Микропластиктің қауіптілігі: денсаулық пен табиғатқа әсері

Микропластик деген не және одан не күтуге болады?

Әлемдегі пластик көлемінің әрдайым артып отыруына қатысты ең қорқынышты проблема – қоршаған ортаның ластануы. Кейінгі кезге дейін осы пікір дұрыс саналып келді. Алайда соңғы зерттеулер пластиктің майда бөлігі, яғни микропластиктің қаупіне жиі тоқталатын болып жүр.

Микропластик деп әдетте диаметр көлемі бес миллиметрден аспайтын пластик бөлшектерін атайды. Мәселен, алманың қалдығы толықтай шіріп, шіріндіге айналады, ал пластиктің жәйі басқаша: ол өте баяу ыдырайды.

 

Лақтырылған немесе сұрыпталмаған пластик күн сәулесі түскенде фрагментация процесінен өтеді. Ыдыраған кезде оның кішкентай бөлшектері су мен топырақты ластайды. Суда бұл бөлшектерді балық жейді, ал балықты адам жейді. Топыраққа өсімдік өседі, оны басқа жануарлар жейді, ол жануарды да адам жейді. Одан бөлек барлық ауыз су түптеп келгенде бәрібір жаһандық су айналымына қатысады және азық-түлік өнімдерін шығаруда пайдаланылады.

 

Осы айтылғанды қорытындылай келе, біз тұрақты түрде пластик тұтынамыз деуге болады.

 

Адам тыныс алғанда күн сайын 6000-ға дейінгі микропластик талшықтарын жұтатыны белгілі болды. Ал косметика арқылы қанша микропластикті жеп қоятынымыз немесе теріге жағатынымыз туралы нақты дерек тіпті жоқ.

 

ҚОРШАҒАН ОРТАДАҒЫ МИКРОПЛАСТИК

Қоршаған ортаға микропластик алғашқы (өндіріс) және қайталама (табиғи) деген екі жолмен тап болады. Өндірістік микропластик синтетикалық мата, көлік дөңгелегі немесе тұрмыстық химия әзірлеу барысында ұнтақ немесе гранула түрінде жасалады. Ал қайталама жолда ыдырау барысындағы пластик табиғат аясына тасталады. Пластик бөлшектерін ғалымдар Арктикадан да, Мариан шұңғымасынан да, Альпі тауларынан да тауып алып жатыр.

 

МИКРОПЛАСТИК ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

Зерттеулер біз күнделікті қолданатын мұнай-газ саласы өнімдерінің ең көп микропластик бөлетінін көрсетеді. Бұл санатқа бірінші кезекте автомобиль шиналары мен синтетикалық киімді жатқызуға болады.

 

Германиялық ғалымдар автотрассалар маңында табылған пластик бөлшектерінің 90%-ы шина протекторларының тозуынан пайда болатынын анықтады. Мұндай микропластик ауадан суға, топыраққа және адамдар мен жан-жануарлардың тыныс жолдарына тап болады.

 

Синтетика матадан тоқылған киімдерден кір жуу кезінде микропластик бөлінеді, яғни жұлынған майда талшықтар кәріз жүйесі арқылы табиғаттың «құшағына аттанады».

 

Түрлі заттың қорабы, бірреттік ыдыс-аяқ, тұрмыстық химиядан бөлінетін микропластик көлемі сәл аздау.

 

Айтпақшы, қысқатолқынды пеште пластик ыдыста тамақ қыздырсаңыз немесе пластик бөтелкеге ыстық сусын құйсаңыз, яғни жоғары температура жағдайында микропластик бөліну ықтималдығы артады.

 

МИКРОПЛАСТИК АДАМ МЕН ЖАН-ЖАНУАРҒА НЕСІМЕН ҚАУІПТІ?

Пластикте (сәйкесінше, микропластикте) көптеген химикат бар. Мәселен, түрлі пластификаторларды, тұрақтандырғыштарды, бояуды атауға болады. Оның бәрі адам үшін зиян болуы мүмкін. Мысалы, гормонал күйге әсер етуі немесе ауру тудыруы ықтимал.

 

Микропластик канцерогенді де бола алады. Ағзаға түскенде ол ұлпа мен жасушаны тітіркендіріп, қабындырады. Бұл тұрғыдан микропластик Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1-топтағы канцероген деп таныған асбестке ұқсайды.

 

Сонымен қатар микропластик адамдар мен жануарлардың ДНҚ-сын өзгерте алады деген зерттеулер де бар, алайда бұл бағытта нақты бір қорытынды шығару үшін мәлімет жеткіліксіз.

 

МИКРОПЛАСТИКТЕН ӨЗІМІЗДІ, ПЛАНЕТАНЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙ АЛАМЫЗ?

Қоқысты сұрыптау және пластикті өңдеу оның өндірісін қысқартуға көмектеседі.

 

Микропластикті ағзаға «жетелеп» апаратын қайталама жолдың қатерін де төмендетуге болады, ол үшін пластик қоқысты адам тамақ, киім және тұрыстық заттарға қатысты қолданатын ресурстардың қасында тастамау керек.

 

Сонымен қатар мүмкіндігінше табиғи матадан тоқылған киім сатып алу қажет. Жалпы, киім-кешекке барынша мұқият болып, күтіп киген, ұзақ пайдаланған жөн, себебі әр жаңа киім үйге микропластик алып келеді.

 

Тұрмыстық химия, денеге арналған крем мен косметиканың құрамын қарап отырыңыз және пластик ұнтағы төмен өнімдерді таңдаңыз. Бұл элементтердің толық тізімін жаттап алу оңай іс емес, алайда қарапайым ереже бар: өнім құрамындағы зат атауының poly- немесе acry- деген бөлігі болса, ол әдетте пластик компоненттерден жасалған болып шығады.

 

 

 

Аударған Димаш Зиядин

Фото дереккөзі Shutterstock

Как вы оцените статью?
[Total: 1 Average: 5]