
Мүшел жас – мұның қазақ мәдениетіндегі мағынасы қандай?
Жуырда 25 немесе 37 жасқа толасыз, әрі сіз туған-туыстарыңыздан «мүшел жас» жайында жиі естіп жүрсіз. Жас кезеңдерінің жүйесінде шатасып қалу оп-оңай. Лайқос тақырыпты егжей-тегжейлі анықтауға бел буды.
Мүшел жас дегеніміз не және ол қайдан пайда болған
«Мүшел жас» – бұл қазақ халқының адам жасын санаудың ыңғайлы есептік жүйесі, әрі өмір кезеңдерін түсіну мен балаларды дұрыс тәрбиелеуге көмектесетін үлгі. Бұл өмірді әшейін жылдарға бөлу ғана емес, бұл адамның физикалық, рухани және әлеуметтік тұрғыдан дамуын біріктіретін тұтас бір пәлсапа.
«Мүшел» сөзі араб тілінен шыққан, «мәнзіл» – «тұрақ», «кезең» немесе «мәртебе», «жас» дегенді білдіреді. «Мүшел жас» сөз тіркесін «жас кезеңі» деп те ұғынуға болады.
Тәңіршілдік наным-сенім бойынша жыл санау 60 жылдық күнтізбеден құралған. Ол адам өмірінің 12 жылдық бес кезенінен (мушел) тұрған. 12 саны көптеген халықтарда сиқырлы мәнге ие болғаны белгілі. Ескі наным бойынша адамның ағзасы 12 мүшеден тұрады, осыдан болар «Он екі мүшең сау болса, жарлымын деме» деген халық мәтелінде денсаулықтың ерекше маңызы көрініс тауып отыр.
Қазақтың жыл санауы
Әрбір 12 жылдық кезең, яғни, мүшел, адам жасының бөлек баспалдағы іспетті: алғашқы мүшел – 13 жас болып есептеледі, өйткені анасының құрсағындағы тоғыз ай бір жыл ретінде саналған, бұған дейінгі шақ – балалық шақ, екінші мүшел – 25 жас, демек жігіттік жас, 37 жас – ақыл тоқтау, 49 жас – орта жас, яки, адамның даналыққа аяқ басатын уақыты, 61 жас – ақсақалдық мүшел және тағысын тағы. Мүшел жас адамның қоғамдағы орны мен мәртебесін білдіреді.
Бүгінде мүшел жас: дәстүр ме, әлде ескілік пе?
Егер сіз өзіңіздің мүшел жасыңызды анықтағыңыз келсе, оның Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесінде ауысатынын ескергеніңіз жөн. Сонымен бірге мүшел туған күніңізде аяқталмайды, қазақтың жыл санау есебіндегі жылдарды ажырату Наурызбен белгіленеді.
Мүшел жасты атай ма?
Әдетте туысқандар мен достар шағын мереке ұйымдастыру үшін дастархан басында жиналады, ал үлкендер даналығын айтып, батасын береді. Негізінен басты тілектер ретінде амандық, өмірге ақылмен қарау, жақсылық істеу, жамандық жасамау секілді сөздер айтылады. Мүшел жас кезінде абай болған маңызды, қауіп-қатерден аулақ жүрген абзал, дау-жанжалдарға араласпау, кек ұстамау әрі адамға зұлымдық тілемеу.
Мүшел жасқа келген адам садақа беріп, бағалы затын біреуге сыйлайды. Негізінен бұл киім немесе әшекей болуы мүмкін.
Қорытынды
Мүшел жас – бұл жай ғана адамның жасын есептеу емес, бұл ата-бабамыздан бізге қалған өмірге деген терең көзқарас. Ол барлық нәрсенің де өз кезеңі, өз уақыты бар екендігін білдіреді: баладан нағыз ересектің шешімін күту, ал қарт адамнан ер азаматтың батылдығын талап етуге болмайды. Бұл жыл қайыруды бүгінде қолдануға бола ма? Иә, бірақ осыған икемді қараған дұрыс – дәстүріміздің даналығын сақтай отырып, оларды қазіргі заманғы өмірге қарай бейімдей білген жөн. Ал сіз қалай ойлайсыз?