
Заттарды лақтырып тастауға қимаған кезде пәтерді қоқырсытпаудың жолы
Шкаф жабылмай тұр, ал балкон әлдеқашан тіптен ұмытылып кеткен заттардың қоймасына айналған – таныс жағдай ма? Жағдай мүлдем ушығып кетпеуі үшін Лайқос үйдің қоқырсып жатуына жол бермеудің нұсқаулығын жинады.
Плюшкин синдромы дегеніміз не
Осылайша тұрмыста заттарды, тіпті, олар әлдеқашан қолданылмай жатса да, тастамай жинауға деген ұмтылысты айтады. Бұл тұста мәселе әлдебір клиникалық бұзылыста емес, көпшілікке таныс күнделікті мінез-құлық үлгісінде жатыр.
Негізінен мұның артында келесі жайттар тұрады:
- жетіспеушілік үрейі («кейін ала алмай қалармын», «сосын қымбаттайды»)
- эмоциялық байлану (естелік ретіндегі зат, өмірлік кезеңнің нышаны);
- кінәлік сезім («қымбат тұрған», «біреу сыйлады»);
- бақылау иллюзиясы – заттар тұрақтылық пен қауіпсіздік сезімін береді.
Нәтижесінде пәтер бірте-бірте демалыс орны емес, нағыз уайымдар қоймасына айналады.
Неліктен қоқырсыған кеңістік күйзелісті күшейтеді
Үй – бұл ішкі жай-күйіміздің жалғасы іспетті. Айналамызда заттар тым көп болған жағдайда:
- босаңсу мен қалыпқа келу қиындай түседі;
- ұдайы бір дүмбілездік сезімі пайда болады;
- бойымызда жалпы ашушаңдық жинақталады.
Қоқырсып жатқан кеңістікте өмір сүретін адамдар көбіне-көп мазасыздық пен шаршағандықты сезінеді – әрі бұл жай-күй, тіпті, үй ыбырсып жатқанға тікелей байланыстырылмағанда да орын алады.
Неге «әшейін тастай сал» деудің пайдасы жоқ
Өйткені мұндағы бар түйткіл ерік-жігердің жоқтығында емес, эмоцияларда жатыр. Ми үшін заттармен айырылысу көбінесе жоғалту, өзіңнің бір бөлшегіңнен бас тарту немесе, тіпті, маңызды ресурстан айырылып қалу қаупі ретінде сезіледі.
Шынымен көмектесетін лайфхактар
- «Бәрі бірден емес» ережесі
Бүкіл пәтерді жинауға тырыспаңыз. Бір санаттан бастағаныңыз абзалырақ: косметика, құжаттар, шыныаяқтар, орамалдар. Кішігірім нәтиже мазасыздық деңгейін азайтады және бақылау сезімін береді.
- Өзіңізге мына сұрақтарды қойыңыз
- Мен соңғы жылда мұны қолдандым ба?
- Қазір бұл зат өмірімді ыңғайлы ете ме?
- Мен оны бүгін сатып алар ма едім?
Егер жауабы «жоқ» болса, сіз не істеу керектігін білесіз.
- «Күмәнданып тұрмын» қорабы
Егер бірден құтылу қорқынышты болса, онда сол затты қорапқа салып қойып, үстіне күнін жазыңыз. Ал 3-6 айдан кейін сіз қорап жайында бірде-бір рет ойланбасаңыз, демек, шешім қабылданған.
- Лақтырғаннан гөрі біреуге берген жеңілірек
Адамдардың көбіне, шыны керек, қандай да бір затты лақтырып тастағаннан гөрі басқа біреуге – қайырымдылық ұйымдарға, таныстарға немесе «Тегін беремін» деген секілді жергілікті чаттарға берген әлдеқайда оңай. Мұндай жағдайда зат әлі күнге дейін пайдасын тигізіп жатыр деген сезім пайда болады да, сіз оны жоғалтып алған жоқсыз, оның өмірлік кезеңі сіз үшін аяқталған болып саналады.
- Өзіңіздің ескі нұсқаңызды сақтамаңыз
«Арықтағанда киермін» деген секілді киім-кешек, ескі қарым-қатынастардан қалған заттар, бұрынғы жұмыстан қалған нәрселер – осының барлығы да нағыз зәкірлер. Үй сіздің кім болғаныңызды еске түсіруі емес, қазіргі өміріңізді «қолдауы» тиіс.
- Жаңа зат тек ескінің орнына ғана пайда болады
Егер сіз екі жаңа затты сатып алсаңыз, демек, екі керексіз затты біреуге беру, сату немесе тастай салуыңыз қажет.
Қорытынды
Үйдегі кеңістікті босатудың арқасында сіз бір уақытта ойыңызды ретке келтіресіз, күйзеліс деңгейін төмендетесіз және жаңа жайттарға – заттар, идеялар мен жай-күйлерге орын табасыз. Үй өз құндылығын баяғыда-ақ жоғалтқан нәрселерді сақтау емес, сізге демеу болуы тиіс.