
Жылыту маусымындағы үйдің ауасы: терезе жабық болғанда пәтерде немен тыныс аламыз
Жылыту маусымының басталысымен пәтердегі ауа сапасы нашарлауы әбден мүмкін. Терезелердің жабық болуынан, жылыту жүйесінің жұмыс істеуі мен желдетудің сиректігінен бөлмеде шаң-тозаң, аллергендер және басқа да ластаушы заттектер жиналып, ауаның ылғалдылығы төмендей түседі. Осының нәтижесінде мұрын мен тамақтың құрғап қалуы, жөтел, бас ауруы пайда болып, тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары асқынуы ықтимал.
Қыста пәтер ішіндегі ауаға не болатынын, қандай тұрмыстық әдеттер оған зиян келтіретінін және қолайлы микроклиматты қалай сақтауға болатынын Лайқосқа дәрігер-пульмонолог Бекдәулет Әкімниязова әңгімелеп берді.
Неліктен қыста пәтердегі ауа сапасы нашарлайды?
Қыс маусымында біз үйде көбірек уақыт өткіземіз, терезелер жабық, ал ауа құрғақ және лас бола түседі. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бөлменің іші сирек желдетілсе, ластаушы заттар көптеп жиналады. Екіншіден, батареялар мен жылытқыштар ылғалдылық деңгейін төмендетеді. Үшіншіден, тұрмыстық жүктеме артады: біз көбірек тамақ дайындаймыз, тұрмыстық химияны, хош иістендіргіштер мен майшамдарды жиі қолданамыз, ал үй жануарлары бізбен бірге жабық бөлмеде жиі болады. Осының нәтижесінде тыныс алу жолдарына үнемі жүктеме түседі.
Пәтерде қандай ластағыштар жиналады?
- Тұрмыстық шаң-тозаң. Бұл сөредегі әшейін кір емес: онда тері бөлшектері, тоқыма талшықтары, көше балшығы, шаң кенелері және олардың аллергендері бар. Дені сау адамды ол тек тітіркендіреді, ал аллергиясы барларда ұстаманы тудыруы мүмкін.
- Жануарлардың жүні мен қайызғағы. Ауада және заттардың беттерінде аллергендері бар жүн мен терінің микробөлшектері жиналады. Олар пәтер бойынша, әсіресе, сирек желдету және құрғақ тазалау кезінде таралады.
- Ұшпа органикалық қоспалар. Оларды жиһаз, әрлеу материалдары, бояулар, лактар, желімдер, сонымен бірге тұрмыстық химия және хош иістендіргіштер бөледі. Олар шырышты қабықтарды тітіркендіріп, бас ауруын, қышу мен «ауыр» ауа сезімін тудыруы ықтимал.
- Тамақ дайындау өнімдері.Қуыру, күйген тағам, қатты от және асханалық ауа сорғышының нашар жұмыс істеуі ауада майдың ұсақ бөлшектерінің пайда болуына әкеліп соқтырады. Олар тыныс алу жолдарына шөгіп қалады да, жөтелді күшейте алады.
- Көмірқышқыл газы. Тұрмыста CO₂ у емес, дегенмен ол бөлмедегі ауаның жаңармайтынын көрсетеді. Егер бірнеше адам терезесі жабық бөлмеде ұзақ уақыт болса, ұйқышылдық, зейін қоюдың қиындауы және тымырсық сезімі пайда болады.
Жылыту тыныс алу жолдарына қалай әсер етеді?
Ылғалдылық деңгейі төмендегенде мұрын мен тамақтың шырышты қабықтары құрғап қалады, әрі бұл олардың табиғи қорғанысын азайтады. Көбіне-көп қышу, құрғақ жөтел, тері мен көздің құрғақтығы пайда болады. Бұл сау адамға жайсыздықты ғана туғызады, ал бронх демікпесі, созылмалы бронхит, аллергиялық ринит және басқа да тыныс алу жолдарының ауруларына шалдыққандарда асқыну жағдайларына апарып соқтыруы бек мүмкін.
Үйдің ауасы қолайсыз екендігін қалай түсінуге болады?
Мұны бастың ауырсынуы, шаршағандық, тамақтың қышуы, көздің тітіркенуі, мұрынның бітелуі (әсіресе, ұйқыдан кейін), жөтел және аллергияның асқынуы көрсете алады. Ластанған ауаға әсіресе балалар, қарт адамдар және тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары: демікпе, аллергия және өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ӨСОА) бар адамдар аса сезімтал болып келеді.
Қандай әдеттер қыста ауа сапасын нашарлатады?
- Пәтердің ішінде темекі тарту. Бұл шылымқұмардың өзіне де, жақын адамдарына да өте қауіпті. Тіпті, шылым терезе алдында тұрып шегілсе де, түтін мен оның қалдықтары тоқыма бұйымдарына, жиһаз және қабырғаларға шөгіп, ауа одан бетер ластана береді, бұл екіншілік және үшіншілік шылым тарту деп аталады.
- Хош иісті майшамдар, диффузорлар менжұпар иістендіргіштер.Олар жанған кезде ауаға ұсақ бөлшектер мен толық жанбау өнімдері бөлінуі мүмкін. Демікпе мен аллергиясы бар адамдарда бұл ауру симптомдарын жиі қоздырады.
- Тұрмыстық химия. Аэрозольдер, ауа тазартқыштар және иісі қатты шығатын тазалағыш заттар, әсіресе, бөлме желдетілмейтін болса, ауаны нашарлатады.
- Асханалық ауа сорғышсыз тамақ пісіру және үйжинаудың жүйесіздігі. Осының салдарынан ауада май бөлшектері қалады, ал шаң, жүн және аллергендер тоқыма бұйымдарында, кілемдер мен жұмсақ жиһазда жиналады.
Қыста пәтерді қалай дұрыс желдету керек?
Қыста бөлмелерді қысқа уақытқа, дегенмен тұрақты түрде желдетіп отыру керек. Ең бастысы, осы уақытта желдетіп тұрған бөлмеде болмағаныңыз дұрыс. Ал ең оңтайлысы, күніне 3-5 рет 5-10 минуттан, кейде жел өтін ұйымдастыруға болады. Осылайша, ауа тез жаңартылады, ал қабырғалар мен жиһаз суып үлгермейді. Ұзақ уақыт ашық тұрған терезе тиімсіз: бөлменің іші қатты салқындайды, ауа нашар жаңартылады. Желдетуден кейін бірден қайтадан ылғалды тазалау жүргізуді ұсынамын.
Пәтерде ауа ылғалдығы қандай болғаны қолайлы?
Салыстырмалы ылғалдылық 40-60% шамасында болғаны абзал. Егер ол төменірек болса, шырышты қабаттар құрғап қалады. Ал егер жоғары болса, үйдің іші көгеріп кету және кенелердің көбею қаупі туындайды. Екеуі де аллергияға шалдыққан адамдар үшін қауіпті.
Қыста ауа құрғақ, ал терезе сыртында қала тұмшасы болғанда, мен үйде ауа ылғалдандырғышты пайдалануды ұсынамын, алайда ең дұрысы: құрылғыны бөлме аумағын ескере отырып таңдау, оны үнемі тазалап отыру, әрі сүзгілерді уақтылы ауыстыру.
Үйде ауа тазартқышы қажет пе?
Сөзсіз, иә деуге болады. Тазартқыштар шаңға, аллергендер және басқа да ластағыш заттарға қарсы күресуге көмегін тигізеді. Дегенмен құрылғы көмірқышқыл газының жиналып қалмауы үшін қажет желдетудің орнын алмастыра алмайды. Тазартқыш ылғалды тазалаумен бірге барынша тиімді жұмыс істейді.
Қыста салауатты микроклиматты қалай сақтауға болады: басты ұсыныстар
Үйде немесе балконда мүлдем темекі тартпау. Темекі тартқаннан кейін адам бірден ішке кіріп, түтіннің қалдықтарын үйге кіргізеді. Темекі түтінінің құрамында зиянды заттектер бар, олар ауаны ластайды және киімге, шашқа, жиһаз және басқа да заттардың беттеріне сіңіп қалады. Сондықтан темекіні сыртта, басқа адамдардан, әсіресе, балалардан алшақ тартқан абзал. Балама нұсқа ретінде хиттерлерді қарастырып көруге болады: темекі жағылмай, тек қана қыздырылғанда, жанғаннан пайда болатын түтін емес, аэрозоль түзіледі. Бұл зиянды заттардың түзілуін 95% дейін азайтады, ал темекі түтініне тән құрамдастар киім мен заттардың беттеріне қонбайды. Ал ең жақсы ұсыныс – бұл темекі тартуды біржолата тастау.
Бөлмелерді тұрақты желдетіп отыру. Тіпті, қыста да таза ауаның кіруін қамтамасыз ету маңызды.
Ылғадықты бақылау. Оңтайлы деңгейі – шамамен 40-60%.
Тұрмыстық химияны тиімді пайдалану. Хош иістендіргіштерді, майшамдар мен аэрозольдерді асыра пайдаланбаған жөн.
Дәл осы кешенді тәсіл пәтердегі қолайлы микроклиматты сақтауға және жылыту маусымында тыныс алу жүйесіне түсетін салмақты азайтуға көмектеседі.