Неліктен «Субстанция» – 2024 жылдың басты фильмі - Лайқос

Неліктен «Субстанция» – 2024 жылдың басты фильмі

Көптеген елдерде асыға күтілетін мерекеге дейін небәрі екі апта қалып отыр, әрі қалыптасқан әдет бойынша көпшілігіміз бұл уақытты белгілі бір қорытындыларды шығаруға жұмсайтынымыз рас. Киноиндустрияда болса, желтоқсан айы дәстүрлі түрде кино саласындағы марапаттар маусымының басталу кезеңі болып саналады. Корали Фаржаның «Субстанция» боди-хорроры «Алтын глобус» сыйлығының бірнеше номинациясына (соның ішінде «Үздік фильм» және «Үздік әйел рөлі» үшін аталымдарға) ие болды, алайда оның қоржынындағы нақты жеңістерінің бірі – бұл осы жылдың ең көп талқыланған әрі қайшылықты фильміне айналуы.

Алғашқы кадрдан-ақ француз әйелінің туындысына ғашық болған адам ретінде мен неліктен «Субстанция» фильмін – өтіп бара жатқан жылды еске түсіріп отыратын басты картина деп санайтынымды түсіндіруге тырысқым келеді.

Life in plastic – it’s fantastic!

Дисклеймер: төменде көрсетілген мәтінде мен Корали Фаржаның фильміне кеңінен таралған түсіндірмелерден алшақтауға тырысып, әрі «Субстанцияға» сәл өзгеше көзқараспен қарауға талпындым. Сіздің пікіріңіз менің пікіріммен сәйкес келмеуі әбден мүмкін, бұл қалыпты нәрсе. Өйткені біз – «екі жарты бір бүтін» емес, бөлек жандармыз.

Толыққанды талдауды бастамас бұрын, «Субстанция» фильмінің не туралы және оның сюжеттік желісі жайында қысқаша ғана естеріңізге сала кетейін. Оқиға ортасында – Элизабет есімді Голливудтың бұрынғы жұлдызы, әрі 50 жастан асқан ол теледидардағы фитнес-шоудың жүргізушісі болып жұмыс істейді. Бір күні Элизабет дәретханада продюсер Харвидің бағдарламаны анағұрлым жас жүргізушімен түсіру керектігі туралы кездейсоқ әңгімесін естіп қалады да, өзінің мінсіз физикалық қалпына қарамастан, кейіпкер жас ерекшелігінің барлық өзгерістеріне байланысты бүкіл комплекстерді басынан кешіреді.

Элизабеттің жол апатына түсуі жағдайды одан бетер ұшықтырып жібереді де, осылайша ол мүлдем табиғи емес көз тартарлық келбетке ие дәрігердің кабинетіне келеді. Дәл сол дәрігер өшіп бара жатқан жұлдызға әлдебір «Субстанция» туралы ақпаратты береді, оны тұтынып қойып, кейіпкер бір аптаға ғайып болуы тиіс, осылайша ол өз тұлғасының басқа бір бөлігі – Сью есімді жас сұлуға «өмір» сыйлайды.

Шынайы өмірде өзін бірде-бір рет танытпаған телефондағы дауыс Элизабетке ешқандай «мен» және «ол» жоқ, сіздер – екі жарты бір бүтінге айналуыңыз керек деп бірнеше рет қайталайды, алайда дәл осы Сью бұл жайтты қабылдауға дайын емес сияқты.

Сонымен, бір жылға артқа шегініп, 2023-те ең көп талқыланған қандай картина екенін еске түсірейік. Warner және Mattel компаниялары тарапынан ұйымдастырылған ауқымды жарнамалық кампания маркетинг әлеміне «Барбенгеймер» деген терминді сыйлап, шын мәнісінде «Оппенгеймер» фильмінің түсірушілеріне жоспарланбаған коллаборацияны күштеп таңады. Win-win жағдайы: «Барби» жылдың ең көп табыс әкелген ойын фильміне айналады да, ал «Оппенгеймер» болса, «Оскарлардың» мол «түсіміне» ие болып шығады.

Бұл тұста түрлі-түсті комедия мен қантөгіске толы натуралистік хоррордың арасында, екеуі де әйелдер тарапынан режиссерленгенінен бөлек, ортақ не нәрсе болуы мүмкін деген сұрақ туындайды. Санап көрейік. Екі картина да патриархалды әлемнің («Барби» фильмінде бұл Mattel корпорациясының кеңсесі, ал «Субстанцияда» – Деннис Куэйдтің карикатуралық жимиысына ие Харви) нәзік жандыларға әйел сұлулығының табиғи заңдылықтарға қарама-қайшы келетін өз стандарттарын қалайша күштеп таңып отырғандығы турасында әңгімелейді. Фильмнің екеуінде де режиссер әйелдер медиа әлемін аса тапқырлықпен кекетеді. Мына бір жайт қызықты болып көрінгенімен, алайда екі картинада да біз басты кейіпкерге үмітсіз ғашық болған, әрі ақыры жүздесуге қол жеткізе алмаған екі ер адамды көреміз.

Шын мәнісінде «Субстанция» фильмі – бұл «Барбидің» зұлым егізі, тура Элизабетке зұлымдық танытқан Сью іспетті. Барби аялдамада егде жастағы әйелге «Сіз өте әдемісіз!» деп айтса, «Сен өмір сүру үшін өте кәрісің, енді менің уақытым келді», – деп Сью бар әрекетімен осыны Элизабетке қаратып айтады.

Қыздар, бұл менің трансформациям!

«Субстанция» фильмінің прокатта, ал содан кейін стримингтерде де дүркіреп өткен бірнеше айдың ішінде әлеуметтік желілерде тизерден алынған кадрдың сыртындағы дауыс пайдаланылған мем кеңінен таралып кетті: «Сіз өзіңіздің әлдеқайда жақсырақ нұсқаңызға айналуды армандадыңыз ба? Жастау! Әдемілеу нұсқа!»

Бір қызығы, Корали Фаржа «Субстанцияның» әлемін әдейі дәл қай уақытта болып жатқаны түсініксіз етіп құрастырады. Әлбетте, басты кейіпкер әйелдің мамандығы аты аңызға айналған актриса Джейн Фонданың фитнес-сабақтарына жөнелтіп отыр, ал бұл 80-ші жылдары танымал болған жайт, сонымен бірге Элизабет пәтерінің интерьері өте заманауи, әрі кадрдың ішінде смартфондар бар, дегенмен әлеуметтік желілер турасында мүлдем сөз қозғалмайды, ал бұрынғы сыныптасының телефонын басты кейіпкер бір жапырақ қағазға жазып алады.

Алайда фильмнің негізгі нүктелерінің бірі Корали Фаржаның қазіргі заманғы трендтерді мазақ етуі болып келеді. Фитнес-залдар, тамақты жеткізу бойынша қызметтер, психологтар мен коучтер, желілік селебрити – бәрі бір ауыздан саған соншалықты қажет трансформация жайында айтып отырады. Яғни, біз тек екінші, позитивке тола хабарламаны естиміз де, бірақ басты және негативтісін жіберіп алғандай боламыз: сен біртүрлісің, сен бұл әлем үшін онша тартымды емессің.

Осы «трансформация» жаршыларының барлығы да ақыры жымиып тұрған жалғыз Харвиге «ұласады», әрі бүгінгі сені қоқысқа лақтыра отырып, сенен кезекті бір Сьюді жасағысы келеді, ал ол сенің бір бөлшегің болғанымен, саған деген жек көрушіліктен басқа ешнәрсені де сезбейді.

Өзіңді сом тұлға ретінде жақсы көр

Картинаға мін ретінде қойылатын тұстардың бірі келесідей: «Жарайды, керемет фильм, дегенмен соңғы жиырма минуты жиіркенішті, режиссер оны қалай аяқтауды білмегендей, сол себепті барлығын да осылайша «жұмарлап» тастаған секілді».

Осы наразылықтың жақтаушылары картинаны мұқият қарамаған іспетті, әрі мен телефондағы жұмбақ дауыстың бірнеше рет қайталаған сол бір фразасын естеріңізге түсірейін: «Ешқандай «мен» және «ол» жоқ, сіздер – екі жарты бір бүтінге айналуыңыз керек». Шын мәнісінде, бұл аталмыш трансформация туралы идеяның логикалық түйіні болып отыр. Сайтан алғыр, ешқандай трансформацияның жоқтың қасы.

Мұрныңызды кішірейткеннен кейін немесе омырауыңызды үлкейткен соң өзіңізге қарсы өшпенділік бірден ғайып болады деген үмітпен денеңізді пластикалық хирургтарға кескілей беруге шексіз рұқсат етуіңізге, сағаттап спорт залдарында өзіңізді қинауыңызға, сүйікті тағамдарыңыздың иісі аңқып тұрған кезде тістеріңізді қыса беруді жалғастыруыңызға, әрі рухы сөнген және бақытсыз адам ретінде қала беріп, айнадағы сымбатты дене бітіміңізге тандана беруіңізге болады.

Шарықтау сәті – өз бойында Элизабет пен Сьюді біріктірген құбыжық, біртүрлі болса да, ақыры жеке тұлғасының барлық қырларын қабылдағанынан абсолюттік бақытты екенін жеткізеді, бұл тіпті, ешкімге ұнамаса да. Ақыр соңында сенен тек қана атың жазылған бейіт басындағы құлпытас қана қалмақ. Сонда, осыншама қапаланудың қажеті бар ма еді?

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]