да сөзсіз.
Өзіңізге қамқорлық танытудың жолы қандай?
Егер сіз нағыз радикалды шараларға дәл қазір дайын болмасаңыз, ешкім оларды қолға алуға шақырмайды. Дегенмен сіз әлдеқайда саналы бола аласыз:
- Үзіліс жасаңыз: «алкогольсіз апталарды» ұйымдастырыңыз.
- «Көңіл-күй үшін» ішпеңіз: алкогольді күйзеліске қарсы дәрі немесе ұйықтап қалудың амалы ретінде қолданбаңыз – бұл тікелей тәуелділікке апаратын жол.
- Балама нұсқаларды іздеңіз: бүгінде құрамында алкоголі жоқ сапалы шараптар мен сыраның таңдауы орасан зор, олар дәмді сақтайды, дегенмен мұнда ешқандай қауіп-қатер жоқ.
- Шамаңызды біліңіз: «демалыс күндердегі ішімдікке салынудан» сақ болыңыз. Егер, тіпті, жұмыс күндері ішпесеңіз де, жұмыс аптасынан кейінгі кеште алкогольдің қомақты мөлшері – бұл ағза үшін үлкен күйзеліс.
Бастысы, өзіңізге деген қамқорлық ұсақ-түйек нәрселерден көрініс табатынын қаперіңізден шығармаңыз. Кейде ең жақсы бокал – бұл ішінде алкоголі жоқ бокал.