Қазақ тіліне аударылған топ-10 бестселлер кітап
Кейінгі жылдары әлемдік бестселлер кітаптар қазақ тіліне көп аударылды. Бұрындары кітап дүкендерінен қазақша кітаптарды сирек көрсек, қазір қазақшаға аударылған әлемнің үздік шығармаларын оңай таба аласыз. Мұндай кітаптардың аударылуы оқырманға үздік кітаптарды ана тілінде оқуға мүмкіндік береді. Лайқос кейінгі жылдары қазақ тіліне аударылған топ-10 бестселлер кітаптар тізімін ұсынады.
«Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы» – Юваль Ной Харари
Бұл кітап әлемдік бестселлерге айналып, көптеген оқырманның жылы пікіріне ие болды. Харари бұл еңбегінде адамзаттың эволюциясы мен тарихын кең ауқымда қарастырады. Бұл еңбек оқырманды адамзат тарихына деген қызығушылыққа ынталандырады, мәдениетімізді, дәстүрімізді әлемдік контексте қарастыруға мүмкіндік береді. Кітап оқырманға тарихи оқиғалар мен қоғамның дамуы туралы кеңінен ойлануға көмектеседі. Кітап өткен кезеңдердің оқиғалары мен қазіргі заман мәселелері арасындағы байланысқа зер салып, оқырманды қоршаған орта туралы түсініктердің бәрін қайта қарауға жетелейді.
«Атом әдеттер» – Джеймс Клир
«Атом әдеттер» – біздің өміріміздегі кішкентай, бірақ тұрақты түрде орындалатын әдеттер. Олар атом сияқты өте ұсақ болғанымен, уақыт өте келе адам өміріне зор өзгерістер әкеледі. Әдеттер тиімді болуы үшін оларды кіші қадамдардан бастау маңызды. Джеймс Клир кітабында кіші әдеттерді қалай қалыптастырып, үлкен мақсаттарға жетуге болатынын нақты мысалдармен түсіндіреді. Кітапта адамның күнделікті өмірін тиімді етудің әдіс-тәсілдері талқыланады. Кітап әдетті өзгерту арқылы жетістікке жету және жеке дамуға негізделген қарапайым стратегиялар туралы құнды кеңестер береді.
«Алжернонға арналған гүл» – Дэниел Киз
Бұл психологиялық роман адам санасының дамуы мен қайғы-қасірет туралы ой қозғайды. Алжернон деген тышқанның тәжірибесі арқылы адам табиғатының шектеулері мен оның интеллектке қатысты қиындықтарын көрсетеді. Шығарма адамзаттың өмірлік сұрақтары мен терең психологиялық мәселелерін түсіндіреді. Оқырман шығармадан адам табиғатының күрделілігін және адамның эмоциялық әлемінің тереңдігін сезіне алады. Д. Киздің қаламынан туған «Алжернонға арналған гүл» романы 30-дан астам елде жарық көріп, рет қайта басылды. Туындының желісі бойынша көркем фильм түсірілді.
«Махаббаттың қырық қағидасы» – Элиф Шафак
Элиф Шафактың «Махаббаттың қырық қағидасы» романы – махаббаттың шексіз құдіреті мен рухани ояну туралы терең философиялық шығарма. Бұл роман екі уақыт аралығындағы оқиғалар желісіне құрылған. Біріншісі – қазіргі заманғы америкалық әйел Элла Рубинштейннің өмірі болса, екіншісі – XII ғасырдағы сопы әрі ақын Руми мен оның рухани ұстазы Шәмс Тебризи арасындағы байланыс. Түрік жазушысының бұл романы махаббаттың терең мәнін зерттейді. Шамс Тебризи мен Жәлел ад-Дин Румидің рухани қарым-қатынасын негіз еткен бұл кітапта махаббаттың философиялық және діни қырлары қарастырылады. Шығармада махаббаттың трансформациялық күші туралы, өмірде кездесетін қиындықтарды рухани кемелдену арқылы жеңу жолдары көрсетіледі.
«1984» – Джордж Оруэлл
«1984» – әлемдегі ең үздік 100 романның бірі. Бұл антиутопиялық роман қоғамдағы тоталитарлық билік пен оның адам өміріне әсерін суреттейді. Оруэлл бұл шығармада еркіндік пен шындықты бұрмалаудың, бақылау мен цензураның, сондай-ақ ойлау мен сөйлеуді шектеудің қандай қауіпті салдарға әкелетінін көрсетеді. «1984» – авторитарлық режимнің адам психологиясына және қоғамдағы мәдениет пен құндылықтарға әсерін суреттейтін классикалық туынды. Кітапта шынайы өмір мен алдамшы өмірдің арасында бітпейтін мағынасыз соғыс суреттеледі. Партия билігі мен тоталитарлық жүйе қара халықты қынадай қырып, ілім мен білімнің тамырына балта шауып, адамзатты өзінің басыбайлы құлына айналдыруды көздейді. Кез келген державаның мақсаты – таққа таласу мүмкіндігі жоғары ақылдылардың санын азайтып, халықты тобырға айналдыру. Мұндай жүйенің құрсауына түскен есі дұрыс адамның өзі сеніміне күмәнмен қарап, уақыт өте келе көп мәңгүрттің қатарын көбейтеді. Өйткені бүтін бір державаны уысында ұстап отырған әйгілі Партия ондай бірді-екілі «ақылдыларды» сабасына түсірудің ерекше жолын ойлап тауып отырады.
Фрэнсис Скотт Фицджеральд – «Ұлы Гэтсби»
Фрэнсис Скотт Фицджеральдтің «Ұлы Гэтсби» романы арман қуған жас жігіттің алдына қойған мақсатқа жету жолында қажырлы еңбегімен жеткен жетістіктерін баяндайды. Жетістігінің бәрін сүйіктісіне арнаған Гэтсби онымен қол ұстасып, бақытты болғысы келеді. Бірақ ол шын мәнінде сағым қуып жүргенін түсінбейді. Оқырман бұл романды оқи отырып, өткеннің қайта оралмайтынына көз жеткізеді. Романның басты тақырыбы – арман мен шындық, махаббат пен байлық, және моральдық құндылықтардың жоғалуы. Фицджеральд 1920 жылдардағы Нью-Йорк элитасының бос өмірін, жасандылық пен екіжүзділікті сынға алады. Жасанды сән-салтанат, байлық және материалдық құндылықтар шынайы өмірден алыстатып, адамдарды рухани тұрғыдан күйзеліске ұшыратады. Бұл контекстте Гэтсбидің кештері, онда жиналған қонақтар, олардың ойсыз, мағынасыз өмірі осы кезеңнің символы ретінде көрсетіледі. Гэтсбидің бүкіл байлығы Дэйзи Бьюкененді қайтарып алуға бағытталған, алайда оның арманы шындыққа жанаспайды. Гэтсбидің роман соңындағы қайғылы тағдыры америкалық арманның шындыққа сәйкес келмейтінін, бұл арманның тек қиял екенін көрсетеді.
«Менің атым Қырмызы» – Орхан Памук
Түрік жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памуктың «Менің атым Қырмызы» романы – Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің, өнердің және діни дәстүрлердің арасындағы күрес пен синтезді зерттейтін терең философиялық шығарма. Шығарма оқиғасы XVI ғасырдағы Осман империясында өрбиді. Онда миниатюра өнері мен суретшілердің өмірі арқылы үлкен мәдени, діни және саяси мәселелер талқыланады. Роман нағыз мықты суретші қандай болуы керек, несімен өзгешеленеді деген сұрақтарға жауап іздейді, одан да өзге шытырманға толы тұстары жетерлік. Романның ерекшелігі – «Мен Қарамын», «Мен Қызылмын», «Мені қылмыскер дейді» деген тақырыпшалармен әр адамның атынан жазылуында. Автор бұл роман арқылы Шығыс пен Батыстың арасындағы мәдениеттер мен құндылықтардың қақтығысын, махаббат пен сенімнің адам өміріндегі орнын, өнер мен діни ұстанымдар арасындағы шиеленістерді баяндайды. Батыс өнерінде адамзаттың жеке бейнесі мен оның маңызы ерекше бағаланса, Шығыс өнерінде керісінше, адамның орны Құдайға деген сенім арқылы белгіленеді. Осы екі көзқарас арасындағы қақтығыс суретшілер арасындағы күресті ашады.
«Дрина көпірі» – Иво Андрич
Әйгілі серб жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Иво Андричтің «Дрина көпірі» романы Балқан аймағындағы түрлі халықтар мен мәдениеттердің тарихын, олардың өзара қарым-қатынасын баяндайтын ерекше туынды. Осман империясы салтанат құрып тұрған шақта, XVI ғасырдың басында серб баласы Мехмет паша түрік әскеріне алынып, империяға қызмет етеді. Кейін оның дәрежесі өсіп, уәзір болады. Сол кезде ол туған жеріне, Вышеградтағы (қазіргі Сербия мен Босняның шекарасында) ағып жатқан Дрина өзеніне тас көпір салғызады. Шығарма сол көпірдің құрылысынан басталып, Вышеградтың, Осман империясына бодан болған елдің бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі төрт ғасырлық тарихын осы көпірдің тарихы арқылы көрсетеді. Бұл көпір романда символдық мәнге ие, өйткені ол бірнеше ғасырлар бойы аймақтағы әртүрлі халықтардың, діндердің және мәдениеттердің тоғысуын бейнелейді. Көпір инфрақұрылымдық нысан ғана емес, халықтардың өміріндегі маңызды символ ретінде қабылданады. Ол бейбіт өмірдің, сонымен бірге соғыс пен күйреудің куәсі болады. Автор әртүрлі мәдениет пен дін өкілдерінің бірге өмір сүре алатынын, алайда саясат пен соғыстың бұған кедергі жасайтынын көрсетеді. Оқырман шығармадан Балқан тарихының қыр-сырын түсініп қана қоймай, өнер мен мәдениет, соғыс пен бейбітшілік, адам тағдыры мен тарихтың тығыз байланысын сезінеді.
«Батпырауық қуған бала» – Халед Хоссейни
«Батпырауық қуған бала» – ішкі қайшылықтар мен жауапкершілік туралы –әсерлі шығарма. Романда Әмір мен Хасеннің тағдыры суреттеледі. Хоссейни бұл романында адамның жасаған қателіктері мен соларды түзетуге деген талпынысын сипаттайды. Әмірдің Хасанға жасаған сатқындығы оның өмір бойы есінен кетпейді. Алайда ол соңында шынайы достық пен адалдықтың мәнін түсініп, өз кінәсін мойындайды. Сондай-ақ роман соғыс пен әлеуметтік теңсіздіктің адамдарға қандай ауыр зардаптар әкелетінін көрсетеді. Шығармада Ауғанстандағы әлеуметтік және этникалық бөліну, әсіресе пуштундар мен хазарлар арасындағы шиеленіс көрініс табады. Қоғамдағы теңсіздік Әмір мен Хасанның қарым-қатынасына да үлкен әсер етеді. Сонымен бірге романда пуштун мен хазардың, үстем тап пен қарапайым халықтың және саяси-әскери төңкерістерді бастан кешкен Ауғанстанның қасіреті баяндалады. Роман 2021 жылы «Фолиант» баспасынан қазақ тіліне аударылып басылып шықты.
«Хәрри Поттер» – Джоан Роулинг
Әйгілі жазушы Джоан Роулингтің қиял-ғажайып шығармалар жинағы 7 кітаптан тұрады. Миллиондаған баланың сүйікті кітабына айналған, көзілдірікті сиқыршы бала Хәрри Поттер мен оның құпияға толы тылсым әлемі туралы жеті томдық шығармалар жинағы әлемнің 80 астам тіліне аударылған және 500 млн данамен басылып шыққан. Қазақстандағы Steppe & WORLD Publishing баспасы сиқыршы Хәрри Поттер туралы әйгілі шығармалар жинағын аударды. Әр кітап Хәрри Поттердің сиқыршылық әлеміндегі өмірін, оның зұлым Волдемортпен күресін баяндайды. Сондай-ақ әр кітапта Хәрри мен оның достарының сиқырлық мектептегі оқиғалары мен зұлым Волдемортпен күресі суреттеледі.
Бұл кейінгі жылдары қазақ тіліне аударылған бестселлер кітаптың бірсыпырасы ғана. Әлі бұл тізімде жоқ қаншама кітап бар, қаншасы аударылып жатыр. Демек, жұмыс мұнымен тоқтамайды. Осы тұста әлемнің үздік кітаптарын қазақ тіліне аударып жүрген сияқты қазақстандық баспалардың ерен еңбегін айта кеткен жөн. Үздік шығармалардың көптеп аударылып жатқаны оқырманды әрдайым қуанта беретіні анық.