Шылымнан бас тартудың алты әдісі
Темекіні тастау және күйзелмеу
Жанатын темекі денсаулыққа зиян келтірумен қатар жүреді. Соңғы онжылдықтарда адамзат темекіні тұтату зиянды әдетінен арылудың тиімді әдісін іздеу үстінде. Біз бірнеше ұсынысты жинақтадық.
(Читайте статью на русском здесь)
Әрбір шылымқұмар бір кезде оның өмірін уландыратын залалды әдеттен бас тартудың уақыты келгені жайында ойланып қалатыны хақ. Темекі және қағаздың жануына байланысты шылымның түтінінде көптеген уытты және канцерогендік қосылыстар кездеседі. Нақ осы қосылыстар ауыр дерттерге, соның ішінде қатерлі ісік ауруларына әкеліп соқтырады. Осыған дейін ауыр дерттердің себебі никотинде жатыр деп саналған болатын.
Анықтама үшін: темекіні қыздыру жүйелері немесе электронды темекі секілді түтін шығармайтын өнімдерде жану үдерісі болмайды. Осы баламаларға ауыса отырып,шылымқорлардың денсаулығын әлсірете алатын заттектердің мөлшері 95% төмендейді. Мұндай баламалар темекі шегуді қоюға әлі дайын емес адамдар үшін өте қолайлы.
Ал осы мәселе бойынша шешім қабылдап, шылымнан бас тартуға бел буған жандар үшін бірнеше тиімді әдісті ұсынамыз. Ең бастысы, ұсыныстар арасынан өзіңізге оңтайлы әрі ыңғайлы тәсілді тауып алып, тәжірибелі дәрігердің нұсқауларына ден қоюды ұмытпаңыз.
ТОЛЫҚТЫРУШЫ ТЕРАПИЯ
Шын мәнісінде темекіні тастауға көмектесуге арналған алуан түрлі «алмастырғыш» заттар бар. Никотиндік жабыстырғыштар, сағыздар, спрейлер, ингаляторлар. Осы құралдардың барлығы да никотиндік «аштықты» жоққа шығару және темекіден бас тартудан пайда болатын алып тастау нышанатын төмендетуге арналған. Никотиндік тәуелділіктің деңгейі жоғары болса, құрамында никотині бар дәрі-дәрмектердің комбинациясын қолдану ұсынылады. Мысалы, жабыстырғыш, оған қоса сағызды да пайдалануға болады.
ПСИХИКАЛЫҚ ЕМДЕУ
Нарколог дәрігерлерінің көпшілігі психотерапиясыз шылым шегуді емдеудің кез келген әдісінің әсері тек қысқа мерзімге ғана ие болады деп санайды. Себебі адамның темекіге деген эмоционалдық байланысы өте жоғары болып келеді. Ал психикалық емдеудің тәсілдері осындай тәуелділікті тиімді түрде алып тастауға көмектеседі. Бұл мақсатқа жету үшін әшейінде Эриксон гипнозы, ұтымды, когнитивтік, мінез-құлық психикалық емдеу және басқа да әдістемелер қолданылады. Әдетте, психикалық емдеудің екі-үш сеансы жеткілікті.
ИНЕМЕН ЕМДЕУ ЖӘНЕ РЕФЛЕКСТІ ТЕРАПИЯ
Бұл қалайша әрекет етеді? Емделушінің құлақ қалқаны терісінің астына асыл металдардан жасалған микроинелерді немесе ине-батырмаларды салады. Олар шылым шегуге деген рефлекторлық тәуелділікті бұзады. Осы тәсілдің әрекет ету механизмі инемен емдеу кезінде ағзада никотинге ұқсас әрекетті алмастыратын ерекше заттектердің шығарылуымен байланыстырылады екен. Бұл абстиненттік синдромды тоқтатып, психикалық тәуелділікті әлсіретеді, әрі тосаңсыну барысында ағзаның «қайта құрылуына» мүмкіндік береді де, жалпы алғанда ағзаның қорғаушы күшін белсенді етуге көмектеседі. Сонымен қатар бұл шылым шегуден емдеудің басқа әдістерімен де жақсы үйлесетін тәсіл. Әдетте, мұндай жағдайда бір сеанстан бастап алты сеансқа дейін талап етіледі.
ДӘРІ-ДӘРМЕКПЕН ЕМДЕУ
Бұл ең тиімді әдістердің бірі болып саналады. Табекс, зибан, никоретте, бризантин, «Коррида плюс» – осының барлығы да темекіні тастауға көмектесетін дәрі-дәрмектердің атаулары.
Осындай таблеткалардың құрамында ағзаға никотин секілді әсер ететін әртүрлі химиялық қосылыстар бар. Әдетте, бұл препараттарды қабылдаудың нәтижесінде темекі шеккенде жүрек айнып, адам құса бастайды. Дәріні қабылдау тәртібін сақтай отырып, әрі сәл ғана ерік-жігеріңізді танытсаңыз, шын мәнінде темекі шегу әдетінен айтарлықтай жылдам және оңай құтылуға болатыны сөзсіз.
Ал осыған дейін Pfizer фирмасының кеңінен таралған «Чампикс» атты америкалық дәрі-дәрмектті ұсынып отырған жоқпыз, өйткені дәрі өндірушісі оның сатылымын әлем бойынша тоқтатып қойды, препараттың құрамында канцерогендердің бар екендігі анықталған.
ТЕМЕКІ ТАРТУҒА ҚАРСЫ ЕКПЕ
Вакциналар тек қана вирустар мен бактерияларға қарсы төтеп бере алады деп кім айтты? Антиденелік қорғаныш әдісін зиянды әдеттерге де қарсы қолдануға әбден болады екен. Адамның иммунитеті – бұл керемет нәрсе. Ол дәрі-дәрмектерге қарағанда әлдеқайда жылдамырақ және дәлірек әрекет ететін ерекше тиімді қорғаныш жүйесі.
Темекі тартуға қарсы екпе әзірлеушілері нақ осы тұсты басшылыққа алған іспетті. Ойларының мәні қарапайым: вакцина адамның иммундық жүйесін никотинге бөгде дене тұрғысынан әрекет етуді «үйретуге» тиісті. Біздің иммундық жүйеміз никотиннің молекулаларына бекітілетін және олардың шылымқұмар миына жетуге кедергі ететін антиденелерді қалыптастырады. Демек, адам ләззат алу үшін темекіні тұтатқанымен, бақыт гормоны – дофамин үлесіне ие бола алмайды. Миға жете алмаған никотин 12 сағаттан кейін табиғи жолмен сыртқа шығады да, ал шылымқор темекі тарту үдерісінен рахат алмай қалып, уақыт өте келе бұл әдетінен бас тартатын болады.
Мұндай вакцинаны жасап шығару барысында тышқандарға жасалған ғылыми тәжірибелер нәтижесі сәтті шыққанымен, еріктілерге жүргізілген сынақтардың әсері орташа көрсеткішке ие болды. Бұл әдістің жаппай енгізілуі туралы айту әлі ерте. Дегенмен дәрігерлер оның болашағы зор екендігіне сенімді, әрі осы бағыттағы жұмыстарын жалғастырып келеді.
«Вакцина жақсы иммуногенділікті көрсетіп отырғанына күмән жоқ, – дейді вакцинаны сынақтан өткізген MGH американдық клиника жанындағы темекіні зерттеу бойынша лабораториясының директоры Нэнси Риготти. – Алайда бұның нәтижеге қол жеткізу үшін жеткіліксіз екендігі анық. Адам тышқан емес, біздің бойымыздағы бекіту жүйеміз әлдеқайда күрделірек. Вакцина басқа құралдармен бірігіп, кешенді түрде нәтиже беруі де мүмкін. Не болмаса, темекі шегуді бастап та көрмеген, бірақ қауіп-қатер тобына жататын адамдар, мысалы, отбасылық тарихқа байланысты шылымқор бола алатын жандар үшін пайдалы болуы әбден мүмкін».
ХАЛЫҚ ДАНАЛЫҒЫ
Темекі тартуға қарсы күрес жүргізудің халық әдістері туралы көп және ұзақ әңгіме айтуға болады. Әдетте, олардың барлығы да шылым шегу үдерісіне деген жиіркеніш сезімін тудыруға негізделеді. Бұл жерде темекіні йогурттың ішіне салу, не болмаса темекінің ішін сұлы дәндерімен толтыру да бар, ауыз қуысын таран шөбінің ерітіндісімен шаю да кездеседі. Зиянсыз бейресми әдістер десек қателеспейміз. Әртүрлі тұндырмалар мен шай түрлері де кеңінен таралған. Антиникотиндік шайды дайындау тәсілімен бөлісейік.
Оны дайындау үшін екі стақан қайнаған суға үнді немесе қытайлық жапырақты шайдың бір кішкентай қасығын демдеу керек. Оған ұсақталған шашыратқы тамыры, ащы жалбыз, екіүйлі қалақай, иісті рута және шүйгіншөпті қосады. Бұл шөптердің мөлшері жарты шай қасықтан аспау керек. Шай бір сағат бойы демделуге тиіс. Оны күніне екі немесе үш рет жарты стақаннан ішке қабылдайды. Осы тұндырманың әсерін күшейту үшін құрамына ұсақталған шикі қызылша, балдың бір шай қасығы және лимонның шырынын қосуға болады.
Аударған Рита Сәрсенова