Экрандардан көзді қорғау: пайдалы кеңестер мен әдістер

Көздің қарашығындай сақта

Көру қабілетінен айрылмай, жұмыс істеп, демалудың жолы қандай?
Уақыты келмей тұрып, көзден айрылу. Қазіргі адамның ең басты проблемаларының бірі осы болады деп кім ойлаған? Жан-жақтан қаумалап, бізді қоршауға алған экрандардың зиянынан қалай қорғануға болатындығы туралы әңгімелейміз.

Адамның көзі – нағыз ғажаптың өзі. Бұл – аса күрделі, өте нәзік ойластырылған механиз және қоғам ортасында бейімделуге арналған маңызды дүниенің бірі. Сондықтан көру қабілетін жоғалту жұмыстан, қоғамның толыққанды мүшесі болудан, белсенді, сау өмірден айрылу дегенді білдіреді. Алайда қазір көзге түсетін салмақ тым-тым артып кетті.

 

АЯУСЫЗ ЖҰМЫСҚА САЛУ

Осы күні күнделікті жұмысы компьютер алдына байланбаған адамдардың өзінде көру қабілеті күрт нашарлап бара жатыр. Күніне үш сағаттан артық уақытты смартфоннан бас көтермей өткізетін жан болсаңыз, көзіңізге үлкен күш түсіп жатыр дей беріңіз. Ал бұл күні орта есеппен алғандағы кез келген адам смартфон экранына бұдан әлдеқайда ұзақ уақыт жұмсайды. Қалған уақытта ұйықтайды, әйтпесе компьютер немесе теледидар алдында отырады.

 

Спортпен айналысатындарда ғана белгілі бір алуандық бар, олардың көзі аптасына 2-3 рет екі сағат шамасында гаджеттен демалады. Алайда спортқұмарлардың арасында да жүгіру жолағында қолынан смартфонын тастамайтындар бар.

 

Заманауи қалалардағы визуал орта да тым қатігез, тура мағынасында көзге «ұрады». Алабажақ жарнама жазулары, көз шағылыстыратын кешкі шамдар – қай кезде қарасаң да назарыңды аударатын әйтеуір бірдеңе дәл алдыңнан шығады да тұрады.

 

Көптеген тұрғын үй, кеңсе ғимараттары және қоғамдық орындардағы жасанды шамдар та шамадан тыс жарқырап кеткен, мұндай жағдай көздің саулығы мен оның қолайлы ортада болуы үшін еш қажет емес.

 

КӨЗДІҢ КӨРУІ НАШАРЛАЙ БАСТАҒАНЫН ҚАЛАЙ ТҮСІНУГЕ БОЛАДЫ

Көру қабілетінің нашарлап кетуінен басқа көз саулығын дереу қолға алу керек дегенді білдіретін көптеген белгі бар. Компьютер көру синдромы – қазіргі заманда жиі кездесетін сырқат және оның алуан түрлі симптомдары тіркелген. Әдетте бұл синдромның пайда болуына омыртқаның, мойынның қисаюы, көру мүшелерінің бұзылуы әсер етеді. Сол белгілердің бір парасы мынадай:

 

  • көз ашиды, түйіліп ауырады;
  • заттар қосарланып немесе бұлдырап көрінеді;
  • көз жасаурай береді немесе, керісінше, құрғап қалады (құрғақ көз синдромы);
  • омыртқаның мойын және кеуде тұсы ауырады;
  • фотофобия – жарықтан шамадан тыс қорқу;
  • маңдайдағы бұлшық еттің тартылуы, бастың жиі ауыруы.

 

Бұл белгілер бәрі бірге немесе жекелей алғанда әрқайсысы айтарлықтай ауыр патологияның қалыптасып келе жатқанынан хабардар қылуы мүмкін. Сондықтан офтальмологқа тұрақты түрде қаралып тұру қажет. Алайда әр адам өз бетінше профилактика жасай алады. Ол күнделікті істелетін қарапайым әрекеттерден тұрады.

 

КӨЗІҢІЗДІ ЖИІ ЖЫПЫЛЫҚТАТЫҢЫЗ

Расталған дерек: гаджет экранына қарап отырған кезде біз жыпылықтауды ұмытамыз. Осының кесірінен жас үлбірі кеуіп қалады, көздің сезімтал үстіңгі қабаты тітіркеніп кетеді. Ал монитордың айналасындағы ауа одан алысырақ тұстағыға қарағанда құрғақтау болады. Ауа ылғалдатқышы – дұрыс шешім, алайда жеткіліксіз. Көзді жыпылықтатуға тырысыңыз. Көзге арналған қарапайым ылғадатушы тамшыларды қолданыңыз.

 

ҚАРАМАЙ ТЕРУ ӘДІСІН ИГЕРІҢІЗ

Көз клавиатура мен монитор арасын «жол қылып», бірқалыпты түрде ары-бері секіре берсе, аккомодативті астенопия (шаршау) пайда болады екен.

 

Көзіңіз жылдам шаршаса және әлдебір дүниеге қарағанда, оның анық көрмей тұрғаныңызды жиі байқай бастасаңыз немесе көздің үсті ауыр тартып жүрсе, сізде бұл синдромның белгілері бар деген сөз. Одан келер зиянды азайтуға болады, бір жолы – мәтінді қарамай теру әдісін меңгеру.

 

ЖҰМЫС ОРНЫН ДҰРЫСТАП ҮЙЛЕСТІРІҢІЗ

 

1.Тас қараңғы жерде отырып ешқашан жұмыс істемеңіз, теледидар қарамаңыз және смартфон экранынан ештеңе оқымаңыз. Бұл әдет – көзді жылдам бұзып тынатындардың бірі.

2. Негізі, монитор көз деңгейінен 10-20 см төмен және кем дегенде 60 см қашықтықта орналасуға тиіс.

3. Тым қатты жарық та көзге кері әсер етеді. Терезеге қарсы отырмаңыз, күннің мониторға немесе көзге тура түспеуіне мән беріңіз және перде немесе жалюзи қолданыңыз.

4. Қолыңызға түскен ең үздік техниканы пайдаланыңыз. Әрине, әр адам қымбат смартфон немесе компьютер сатып ала алмайды. Алайда техника иесі атануды стратегиялық инвестиция ретінде қарастыруға мүмкіндік бар. Бұл жәй ғана жұмыс құралы емес. Денсаулығыңыз мен болашақтағы амандығыңыз осыған байланысты. Баптауы көзге арналған арнайы режимді қосуға жол беретін монитор немесе смартфон таңдаңыз. Ең сапалылары 60 пен 100 Гц аралығындағы «жылтылдау» жиілігіне ие.

5. Мүмкіндік болса, компьютерде жұмыс істеуге арналған арнайы көзілдірік тағыңыз.

6. Жолда кетіп бара жатқанда ештеңе оқымаңыз және қарамаңыз! Көліктің селкілдегені (мейлі, қанша жерден жәй болсын) көзге түсетін салмақты еселеп арттырады.

7. Еңсеңізді тік ұстаңыз. Қанша жерден жауыр болған әңгіме болса да.

 

КҮН ТӘРТІБІ МЕН ЖҰМЫС РЕЖИМІН ҚАЙТА ҚАРАСТЫРЫҢЫЗ

 

1. Дұрыс ұйқы (кемінде 7 сағат) – ағза үшін аса маңызды дүние. Көзге әсіресе керек. Бұл мүшенің жөндеп демалатын кезі – осы ұйқы.

2. Ұйқыға жатар алдында кемінде 1 сағат бұрын гаджетті былай алып қойыңыз, теледидарды өшіріңіз. Электронды кітап оқысаңыз болады, ол көзге басқа құрылғылар секілді салмақ салмайды.

3. Әр 30-40 минут сайын (одан да жиі болады) компьютер мен смартфоннан демалыңыз. Ең дұрысы, орныңызды тастап, бір сәтке жұмыс істеп отырған бөлмеден шыға тұру. Үзіліс кезінде дене мен көзге арналған қарапайым жаттығу жасаңыз.

 

КӨЗГЕ АРНАЛҒАН ГИМНАСТИКА (ШАРШАҒАНДЫ ЖЫЛДАМ БАСУҒА ДА КӨМЕКТЕСЕДІ)

 

1. Көзіңізді жұмып, қарашығын сағат тілінің бойымен және керісінше жүгіртіп айналдырыңыз.

2. Қабағыңызды және қастың үстін еппен уқалаңыз. 30-40 секунд ішінде қан айналымы қалпына келеді, бұлшық ет босайды.

3. Жақын тұрған (10-20 сантиметр) және алыстағы (10 метрден әрі) заттарға кезек-кезек көз тастасаңыз, көздегі бұлшық ет қимылдап, сергіп қалады. Бұл әдісті жұмыста, компьютер алдында отырғанда қолдануға болады. Алыстағы заттарға 20 секунд қарап тұру үшін ауық-ауық үзіліс алып отырыңыз.

4. Көзіңізді жұмып, көз алмасын жоғары-төмен жүгіртіп қимылдатыңыз.

5. Бұл жаттығуды 20-30 секунд бойы көзді жиі-жиі жыпылықтатумен аяқтауға, артынша көзге ылғалдататын тамшы тамызуға болады.

Мақалада айтылғанның бәрі – ұсыныс. Көз тамшысы мен гимнастикасын таңдауда офтальмологтың консультациясына жүгінген дұрыс.

 

Аударған Димаш Зиядин

Фото дереккөзі Shutterstock

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]