Зиянды әдеттердің урологиялық денсаулыққа әсері

Жаман әдеттер несеп шығару жүйесіне қалай әсер етеді?

Зардап шегетін өкпе мен бауыр ғана емес

Урологиялық денсаулық айналасында және жаман әдеттердің оған деген әсері жайында дақпырттар мен әбестіктер көптеп кездеседі. Біз дәрігер-уролог Бибігүл Исмағұловамен бірге кеңінен таралған нанымдарды талдай келіп, келесі сұрақтарға жауап береміз: жалпы қандай аурулар бар, жаман әдеттер оларға қалай әсер етеді және олардың теріс ықпалын қалай төмендетуге болады.

НЕСЕП ШЫҒАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ ҚАНДАЙ

Жалпы зәр шығару жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсіну үшін көз алдыңызға оны ағзадан артық сұйықтық пен қалдық заттарды сыртқа шығаратын ағзаңыздағы күрделі бір сүзгі ретінде елестетіп көріңіз.

 

Осы кешеннің басында омыртқаның екі жағында орналасқан бүйректер тұр. Олар қанды сүзеді, оның құрамынан токсиндер мен артық сұйықтықты шығарып тастайды да, несепті түзеді. Сонымен бірге бүйрек электролиттер мен қан қысымының деңгейлерін реттеп тұрады, әрі кейбір маңызды гормондардың өндірісіне да атсалысады.

 

Бүйректерден екі түтік шығады, яғни, әрбір бүйрекке бір түтіктен келеді, – бұл несепағарлар, олар арқылы қуыққа зәр тасымалданады. Қуық резервуар ретінде жұмыс істейді, әрі ол несеп жиналған сайын созылады, орташа есеппен алғанда ол зәрдің 700 мл дейінгі мөлшерін, ал кейді, тіпті, 2 литрге дейін де сыйдыра алады. Ол белгілі бір көлемге жеткен кезде біз дәретханаға баратын уақыт келді деген белгі аламыз.

 

Сұйықтық қуықтан несеп жолы (үрпі) арқылы сыртқа шығарылады.

 

ЖАМАН ӘДЕТТЕРДІҢ ӘСЕРІ

 

Негізінен жаман әдеттер бүйректің денсаулығына әсер етеді, ал содан кейін барып салдары бүкіл несеп шығару жүйесін қамтиды.

 

●     Темекі тарту бүйрекке келетін қан ағымын нашарлатады, бұл өз кезегінде бүйрек жұмысының нашарлауын тудырады да, уақыт өте келе олардың жетіспеушілігіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Сонымен бірге темекі түтінінің құрамындағы заттектер бүйрек ауруларының үдеуін жылдамдататын бүйректегі қабыну үдерістерінің дамуына септігін тигізе алады.

●     Алкогольді ішімдіктерді шамадан тыс тұтыну ағзаның сусыздануына апарады, ал бұл бүйректің қанның сүзілуі бойынша қызметін қиындата түседі. Алкоголь күретамырлық қысымның реттелуіне ықпал етеді, осылайша бүйрекке қосымша салмақ түсіреді.

●     Кейбір есірткі құралдарын қабылдау бүйрек жасушаларына тікелей әсер етуі ықтимал, бұл олардың зақымдалуына немесе өлуіне әкелуі әбден мүмкін. Сонымен қатар есірткі созылмалы қабыну мен аутоиммундық реакциялардың дамуына септігін тигізе алады.

 

Осының барлығы ауруларды тікелей тудырмайды, дегенмен олардың пайда болуы мен дамуына ықпал етуі бек мүмкін.

 

ДАҚПЫРТ ПЕН ШЫНДЫҚ

 

Несеп шығару жүйесіне байланысты ең кеңінен таралған төрт жаңылыс пікір баршылық.

 

1 дақпырт: «Алкогольді ішімдіктерді аз мөлшерде тұтыну денсаулық үшін пайдалы және зәр шығару жүйесіне зиян келтірмейді».

 

Шындық: Кейбір зерттеулер қызыл шарапты аз мөлшерде тұтынудың жүрек үшін әлеуетті пайдасын көрсеткенімен, осы жайт көбінесе теріс пайдаланылады да, алкогольді кез келген мөлшерде ішу үшін «жасыл түс» ретінде қарастырылады. Шын мәнісінде алкогольді ішімдіктерді, тіпті, аз мөлшерде тұтынудың өзі гипертония мен қант диабетінің пайда болуына септігін тигізуі бек мүмкін, ал бұл дерттер бүйректің созылмалы ауруларының негізгі қауіп факторлары болып келеді. Сонымен қатар алкоголь уақытша гидратсыздандыруды тудыруы ықтимал, бұл бүйректегі тастардың түзілу қаупін арттырады.

 

2 дақпырт: «Темекі тарту тек өкпе мен жүрек денсаулығын ғана нашарлатады, ал несеп шығару жүйесіне әсер етпейді».

 

Шындық: Шылым тарту тек өкпе мен жүрекке ғана емес, сондай-ақ бүйрекке де зиян тигізеді. Темекі түтінінің құрамындағы уытты заттектер бүйрек жұмысының тиімділігін төмендетуі мүмкін, осылайша бүйректің созылмалы ауруларының даму қаупі артады және бұрыннан бар дерттердің үдеуін жылдамдата түседі. Темекінің түтінінде ағзаның мүшелері мен тіндеріндегі қан ағымына теріс ықпалын тигізе алатын заттектер кездеседі, олар бүйрек жұмысының тиімділігін төмендете отырып, әрі қуықтың шырышты қабатын зақымдайды, бұл қуықтың қатерлі ісігінің пайда болу қаупін жоғарылатады. Егер шылымқұмар өзінің денсаулығы үшін алаңдайтын болса, әрі қауіпті төмендеткісі келсе, дегенмен никотинге деген тәуелділігінің салдарынан темекі шегуден бас тартуды қаламаса, онда балама нұсқаларды қарастыру мүмкүндігі бар. Мәселен, никотинді алмастыратын терапия немесе темекіні қыздыруға арналған құрылғыларға ауысуға болады, соңғысындағы температура Цельсий шкаласы бойынша небәрі 350 градусқа дейін ғана жетеді және темекі түтінімен салыстырғанда мұнда зиянды химиялық заттектер 95%-ға азырақ бөлінеді.

3 дақпырт: «Егер сіздің генетикаңыз жақсы болса, онда жаман әдеттер урологиялық және бүйрек денсаулықтарына ықпал етпейді».

 

Шындық: Генетикалық бейімділіктің маңыздылығына қарамастан, жаман әдеттер «жақсы» гендерді «тегістей» отырып, урологиялық және бүйрек денсаулықтарына айтарлықтай зиян келтіруі әбден мүмкін. Темекі тарту, ішімдікке салыну және есірткі қралдарын тұтыну, тіпті, генетикасы жақсы адамдардың өздерінде де бүйрек ауруларының дамуын қоздыруы немесе жағдайды мүлдем нашарлатып жіберуі ықтимал.

 

4 дақпырт: «Егер жаман әдеттерден бас тартсаңыз, бүйрек және урологиялық түйткілдер өздігінен жойылады».

 

Шындық: Жаман әдеттерден бас тарту жалпы және соның ішінде бүйрек денсаулығының жақсаруына қарай маңызды қадам болып келеді, дегенмен бұл толықтай қалыпқа келу үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Темекі тарту, ішімдік пен есірткіні тұтыну кесірінен пайда болған немесе нашарлай түскен бүйрек аурулары қосымша шаралардың қолға алынуын талап етуі ықтимал: дәрі-дәрмекпен емдеу, өмір салтындағы өзгерістер және тұрақты түрдегі медициналық бақылау.

 

ҚАУІП-ҚАТЕРДІ ТӨМЕНДЕТУ МЕН ПОФИЛАКТИКА БОЙЫНША ҰСЫНЫСТАР

 

Ең ақырында қауіп-қатерді төмендетуге және несеп шығару жүйесін залалдан қорғауға көмектесетін бірнеше ұсынысты бергіміз келіп отыр.

 

  1. Қалыпты салмақты сақтап отыру. Қалыпты салмақты сақтап отыру бүйрек аурулары қаупінің негізгі факторлары болып саналатын қант диабеті мен жоғары қан қысымының даму тәуекелін төмендетеді. Осы тұста тұрақты түрде физикалық жаттығуларды жасау және үйлестірілген тамақтану көмекке келеді.
  2. Медициналық тексерулерден тұрақты түрде өту. Дәрігерге тұрақты түрде барып тұру және тексерулерден өту урологиялық ауруларды бастапқы сатыларында анықтауға көмектеседі, бұл кезеңде емдеу әлдеқайда тиімді болмақ.
  3. Суды жеткілікті мөлшерде ішу. Суды тұтыну тәртібі бүйректің дұрыс қызмет етуін қамтамасыз етіп, бүйректе тастардың пайда болуына жол бермеуге көмектеседі және зәр шығарудың қалыпты көлемін сақтайды.
  4. Дұрыс тамақтану. Құрамында тұз мөлшері жоғары болып келетін тағамдар мен өңделген ет өнімдерін тұтынбаңыздар, олар несеп-тас ауруының даму қаупі мен қан қысымын арттыра алады.
  5. Қуықты үнемі босату. Инфекцияларға жол бермеу және қуықтың жұмыс істеуін жақсарту үшін несепті уақытында шығарған дұрыс.
  6. Кофеин және басқа да қуық тітіркендіргіштерін тұтынуды шектеу. Кофеин зәр шығару жиілігін жиілетуі мүмкін және қуықтың тітіркенуіне септігін тигізе алады, әсіресе бұл қуығы өте белсенді болып келетін адамдарда кездеседі.
  7. Жаман әдеттерді азайту немесе олардан бас тарту. Алкоголь, темекі және есірткі аурулардың пайда болу қаупін арттырады.

 

Өмір салтын өзгерту және аурулардың алдын алу бойынша берілген ұсыныстарды орындай отырып, әрқайсысымыз өз тәуекелдерімізді төмендетіп, әрі денсаулығымызды айтарлықтай жақсарта аламыз. Тұрақты тұрде медициналық тексерулерден өту, дұрыс тамақтану, сұйықтықты жеткілікті мөлшерде тұтыну, қалыпты физикалық жүктемелер мен жаман әдеттерден бас тарту – осының барлығы бірге сіздің урологиялық және жалпы денсауығыңыз үшін пайдасын тигізері сөзсіз.

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]