
Қазақстанда АИТВ-ға қалай және қайда тексерілуге болады
9 сұрақ
АИТВ аббревиатурасы нені білдіреді?
Қол алысу арқылы АИТВ жұқтырып алуға бола ма?
АИТВ жұқтырудың негізгі жолы:
АИТВ маса шағу арқылы беріле ме?
АИТВ бар-жоғын қалай білуге болады?
Тәуекелі бар байланыстан кейін АИТВ-ға тестті қашан тапсырған жөн?
АИТВ бар болса, ұзақ өмір сүруге бола ма?
АИТВ мен ЖИТС — бұл бір нәрсе ме?
АИТВ-ға тестті қаншалықты жиі тапсыру керек?
АИТВ-ға тексерілу – бұл тек өз денсаулығыңыздың қамын ойлау ғана емес, сонымен бірге жақын адамдарыңыздың қауіпсіздігіне деген қамқорлықты таныту. АИТВ әлдеқашан үкім болудан қалғанына қарамастан, тестілеу тақырыбы күні бүгінге дейін түрлі қорқыныштармен қоршалған. Лайқос мәселені зерттеді.
Неліктен өз статусыңызды білген маңызды
АИТВ әрдайым бірден айқындала бермейді. Адам жылдар бойы жұқпа жайында білмей, өзін сап-сау сезінуі бек мүмкін. Осы уақыт аралығында вирус иммундық жүйеге нұқсан келтіріп үлгереді, ал жұқтырған адам оны басқаларға жұқтыруы әбден ықтимал. Дәл осы себептен, тіпті, ешқандай қауіптің жоқ екендігіне сенімді болсаңыз да, кем дегенде, жылына бір рет тесттен өтіп отыру керек. Ерте диагностика емдеуді уақытында бастауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда АИТВ тестінен қайда өтуге болады
Еліміздің әрбір облысында ЖИТС-тің алдын алу мен оған қарсы күрес жөніндегі орталықтар жұмыс істеп келеді. Бұл мамандандырылған медициналық мекемелер, әрі мұнда АИТВ-ға талдау тапсыруға, дәрігердің кеңесін алу мен қажет болған жағдайда емдеуді бастауға болады. Мұндай орталықтарда тестілеу тегін, анонимді және құпия түрде өткізіледі.
Сонымен бірге тест тіркелген мекенжай бойынша қарапайым емханада да тапсырыла береді. Ол үшін терапевтке немесе зертханаға барудың өзі жеткілікті. Көптеген қалаларда мобильді тестілеу орындары да жұмыс істейді – бұл дәл сол жерде экспресс-талдаудан өтуге болатын автобус-зертханалар. Мұндай науқандар базарларда, сауда орталықтары мен жоғары оқу орындарында, әсіресе, Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне (1 желтоқсан) орай жиі өткізіледі.
Сондай-ақ онлайн түрде өзін-өзі тестілеу қызметін пайдалануға болады. Мәселен, hivtest.kz сайты арқылы үй жағдайында тест жасауға арналған тегін жиынтыққа тапсырыс бере аласыз: сіз процедураны өзіңіз жасайсыз, ал қажет болған жағдайда маманның кеңесі беріледі.
АИТВ тесті қалай өткізіледі
Қалыпты процедураға экспресс-тест кіреді – бұл саусақтан алынатын қанның шағын талдауы. Нәтижесі 10-15 минуттан кейін дайын болады. Егер тест оң нәтиже берсе, оны растау үшін зертханалық зерттеу тағайындалады.
Тестке дейін және одан кейін кеңес беріледі: дәрігер немесе психолог нәтижелердің нені білдіретінін, өзіңізді және жұбыңызды қалай қорғауға болатынын, әрі көмек алу үшін қайда жүгіну керектігін түсіндіреді. Барлығы қатаң құпия түрде өтеді.
Егер оң нәтиже болса, не істеу керек
Тест оң нәтиже берсе, бұл – үкім емес. Бүгінде АИТВ – антиретровирустық терапияның көмегімен сәтті бақыланып отыратын созылмалы ауру. Қазақстанда барлық дәрі-дәрмек тегін беріледі.
Диагноз расталғаннан кейін адам ЖИТС орталығында есепке қойылады, әрі емделу мен тұрақты бақылауға қол жеткізеді. Терапия уақтылы басталған кезде вирустық жүктеме анықталмайтын деңгейге дейін төмендейді және адам вирусты басқаларға бере алмайды, сонымен бірге толыққанды, белсенді өмір сүруге, мансап жолында өсу мен отбасын құруға мүмкіндік алады.
Егер нәтижесі теріс болып шықса, дегенмен жақын арада тәуекелді жағдай орын алса (мысалы, соңғы апталардың ішінде адам қорғалмаған жыныстық қатынасқа түссе), дәрігерлер тестті 1-3 айдан кейін қайта тапсыруға кеңес береді. Бұл «терезе кезеңімен» байланыстырылады – бұл вирустың талдау арқылы әзірге анықталмайтын уақыты.
Қорытынды
Көпшілік тест жасауды кейінге қалдырып отырады, бұл айып тағу қорқынышынан туындайды, алайда бүгінде бұл ақылақ мәселесі емес, бұл медицинаға тиесілі жайт. Адам өзінің статусын неғұрлым ертерек біліп алса, оның денсаулығы мен өмір сапасын сақтап қалу мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болмақ.