Дос немесе дұшпан: жасанды интеллектті қорқу керек пе?
Ол адамның орнын баса ала ма?
Осыдан он жыл бұрын ақылды қызметтер біздің көңіл-күйімізге сәйкес музыка мен фильмдерді таңдайтынын, ал заманауи көліктер жүргізушінің көмегіне жүгінбей-ақ бізді кез келген жерге жеткізетінін көз алдымызға елестету қиынға соғатын.
Жасанды интеллект (ЖИ) дегеніміз не? Ол көптеген мәселелерде дұрыс шешім қабылдауда сенімді одақтасқа айналады ма, әлде бүкіл адамзат үшін қауіп-қатер төндіретін болады ма? ЖИ миллиондаған адамдарды жұмыссыз қалдыра алатыны шындыққа сай келе ме? Нейрожелілерді пайдалану – мұны қазірдің өзінде-ақ жаман әдетке жатқыза берсек бола ма? Осы және басқа да көптеген сұрақтардың жауабын осы мақаладан таба аласыздар.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ (ЖИ) ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Жасанды интеллект (ЖИ) – бұл адамша ойлауды қажет ететін, әрі қойылған тапсырмаларды орындауға қабілетті интеллектуалдық жүйелерді жасап шығаруға тырысатын комьютерлік ғылымдар саласы болып келеді. Ол компьютерлерге үйренуге, деректерді талдауға, шешім қабылдау мен түйткілдерді шешуге мүмкіндік беретін алгоритмдер және үлгілерді әзірлеуге негізделеді.
Жасанды интеллектте пайдаланылатын негізгі технологиялардың бірі – машиналық оқыту болып келеді. Ол компьютерлерге деректер негізінде оқу, әрі паттерндерді анықтап тану және болжамдарды жасауға мүмкіндік береді. Алайда мұның темекі тарту немесе алкогольді тұтыну секілді жаман әдетке айналмауы үшін жасанды интеллектті пайдаланудың зиянын қалайша азайтуға болады? Өйткені бұл инновациялық саланың еліктіріп әкететіні сонша, тіпті, оның ішіне сүңгіп кетіп, шырмаланып, қайта сүңгіп шыға алмауға да әбден болады. Нейрондық желіні қайда және қалай пайдалану кереткігін бірге анықтап көрейік.
ЖИ ҚАЙ ЖЕРДЕ КӨМЕКТЕСЕ АЛАДЫ?
Жасанды интеллекттің (ЖИ) пайдасы зор болуы және көптеген салаларда қолданылуы әбден мүмкін.
Медицина: Ол дәрігер мамандарына аурулардың түрлерін диагностикалауға, медициналық кескіндемелерді (мәселен, рентгендер немесе МРТ-ға түсірілген кескіндерді) талдауға септігін тигізеді және, тіпті, белгілі бір дерттердің даму қаупін болжауға көмектеседі. Бұдан бөлек жаңа дәрі-дәрмектер мен емдік тәсілдерді әзірлеп шығаруға да септеседі.
Бизнес және қаржы: Оны үлкен көлемді деректерді талдау мен бизнестегі үрдістерді болжау мақсатында қолданып отырады. Ол компанияның стратегиясы туралы шешімдерді қабылдауда, өндірістік үдерістерді оңтайландыру ісінде, маркетингтік стратегияларды жақсарту және нарықтық беталыстарды күні бұрын айтуда көмектесе алады.
Транспорт: Ол көлік өнеркәсібінде автономдық транспорттық құралдарды жасап шығаруда қолданылады. Ол жолдағы жағдайды анықтап тануда, қауіпсіздік туралы және жүргізушінің көмегінсіз автомобильді басқару кезіндегі шешімдерді қабылдауда көмегін тигізеді.
Білім беру: Ол білім беру мақсатында дербестендірілген оқытуды қамтамасыз ету үшін қолданылуы мүмкін. Ол білім алушылардың жеке қажеттіліктеріне бейімделіп, әрі оларға оқу материалдарын ұсынады және қолдау көрсетіп отырады, сонымен қатар үлгерімді бағалайды және оқыту үдерісін жақсарту үшін ұсыныстарды бере алады.
Байланыс және аударма: Нейрондық желілер дауыс шығаратын көмекшілер және адамдармен өздерінің тілдерінде араласуға арналған чат-боттарда қолданылуы мүмкін. Ол тілдерді анықтап тани және түсіне алады, сонымен қатар әртүрлі тілдер арасында аударма жасауда да көмектесе алады.
Ғылым және зерттеулер: Ғылыми зерттеулерде ЖИ күрделі деректерді талдауда, эксперименттік нәтижелерді өңдеу ісінде, үлгілеу және болжамдарды жасау мақсатында қолданылуы мүмкін. Ол қиын мәселелерді шешу және жаңа ғылыми жаңалықтарды іздеп табуда көмектесе алады.
Бұл тек кейбір мысалдар ғана, жасанды интеллект робототехника, журналистика, энергетика, жасампаздық өнер және осы секілді басқа да сан алуан салаларда қолданылуы әбден мүмкін. Мәселен, осы абзацтың өзі толықтай жасанды интеллекттің көмегімен құрастырылған және авторлық стилистикадан еш кем түспейді.
Жасанды интеллект әдептілік тұрғыда пайдаланылғаны және барлық адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен игілігі үшін әлеуметтік және заңнамалық нормаларға сәйкес болуы тиіс екендігін естен шығармаған абзал.
НЕЛІКТЕН КӨБІСІ ЖИ-ДЕН ҚОРҚАДЫ?
Біріншіден, жасанды интеллектті (ЖИ) енгізу еңбек нарығына әсер етуі және кейбір жұмыс орындарының жоғалуына әкеліп соқтыруы ықтимал автоматизация және белгілі бір жұмыс үдерістерін алмастыру түріндегі қандай да бір өзгерістерді тудыруы әбден мүмкін.
Екіншіден, көптеген адамдар бәлкім машиналардың адамзатты құлдыққа салу мүмкіндігіне байланысты нейрондық желілердің біздің өмірімізге енгізілуінен аса үрейленеді. Бұл алаңдаушылықтар ішінара фантастикалық түсініктер мен ЖИ бақылаудан шығып кеткен, әрі адамзат үшін қауіп-қатер төндіріп тұратыны көрсетілетін голливудтық фильмдердің ықпалынан туындап отырған көрінеді.
Үшіншіден, ЖИ біздің әртүрлі мамандықтарда жол беретін адами қателіктерімізді қысқарта алуы мүмкін. Әрбір қадам бойынша жасанды интеллект тарапынан қабылданған шешімдер алдын ала жинастырылған ақпарат пен белгілі бір алгоритмдердің жиынтығы негізінде анықталып отырады. Дұрыс бағдарламалаудың арқасында осы қателіктерді нөлге дейін азайтуға болады.
НЕЛІКТЕН ЖИ АДАМНЫҢ ОРНЫН БАСА АЛМАЙДЫ?
Пішіннің басталуы
Жасанды интеллект (ЖИ) өзіндік бірегей мүмкіндіктер мен артықшылықтарға ие, дегенмен ол адамдар және көптеген мамандықтарды толықтай алмастыра алмайды, мұның бірнеше себебін келтіріп өтейік:
Эмоциялар және тұлғааралық дағдылар: Адамның эмоциялары мен эмоционалдық байланыстарды орнату қабілеттілігі медицина, білім беру, психология және сатылымдар секілді көптеген салалардағы негізгі факторлар болып келеді. Жасанды интеллект эмоционалдық интеллектке ие емес, әрі адам сияқты түсіністік пен эмпатия деңгейінде адамдармен өзара қарым-қатынас жасай алмайды.
Жасампаздық және интуиция: Адамның миы шығармашылық ойлау және интуитивті шешім қабылдау қабілеттілігіне ие. Суретшілер, жазушылар, дизайнерлер секілді шығармашылық кәсіптер қалыптан тыс ойлауды және жаңа идеяларды өндіріп отыруды қажет етеді. Жасанды интеллект адамның дәл осы қабілетін толықтай алмастыра алмайды, өйткені ол адамдардың осыған дейін жасап шығарған дүниелеріне негізделіп қана отырады.
Мәнмәтінді түсіну және икемділік: Адам жаңа жағдайларға бейімделе алады, жылдам үйренеді және өзінің білімін әртүрлі мәнмәтіндерде қолдана алуы мүмкін. Әдетте жасанды интеллект нақты қойылған тапсырмалар мен салалар шеңберінен тыс өз білімін қолдану қабілетінде шектелген.
Этикалық дилеммалар: Этикалық мәселелердің пайда болуы және моральдық қағидаттарға негізделетін күрделі жағдайлардағы нақты шешімдерді қабылдау адамның бірегей қасиеттерінің бірі болып келеді. Жасанды интеллект тек қана алдын ала белгіленген ережелер мен алгоритмдерді ұстанып отырады, әрі оның моральдық аспектілер және этикалық дилеммалар жайында пайымдау қабілеті жоқ.
Физикалық дағдылар: Көптеген кәсіптер физикалық дағдылар және ептілікті қажет етеді, әрі олардың әзірше жасанды интеллект тарапынан қайталануы екіталай. Физикалық еңбекпен, механикамен, спортпен байланысты кәсіптер адамның белсенді қатысуын талап етеді.
Пішіннің соңы
Біз ЖИ-ден қаншалықты қатты қорықсақ та, көпшілігіміз күн сайын дерлік жасанды интеллектпен бетпе-бет кездесіп отырамыз. Біз ұйқыдан оянған сәттен бастап-ақ өз смартфонымызды тексеріп жатамыз, Netflix ұсынатын басқа фильмді қарау мақсатында және тағы да басқа жайттар үшін тағы да жүгінеміз. ЖИ біздің күнделікті өмірімізге жылдам еніп кетті. Біз таңғаларлық кезеңде өмір сүріп жатырмыз, мұнда жасанды интеллект біздің одақтасымыз және серіктесімізге айналып отыр. Ол бізге жаңа мүмкіндіктерді паш етуге, шекарадан тыс шығуға және әлдеқайда қолайлы болашақты құруға мүмкіндік береді. Ал біздің ғажайыптармен кездесетініміз немесе қиындықтарға тап болатынымыз – өзімізге ғана байланысты нәрсе. Мысалы, нейрожелілерді жиі қолданудың зиянын төмендету үшін, әрбір нәрседегідей, оның да шегін білген жөн және оған тек шындығында қажет болған жағдайда ғана дозаланған түрде жүгінген абзал.
Аударған: Рита Сәрсенова