Біржолата тастау?
Егер темекіден кенет бас тартсаңыз, не болады
Темекі шегу – бұл әдеттің жаман екендігі турасында шылымқұмарлардың барлығы да хабардар, көбісі, тіпті, темекіні бірден тастауды армандайды, алайда көңіл-күйдің өзгеріп тұруы, жүрек ырғағының бұзылуы, артық салмақ жинау және басқа да жағымсыз нәрселерден қорқады. Біз түйткілді қалай шешу керектігі және оның дұрыс жолын таңдауға болатынын анықтадық.
ЖОҒАРЫ ТӘУЕКЕЛДЕР
Дәрігерлер – темекіден кенет бас тартуға бола ма – сауалына кесімді түрде жауап бермей отыр. Бұл жекеше мәселе, бәрі де адамның жасына, оның шылым тарту «өтіліне» және созылмалы ауруларының бар-жоқтығына байланысты дегенді жиірек айтады. Дегенмен жанатын темекідегі қауіптің шылым шегуден бас тарту кезіндегі сырқаттылыққа қатысты кез келген тәуекелдерден әлдеқайда жоғары екендігін бірауыздан мойындайды.
ТЕМЕКІНІ БІРДЕН ТАСТАЙ АЛМАСАҢ, НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Осы түйткілді біржолата шеше алмаған жандар үшін түтінсіз балама нұсқалары, яғни, электронды темекі және темекіні қыздыру жүйелеріне көшу ұсынылады. Бұл гаджеттерде адамның денсаулығы үшін залалды заттар мен қосылыстар әлдеқайда аз – кәдімгі темекімен салыстырсақ, орта есеппен алғанда 95% төмен кездеседі екен.
«Темекінің ішінде пиролиз жүреді (органикалық және бейорганикалық қосылыстардың термиялық ыдырауы – Ред. ескертпесі), дәл осы үдеріс барысында канцерогендік және уытты заттардың негізгі массасы бөлініп шығады. Ал темекіні қыздыру барысында мұндай жайттар болмайды. Бұл қыздыру жүйелері мүлдем зиян келтірмейді деген сөз емес, дегенмен олардың темекіге қарағанда, зияны әлдеқайда аздау», – деп түсіндіреді Ресейдің қатерлі ісік ауруларына қарсы қоғамының президенті, Оксфорд университетінің профессоры Давид Заридзе.
ШЫЛЫМНАН КҮРТ БАС ТАРСАҢЫЗ, НЕ БОЛАДЫ?
Адамда темекі тартудан кенет бас тартқан кезде уақытша психологиялық жайсыздық пен ағзаның «қайта құрылуына» байланысты қысқа мерзімге созылатын өзін-өзі нашар сезіну пайда болады.
Бұл қалай білінеді?
- шамадан тыс қозғыштық,
- мазасыздықтың жоғарылауы,
- зейіннің бұзылуы,
- ашуланшақтық,
- ұйқысыздық,
- көңіл-күйдің өзгеріп тұруы,
- шектен тыс ызалану,
- депрессия.
Сонымен қатар жаман әдеттен арылуға бел буған адам қан қысымының секірісі, жиіленген жүрек соғысы, бас және бұлшықеттің ауруына тап болуы мүмкін. Темекіден бас тарту нышанаты кеуде қуысының ыңғайсыздығы, дірілдің пайда болуы, тершеңдіктің жоғарылауы, регенерациялық үдерістердің баяулай түсуімен бірге жүреді.
Кейбіреулер расында да артық салмақ жинай бастайды. Бұл негізінен тамақтану тәртібінің бұзылуына байланысты болады, яғни, адам темекінің орнына кәмпит, жаңғақ, шемішкеге жиірек қол созатын көрінеді.
ҚАНШАЛЫҚТЫ ҰЗАҚ ТЕМЕКІ ТАРТҚЫҢ КЕЛІП ТҰРАДЫ?
Аталмыш белгілер көрінісінің шыңы, әдетте, үшінші тәулікке келеді, осыдан кейін барып 3–4 апта ішінде бірте-бірте бәсеңдейді. Дегенмен кейбір адамдарда шылым шегуге деген әуестіктің белгілері әлдеқайда ұзақ уақытқа созылуы мүмкін.
Рецидивтің пайда болуын не тудыра алады? Таныс жерлер, адамдар немесе біреу темекі тартып тұрғандағы жағдайлар, сонымен қатар күйзеліс жағдаяттары да себеп бола алады.
ҚАЙ УАҚЫТТА МЕН ТЕМЕКІНІ ТАСТАДЫМ ДЕУГЕ БОЛАДЫ?
Кез келген шылымқұмар бір жыл бойына темекі шекпеген болса, ол шылымды қойды деп айтуға болады. Бұл кезең барысында инсульт, инфаркт тәуекелдері төмендейді. Дауыстағы қарлыққандық, ентігу жойылады, тістің кіреукесі ағарады.
ТЕМЕКІ ТАСТАУДЫҢ ДҰРЫС АМАЛЫ ҚАНДАЙ?
Ең басты шарт – бұл адамның жаман әдеттен құтылуға деген нық әрі шын ниетінің бар болуы. Барлық басқа амалдар – дәрілік болсын, немесе психотерапевтік әдіс – темекі тартуға деген физикалық тәуелділіктің көріністерін азайтуға мүмкіндік беретін тек қана қосымша амал болып саналады.
ШЫЛЫМНАН БАС ТАРТУДЫҢ БЕЛГІЛЕРІН ӨЗ БЕТІМЕН ҚАЛАЙ ЖЕҢІЛДЕТУГЕ БОЛАДЫ?
Дәрігерлердің ең бірінші ұсынатын кеңесі – көбірек су ішу керек. Сілтілі сусындар (тәтті емес минералды сулар, шырындар, көкөніс қайнатпалары) ағзадағы уытты заттардың жойылуына ықпал етеді. Сонымен қатар суды көбірек ішудің арқасында жөтел күшейген кезде қақырықтың шығуы жеңілдетіліп, әрі бұл ауыз қуысы және тамақтағы құрғақтық сезімін болдырмайды.
Тамақтану рационын да қайта қарастырған абзал. Дұрыс, үйлестірілген тағам уытты заттардың ағзадан шығарылуына септігін тигізеді. Дәрумендер мен жасұныққа бай өнімдерді жиірек тұтыну керек:
- С дәрумені (итмұрын, қара қарақат, көк пияз, орамжапырақ, лимондар),
- В1 дәрумені (ірі үгінді нан, жармалар),
- РР дәрумені (үрмебұршақ, жармалар, ашытқы, орамжапырақ, сүт өнімдері, картоп),
- А дәрумені (көкөністер, әсіресе сәбіз),
- Е дәрумені (ірі үгінді нан, өсімдік майы, көкөністер, бидай ұрығы).
Бұдан бөлек пайдалы ас (иісті желкен, ұзыншалап кесілген сәбіз) темекінің физикалық баламасы ретінде де бола алады, өйткені бұл уақытыңызды алып, шылым тартудың орнына, қолыңыз бен аузыңыз алданады.
ТАҒЫ ДА НЕ ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ?
Физикалық белсенділік деңгейін арттыру керек. Тұрақты түрде жүгіру, жүру, жүзумен айналысу, таза ауада және фитнес-залдардағы алуан түрлі жаттығуларды орындау нағыз эндорфиндер, бақыт гормондарының қайнар көзіне айналып, салмақтың артуына кедергі бола алады.
Бұған қоса жүрек саулығын нығайтатын және қан құрамындағы холестеринді төмендетуге арналған дәрі-дәрмектерді қолдану ұсынылады. Сондай-ақ жас санатына қарай дәрумендер кешенін қабылдауға да әбден болады.
ҮДЕРІСТІ ҚАЛАЙ ҮДЕТЕМІЗ?
Ағзаны тазарту және қалпына келтіру үдерістерін клиникаларда немесе детокс арқылы жылдамдатуға болады. «Табиғи» жағдайда ағзаны тазарту үшін кем дегенде бір жыл, ал көбінесе, тіпті, екі жылдай уақыт қажет.
Аударған Рита Сәрсенова